Ислам әлеміндегі бірлік (15)
Бұл бағдарламада ислам бірлігін қалыптастыруға бағытталған Ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясын құру идеясы тарихын шиіт пен сүннит мазхабтарының екі тұлғасы – аятолла Бруджерди мен шейх Шалтуттың көзқарастары тұрғысынан тоқталамыз.
Өткен екі бағдарлама барысында аятолла Хаменеидің ойларындағы ислам бірлігінің орнына тоқталып, оның ислам бірлігін қалыптастыру, яғни Ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясын құруға бағытталған практикалық ұсыныстарын талқыладық. Бұл бағдарламада Ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясын құру идеясының шиіт және сүннит ғұламалары арасында қалыптасуына тоқталып, соның ішінде оның негізін қалаушы екі өкілінің, яғни Мысырдың ұлы мүфтиі шейх Шалтут пен шиіттердің ең үлкен діни үлемдерінің бірі шейх Джаме ул-Азхар аятолла ул-Узма Бруджердидің ойларын қарастырамыз.
«Ислам мазхабтарын жақындастыру» термині шамамен 70 жыл бұрын Каирдегі «Ислам мазхабтарын жақындастыру үйі» деген мекеме тарапынан айтылды. Бұл мекеме х.қ.ж.с.б. 1327 жылы сүннит және шиіт ғұламаларының бір тобы арқылы және ұзақ жылдар бойы Ливан мен Мысырда өмір сүрген марқұм ғұлама шейх Мұхаммад Тақи Құмидің зор талпынысының арқасында оның Бас хатшылығымен құрылды. Аталмыш мекеме сол заманда бүкіл ислам әлемінде маңызды ұйым саналды. Оның мүшелері шейх Абдулмаджид Салим, шейх Махмұд Шалтут, шейх Абу Захра, Хасан әл-Бана сияқты әл-Азхар университетінің ұстаздары, Йеменнің Зейдие ғұламаларының бірі, шиіт ғұламаларынан Наджафтағы марқұм шейх Мұхаммад Хосейн Кашеф әл-Ғата, Ливандағы марқұм сейіт Шарафеддин мен марқұм шейх Мұхаммад Джавад Мағние болған. Жақындастыру идеясындағы «мазхабтар» – исламның діни заңгерлігі (фикһ) бар мазхабтар. Жалпы ислам мазхабтарына сүнниттердің төрт мазхабынан, яғни имам Абу Ханифеге телінген «Ханафи» мазхабы, имам Малек ибн Унске телінген «Малеки» мазхабы, имам Мұхаммад бен Идрис Шафеиге телінген «Шафеи» мазхабы мен имам Ахмад бен Ханбалға телінген «Ханбали» мазхабы және екі шиіттік мазхаб – имами және зейди жатады. Исмаилиттік мазхаб – имамиттік мазхабтың бір тармағы. Ал «абази» мазхабы – сүннит мазхабтарының бірі. Бұл мазхабтардың әрқайсысында діни заңгерлік бар. Ол исламның практикалық үкімдерінен тұрады. Оған діни құқықтың баптары, тазалық принциптері мен құн төлеу де жатады. Олардың кейбір мәселелер бойынша бір-бірінен қайшылығы бар. Бұл қайшылықтар олардың діни заңгерлерінің (факиһтерінің) белсендігінен (иджтихадынан) туындаған.
