Иранға сапар (188)
«Бахарестан» алаңында орналасқан ғимараттар сөйлей алатын болса, өздерін Теһранның естелікке толы, аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан өткізген орындардың бірі деп таныстырар еді.
«Бахарестан» алаңының тарихы Фатхәлишах заманынан басталады. Бұрынғы кезде үлкен рәсімдердің көбі, әсіресе Құрбан айты кезінде түйені құрбандыққа шалу рәсімі осы алаңда өткізілетін болған. Алайда алаңның жаңарақ жобасы Насыреддин шах Қаджардың кезіне тиесілі. Сол замандағы бас уәзір Мырза Хосейнхан Сепахсалар «Бахарестан» алаңы мен сарайын салу жобасын берген. Конституция көтерілісінен кейін бұл сарайда бұрынғы Ұлттық мәжіліс орналасқан. Әлі күнге дейін бұл ғимарат алаңның шығыс жағында сақталып қалған. Сепахсалар мешіті мен медресесі де х.қ.ж.с.б. 1298 жылы (1880 жылы) алаңның оңтүстік-шығыс жағында салынып, «Бахарестан» алаңына ерекше құндылық сыйлады. Бұл алаңда Ислам Кеңесі Мәжілісі ғимаратының болуы да оның маңыздылығын арттырды.
«Бахарестан» алаңы Иран тарихында орын алып, елдегі өзгерістерде түбегейлі рөл атқарған оқиғаларды еске түсіреді. Солардың бірі ретінде полковник Владимир Ляхов бастаған орыс сарбаздарының Мәжіліс ғимаратын зеңбірекпен атуынан бастап, 28 мордад төңкерісіне қатысты оқиғаларды айтуға болады. 28 мордадтағы америкалық төңкеріс барысында бұл алаң халықтық күштер мен төңкерісшілер арасындағы қақтығыстың куәсі болды.
Иран Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі күндерде де бұл алаң ерекше орынға ие болды. 100-ден аса шерушінің шәһид болу оқиғасы да осы алаңда орын алған. Әскери билік, Теһранның революцияшыл халқының айқайы мен халықтың жадында сайрап жатқан басқа да мыңдаған оқиға «Бахарестан» алаңында қалған естеліктер болып табылады. Сепахсалар мешіті мен Мәжіліс кітапханасы «Бахарестан» алаңына ерекше құндылық пен абырой-бедел сыйлағандықтан, бағдарламаның жалғасын осы екі құнды ғимаратпен таныстыруға арнауды жөн көріп отырмыз.
епахсалар мешіті ғимаратының құрылысы х.қ.ж.с.б. 1296 жылы (1878 жылы) басталды. Бұл салтанатты ғимарат сыртқы аула, портал, дәліз, екі қабатты ғимарат, құжыралар, төрт терраса, үлкен күмбез, шабестан-намаз оқитын зал (чеһелсутун), сегіз кіші мұнара, сырлы кірпішпен көмкерілген мұнара мен кітапханадан тұрады. Медресенің негізгі кіреберіс есігі Бахарестан көшесінде орналасқан. Сонымен қатар шығыс жағында мешіт пен медресеге қарай бір есік ашылған. Негізгі аулаға шығатын дәлізде «Хафт касе» (Жеті кесе) немесе «аспалы арка» деген атпен танымал ирандық-исламдық сәулет өнері мен сырлы кірпіш жапсыру өнерінің бірегей туындысы сақталынып қалған. Бұл ғимаратты безендірудегі айрықша белгілерден аспалы аркадан басқа түрлі түсті кірпіштермен қоршалған керамикалық тақташаларды айтуға болады. Бұлар өте әдемі панорама тудырған. Сондай-ақ, тас қашау өнері тұрғысынан бұл ғимараттың біркелкі бағандары көңіл аударуға тұрарлық.
