Парсы шығанағының атын өзгерту туралы қауесеттерге Иранның өткір реакциясы: «Фактілер Ақ үйде өзгермейді»
ParsToday: БҰҰ-дағы Иран өкілдігі АҚШ-тың Парсы шығанағының атын өзгертуге бағытталған кез келген ықтимал әрекетін айыптап, тарихи фактілерді саяси шешімдермен өзгертуге болмайтынын баса айтты.
Таяу Шығысқа сапары қарсаңында АҚШ президенті Дональд Трамп бұл сапарға қатысты маңызды хабарландыру туралы айтты. Осы мәлімдемелерден бірнеше сағат өткен соң кейбір батыстық ақпарат құралдары: «АҚШ президентінің маңызды жаңалығы – АҚШ үкіметінің Парсы шығанағы атын бұрмалауы»,- деп мәлімдеді.
ParsToday агенттігінің IRNA-ға сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ үкіметінің Парсы шығанағының атын өзгертуге тырысуы мүмкін деген қауесеттерден кейін ИИР БҰҰ-дағы өкілдігі «Х» әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасап: «Әрбір адам фактілерді бұрмалауға қарсы тұруы керек. Тарих пен географияны түсіну басқару үшін өте маңызды, ал шындықтар Ақ үйдегі шешімдермен өзгермейді»,- деді.
Бұдан бұрын Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи де осы қауесеттерге реакция білдіріп: «Парсы шығанағының адамзат тарихында тамыры терең аты бар және оны өзгертуге бағытталған кез келген әрекет Иран мен оның халқына қарсы дұшпандық ниеттің белгісі»,-деп баса айтқан болатын.
Арақчи: «Парсы шығанағы атауын барлық халықаралық институттар мойындады, тіпті 1960 жылдарға дейін аймақтағы барлық елдер ресми хат алмасуларында Парсы шығанағы атауын қолданды»,- деп қосты.
Иран Сыртқы істер министрі: «Парсы шығанағының атын өзгертуге бағытталған кез келген әрекет тек дүние жүзіндегі ирандықтардың ашу-ызасын туғызады»,- деп баса айтты.