«Наурыз мерекесі – қазақ және иран халықтарының ортақ мәдени құндылығы» атты мәдени шара
2026 жылдың 17 наурызында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Шетел тілін кәсіби даярлау кафедрасының ұйымдастыруымен, Наурызнама онкүндігі аясында «Наурыз мерекесі – қазақ және иран халықтарының ортақ мәдени құндылығы» атты мәдени шара жоғары деңгейде өткізілді.
Шараға университеттің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Джакубаева Салтанат Төлеуовна, Шетел тілін кәсіби даярлау кафедрасының білім беру бағдарламасының көшбасшысы Әлиакбарова Айгерім Тілесбекқызы, әл Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері және университеттің оқытушылары мен магистранттары қатысты.
Мәдени шараны Шетел тілін кәсіби даярлау кафедрасының білім беру бағдарламасының көшбасшысы Әлиакбарова Айгерім Тілесбекқызы ашып, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні – «Наурыз» мейрамымен құттықтай отырып, оның терең тарихи тамыры, тәрбиелік мәні мен рухани маңызы туралы мазмұнды мәліметтермен бөлісті. Ол өз сөзінде бұл мерекенің халықтар арасындағы бірлік пен татулықты нығайтатын ерекше құндылық екенін атап өтті.
Одан әрі университтеттің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Джакубаева Салтанат Төлеуовна сөз алып, «Наурыз» мерекесінің қоғамдағы рөлі мен маңызын кеңінен ашып, оның ежелгі тарихына тоқталды. Сонымен қатар, Наурызнама онкүндігінің мазмұны мен әр күнінің мән-мағынасына жеке-жеке тоқталып, бұл дәстүрдің ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы орны ерекше екенін жеткізді. Содан соң парсы тілінің оқытушысы Р.К. Садықова «Қазақ және иран халықтарының Наурызды тойлау дәстүрлері» туралы баяндама жасап, «Наурыз» мерекесін атап өтудегі салт-дәстүрлер туралы кеңінен тоқталып өтті.
Атап айтқанда, иран халықтарының «Чеһаршанбе сури», «Һафт син», «Сиздәһ бе дәр», «Тәһвиле сол», «Эйди герефтән», «Хоне текани» сияқты дәстүрлерінің әрқайсысына жеке тоқталып, мазмұны жан-жақты түсіндіріп берді. 7M01705 «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 2-курс магистранты Таңсықбаева Толқын Амангельдиновна «Наурыз: көктем мен жаңарудың ежелгі мерекесі» атты тақырыпта баяндама жасап, Омар Хаям шығармаларынан Наурызға қатысты үзінділерді парсы және ағылшын тілдерінде оқып берді.
Сондай-ақ, ҚазҰҚПУ 1-курс магистранты Ердықанқызы Гүлдана мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2-курс студенті Адилов Рахат әсем дауыстарымен көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Шара барысында 7M01705 «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 1-2-курс магистранттары Наурыз тақырыбында парсы шайырларынан парсы тілінде үзінділер оқыды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, оның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан магистранттарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Осындай мазмұнды іс-шаралар тіл үйренушілердің дүниетанымын кеңейтіп, олардың мәдениетаралық қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.