Маусым 29, 2016 13:17 Asia/Almaty
  • Рамазан керуенімен 11

Қасиетті рамазан айының келуімен дүнежүзінің түкпір-түкпіріндегі барлық мұсылмандар ораза тұтып, бұл айда басқа уақыттардан көбірек ғибадат жасап, жандарын тазартуға талпынады.

Көптеген адамдарды ораза тұтып, тәуліктің үлкен бөлігінде ішіп-жеуден тартыну денсаулыққа зиян келтірмейді ме деген сұрақ мазалайды. Денсаулық нығметінің маңыздылығы ешкімге жасырын емес. Жеке адам мен қоғамның  барлық қажеттіліктеріне жауап беретін қасиетті Ислам діні  бұл мәселеге ерекше назар аударады. Хазірет Әли (ғ.с.) «Наһдж ул-Балағеде»  үш нәрсені, соның ішінде денсаулықты адамның үлкен нығметі ретінде атайды. Ораза – адамды тәрбиелейтін исламдық негіздердің бірі. Ораза адамның денсаулығы мен науқастарды емдеуде маңызды рөл атқарады. Көптеген рауаяттарда оразаның дененің саулығына әсер ететіндігі туралы айтылған. Исламның ұлық пайғамбары осы ретте «Дендерің сау болсын десеңдер ораза тұтыңдар»,- деп айтқан болатын. Асқазан мен ас қорыту жүйесі адамның денесіндегі көп күш түсетін мүшелер болып табылады. Адамдар күн сайын әдетте үш рет тамақтанады. Сол себепті ас қорыту жүйесі шамамен барлық сағаттарда жұмысын тоқтатпайды. Ораза бір жағынан ас қорыту жүйесінің демалуына және жаңа күштің пайда болуына себеп болады. Жыл бойында әртүрлі себептерге байланысты адамның денесінде май жиналса, бір ай ораза тұту кезінде біртіндеп олардан құтылып, денені жеңілдететін мұрсат туады. Сол себепті ораза ұстап, ішіп-жеуден тартыну дәрменнің ең жақсы тәсілі саналады. Рамазан – дұғаның айы. Алланың елшісі рамазан айында дұға тілеу туралы былай деп айтқан: «Уа, халайық, рамазан айында намаз оқыған кезде қолдарыңды Аллаға қарай жайыңдар. Бұл сәттер өмірлеріңнің ең жақсы сәттері. Бұл кезде Алла пенделеріне махаббатпен қарайды»,- деді. Әрине дұға тілеудің әдептері  мен шарттары бар.  Бір жақтан Алланың Ұлылығы мен күш-қуаты, басқа жақтан қажеттіліктер мен кедейшілік Алланың алдына келген адамды ақиқатқа жеткізіп, сонымен бірге нығметтерін сыйлайды. Сол себепті дұғаның әдебі сақталуы керек. Мәселен, адам бір нәрсе сұрап, біреудің алдына барған кезде белгілі бір әдепті сақтайды. Сол сияқты адам Алланың алдында да әдептер мен негіздерді сақтауға міндетті.  Олар Құран аяттары мен илаһи әулиелердің хадистерінде баяндалған. Әр адам Алланың алдында қол жаюдан бұрын алдымен ниетін білдіргені жөн. Дұға тілеуші адам бұл істе бүкіл болмысымен бір Құдайға табынып, Жаратушының барлық нәрсені көріп, барлық нәрсені еститінін білуі керек. Алла Тағала барлық нәрсеге куә әрі бақылаушы. Алла барлық тілекті ең қысқа уақытта орындай алады. Құдай мен Оның дәргаһына бет бұру адал ниет пен харамнан ада пәк жүректі қажет етеді. Исраил әулетінің ер адамы үш жыл бойы Құдайдың алдында дұға тілеп, өзіне перзент сыйлауды сұрайды. Бірақ дұғаның орындалатындығынан еш белгі болмағанда ол: «Уа, Құдай! Менің дұғамды естімейтіндей Өзіңнен соншалықты алыстадым ба? Әлде жақын болсам да дұғамды орындамайсың ба?»- деп сұрайды. Содан соң түсінде: «Сен үш жыл бойы жамандық айтатын тілің, лас жүрегің және қара ниетіңмен бізді шақырдың. Егер тілегің орындалсын десең тіліңе абай болып, жүрегіңді тазартып, ниетіңді халал ет»,- деген дауысты естиді. Ұйқысынан тұрған кезден бастап өзіне бұйрылған істерді талапқа сай орындаған соң  бір жылдан кейін сұраған тілегі қабыл болып, арманына жетеді. Басқалар үшін дұға тілеу адам мен адамгершіліктің ең әдемі көріністерінің бірі әрі бұл ғамал адамның бойындағы менмендікті жоюдың бір түрі болып табылады. Басқалардың істері алға жылжу үшін жақсылық тілеп, басқалардың мәселелерін шешуді басты мәселе деп санайтын адам  шын мәнінде өзінің менмендігін жеңіп, Алланың ризалығына ие болуға жақындай түседі. Мұндай жағдайда оның дұғасы тезірек қабылданып, орындалады. Исламның ұлық пайғамбары: «Дұға тілеген кезде адам біріншіден қырық діни бауырын еске алса, сол адамның дұғасы мен еске алған қырық адамның тілегі орындалады»,- деп айтқан болатын Имам Садық (ғ.с.)-ның хадистерінің бірінде: «Діни бауыры үшін дұға тілеген әр адамға аспаннан «бауырларың үшін сұрағаныңды өзіңе жүз мың есе жібереміз» деген хабар жетеді»,- деген болатын. Дұғаның орындалуына себеп болатын келесі мәселе оның жамағатпен айтылуы жатады. Бұл Ислам дінінің жамағатты құрметтейтіндігін көрсетеді. Мұның хикметтерінің бірі адамдардың саны көбейген сайын олардың  өз үлесі және жасаған жақсылықтарына қарай Жаратушының назарына түсіп, дұғаны орындалуына жақындату болып саналады. Имам Садық (ғ.с.): «Әкем уайым-қайғыға душар болған сайын әйелдер мен балаларды жинап, дұға тілеп, олар «Әмин» дейтін.  Алла Тағала: «Қырық адам жиналып, дұға тілесе, Алла олардың дұғаларын орындайды. Алайда Жаратушы қырық адам жиналмай, тіпті бір адам жалғыз өзі тілесе де  оның дұғасын қабылдап, орындайды»,- деп айтқан болатын. Қасиетті рамазан айының келесі жақсы ғамалдарының біріне жетімдерге қамқорлық білдіру жатады. Құран аяттары мен исламдық рауаяттарда бұл ғамалға ерекше назар аударылған. Исламның ұлық пайғамбары: «Алла Тағала жетімдердің әкелерінен көз жазуларына байланысты оларға көмектесуді насихаттады. Сол себепті оларды қорғайтын әр адамды Алла қорғайды»,- деп айтқан болатын. Бұл айда мұсылмандар басқа уақыттардан көбірек жетімдерге көңіл бөліп, рамазанды пайдаланып, жетімдерге қамқорлық жасап, көмектесуде бір-бірінен алға түсіп, озуға талпынады. Ұлы Алла мүміндерге олардың жасаған жақсылықтарына он есе сый қайтаруды уәде етті.

