Ислам революциясы жеңісінің жылдығы (6)
https://itolqyn.com/radio/iran-i24115-Ислам_революциясы_жеңісінің_жылдығы_(6)
Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін халықтың елдің істеріне қатысты шешім қабылдауға жаппай қатысуы үшін мүмкіндік туды. Шах билігінің соңғы жылдары халық режим тарапынан таңылған бір партиялық жүйеде өмір сүргенімен, өткізілген сайлаулар демократия мен халықтың шынайы таңдауынан алшақ болды.
(last modified 2025-09-22T12:04:09+00:00 )
Ақп 07, 2017 21:19 Asia/Almaty
  • Ислам революциясы жеңісінің жылдығы (6)

Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін халықтың елдің істеріне қатысты шешім қабылдауға жаппай қатысуы үшін мүмкіндік туды. Шах билігінің соңғы жылдары халық режим тарапынан таңылған бір партиялық жүйеде өмір сүргенімен, өткізілген сайлаулар демократия мен халықтың шынайы таңдауынан алшақ болды.

Ислам революциясын Иранда демократиялық өзгерістердің бастапқы нүктесі деп атауға болады. Бұл өзгерістер түрлі әлеуметтік, экономикалық және мәдени қырлардан Конституцияның қағидалары мен негіздері шеңберінде көрініс тапты. Бұл қағида халықтың құқығы, халықтың өз тағдырын шешудегі құқығы, түрлі билік органдарын таңдауы, сөз еркіндігі, халықтың тең құқыққа ие болуы, заң алдында барлық адамдардың бірдей болуы, партиялардың еркіндігі мен басқа да мәселелерге қатысты болып, іс-жүзінде діни демократияның дамуы үшін лайықты құрылым ұсынды. Осы қағидаға сүйеніп, Ислам революциясының басынан бастап халықтың сайлауларға қатысуы заңдастырылды. Дегенмен Ислам революциясының жеңісінен кейін халықтың дауысына жүгінудің алғашқы жайты 1358 жылдың фарвардин айының он екісі күні орын алған Конституцияға қатысты өткізілген референдум болды. Онда халықтың 98,2 пайызы исламдық республика жүйесіне дауыс берген еді.

Ислам республикасының негізін қалаушы имам Хомейнидің өтінішімен орын алған халықтың осы демократиялық әрекеті Ислам революциясындағы басты көрсеткіш халықтың дауысы мен олардың революцияның негізгі иесі ретіндегі сайлауы екенін көрсетті.  

Осылайша Ислам республикасының құрылымы алғашында Конституцияға сәйкес биліктің барлық органдары тікелей немесе жанама түрде халықтың дауысымен сайланатындай етіпқұрастырылған. Тіпті жетекшінің жоғарғы басшы ретінде таңдалуы да халықтың Эксперттер мәжілісінің өкілдеріне дауыс беруі арқылы орын алатын.

Ислам республикасының жүйесі екі принципке – республикашылдық пен исламшылдыққа негізделіп құрылған. Демократиялық жүйелердің пікірінше, республикашылдық «жүйенің халықтық болу мәселесін қуаттау» деген мағынаны білдіреді. Босниялық маман Аммар Алиспахич былай дейді: «Орта ғасырлардың  соңы мен қазіргі заманның алғашқы белгілері пайда бола бастаған дәуірге зер салсақ, сол уақыттың әлемдік қауымдастықтың бүгінгі жағдайына ұқсас күрделі әрі тұрақсыз болғанын көреміз. Иран Ислам революциясы армандары, ұрандары, қозғалтқыш күштері мен одан күтілген идеалды көкжиектері тұрғысынан діни революция болды. Иран халықтың дауысына сүйенген діни революцияның жақсы үлгісі болып табылады».

