Қасиетті рамазан айының дұғалары 25
Рамазан айының жиырма бесінші күнінің дұғасы:
Уа, Алла!
Осы күні мені достарыңның қатарына қосып, дұшпандарыңның дұшпанына айналдыр. Соңғы пайғамбарыңның ізбасарларының қатарына қос, уа, пайғамбарлардың жүректерін нұрландырушы!
Қасиетті рамазан айының жиырма бесінші күнінің дұғасында Алла Тағаладан достарының достары және дұшпандарының дұшпаны қатарына қосуды сұраймыз. Жаратушы діннің негізін достыққа негіздеген. Имам Садық (ғ.с.)-ның әдемі рауаяттарының бірінен: «Дін тек махаббат пен рақымдылық. Сондықтан Алла Тағала: «Егер Мені жақсы көрсеңдер, илаһи пайғамбардың бұйрықтарын орындаңдар. Орындасаңдар Алланың сүйіктісі боласындар»,- деген»,- деп оқимыз. («Мизан әл-Хикмат»). Илаһи бұйрықтарға сай ғамал ету Аллаға ғашық болудан басқа еш нәрсе емес. Дұғаның жалғасында Алла елшісінің жолы мен тәсілдерін пайдалануға көмектесе гөр деп сұраймыз. Алла Тағала исламның ұлық пайғамбарын «Ахзаб» сүресінің 21-ші аятында үлгі деп атап: «Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар»,- деп айтады. «Қалам» сүресінің 4-ші аятында Жаратушы өз пайғамбарын «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» деп мадақтайды. Исламның ұлық пайғамбары Жаратушы мадақтаған мінезге ие болып, әрі ғылым, ғамал және ахлақ салаларындағы кемелдігі басқа пайғамбарлар мен періштелерден артық болғанымен әрқашан Алладан оған жақсы әдеп пен әдемі ахлақ сыйлауды сұрайтын. Сол себепті біз де хазіреттен үлгі алып, пайғамбарлардың жүректерін нұрландырушы Алладан бізге жақсы мінез бен әдеп беруді, қарым-қатынас орнатқан кезде басқалардың құқығы мен әділетті сақтауды және Исламның ұлық пайғамбары сынды ғамал етуге көмектесуді сұраймыз.