Maм 23, 2024 22:38 Asia/Almaty
  • Имам Хаменеи: Тунис халқының ілгерілеу және даму потенциалы мол

Ислам революциясының жетекшісі имам Хаменеи сәрсенбі күні кешке Тунис Президенті және оның үкімет делегациясымен кездесуінде Қайс Саидтың Иранда жуырда болған оқиғаға байланысты шынайы сезімдеріне алғыс айтып: "ИИР Президенті мен оның серіктерінен айырылу оқиғасы өте ауыр. Бірақ Ислам республикасының тарихында әрдайым илаһи хикмет негізінде және халықтың сабырлығы мен төзімділігінің арқасында ащы оқиғалар даму мен алға ілгерілеудің бастауына айналғанын көрдік",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі сондай-ақ осы кездесуде Тунис Президентінің Иранға сапарына байланысты екі ел қарым-қатынасында жаңа кезең басталатынына қуаныш білдіріп: "Тунис билігіне Қайс Саид сияқты оқыған тұлғаның келуі бұл ел үшін авторитарлық билік пен ислам әлемімен байланысы үзілген жылдардан кейін жаңа және жақсы бет-бейнесін көрсетуге мүмкіндік беріп отыр",-деді.

Имам Хаменеи Солүстік Африкада үлкен қозғалысқа негіз болған Тунис халқының бірнеше жыл бұрынғы көтерілісіне тоқталып: "Тунис халқының ілгерілеу және даму потенциалы мол. Қайс Саид мырзаның жоспарымен Тунистегі әртүрлі ағымдар арасында қажетті бірлік құрылып, одан әрі ілгерілеуге негіз болады деп үміттенеміз",-деп еске салды.

Ислам революциясының жетекшісі Тунис Президентінің антисионистік ұстанымына тоқталып: "Мұндай ұстанымдарды араб елдерінде дамыту керек. Өйткені, өкінішке қарай, араб елдерінде мұндай мәселелерге көңіл бөлінбейді. Табысқа жетудің жалғыз жолы табандылық пен төзімділік деп есептейміз",-деді.

Имам Хаменеи Иран мен Тунистің өзара қарым-қатынасын дамытуға жақсы әлеуеті барын айтып: "Шәһид болған президентіміздің үкіметі жұмыс, қозғалыс пен байланыс үкіметі болды. Қазіргі таңда доктор Мохбер толық өкілеттікпен қарым-қатынастарды дамыту жолын жалғастыра береді",-деді.

Имам Хаменеи: "Екі ел арасындағы қазіргі тілеулестік пен пікірлестік шынайы ынтымақтастыққа айналады",-деп үміт білдірді.

Тунис Президенті Қайс Саид осы кездесуде Иранда жақында болған қайғылы оқиғаға байланысты Тунис үкіметі мен халқына шын жүректен көңіл айта отырып: "Иранның марқұм президентімен соңғы кездесуіміз жақында Алжирде болды. Сол жерде мен Теһранға келемін деп келістік, бірақ мен оның қайтыс болуына көңіл айту үшін Теһранға келемін деп ойламаппын",-деді.   

Тунис Президенті екі елдің қарым-қатынасын кеңейтуге ортақ ерік-жігер барын айтып, келісімдерді орындау арқылы ынтымақтастықты кеңейту іс жүзінде жүзеге асады деген сенім білдірді.

Қайс Саид, сондай-ақ, аймақ жағдайына және сионистік режимнің Газа халқын қырып жатқанына тоқталып: "Ислам әлемі қазіргі пассивті позициясынан шығуы керек. Барлық Палестина жерінде Палестина халқының құқықтарына қол жеткізуге және астанасы қасиетті Құдс болатын тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылуы керек",-деді.

Қайс Саид: "Бүгін әлемдегі гуманитарлық қауымдастық халықаралық ұйымдардан озып, әртүрлі елдердегі гуманитарлық топтарды біріктіріп, Газадағы қатыгездік пен қылмысқа бірауыздан қарсы шықты",-деп еске салды.

Тегтер