Иранның Конституциясы сайланбалы және парламенттік жүйе, кеңестер жүйесі мен азаматтық және саяси еркіндіктер негізінде реттелген. Конституцияның бірінші бабында Ирандағы билік түрінің исламдық республика екені айтылған. Яғни, биліктің формасы республика болса, болмысы исламдық ой-пікірге негізделген, сәйкесінше, оның легитимділігі халықтың сайлауы  мен діни құндылықтардан бастау алады. Діни демократияға сүйенген бұл қағида халықтың барлық билік органдарын құруға тікелей немесе жанама түрде қатысу жолдарын ұсынады.

Бұл демократиялық үдеріс қазір Иранда азаматтық-саяси құқықтың бір бөлігі ретінде заңдастырылған.

Ислам революциясының отыз сегіз жылдық өмірінде шамамен жыл сайын бір сайлау өткізіліп отырды. Бұл әрекет халықтың дауысына жүгіну Ислам республикасы жүйесіндегі саяси дамудың және демократиялық жүйенің мақсаттарын жүзеге асырудың  жетістіктерінің бірі екенін көрсетеді.

Ливандық маман Ахмед Хатиттің айтуынша, соңғы ғасырлардағы демократиялық жүйелер халықтың талаптарын өз жұмыс жоспарының басты өзегі етіп қойған жүйелер болды. Алайда Ислам республикасы болмысы халықтың талап-тілектерінен құрылған демократияның жаңа үлгісін ұсынды. Алайда бұл халық өздері үшін діни құндылықтарға негізделген бір шекараны таңдап алды, яғни, Ислам республикасының жүйесі халықтың арман-тілектері негізінде қалыптасқан жүйе болып табылады. Ал халық исламдық армандарды жүзеге асыруды өзінің мақсаты етіп қойған. Имам Хомейни Ислам революциясының жеңісінен кейін бірден референдум өткізді. Бұл әрекет бұрынғысынша жалғасып келеді. Халықтың дауысы әлі де ықпалды. Бұл әрекет аймақтың көптеген елдерінде ешбір сайлау өткізілмей немесе әйелдер дауыс беру құқығынан кенде қалып отырған жағдайда жалғасып жатыр.

Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, Ислам республикасының жағдайы әлемнің түрлі елдерімен салыстырғанда өткізілетін сайлаулардың саны тұрғысынан да, халықтың қатысу мөлшері тұрғысынан да жақсырақ және аймақтық елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Барлық елдердің әрекеттері демократияға қарай бағыт алғанымен, бүгінде елдердің үштен бірінде халық өз тағдырларын анықтау құқығынан мақұрым қалып отыр. Тіпті демократияға қол жеткізуде мол тәжірибесі бар елдердің өзінде қазіргі кезде халықтың сайлауға қатысу мөлшері азайып барады. Саяси мәселелердің маманы Арика Бобро былай дейді: «Түрлі қоғамдардағы демократия деңгейін анықтаудағы бір критерий – сайлау. Өткен бірнеше онжылдықта әлем бойынша сайлауға қатысу мөлшері азайған. Бұл мәселе сайлау өткізу ұйымдары мен үкіметтердің алаңдаушылығын тудырып отыр. Көптеген елдер түрлі тәсілдерді пайдаланып, өз азаматтарын сайлауға қатысуға тартуға талпынып жатыр. Тіпті кейбір елдер, соның ішінде кейбір дамыған елдер, адамдарға сайлауға қатыспағаны үшін айыппұл төлетеді. Мысалы, Бельгия, Аустралия, Боливия, Мысыр мен тағы да басқа елдер сайлауға қатыспаған адамдарға ақшалай айыппұл салып, оларды кейбір әлеуметтік құқықтарынан айыратынын жариялады».

Осы айыппұлдар мен ақпарат құралдарының белсенді түрде жүргізетін үгіт-насихаттары демократия туралы уәж айтатын батыс елдерінде халықтың сайлауға ауқымды түрде қатысуына көмектесе алмады. Керісінше, аталмыш елдерде күннен-күнге халықтың сенімсіздігінің артуына куә болып отырмыз. Мысалы, АҚШ-тың президенттік сайлауы соңғы бір ғасырда әрдайым халықтың 50 пайыздан төмен мөлшерде қатысуымен өтеді. Ал АҚШ өзін әлемдегі демократияның символы ретінде көрсетіп отыр.  

