Там 27, 2016 18:27 Asia/Almaty

Пәк имамдар, әулиелер, сопылар мен Аллаға жақындар ислам қоғамындағы әртүрлі топтардың арасында жоғары орынға ие.

Мұсылмандар бұрынғы замандардан-ақ имамдар мен ұрпақтарының орны мен мәртебесін ұлықтау үшін олардың қабірлерін зиярат орындарына айналдырған. Осылайша олардың Аллаға жақындығын пайдаланып, шапағат тілеген. Ирандағы қасиетті қабірлер мен зиярат орындарының көптігі Иран қоғамының діни сенімінің тереңдігінен хабар береді. Осы діни сенімнің мәдени-әлеуметтік қатынастарға да көп әсер еткені анық. Теһран мен оның айналасындағы қалашықтарда 330-дан астам имамзаданың кесенесі бар. Алайда Теһранның Тәджриш алаңындағы Салех имамзадасы пен Теһранның атырабындағы тауларда орналасқан Дәуіт имамзадасы ерекше маңыздылыққа ие. Бүгінгі бағдарламаны осы екі имамзадамен таныстыруға арнаймыз.

Теһранның солтүстігіндегі Тәджриш базарында орналасқан имамзада Салехтің мешіті – Теһранның ең үлкен әрі ең танымал зиярат орындарының бірі. Бұл зиярат орны күн сайын пайғамбар әулетін жақсы көретіндердің қалың легін қабылдайды. Олар рухани азық іздеу, хазіретке арман-тілектерін айту, Пайғамбар әулетіне ықылас пен құрметтерін білдіру және хазірет Салехтің қабірін зиярат ету үшін осы мешітке келеді. Тарихта айтылғандай, имамзада Салех имам Мұса Каземнің (ғ.) ұлы және имам Резаның (ғ.) бауыры болған. Тарихи деректер бойынша, ол Тустағы ағасы имам Резаны (ғ.) көруге бара жатқан жолда Аббасилер үкіметінің жалдамалылары қолынан Тәджриште бір өзеннің жағасындағы көне ағаштың түбінде шәһид болған. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін оның қабірі Пайғамбар әулетін сүюшілердің зиярат ететін орнына айналған. Бірақ алғаш рет х.қ.ж.с.б. 7-8 ғасырларда (12-13 ғасырларда) осы хазіреттің қабірінің қабырғасы көтеріліп, күмбез салынған. Кесененің негізгі құрылысы – қалың қабырғалы төрт бұрышты берік ғимарат. Оның ішкі ауданы 6,5:6,5 метрді құрайды. Кесененің аркалары, құрылыс түрі мен оның қаптамасы бұл ғимараттың х.қ.ж.с.б. 7 немесе 8 ғасырда салынғанын көрсетеді. Кешеннің ортасында болған, ал бүгінде имамзаданың ауласында орналасқан мазар тастарының бөліктері – осы сөзіміздің дәлелі.

Имамзадаға келетін зияратшылардың қалың легімен бірге ирандық өнер иелерінің қолымен мешіттің қабырғаларына жабыстырылған өте әдемі айна сынықтары адамға ерекше әсер етеді. Мешіттің ортасында ойып өрнектелген күміс шарбақ қоршау орнатылған.

Аталған қоршаудың ішінде басқа бір шаршы пішінде өрнектелген ағаштан жасалған қоршау бар, екінші қоршаудың ортасында ағаш сандық орналатылған. Айта кету қажет, моңғолдардың Иранға шабуылы кезінде имамзада Салехтің кесенесі толығымен қиратылған. Кейін қайырымды адамдар оны қайта салған. Кесене Фатхали шах Қаджардың ұлы Хулагу мырза  кезінде бір рет жөндеуден өткізілген. Сол кезде кесененің ішінде безендірілулер мен жөндеулер жүргізіліп, күмбез салынып, керамикалық тақташалармен қапталды. Содан соң да сан рет көптеген жөндеулер жүргізілді. Кесенені кеңейту жобасы зияратшылардың көбеюіне байланысты х.ш.ж.с.б. 1374 жылдан (1995 жылдан) басталып, оның жанындағы үйлер мен сауда орындарын сатып алу арқылы жүзеге асырылды. Осы кесене үшін назарға алынған жалпы жоба бойынша, үш кезеңде 16 мың шаршы метр кесененің аумағына қосылатын болады.

