Рамазан керуенімен 15
Ораза илаһи міндет ретінде көптеген рухани берекеге ие болуымен бірге адам үшін үлкен әсер етеді. Ораза жасөспірімнің тәрбиесіне маңызды әсерін тигізеді. Өйткені бұл ғибадат жасөспірімдерге психикалық көңіл-күйлерін қадағалауды үйретеді.
Университет ұстазы әрі психолог, доктор Дулатиар Бастани: «Ораза –адамдарға қажеттіліктеріне жетуді кейінге қалдыруды және ойларын бақылауға алуды үйрететін, сенім артып ғамал етуге көмектесетін құрал» деді. Оразаның қоғамдық тұрғыдағы пайдалы әсерлерінің біріне қоғамның заңдары мен басқа адамдардың құқықтарын құрметтуді үйрену болып табылады. Сондай-ақ, басқалармен қарым-қатынас орнатқан кезде сабыр сақтау сындарлы қоғамдық қарым-қатынастың негіздерінің бірі саналады. Ораза адамға сабыр сақтауды үйретеді. Оразаға діни міндет ретінде қарайтын қоғамда барлық адамдар өздерін қоғамның құқықтарын сақтауды міндеттейді. Сонымен бірге басқаларды мазалайтын істерден алыстаған жөн. Ораза тұтушы қоғамда адамдар бір-бірін құрметтеп, діни міндеттерін орындауға дайындалады. Науқас адамдар немесе басқа себептермен ораза ұстай алмайтын адамдар өздерін қасиетті рамазан айын құрметтеуге міндетті деп санайды. Қасиетті рамазан айында ораза тұтушы адам тек ішіп, жеуден ғана тартынбайды. Оның барлық дене мүшесі ораза тұтады. Адамның дене мүшелерінің оразасы, яғни тілін, көзін және құлақтарын бақылауға алу қоғамда түзу қарым-қатынас орнатуда үлкен рөл атқарады. Ораза полиция сынды жеке адамның іс-әрекетін бақылауға алып, қоғамдық қауіпсіздік орнататын құрал. Әсіресе, намаз бен ораза қылмыстар мен қоғамдық қателіктердің азаюына себеп болатын илаһи ғибадаттар. Шын мәнінде қасиетті рамазан айында қылмыстардың азаюы айтылған мәселені дәлелдейді. Статистика бұл айда ұрлық, қиянат, кісі өлтіру, ұрып-соғу, шабуыл жасау және тағы да басқа қылмыстардың мөлшерінің төмендейтінін көрсетеді. Сол себепті рамазан айының келуімен қоғамның кеңістігі рухани кеңістікке айналып, қоғамға оң әсерін тигізеді. Мұндай кеңістікте күнә немесе қылмыс жасау азаяды. Сондықтан рамазан айы мен ораза қоғамдағы қылмыстар мен күнәләрді төмендететін маңызды тәрбие себебі болып саналады. Ораза адамның ішкі болмысының өзгеруіне, қоғамдық қайшылықтардың азаюы мен қоғамдық қауіпсіздіктің орнатылуына себеп болады.
Қасиетті рамазан айында ерекше маңыздылыққа ие мұстахабтардың бірі ораза тұтушыларды қонаққа шақырып, ауызашар беру болып табылады. Ислам дінінде қонақжайлық туралы көп насихатталып, бұл маңызды іс үшін құнды сыйлар анықталған. Исламның ұлық пайғамбары үйге қонақтың келуін илаһи сый деп атап: «Алла Тағала жамағатқа мейірімділігін білдіргісі келген сайын оларға сый жіберген. «Сый дегеніміз не?» деген сұрақ қойылғанда: «Сый – қонақ, өйткені ол өзінің ырзығымен келіп, кеткен кезде жанұяның күнәларын өзімен бірге әкетеді»,- деген жауап берген. («Бихар әл-Анвар»,75-ші том). Имам Садық (ғ.с.) да мүміндерге берілетін сыйларды шексіз деп атап: «Мүмінді тойдырған әр адамға ақыретте қандай сыйдың берілетінін тек әлемнің Жаратушысы ғана біледі»,- деді. («Усуль Кафи», 2-ші том). Сол себепті адамды тамақтандыру сынды еш нәрсе адамды Аллаға жақындатпайды. Тамақтандырудың арасында ауызашарға шақыру – ең жақсысы. Исламның ұлық пайғамбары: «Рамазан айында ораза тұтқан адамға ауызашар беру Алланың алдында бір құлды азат еткен ғамалдың сыйына тең сыйға ие болып, оның күнәлары кешіріледі. Осыған орай «Иә, Алланың елшісі, барлығымыздың ораза тұтқан адамға ауызашар беретін мүмкіндігіміз жоқ» деп айтылған кезде хазірет: «Алла Тағала сондай рақымды. Кімде-кім ауызашар бере алмаса, сүт немесе су, тәтті сусын, бірнеше құрманы ораза тұтушы адамға берсе ауызашар бергеннің сауабын сыйға алады»,- деді. Имам Әли (ғ.