Теһранның ең үлкен діни медреселерінің бірі саналатын бұл медресенің ұзындығы 62, ені 61 метр. Оның ауласында ағашы көп әдемі бақша мен үлкен субұрқақ орналасқан. Ондағы құжыралардың саны 60-қа жетеді, ал күмбезінің биіктігі 37 метр. Ол ішкі және сыртқы жағы толығымен керамикалық тақташалармен көмкерілген. Мешіттің қысқы шабестаны 44 бағанмен тірелген үлкен залдан тұрады. Әрбір төрт бағанның ортасында күмбез пішіндес дөңгелек төбе орналасқан. Бұл шабестанның төбесінің әрбір бөлігі өте әдемі алебастр жапсырмаларымен көмкерілген. Төбенің әрбір бөлігінде Алланың «рахим, батен, халим, джалил, хабир» және т.б. сияқты атаулары мен сипаттары ойылып жазылған. Сепахсалар ғимаратында жалпы сегіз кіші мұнара бар. Олардың барлығы ирандық керамикалық тақташалармен безендірілген.
Айта кету қажет, Сепахсалар мешіті мен медресесінің ғимараты әртүрлі кезеңдерде «Насерие», «зияткерлік факультет», «шәһид Мұдаррес» пен «шәһид Мұттахари» деген атпен танылған. Бүгінде бұл ғылыми-діни медресе шәһид Мұттахари атындағы жоғары оқу орны (медресе) ретінде бакалавриат, магистратура және докторантура сатыларында студент оқытады. Бұл жоғары оқу орны Теһран мен Иранның басқа аудандарында көптеген мектептерге ғылыми бақылау жүргізеді. Шәһид Мұттахари атындағы жоғары оқу орнында орталық кітапхана мен құжаттар орталығы да бар. Бұл кітапханада баспадан шыққан кітаптармен бірге, сирек кездесетін кітаптар қоры, исламдық ғылым мен таным, мұсылмандар арасында кең таралған ғылымдар мен өнерлер саласында тасқа басылып шыққан кітаптардың құнды да көңіл аударарлық нұсқалары сақталынған.
Кітапханада әртүрлі компьютерлік, аудио және видео, қолжазба бөлімдері, баспадан шыққан және тасқа басылған кітаптар қоры, фильмотека бөлімі бар. Фильмотека бөлімінде осы кітапханада және ел ішіндегі кітапханаларда бар қолжазба кітаптар, Сирияның «Ахмадие» кітапханасы, Марокконың орталық кітапханасы, Түркияның «Сүлеймание» кітапханасы, АҚШ-тың Гарвард университетінің кітапханасы, Югославияның «Хосроубек» кітапханасы және әлемнің танымал кітапханаларының көбінен жүздеген микротаспа сақталынған.
Шәһид Мұттахари мешіті мен жоғары оқу орнының жанында Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің кітапханасы, мұражайы мен құжаттар орталығы орналасқан. Бұл кітапхана да әлем бойынша ерекше танымал және үлкен абырой-беделге ие. Мәжіліс кітапханасы Ирандағы Конституциялық революция жеңіске жетіп, Ұлттық кеңес мәжілісі құрылғаннан кейін (х.ш.ж.с.б. 1287 жылы Мәжілістің екінші шақырылымының бастапқы кезінде) бірден ашылды. Бұл кітапхана Мәжіліс депутаттарының бірі Кейхосроу Шахрох және басқа да саяси қайраткерлердің талпынысы мен қадағалауының арқасында біртіндеп дамып, х.ш.ж.с.б. 1302 жылы (1823 жылы) Иранның алғашқы ресми кітапханасы ретінде өзінің тәуелсіз жұмысын жалғастырды. Сол заманнан осы күнге дейін Мәжіліс кітапханасы ғылыми-мәдени орталықтардың бірі ретінде жарқын тарихты өзінің атына тіркеп, сот жүйесінің ғылыми-зерттеу қажеттіліктерін өтеумен қоса, әрдайым отандық және шетелдік танымал зерттеушілердің сұраныстарына жауап беріп, студенттер, университет ұстаздары мен халықтың басқа да топтарын қабылдап келеді.