Абдул Джаббар Мустуфи деген сопының қажылыққа бара жатқан кезде бір мың динары болыпты. Куфенің көшелерінен өтіп бара жатқан кезде сопының көзі қирауларға түседі. Сол жерде бір әйелдің бір нәрсе іздеп жүріп, өлген құсты көргенін байқайды. Әйел құсты жерден көтеріп, жылдам үстіндегі жамылғысының астына тығып, үйіне қарай бет алады. Абдул Джаббар әйелдің соңынан еріп, оқиғаның соңын білгісі келеді. Ол әйелдің ізінен жүріп отырады. Әйел үйіне жетіп, үйге енеді. Балалары анасына қарай жүгіріп: «Анажан, біз үшін не әкелдің? Біздің әбден қарынымыз ашты»,- дегенде әйел: «Балаларым, сендерге тауық әкелдім, қазір пісіріп беремін»,- деп жауап береді. Бұл әңгімені естіген Абдул Джаббар қатты жылап, көршілерінен әйел мен балалардың жағдайы туралы сұрайды. Әйелдің көршілері: «Бұл Абдолла бен Зейдтің әйелі. Оның жұбайын Хаджодж Сақафи  өлтірді. Ол бірнеше баламен жалғыз қалды»,- дейді. Абдул Джаббар ойланып, үйдің есігін қағады. Қолындағы бір мың динарды әйелге сыйлап, үйіне оралады. Сопы сол жылы қажылыққа бармайды. Қажылық рәсімдері аяқталып, керуендер Алланың үйінен оралған кезде халық қажыларды күтіп алуға асығады. Абдул Джаббар да қажыларға қарай бет алып, керуенге жақындаған кезде басқалардың алдына шығып келе жатқан бөгде адамды көреді. Бейтаныс адам амандасып: «Әй, Абдул Джаббар, мен сені маған бір мың динар берген күннен бері іздеп жүрмін. Кел, динарларыңды ал»,- деп бір қалтаны Абдул Джабарға ұстатып кетеді. Абдул Джаббар қалтаның ішін қарап, оның ішіндегі  он мың динарды көріп, таңғалады. Сол кезде аспаннан: «Біздің жолымызда бір мың динарыңды сыйладың. Біз саған он есе көбейтіп қайтардық. Періштені сенің тарапыңнан жыл сайын қажылыққа баруға міндеттедік. Біз еш уақытта жақсылықты жауапсыз қалдырмаймыз»,- деген дауыс естілді.