Рамазан керуенімен 26
Мейірімді Алла Тағала пенделеріне мейірімділік, рақымдылық және махаббатын білдіріп айлардың арасынан бір айды, түндердің арасынан бір түнді ең жақсы деп белгілеп, бұл түнді ояу өткізуге бұйырып, бұл түндегі ғибадаттарды мың айдағы ғибадаттардан құндырақ етті.
Иә, Қадір түнінің ұлылығы мен бұл түннің ақыреттегі сыйы отыз мың түннен артық. Алла Тағала Қадір түнін рамазан айында белгілеп, мүміндерге өткеннің кемішіліктерінің орнын толтыруға және алдағы жылда дүниелік және ақыретке қажетті қор жинауға мүмкіндік берді. Қадір түні қасиетті рамазан айының соңғы он күндеріндегі түндердің бірі. Алла Тағала ол түнді нақты айқындаған жоқ. Имам Әли (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінде одан: «Қадір түні қандай түн?»- деп сұраған кезде хазіреттің: «Күмәнсіз, Алла Тағала өздеріңе көмектесіп, сендерге мұрсат беріп, бұл түнді сендер үшін айқындаған жоқ. Өйткені, егер қай түн екенін нақты айтқанда сендер тек сол түннен басқа кезде ғибадаттарыңды ұмытатын едіңдер»,- деп жауап берген келтірілген. Қадір түндеріндегі кешірім сұрау мен тәубе ету ораза кезінде ең көп насихатталған мәселе. Бұл түндерде кешірім сұрау мен тәубе ету адамның жүрегін қараңғылық пен ластықтардан босату үшін мүмкіндік береді. Бұл түндегі тәубелер қабыл болады. Құран Кәрімнің айтуы бойынша тәубе шын ниетпен әрі шынайы түрде жасалуы керек. Құран «Тахрим» сүресінің 8-ші аятында: «Әй, мүміндер! Аллаға шынайы тәубе қылыңдар»,- деп айтады. Рауаяттардың бірінде Мааз бен Джабал тәубе туралы Алла елшісінен сұраған кезде хазірет: «Адам тәубе еткен соң еш уақытта күнәға оралмайды»,- деп жауап берген. Негізінде тәубе адамды өзгертіп, ол еш уақытта оған қайтып оралмайды. Тәубе жасап, Алладан кешірім сұрағаннан кейін дұға тілеуге кезек келеді. Ең жақсы дұға жамағатпен жасалған дұға. Сондықтан бұл түнді мешіттерде мүміндердің арасында өткізуге тырысамыз. Өйткені Алланың елшісі «Алланың көмегі жамағат арқылы» деп айтқан болатын. («Ахкам әл-Құран», 3-ші том). Қадір күні де Қадір түні сынды ерекше маңызды және басқа күндерден өзгеше. Сол себепті Қадір түні мен күнін Құран, намаз бен дұға оқып өткізуге талпынайық. Қасиетті рамазан айы рақымдылық пен берекенің айы. Алла Тағала бұл айда әртүрлі сылтаулармен пенделерін кешіреді. Оларды ораза тұтып, уәжіп және нәпіл намаздары мен Құран оқып, садақа беріп, туыс-тумаларымен қарым-қатынас орнатқандары және тағы да басқа жақсылықтары үшін жәннәтқа баратындардың қатарына қосады. Сол себепті жәннәттің есіктері өз ғамалдарымен илаһи рақымдылыққа ие болып, сол жерге кіру шарттарын дайындағандар үшін ашық болады. Бірақ егер кімде-кім бейқам қалып, мұндай ғамал жасамаса да жәннәтқа кіруден үмітсіз қалмауы керек. Имам Бақер (ғ.с.)-ның айтуынша, Исламның ұлық пайғамбары қасиетті рамазан айының туғанын көріп, қыбылаға қарап: «Уа, Алла! Бұл айда біз үшін қауіпсіздік, денсаулық, иман, мұсылмандық, көптеген ырзық пен шипа беріп, Құран оқып, намаз бен оразаларымызға көмектесе гөр. Уа, Алла! Рамазан айында денсаулық бере гөр. Біз кешірімге ие болуымыз үшін рамазан айындағы ғамалдарымызды бізден қабыл ет»,- деп, халыққа бетін бұрып: «Әй, мұсылмандар, рамазан айы келген кезде шайтандар шынжырланып, аспандар мен жәннәттің және рақымдылықтың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады»,- деген. Қасиетті рамазан айында Алла Тағала шайттанның күшін әлсіретіп, оның