Батыспен жақын әрі жылы қарым-қатынастарға ие Парсы шығанағының жағалауында орналасқан араб елдерінің сайлау жүйесі болмаған. Бір елде бір әулет билік жүргізеді. 100 жылдан бері Сауд әулеті тарапынан басқарылып келген Сауд Арабиясының кеңестік мәжілісті құрғанына бірнеше жыл ғана болды. Қорытынды шешім қабылдау өкілеттігі жоқ бұл мәжіліс тек осы елдің патшасына кеңес беру қызметін ғана атқарады. Бұл мәжіліс мүшелерінің тең жартысы сайлау арқылы емес, Арабстанның патшасы тарапынан тағайындалған.

«Әл-Ахбар» газеті былай деп жазады: «Арабстан халқы орта ғасырлардан бері Сауд әулетінің билігінің астында болғандықтан өздерінің бастапқы құқықтарынан кенде қалып отыр. Жетекшілер мен атқарушы басшыларды таңдау үшін ешқандай сайлау өткізілмейді. Арабстанда сайланбалы Үкімет, сайланбалы Парламент пен халық қуаттайтын Конституциядан еш белгі жоқ. Барлығынан маңыздысы, халықтың басты рөл атқаруымен сайланатын жетекші жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Арабстан халқын  толығымен халыққа қарсы, демократияға қайшы әрі деспоттық бір режим билеп отыр. Тіпті әйелдер де осы елдің көшелерінде көлік жүргізу құқығынан кенде. Олардың ашық түрде көлік жүргізуі рақымсыз түрде жазаланады».

Арабстанның қамқорлығын көріп отырған осы елдің көршілес елі Бахрейнде жуырда өткен Мәжіліс сайлауында халықтың қатысу мөлшері 18 пайызды құрады. Бұл Бахрейннің билігі сайлауға қатыспаған адамдарға қоғамдық қызметтердің көрсетілуін тоқтатуды қамтитын  жазалау шаралары қолданылатыны туралы жариялаған жағдайда орын алды. Парсы шығанағының маңында орналасқан қалған елдердің жағдайы да осыған ұқсас.

Ирандағы сайлаулар ресми түрде танылған тәртіпке сай өткізіледі. Оның саяси және құқықтық салдарлары мен ресми функциялары бар. Сондай-ақ, жүйенің заңдылығына халықтың дауыс беруі арқылы қол жеткізіледі. Иранның Конституциясында осы сезімталдыққа байланысты халықтың елдің ең жоғарғы басшысын таңдауға тікелей түрде қатысуы үшін ауқымды түрде жағдай жасалады. Халықтың сайлауда дауыс беру арқылы өз тағдырын анықтауға қатысуын маңызды санау Ислам революциясының ислам республикасы жүйесінің құрылымындағы саяси жетістіктерінің бірі болып табылады. Иран Конституциясының 14 бабына сәйкес, сайлаудағы критерий – президент пен мәжіліс өкілдерін тікелей түрде сайлауда қуатталып, расталатын халықтық дауыс. ИИР Конституциясының үшнші бабы да халықтың құқығын талдауға арналған.

Ислам республикасының Конституциясында диктаторлық үдерістердің қалыптасуының алдын алуға бағытталған түрлі шаралар да қарастырылған. Мысалы, биліктің бір орталықтан жүргізілмеуі атқару, заң шығару және сот билігінің бір-бірінен бөлінуіне себеп болды. Осы үш биліктің әрбіреуі халықтың сайлауға қатысуы арқылы заңдылық пен абырой-беделге қол жеткізеді. Сол себепті халық дауыс беруге қатысу арқылы өкілетті тұлғаларды таңдап, істер мен жауапкершіліктерді сол адамның міндетіне жүктейді. Сонымен қатар органдардың жұмыстарын тұрақты түрде бақылап отырады.

