Имам Хосейннің (ғ.с.) сенімді серіктері (3)
Мұхаррам айы келген сайын пайғамбардың (с.ғ.с.) перзентінің көрген азаптары, Алла жолында шәһид болуына қатысты қайғы-қасіретпен қатар, имам Хосейн (ғ.с.) мен оның адал серіктері ғиззат пен құрметтің шыңынан көрінеді.
Имам Хосейн шәһид болуы арқылы өмірдегі қараңғылықты кетіріп, зұлымдықтың көзін жойды. Ағып жатқан су тәрізді әділеттің шөлін басты. Алла Тағала Құранда мұджаһидтер мен отырғандар бірдей бола ма деген сауал қойып, Алла жолындағы джиһадтың маңыздығын еске салып, қойылған сұраққа жауап береді: «Ешуақытта олай болмайды». «Ниса» сүресінің 95-аятында: «Мүміндерден себепсіз (соғысқа шықпай) отырушылармен Алла жолында малдары және жандарымен соғысушылар тең емес. Алла Тағала малдарымен, жандарымен соғысушыларды дәрежеде арттырды. Сондай-ақ, барлығына игілік уәде етті. Және соғысушыларды отырушылардан үстем кеңшілікке бөлеп, ірі сыйлық берді» дейді.
Мұджаһид – зұлымдық пен әділетсіздіктен бас тартып, зорлық-зомбылықпен барынша күресетін адам. Себебі, зұлымдық, жамандық және қанішерлермен сыбайласуға қатысты үнсіздік таныту зорлықшылдардың қатыгез іс-әрекеттерімен сыбайласумен тең болады. Құранның 290 аятында зұлымдық мәселесі қарастырылып, былай деп жазылған: «Сондай зұлымдық істегендерге бейім сыңай байқатпаңдар. Онда сендерге тозақ кездеседі. Сендерге Алладан басқа дос болмайды, сонсоң көмек те көрмейсіңдер!» (Һұд сүресі,113-аят)
Язид өзінің үстемшілдігі және озбырлығымен адам және исламдық құндылықтарды аяққа таптап, теріс көзқарастарды таратқаннан кейін қарапайым адамдар уағыздарға құлақ аспайтын болды. Имам Хосейн (ғ.с.) қарулы дұшпандарды жеңудің мүмкін емес екенін біле тұра, төңкеріс жалауын қолға алып, шәһид болу арқылы қолынан келген ең үлкен істі атқарды. Имам өз сөзінде: «Мені екі нәрсенің біреуін таңдауға мәжбүрледі: өлім мен мойынсұнудың арасынан біреуін таңдауды қалады. Әулетіміздің таза ниеті мен қадір-қасиеті, біздің ерік-жігеріміз бен ар-намысымыз қараниеттілердің талабын ерлікпен қаза табудан артық санауымызға жол бермейді» деді.
Осындай қисынымен шәһид арайлап атқан таң тәрізді жаңа күннің жаршысы кейпіне енген еді. Жаратушы адамның шәһид болуы оның өмір сүруіне қарағанда әлдеқайда әсерлі әрі құнды болатынын айтып: «Ол Алла жолында қаза болған адамды өлдіге санамайды. Ол мәңгілікке тірі қалады. Алайда сендер бұл ақиқатты білмейсіңдер» дейді.
Ойшылдар шәһидті «тарихтың жүрегі» деп атайды. Жүректің тамырларға қан жүгіртіп, өмір сыйлайтыны сияқты өмір, қозғалыс пен жаңарудан қалып қойған қоғам қайта жандана түсті. Имамның шәһид болуының ең үлкен мұғжизасы бір буынға өз-өзіне деген сенім мен иман сыйлауы болды. Шәһид болуды құрбандықтың ең кәміл көрінісі деп атауға болады. Шәһидтің іс-әрекетіндегі дәл осы жанкештілік пен хабардарлық оның мәртебесін көтеріп отыр. Шәһидтер мен мұджаһидтердің жанкештілігі олардың болмысының кәмілдікке жетуіне себеп болуымен қатар, басқаларға да қатты әсер етіп, қоғамдар мен әулеттердің тағдырын өзгертуге жол ашады. Хосейн бен Алидің (ғ.с.) қасиетті қаны ұзақ уақыттан кейін халықтардың тамырларынан өтіп, оларды жаңа өмірге шақырады. Имам Хосейн (ғ.с.) жыл сайын өзінің ерлігімен халықтарды өз заманындағы ақиқат майданына жәрдемдесуге шақырады.
Ашура күні имам Хосейн (ғ.с.) сөзбен жеткізіп, айта алмайтын жан түршіктірерлік оқиғалардың куәсі болды. Сол күні зұлымдық пен қатыгездік өзінің ең жоғарғы деңгейіне жетті: ибн Язидтің сарбаздарының бірі Хормала Кербала даласында шәһидтердің жетекшісінің нәрестесі Әли Асқарды үш басты оқпен нысанаға алып, шәһид етті; сарбаздар Хосейннің ізінен ерген батыл жастардың бірі әрі адамдар бет әлпеті бойынша пайғамбарға қатты ұқсайды деп санаған Әли Акбарды өлтіруге сайысқа түсіп, ақыр соңында қылыш салып, оны шәһид етті; сұлулығына байланысты «Бани Хашемнің айы» атанған хазірет Аббастың екі қолын кесіп, екі көзіне улы оқ тықты. Олар өлтірумен ғана шектеліп қалмай, мәйіттердің үстерінен атпен шауып, қосындарды өртеп, балалардың құлағындағы сырғаларды жұлып алып, ең бекзат адамдарды сабады. Осының барлығына қарамастан Ашурадан тек Алла жолында джиһадтың көркемдігі мен төңкерістің баяндылығы ғана сақталып қалды. Өз серіктерінің еш ойланбастан ат үстінде шәһид болып жатқанын көрген имам: «Басыма қандай қиындық түссе де, барлығы Алланың қолында болғандықтан, маған оңай болады» деді.