Имамзада аумағының қазіргі ауданы 5300 шаршы метрді құрайды. Көгілдір түсті керамикалық тақташалармен жабылған күмбездің сыртқы беті арабеска нақыштарымен көмкерілген. Күмбездің биіктігі ұшар басынан негізгі қабырғаға дейін 13 метр, ал оның сыртқы диаметрі ең үлкен жерінде шамамен 14 метр. Негізгі қасбеттің (батыс жақтағы) екі жағындағы екі мұнара арабеска нақыштарымен көмкерілген көгілдір керамикалық тақташалармен жабылған. Мұнарлардың биіктігі шамамен 40 метр.

Имамзада кесенесі құрылысының ішкі кеңістігінде төрт жабық галерея бар. Оның екі бұрышы ер адамдарға, басқалары әйелдерге арналған. Кесенемен байланысқан галереяның есіктері ағаш өрнектермен оюланған. Осы өрнектерге 15 жыл ғана болды. Кесененің қазіргі қоршауы Исфаханда жасалған.  Бұл қоршау х.ш.ж.с.б. 1355 жылы (1976 жылы) ескі қоршаудың орнын алмастырды.

Имамзаданың құрылысы батыс, шығыс, солтүстік пен оңтүстік шабестандар-намаз оқитын залдар, терраса мен солтүстік портик, батыс пен оңтүстік террасалар, мұнаралар, аяқ киім шешетін жер, нәзр кеңсесі, солтүстік пен оңтүстік аулалар, бөлмелер мен күмбезден тұрады. Күмбез құрылыстың ортасында батыс, шығыс, солтүстік пен оңтүстік шабестандарды бір-бірімен байланыстырады. Ауланың безендірулерінен батыс ауладағы тік төртбұрышты хауызды атауға болады. Имамзаданың солтүстік-батыс жағында шәһидтердің гүлзары мен бес белгісіз шәһидтің мазары орналасқан. Иранның ядролық саласындағы шәһидтерінің бірі Шахрияр да осы жерге жерленген.  

Имамзаданың кесенесі батыс, шығыс, солтүстік пен оңтүстік жақта 4 есікке ие. Оның солтүстік есігі базармен тікелей байланысып жатыр. Батыс пен шығыс есіктер де белгілі бір түрде базармен байланысқан. Оңтүстік есік әдетте жабық, тек ерекше рәсімдерде (мысалы, мұхаррам айындағы рәсімдерде) ашылады.

Бұрынғы заманнан келе жатқан имамзада Салех кешенінің бір маңызды элементі – ондағы атақты шынар ағашы. Оның ғұмыры 800 жылдан асады деп болжанады. Бұл шынар ағашы имамзада кесенесінің жерасты суы құрғап қалғаннан кейін қурап қалған. Имамзаданың ғимараты х.ш.ж.с.б. 1351 жылдың 28 фарвардинда 909 нөмірімен мәдени мұра ретінде тіркелді.

Имамзадалар (ғ.) әдетте басқалардан көбірек өздерінің ұлы әкелерінің мәдениеті мен танымының мұрагері болғандықтан көбінесе ғылым мен тақуалықта көрнекті қасиеттер мен үздік ерекшеліктерге ие болған. Олар қоғамдық пікірді нұрландырып, жетекшілік етуге талпынып, күресіп, ақырында шәһид болған. Енді олардың киелі кесенелері білім мен мәдениетті тарататын орталықтарға айнала алады. Өйткені қасиетті жерлердің көбі бұрыннан бері кітапханаларға ие болған. Имамзада Салехтің  кітапханасы ауланың оңтүстік бөлігінде 4 қабатты ғимаратта орналасқан. Онда 20 мыңнан астам кітап бар, сондай-ақ, ең жаңа құралдар мен  компьютерлік жүйемен жабдықталған. Кітапхана мамандандырылған кітапхана ретінде қызмет көрсетіп, әрдайым ислам ғылымдарын зерттеушілер мен ғалымдардың қолданысына берілген.

Имамзада Салехтің кесенесі де басқа имамзадалардың кесенелері сияқты жыл сайын діни мейрамдар, ислам пайғамбары мен оның әулеті мүшелерінің қайтыс болғанын аза тұту рәсімдерін өткізетін жер болып табылады. Ауылдардан келетін зияратшылардың көп болуына байланысты имамзада Салехтің кесенесінде зияратшыларды қабылдайтын мейманхана бар.

