Маусым 29, 2016 14:45 Asia/Almaty
  • Қасиетті рамазан айының дұғалары 28

Рамазан айының жиырма сегізінші күнінің дұғасы:

 

Уа, Алла!

Осы күні менің мұстахаб істерімнің сауабын көбейтіп, менің хақыма жататын мәселелерді шешуге көмектес. Өзің жаққа жететін құралдардың арасындағы құралымды жақындат, уа, табандылардың табандысы!

Қасиетті рамазан айының жиырма сегізінші күнінің  дұғасының бірінші бөлімінде Алладан нәпіл, яғни мұстахаб істеріміздің сауабын көбейтуді сұраймыз. Тәулік бойында орындалатын мұстахаб намаздар нәпіл намаздар деп аталады. Имам Садық (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінде «Нәпіл намаз адамның Аллаға ұсынатын сыйы. Олар қай кезде орындалса да қабыл болады» деп айтылған. Шын мәнінде нәпіл, мұстахаб намаздар адамды уәжіптерін дұрыс орындауға көмектеседі. Дұғаның жалғасында Алладан мәселелерді шешуге көмектесуді сұраймыз. Мәселе деп адам орындауға міндетті барлық мәселегі айтамыз. Адам сұрақ қоюдан ұялмауы керек. Егер бір нәрсені білмесе, дұрыс жауап табуға талпынған жөн. Қасиетті рамазан айының жиырма сегізінші күнінің дұғасының келесі бөлімінде Жаратушыдан «Өзің жаққа жететін құралдардың арасындағы құралымды жақындат» деп тілейміз. Құрал бұл жерде Аллаға жақындататын нәрсе. Имам Әли (ғ.с.) «Наһдж ул-Балағенің» 110-шы құтпасында Аллаға жақындататын ең жақсы құрал ретінде Оған иман келтіріп, намаз оқуды, зекет төлеп, рамазан айында ораза тұтуды, қажылық, умра, туыс-туғандармен қарым-қатынасты үзбеуді, Алланың жолында кешірімді әрі жомарт болу мен адамды жамандық пен құлдыраудан құтқаратын барлық жақсы ғамалдарды атайды. Әрине пайғамбарлар, имамдар мен адал тұлғалардың шапағаты да адамның Аллаға жақындауының себепшісі болып табылады. Дұғаның соңында мұқтаждардың сырларын әшкерелемейтін және басқалардың істеріне бейқам қалмайтын Алладан дұғаларымызды орындауды сұраймыз.

Тегтер