Ислам революциясы жетекшісінің айтуынша: «Сайлау – ұлттық мақтаныштың ең басты нышаны».

Революция жетекшісі имам негізін қалап кеткен билік үлгісін мысал ретінде келтіріп, былай деді: «Имам жасап кеткен ең маңызды жұмыс – демократияны батыстық демократия үлгісін жобалаушылар мен олардың жалдамалылары ғылыми сахналарда көрсеткісі келген нәрседен толығымен алшақтатуы болды. Олар демократияны  діндарлықпен сәйкес келмейтіндей етіп көрсетуге тырысты. Алайда имам бұл концепцияны бұзып, діни демократияны, яғни, исламдық республиканың үлгісін әлемге ұсынды». (Революция жетекшісінің имам Хомейнидің қайтыс болуының 14-ші жылдығында жасаған баяндамасынан алынды)

Осындай тәсілмен өтетін сайлауалды бәсекелестіктері өзінің барлық шарықтаулар мен құлдырауларына қарамастан, экономикалық және саяси сахнадағы гүлдену мен даму үшін мүмкіндікке айналған. Қорыта айтқанда, сайлау ИИР-ның жүйесінде ерекше орынға ие. Бұл маңыздылыққа халықтың сайлауларға жауапты түрде әрі хабардарлықпен қатысуы арқылы өз елінің тағдырын анықтайтын халықтық дауыстың құндылығы себеп болды. Шын мәнінде,  демократия сайлау өткізу арқылы саяси-қоғамдық ұстамдылықпен астасқан дамуға жетуге көмектеседі.

Бұл үдеріс ислам революциясынан кейінгі 38 жылда тұрақты түрде, еш үзіліссіз жалғасып келеді. Осы өзгерістің нәтижесі қоғамның саяси дамуы мен тұрақтылығы болды. Ислам республикасының жүйесі осы тұрақты ағымның баяндылығы үшін қажетті кеңістік тудырып, қандай нәтижеге жетсе де сайлауды жүйенің саяси алаңындағы ықпалды қозғалысқа айналдыра алды.

Сайлауға қатысты осы көзқарас халықтың дауыс беруге ауқымды түрде қатысуының өзіндік айқын түсінігі бар екенін көрсетеді. Себебі халық дауыс беруге келген кезде елдің саяси жүйесі мен қоғамында ерекше кеңістік орнайды. Бұл өз кезегінде маңызды саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістер тудырады. Басқаша айтқанда, халық сайлауға хабардар түрде әрі көрегендікпен қатысу арқылы жүйе дұшпандарының қоқан-лоққыларына қарсы жұмсақ күш көрсетеді.

Халықтың сайлауға қатысуы әлеуметтік және экономикалық жүйедегі ішкі функцияларды атқаруымен қатар, жүйенің ішкі және халықаралық сахнадағы басты тірегі болып саналатын бірліктің нығаюына септігін тигізеді.

«Сіздердің құзырларыңыз жүйені нығайтып, жүйенің тіректерін күшейтеді, Иран халқының абырой-беделін арттырады, көптеген дұшпандықтың алдындағы елдің табандылығын күшейтеді, дұшпанды елге қатысты қызғаныштан, соққы беру және арандатушылық жасау туралы ойлардан алшақтатады. Бұл өте маңызды мәселе. Бірінші мәселе – сайлауға қатысу».

Бұл тұрғыдан да сайлау билік жүйесіндегі демократияның тіректерін нығайтудағы анықтаушы критерийлердің бірі саналып, саяси тұрақтылықтың нығаюы және қоғамдағы демократиялық жүйенің тереңдеуіне себеп болады.

Бұл үдеріс Ислам республикасы жүйесінің саяси мәдениетіндегі әріптестік, кеңесу мен шешім қабылдаудағы ауызбірлік жеке тұлғадағы және қоғамдағы саяси әріптестікке деген түрткілердің артуына себеп болғанын көрсетті.