Х.ш.ж.с.б. 1375 жылы азар айында (1996 жылы) кітапхана құрылымы өзгеріп, оның жаңа жарғысы қабылданғаннан кейін бұл кітапхана атауын «Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің кітапханасы, мұражайы және құжаттар орталығы» деп өзгертіп, Ислам Кеңесі Мәжілісі төрағасының басқаруындағы құрылтайшылар кеңесінің бақылауында өзінің белсенділігін еселендіре түсті.
Ислам Кеңесі Мәжілісінің кітапханасы екі бөліктен тұрады. Тематикалық тұрғыдан жалпы жұмыс аясы кеңейген бірінші кітапхана Мәжіліс ғимаратының жанындағы Бахарестан алаңында орналасқан. Екінші кітапханада ирантану, исламтану және шығыстану салаларында мамандандырылған топтама жинақталып, имам Хомейни көшесінде Ислам Кеңесі Мәжілісі мұражайының ғимаратында Мәрмәр сарайының жанында орналасқан.
Мәжіліс кітапханасындағы кітаптардың басым бөлігінің сыйға тартылғанын, саяси және мәдени қайраткерлер, баспагерлер, жазушылар, шығыстанушылар, отандық және шетелдік ғылыми орталардың қызығуы мен көңіл аударуының арқасында құнды кітаптар мен әртүрлі басылымдардың кітапханаға тарту етілгенін біліп жүргендеріңіз жақсы.
Мәжіліс кітапханасында 22000 том қолжазба кітап пен 200000 том баспадан шыққан кітаптар, сондай-ақ, Қаджарлар дәуірінің басынан осы күнге дейінгі кезеңді қамтитын түрлі басылымдардың сирек кездесетін топтамасы бар. Ол Иранның ұлттық қазыналарының бірі ретінде танылған.
Мәжіліс кітапханасындағы қолжазба кітаптарының арасында өте көне әрі бірегей нұсқалар бар. Соның ішінде 3-4-ғасырларға тиесілі куфа жазуымен жазылған Құран Кәрім, сонымен қатар ибн Аби Садық Нишапуридің «Хонайн ибн Исхақ мәселелерін түсіндіру» атты кітабы, Бирунидің «әт-Тафхим» атты еңбегі х.ш.ж.с.б. 5-6 ғасырлардан қалған естеліктер болып табылады.
Ислам Кеңесі Мәжілісінің кітапханасы қолжазба нұсқалар бөлімдері мен парсы және шет тілдеріндегі баспадан шыққан кітаптармен қоса, басқа да бөлімдерге ие. Сонымен қоса, құжаттар, басылымдар, микрофильмдер, компьютерлік сканерлеу, жөндеу бөлімдері, ақпарат тарату орталығы, зерттеу және оқу орталығы мен мұражайды айтуға болады.
Ислам Кеңесі Мәжілісі кітапханасының баспасөз бөлімі Насери заманынан осы күнге дейін елде басылып шыққан барлық басылымдарды қамтиды.
5000 тақырыптағы 25000 томды қамтитын бұл бірегей де бай кешен зерттеушілердің пайдалануына берілген. Ислам Кеңесі Мәжілісі кітапханасының құжаттар орталығы да осы кітапхананың басқа бір беделді бөліктерінің бірі саналады. Бұл бөлікте бар құжаттар мән-мазмұн тұрғысынан үш топқа бөлінеді: тарихи және ұлттық құжаттар, БҰҰ мен оған қарасты халықаралық ұйымдардың құжаттары мен басылымдары, сондай-ақ, аудио-видео топтамадан тұрады. Тарихи және ұлттық құжаттар бөлімі көбіне конституциялық кезеңге тиесілі 12 млн-нан астам көне құжаттан тұратындықтан, Мәжіліс кітапханасындағы ең құнды қорлардың бірі саналады. БҰҰ мен оған қарасты халықаралық ұйымдар баспаханаларының құжаттары Мәжіліс кітапханасындағы басқа бір беделді де құнды топтаманың бірі саналады. Мәжіліс кітапханасындағы бай дереккөздерінің бірі – аудио-видео топтамалар. Бұл топтамаға ең көне және сирек кездесетін суреттер, карталар, аудио және видео үлгілер енгізілген.