Маусым 02, 2024 19:03 Asia/Almaty
  • Неге әлем ХАМАС-қа қарыздар?

Батыс елдері сионистік режимге мықты қолдау көрсетіп, Газаның қорғансыз халқына қарсы ең ауыр қылмыстар жасалуына қорықпай жол беріп отырған жағдайда Батыстың езгісіне қарсы жаһандық қарсыласу майданы кеңейіп жатыр.

Газада соғыс басталғанына 240 күн уақыт өтіп, 36 мың адам шәһид болып, 82 мың адам жараланғанына қарамастан, сионистер өз мақсатына жетпеді. Бірақ үстемшілдікке табанды қарсылық білдіруге негізделген қарсыласу майданының трансаймақтық сипат алып күшеюіне және кеңеюіне әкелді.

Ислам революциясының жетекшісі имам Хаменеи америкалық студенттерге жолдауында мынадай маңызды тақырыпқа көңіл аударды: "Әлемдік деңгейде ұждандар оянып жатыр. Ақиқат ашылып, айқындалуда. Қарсыласу майданы күшейіп, нығайып келеді. Тарихта жаңа тарау басталды".

Ливан Хизбулласының бас хатшысы сейіт Хасан Насролланың "Бүгінде Қарсыласу майданы бұрынғыдан да үлкейіп, кеңейіп, жан-жақты күшейіп жатыр" деп айтқан сөздері – осы шындыққа дәлел. Сейіт Хасан Насролла  АҚШ пен Батыс елдеріндегі университет студенттерінің сионистік режимнің қылмыстарына қарсы наразылықтарына сүйеніп, қарсыласу майданының келешегін жарқын да жемісті деп атап: "Мұны уақыт көрсетеді",-деді.

Қарсыласу майданы күш-қуат алып жатыр

Қазіргі таңда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сионистік режим қылмыстарының айыпталуы Батыстың ветосына ұшырап отырған кезде америкалық және еуропалық студенттер өз елдері мен халықаралық ұйымдардың ұстанымына көңілі қалып, өздері іске кірісіп, Газа халқын қолдап ұрандатып жатыр.  

Дүние жүзі халықтарының қысымы түрлі елдердің Палестина мемлекетінің заңдылығын мойындай бастауына себеп болды; Жаһан жұрты Палестина мәселесі мен сионистік басқыншылықтың ақиқатынан хабардар болып жатыр. Байденнің «Палестина мемлекетін біржақты тану арқылы емес, келіссөздер арқылы құру керек!» деген сөзіне ешкім жауап бермеді.

Ирландия мен Испаниядан кейін Палестина мемлекетін тану толқыны жақын арада Еуропаның басқа елдерін де қамтиды. Көптеген жылдар бойы АҚШ пен Еуропа елдері сияқты батыстық державалар сионистік режим үшін жалған заңдылық пен қолайлылық жасауға және Газаның негізгі тұрғындарын мәдениетсіз деп көрсетуге  бар күштерін салды. БҰҰ-да режимді айыптайтын қарарларға АҚШ әрқашан вето жариялап келеді. Голливуд ұзақ жылдардан бері сионистерді тазартуды күн тәртібіне қойып келді. Тель-Авивті қаржылай және қару-жарақпен қолдау АҚШ пен көптеген Батыс елдерінің сыртқы саясатының тұрақты қағидаттарының бірі болып табылады. Алайда үстемшілдердің Палестина мәселесіне қатысты жаһандық қоғамдық пікірді басқару әрекеті ойлағандай болмай тұр.

Иран ұлтының ішкі озбырлық пен жаһандық үстемшілдікке қарсыласу мәдениетін қайта жаңғырту болып табылатын исламдық қарсыласу қозғалысы қарсыласудың жаңа әдісін ойлап табу арқылы Батыс Азия аймағындағы Батыс пен жаһандық сионизмнің мүдделеріне елеулі қатер төндіріп, әлсіретіп жібергеніне біраз болды.

Қарсыласу қозғалысы бүкіл әлемде қоғамдық пікірді тартуға қажет мүмкіндіктерге ие. Қарсыласу дискурсының басты бағыты – үстемдікке қарсылық. Оның ең маңызды жағымды жақтары – әділдік іздеу, заңды құқықты талап ету, бейбітшілік пен тыныштық орнату, абырой мен беделге ие болу, руханиятты сақтау ұғымдары.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, көптеген елдердегі гуманитарлық топтар Израильмен ынтымақтастық жасайтын компанияларға, зауыттар мен мекемелерге қарсы санкция қабылдады. Сөйтіп олар өз елдерінің компанияларының қауіпті Израиль режимімен ынтымақтасуына тосқауыл қоя алды.

ХАМАС деп аталатын үстемдікке қарсы палестиналық қозғалыс соңғы онжылдықтарда Батыс Азия аймағындағы өзгерістер мен халықаралық жүйедегі оқиғаларға ықпал етіп, Иран Ислам революциясының дискурсынан шабыттана отырып, кеңінен талқылануға мүмкіндік алды.  

Осыған сүйене отырып, қарсыласу майданы күш-қуатын арттырып, үстемшіл жүйемен анағұрлым күрделі конфронтация жасай алды. Ирак, Сирия, Ливан, Палестина және Йемен сияқты елдердегі үстемдік жүйесіне қарсы шаралар түйткілдердің өзгеруіне және үстемшілдердің аймаққа гегемониясын жоюға алып келді.

Бұл ойлаудың жаһандануы және сананың өсуі жаһандық үрдістерді езілген ұлттардың пайдасына және үстемшілдердің зиянына өзгертеді. Қаншама оянған ар-ұждан тарихтың оң жағына шығу арқылы қарсыласу майданының бір бөлігіне айналды.

Ақырында әлем халықтарының отаршылдыққа қарсы санасының оянуы және бірлігінің артуы – ХАМАС қарсыласу тобының батылдығының жемісі. ХАМАС үстемшілдердің ойынын бұзып, жаңа әлемдік тәртіптің, отаршыл емес тәртіптің тезірек пайда болуына үлкен үлес қосты.

Дереккөздер:

  1. Қарсыласу майданы – сионистер үшін шындыққа айналған қорқынышты түс. 1403. Mehr ақпараттық агенттігі;
  2. Неліктен ХАМАС-тың басып алынған аумақтардағы үлкен операциясы маңызды? 1402. Fars жаңалықтары

Тегтер