Теһран қаласының солтүстік-батыс жағында Фарахзад ауданы, Кан мен Сулқанның бөліктерінде Рандан мен Тучал биік тауларының арасында шамамен 3000 метрлік биіктікте асудың ирелеңі көп жолдарынан өткеннен кейін әдемі де жап-жасыл таулардың ортасында, ағашы мол сайдың арасында алтын түсті күмбез қызығушы зияратшылардың назарын өзіне аударады. Имамзада Дәуіттің аты – Шарафеддин Дәуіт бен Эмадеддин Яхия. Тарихшылар мен ғалымдардың деректері бойынша, ол ислам пайғамбары әулеті ұрпақтарының бірі және әрдайым Теһран мен Иранның басқа аймақтары халқының ерекше ықыласына ие болған. Оның туған жылы х.қ.ж.с.б. 440 жыл (1049 жыл) деп айтылады.

Садат Алавидің күрескер жастарының бірі болған ол  Аббасилердің залым халифтеріне қарсы  күрес пен көтерілісте алавилердің бірқатарын басқаруды өз мойнына алған. Сол заманда Иранның солтүстігінде айтарлықтай қозғалысқа ие болған Садат Алавиге қосылу үшін тауды кесіп өтетін жолмен аттанған Дәуіт имамзаданың қалашығы орналасқан қазіргі жерде Аббасилер халифтерінің жалдамалыларының қолынан шәһид болған.

Ирандықтардың ислам пайғамбары мен оның  әулетіне ерекше сенімі мен құрметі  бұл имамзаданың қалашығын ислам пайғамбары әулетін сүюшілердің жиналатын жеріне айналдырды. Жылына әсіресе жаз бен көктем кезінде мыңдаған қызығушы адам зиярат етіп, өз тілектерінің орындалуын сұрау үшін  осы хазіреттің кесенесі орналасқан жерге баратын жолды жүріп өтеді.

Имамзада қалашығы айналасында Кига, Рандан, Санган мен Сулқан деген ауылдар әртүрлі арақашықтықта Кан деп аталатын өзеннің бойында орналасқан. Бұл аймақ суық қарлы қыстары және құрғақ та жанға жайлы жаздарымен ерекше маңызды.

Бұл аймақтың адамдары көбінесе мал шаруашылығы және бау-бақшамен айналысады. Ауданның ең маңызды өнімдерінен  шие мен жаңғақты атауға болады. Имамзада Дәуіт қалашығы атырабында тұратын адамдардың көбі келетін зияратшыларға қызмет етеді. Бұл қалашық негізінен зияратшылардың келуіне байланысты салынғандықтан, осы аймақ халқы үшін тиімді табыс көзіне айналды. Сондықтан халықтың бір бөлігі, әсіресе имамзаданың кесенесіне жақын Кига ауылының тұрғындары мейманханаларды жалға беріп, зияратшылардың күнделікті қажетті тауарларын сату арқылы өмірлік қаражатын табады.

Имамзада құрылысының аумағы 2000 шаршы метр, кесененің ауданы 1200 шаршы метр. Имамзада ғимаратының ауласының астынан өзен ағып жатады. Осы имамзаданың кесенесі Сефевилер дәуірінде салынып, Фатхали шахтың кезінде дамытылған. Соңғы жылдары имамзада қалашығынан түсетін табыс жапсарлас кеңістіктерді қайта жөндеу және жақсарту үшін жұмсалды. Имамзада Дәуіт қалашығында көптеген дүкендермен қоса, мейрамхана, бассейн, хайуанаттар бағы мен балалар саябағы сияқты қоғамдық орындар зияратшылардың жағдайын жақсарту үшін салынды. Имамзада Дәуіт қалашығында, сондай-ақ, қызығушылар мен зерттеушілер қолданатын қолайлы кітапхана бар. Имамзада Дәуіт қалашығының Теһранның атырабындағы таулы аймақта орналасуы осы аймақтың саяхат тұрғысынан маңыздылығын арттырды, өйткені діни және зияраттық қырларынан басқа оның жанға жайлы аймақта орналасуы бір немесе бірнеше күндік сапарларға қолайлы жағдай жасады. Сонымен қатар, аймақта тауға шығу сияқты демалыс түрін атауға болады. Өйткені  имамзада қалашығы Тучал биіктіктері мен Шахрестанак ауданымен аяқталатын сайлардың ортасында орналасқан. Альпинистер мен осы спорт түріне қызығушылар Тучалдың жап-жасыл бөктерлерінен өткеннен кейін имамзаданың кесенесін зиярат етуге бара алады.