«Жақындастыру үйі» ауқымды зерттеулер жүргізгеннен кейін мынадай нәтижеге жетті: схоластикалық-теологиялық талқылаулардағы діни қайшылық, соның ішінде халифат пен имамат мәселесіндегі қайшылық шешімін таппайды және жақындастыруға да келмейді, керісінше қайшылықтардың қайта көтерілуіне себеп болады. Сондықтан талпыныстарды фикһтік қайшылықтарға шоғырландыру керек. Ақырында бұл мәселе шейх Махмұд Шалтут пәтуа қабылдағаннан кейін шешімін тапты. Ол пәтуасында: «Сүнниттің төрт мазхабын ұстанушылар басқа мазхабтарға, соның ішінде иснаашариттік имамиттер мазхабына бет бұра алады, яғни үкімдерде осы мазхабтардың діни заңгерлеріне жақтаса алады»,-деп мәлімдеді. Өйткені олардың барлығы кітап пен сүннетті пайдаланады. Әл-Азхар университетін басқарып тұрған кезінде шейх Шалтуттың ең маңызды шараларының бірі сүннит мазхабтарының діни заңгерлігіне қатысты пәндермен қоса, шиіттік құқықты оқытуға рұқсат беруі болды. Бұл әл-Азхар ұстаздары мен зерттеушілерінің көкжиегін кеңейтті. Қазіргі заманғы исламдық юриспруденция негізінде кез-келген зерттеуші исламның әртүрлі мазхабтарындағы діни заңгерлердің барлық көзқарастары мен ойларын зерттеп, дәлелі мықтырақ болған үкімді қабылдап отырған. Ол әртүрлі мазхабтағы ғұламалардың дәлелерін салыстырып, бір принципті қабылдаған. Бұл принцип бойынша, мықтырақ болған кез-келген дәлел өз мазхабынан болса да, өзгеден болса да қабылдауға тұрарлық. Ол: «Мұсылмандардың діни заңгерлері фанатизм мен нәпсінің жетегіне ермей, исламның негіздерін нығайтуға әсерлі болатын және жанұя мен қоғамның әл-ауқатының жақсаруын қамтамасыз ететін кез-келген ойды бір-бірінен қабылдауы тиіс»,-деп қуаттаған.
Аятолла ул-Узма Бруджерди де мұсылмандардың бірлігі мен ислам мазхабтарын нығайту тақырыбын әрдайым өзінің назарында ұстаған ұлы ғұламалар мен көрнекті үлгілердің бірі болған. Ол ұлы үлгі аятолла Исфаханиден (х.ш.ж.с.б. 1325 жылы) кейін шиіттердің еліктеу үлгісіне айналған, сонымен қатар шиіттік және сүнниттік хадистерді жетік білетін ғалым болған. Аятолла ул-Узма Бруджерди танымал тұлғаға айналмас бұрын және одан кейін де әрдайым барша мұсылмандардың ісін атқаруға, бірлік орнатуға, әртүрлі жікшілдіктен тазартуға, мазхабтарды бір-біріне жақындастыруға және оларды исламның туының астына жинауға күш салған. Мұсылмандардың тәртіпсіз жағдайы, ислам елдерін кәпірлердің билеуі, дұшпандық рухтың басым түсуі, мұсылмандар арасындағы пессимизм – осының барлығы оның мұсылмандардың бірлігі мен тілеулестігі үшін көбірек күш-жігер танытуына себеп болды. Бұл жаңашыл тұлғаның хадис, фикһ, сүннет тарихынан мәліметтерінің молдығы мен шиіттік дереккөздерден толық хабардар болуы оған күш бергені соншалықты, ол мазхабтар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды талдап, мазхабтарды жақындастыру идеясын сол мазхабтардың принциптері мен негіздері рұқсат еткен межеге дейін ілгерілеткен. Аятолла Бруджердидің «Жақындастыру үйіне» ұдайы рухани және материалдық қолдау көрсетуі оның мұсылмандардың бірлігі мен біртұтастығына ұмтылғанын көрсетеді. Имам Хомейниден (р.) кейін шиіттік үлгілер арасында осы кісідей Ислам мазхабтарын жақындастыру жолында еңбек еткен адам кемде-кем деп айтуға болатын шығар.