әрекеттеріне себеп болатын жағдайларға шектеу қойды. Осылайша адамның ішкі болмысын Аллаға құлшылық етіп, Оның бұйрықтарын орындауға дайындады. Бірақ бұл адамның ықтиярынан айрылып, жолын өзінің таңдауына тыйым салынғанын, сонымен бірге шайтанның әрекеттері мен илаһи сынақ тоқтатылды дегенді білдірмейді. Расында, рамазан айы – адамның болмысындағы шайтанның әсерін анықтайтын мұрсат. Аятолла Дастғейб шайтан және онымен күресу туралы: «Егер сіздің қолыңызда иттің жегісі келетін ас болып, тіпті сіз оны иттен жасырып, матаға орап қойсаңыз да ашыққан ит оны иісінен сезіп, сіздің соңыныздан ереді. Өйткені ит аш. Ал оның жақсы көретін асы сіздің қолыңызда. Оны қанша қуып, қанша айқайлағанмен ол сізден қалмайды. Адамның жүрегі де осы тұрғыдан шайтанның назарына түседі. Билікқұмарлық пен нәпсіқұмарлық, дүниеқұмарлық, қызғаныш, сараңдық және тағы да басқа осыған ұқсас жаман сипаттарға өз болмысынан орын берген адамдар шайтанның мекеніне айналады. Бұл сипатардан айрылмағандар мың рет: «Иә, Алла мені шайтаннан қорға» деп айтқандарымен нәтижеге жетпейді. Өйткені олар шайтанды тек тілдерімен қуып, іс жүзінде оны өз жүрегінің қонағы етіп, оның алдынан дастарханын жаяды. Шайтаннан құтылу үшін жаман сипаттарды жүректен шығару керек»,- деп айтқан болатын. Илаһи нығметтерді пайдаланып, оларға шүкіршілік білдіру әкесі саудаға пайдаланып, мәміле жасасын деп перзентінің ықтиярына тапсырған қор сынды. Егер перзенті қорды дұрыс пайдаланып, мәмілесі нәтижеге жетсе әкесі екінші рет оның ықтиярына қорды көбірек береді. Алайда перзенті ақшаны босқа шашып немесе өзіне зиян келтірсе, әкесі «ол өзі шығындалатын болса немесе өзіне зиян келтіріп, оның емделуі үшін ақша жұмсайтын болсам, оған ақшаны не үшін беремін? Оған өзін құрту үшін ақша беретін мен оның дұшанымын ба?» деп ойлайды. Сол себепті әкесі перзентінің ықтиярына ақша бермейді немесе берген болса қайтып алады. Илаһи нығметтер де дәл осындай. Егер адам Алланың нығметтерінің қадірін білмесе, сөзі және ғамалымен Оған шүкіршілік айтпаса, Жаратушы оған нығметтерін сыйламайды. Алланың шынайы пенделері оларға сый етілген нәрсеге риза болып, шүкіршілік білдіреді. Олар тіпті қиындықтарды да илаһи нығметтер деп санайды. Имам Садық (ғ.с.)-ның серіктерінің бірі былай деп рауаят еткен: «Имам Садық (ғ.с.)-ның қасында болғанымда, бір кедей адам хазіретке келді. Хазірет жүзім жеп отыр еді. Ол әлгі кедейге жүзім беруді бұйырды. Кедей: «Мен жүзім жемеймін, ақша берсеңіз дұрыс болар еді»,- деді. Хазірет: «Аллаға саған кеңшілік берсін»,- деп, оған еш нәрсе бермеді. Шамалы уақыттан кейін тағы бір адам келіп, хазіреттен көмек сұрады. Хазірет оған да жүзім ұсынды. Кедей алып: «Маған ырзық берген Алллаға шүкіршілігімді білдіремін»,- деді. Хазірет оған: «Тоқтай тұр»,-деп, екі алақанына жүзім толтырып, әлгі адамға берді. Ол жүзімді алып, қайтадан Аллаға шүкіршілік айтты. Хазірет: «Тоқтай тұр»,- деп қайталап, қызметшісіне: «Өзіңмен бірге қанша ақшаң бар?»- деп сұрады. «Жиырма дерхам»,- деп жауап берді. Хазірет жиырма дерхамды кедейге берді. Кедей ақшаны алып, Аллаға тағы да шүкіршілік білдірді. Хазірет оған: «Осындай болып қала бер!»- деп, үстіндегі көйлегін шешіп береді. Кедей адам алып, оны сүйіп, Аллаға шүкіршілігін білдіріп, хазіретке рақметін айтып, өз жолымен кетті. Біз кедей адам Аллаға шүкіршілігін білдіріп, хазірет оған сый бере береді деп ойладық»,- деп айтқан болатын.