Қазір имам Хосейннің төңкерісінен бері 1400 жылдай уақыт өтсе де, сол кездегі жағдай әлі өзгермеген. Зорлықшылдар өз істеріне ерік беріп, барлық адамдардың өз алдарында бас игенін қалайды. Бүгінде Йемен, Сирия, Ирак, Палестина мен Мьянмадағы зорлық-зомбылықтар мен қатыгездіктер йезидтердің рақымсыздығын еске түсіреді. Тәкфіршіл лаңкестер адамдарды еш ойланбастан қырып, дінді бұрмалауда. Қаруланған генералдар қолдарында ешнәрсе жоқ бейкүнә тұрғындар мен қарапайым сарбаздармен соғысады. Олардың жалдамалылары пайғамбар әулетінің кесенелері мен олардың қорғаушыларына шабуыл жасайды. Күн сайын ақпарат агенттіктерінде төмендегідей хабарлар таратылып жатады: Язид әулетін пір тұтушы Сауд режимінің рақымсыз шабуылдарында бір йемендік нәресте өз әкесінің қолында мәңгілік ұйқыға кетті...
ДАИШ Сирия мен Ирактың бірнеше азаматының басын кесіп жатса, рохинья мұсылмандарының бірқатары мұсылман емес бір топтың бірбеткейлігі мен өшпенділігінің отында күйіп жатыр.
Зұлымдық пен қатыгездік Кербала оқиғасында өзінің шарықтау шегіне жеткенімен, ұзақ ғасырлар бойы жалғасып, үстемшіл зорлықшылдар әлемнің көптеген мазлұм халықтарына қатыгездік жасады. Кербалада Хосейнге (ғ.с.) рақымсыз шабуыл жасау күнәсінан әлі айырылып үлгермеген Саддам заманауи әрі соңғы буынды қару-жарақтармен жабдықталып, Хузистанды үш күнде басып алу мақсатымен Иранға шабуыл жасады. Барлық алпауыт елдерден қолдау көрген бұл жауыздың мақсаты Хосейннің (ғ.с.) төңкерісінен бастау алған Ислам революциясын жою болды. Алайда «Йа, Хосейн!» және «Йа, Фатима!» деп ұрандатып, ерікті түрде майданға қарай ағылған әйел мен еркек, жас пен кәріден құралған әскерге тап болды. Саддамның ашу-ызасы 3500 рет химиялық қаруды пайдалануына әкеп соқтырды. Ирактың бұл рақымсыз әрекеті мыңдаған ирандықты құрбан етіп, Иранды жаппай қырып-жою қаруларынан ең көп жапа шеккен елдердің қатарына қосты.
Ирактың президенттік гвардиясының арнайы тергеушісі Абдолрашид Абдолбатен өзінің қатыгездіктерінен еш қысылмастан: «Ирандықтар тосыннан шабуыл жасап, ФАУ зымыранын Саддам әскерінің қолынан тартып алған Валфаджр-7 амалдарында маған бір топтың құрамында ирандық тұтқындарды тергеу міндеті жүктелді. Олар мүлдем әріптестік жасамады. Өздерінің күрес тәсілдерін айтпады. Сол себепті осы амалдарға қатысып, тұтқынға түскен ирандық сүңгуірлердің қолдарын арнайы байланыс сымдарымен байлаған күйі бір қатарға тізіп, жатқызуға бұйрық бердік. Сол кезде үстерінен танк жүргізіп, бастарын денелерінен бөліп тастадық. Қалған тұтқындардың өз мақсаттары мен имандарына берік болғаны соншалықты, осындай жазаны көре тұра тіс жармады. Біздің бұл әрекетіміз де нәтижеге жетпеді» деді.
Ирактың Иранға қарсы соғысы 8 жылға созылғанымен, соңында күрескерлердің жанкештілігі мен шәһидтердің қаны Кербала шәһидтерінің қаны сияқты исламдық қозғалысты қайта жандандырып, жеңіске жетті. Сол сарбаздар Кербаладағы сол күндері жанын қиған көмекшілердің іздерін басқандай болды. Олар пәк, Хосейн мен Пайғамбар әулетіне ғашық әрі ақиқат пен әділетті іздеуші күрескерлер еді.
Бір Тасуа кешінде сарбаздар шайқас майданында Ашураға мадақ айтып, имам Хосейнге (ғ.с.) қаратып айтылған мына сөйлемге жетеді: «Шіркін, сізбен бірге болып, ең үлкен шапағатқа жетер ме едік?!». Сол кезде батыл күрескер доктор Чамранның көзінен жас ағады. Ордың сыртында болғандықтан, қозғала алмайды. Ол орнынан тұрып имам Хосейнмен (ғ.с.) сырласады: «Уа, Хосейн! Біз Ашура мен Кербалада болған жоқпыз. Сенің әскеріңнің қатарында шәһид болуды жазбады. Бірақ өмір бойы сенімен болуды армандап өттік. Бүгін сенің атың мен арманыңды қайта жаңғыртып, «Хузистанның Кербаласына» келдік. Менің арманым – осы жерде шәһид болу. Бірақ, одан да үлкен арманым бар. Сен сол жерде шәһид болған серіктеріңнің әрбіреуінің басына барып, оларды сүйіп, қоштастың. Мен де шәһид болып жерге құлаған кезде сенің қонағың бола аламын ба? Сен қолыңды менің кеудеме қойып, жүрегімдегі сүйіспеншілік отын өзіңе және Жаратушыға жеткізіп, мені қуанта аласың ба?».