с.) да «Мұсылман бауырына ауызашар беру ораза тұтудан артық» деген болатын. Ауызашар беруге жігерлендіру халық пен қоғамның әртүрлі таптары арасында достық қарым-қатынас қалыптастыру мақсатында жасалады. Бұл мәселенің екі жағы бар. Яғни, халықты ауызашар беруге, сонымен бірге ауызашарға шақырылғандарды шақыруды қабылдауға жігерлендіреді. Сол себепті исламдық рауаяттарда екі мәселе, әсіресе шақыруды қабылдау қуатталған. Исламның ұлық пайғамбары: «Қонаққа шақыруды қабылдамау немесе қабылдап, бірақ астан алмау сияқты әдеттен алыс болыңдар»,- деп айтқан болатын. Қорыта айтқанда, қонаққа шақыру шақырған адамның достығы мен махаббатын білдіргісі келетіндігінің белгісі деп айтуға болады. Сол себепті шақыруды, яғни шақырған адмға назар аудармай, оның достығы мен махаббатын қабылдамау діни және ахлақтық негіздерге қайшы келеді. Имам Садық (ғ.с.)-ның серіктерінің бірі Хишам бен Салем: «Бір топ адам болып имам Садық (ғ.с.)-ның үйіне кірдік. Сол жерде жиналғандардың арасында өзімнің барлығынан жас екенімді байқадым. Имам бізді тамақтануға шақырды. Дастарханның басында имаммен бірге отырып тамақтандық. Хазірет маған қарап: «Хишам! Мұсылманның мұсылман бауырымен достығы оның тамағынан тамақтанған кезде дәлелденетінін білмейсің бе»,- деді. («Бихар әл-Анвар», 15-ші том). Алайда қонаққа шақыруды қабылдау қуатталғандай кейбір жағдайда оны қабылдамау туралы да айтылған. Қонаққа кедейлерді шақырмайтын байлардың шақыруын қабылдамаған жөн. Сондай-ақ, залымдар мен күнәһарлардың шақыруын қабылдамандар. Исламның ұлық пайғамбары өзінің серігі Абузар Ғафариге: «Күнәһардың тамағынан татпа»,- деп кеңес айтқан. («Васаел әл-Шие», 24-ші том). Имам Хасан Мұджтаба (ғ.с.) кедейлер мен мұқтаждарға көп көмек көрсетіп, өзінің берекелі өмірінде екі рет бүкіл мүлкін және үш рет мүлкінің жартысын кедейлерге сыйлаған болатын. Хазірет ешбір кедейді өзінің қасынан құр қол жібермей, оның жүрегінен орын табатын. Имам Хасан (ғ.с.)-нан: «Қалайша ешбір сұраған адамды жауапсыз қалдырмайсыз?»- деп сұрағанда: «Менің өзім Алланың алдында қолымды жаятын адаммын. Мен өзім сұрайтын адам бола тұра менен көмек сұрағанды жауапсыз қалдыруға ұяламын. Алла Тағала нығметтерін маған жіберуге уәде берді. Мен де Оның алдында халыққа назар аударып, өзі берген нығметтерден адамдарға сыйлауды уәде еттім»,- деп жауап беретін. Тарихта имам Хасан Мұджтаба (ғ.с.) мен имам Хусейн (ғ.с.) және Абдолла бен Джафардың қажылық сапарға барғандары туралы айтылған. Жолда олардың керуені алға шығып, олар ашығып, шөлдейді. Бір кезде ыстық шөл далада қарт әйел жалғыз өмір сүретін шатырды көреді. Жақындап, олар су мен тамақ сұрады. Қарт әйел өзінің бүкіл байлығы саналатын қойын қонақтардың алдына әкеліп: «Қойдың сүтін сауып ішіңдер. Содан соң мен шөпшек жинап әкелгенше оны бауыздаңдар»,- деді. Қойды бауыздап, тамақ пісіріп жейді. Содан соң қарт әйелге рақмет айтып: «Біз қажылыққа бара жатқан құрайыштармыз. Мәдинеге келсең, бізге кел, қарызымызды өтейміз»,- деп, қоштасып жолдарын жалғастырады. Уақыт өтіп, құрғақшылық болады. Далада өмір сүретіндер қалаға көшеді. Қарт әйел де жұбайымен бірге қалаға келеді. Олардың кәсібі болмай, түйенің қиын жинап, сататын болады. Күндердің бірінде имам Хасан (ғ.с.) үйінің қасында тұрған кезде өтіп бара жатқан қарт әйелді көреді. Хазірет әйелді танып: «Мен сенің шатырыңда болған қонақтардың бірімін. Менің есімім Хасан бен Әли»,- деді. Қарт әйел қуанып: «Ата-анам құрбаның болсын. Сізді, имам Хасанды мен танымадым»,- дейді. Хазірет қарт әйелдің қонақжайлылығына байланысты қызметшісіне оған мың қой сатып әперуді бұйырды. Содан қартты бауыры имам Хусейн (ғ.с.)-ның қасына жібереді. Имам Хусейн де оған сый беріп, хазірет Зейнабтың жұбайы Абдолла бен Джафардың қасына жіберді. Абдолла имамдардан үлгі алып, қарт әйелге имамдар берген мөлшерде сый береді.