Аятолла Бруджерди қазіргі заманның діни заңгерлігінде қарама-қайшы мәселелерге өте көп көңіл бөлген, яғни оның сенімінше, фикһ мәселелері имамиттік мазхабтар сатысында ғана емес, бүкіл ислам мазхабтары деңгейінде талқылануы тиіс, әрбір қайшылығы бар маңызды мәселе бойынша барлық мазхабтардың дәлелдерімен санасу қажет. Сол себепті ол шейх Тусидің «Масаел ул-Хәлаф» кітабын редакциялап, жарыққа шығарды. Кейде бұл кітапты өзімен бірге сабаққа алып барып, қажетті жерінде шейх Тусидің сөздерін оқып, шәкірттерді біртіндеп осы тәсілге әдеттендіргісі келген. Бұл бастамашылық шиіттік мұджахедтердің имамиттік шиіттердің діни заңгерлігімен қоса, басқа мазхабтардың діни заңгерлігіне көңіл аударуына, маңызды фикһ мәселелерінде сол мазхабтардың талпынысын байқауына себеп болды. Сонымен қатар олардың фикһтің бір-бірімен байланысты және бір-біріне әсер ететін барлық ислам мазхабтары арасында бір ортақ ғылым екенін түсінуіне себеп болды. Енді бұл мазхабтар фикһ саласында жаңа пайда болған мәселелер бойынша бір-бірімен ой бөлісе алады. Аятолла Бруджердидің пайымдауынша, Ахл-е бейт имамдарының заманында сүнниттер арасында таралған пәтуаларға сүйену арқылы имамдардың рауаяттары мен сөздерін түсінуге болады, өйткені олардың сөздері сол пәтуаларға көңіл аудара отырып шығарылған. Оның шәкірттері айтқандай, ұстаз кейде «шиіттік фикһ – сүнниттік фикһтің аясында» деп айтқан, өйткені сол заманда мұсылмандар орындауы тиіс болған үкімдер оларға дейінгілер шығарған пәтуаларға негізделген. Рауаяттар бойынша, имамдардың сахабалары сол пәтуалар негізінде имамдардан сұрап, имамдар да сол пәтуалар негізінде оларға жауап беретін болған.
Аятолла Бруджердидің салыстырмалы тәсілі шейх Шалтуттың пәтуа шығаруына әсер еткен. Шейх Махмұд Шалтуттың пікірінше, бірліктің қалыптасуындағы ең маңызды мәселелердің бірі – барлық мазхабтарды біріктіретін ортақ нүктеге жету. Ол сол ортақ нүктені Құран деп таныстырып, осы жайында: «Ислам халықты бірлікке шақырады. Мұсылмандардың барлығы айналасына жиналуы тиіс өзек – Алланың жібіне жармасу»,-деді. Бұл мәселе Құран аяттарының көбінде келтірілген. Әсіресе, Алла Тағаланың бұл сөзі «Але Имран» сүресінде жақсы жеткізілген. Алла Тағала бөлінушілікке кесімді түрде тыйым салған. Жікке бөлінушілік фанатизм салдарынан орын алады. Сенімді хадисте айтылғандай, ислам дінінде фанатизм болмауы тиіс. Шейх Шалтут келесі бір сөзінде Алланың кітабы мен пайғамбардың сүннетін барлық мазхабтардың ортақ нүктесі деп таныстырды. Ол ғылыми орталарда пайда болатын ғылыми қайшылықтар мен кейбір халықтар ішінде туындайтын құрғақ фанатизмді бөліп, былай дейді: «Пікір қайшылығы – алдын алуға болмайтын әлеуметтік және табиғи қажеттілік. Бірақ оның мазхабтық фанатизм мен идеологиялық догмадан туындайтын қайшылықтан айырмашылығы бар». Фанатизм мұсылмандардың байланысын үзіп, адамдардың жүрегінде дұшпандық пен кек тудырады. Ал ақиқатты іздеуден туындайтын қайшылық қарсыластардың ой-пікіріне құрмет білдірсе, мақтауға тұрарлық әрі қабылдауға лайық.