Иранға сапар (195)
Өткен бағдарламаны Иранның ұлттық мұражайымен таныстыруға арнадық. Бұл мұражай Иранның ең үлкен тарихи-археологиялық мұражайы ғана емес, ескерткіштердің көлемі, алуандығы мен сапасы тұрығысынан әлемнің ең үлкен мұражайларының бірі болып саналатынын айттық.
Бүгінде Иранның ұлттық мұражайы 13 бөлімнен тұрады. Иранның ұлттық мұражайының ішкі кеңістігінде ұзақ жылдар барысында б.з.дейінгі, біздің заманымыздағы тарих, ислам дәуірі, мөр және тиын, жөндеу, жазба тақталар, кітапхана мен құжаттар орталығы, Иранның өнер тарихын зерттеу орталығы, халықтардың өркениеттер тарихын зерттеу орталығы, фотосалон, қоғамдық бөлім, ақпарат тарату және физикалық қолдау бөлімдері ашылды. Өткен бағдарламада б.з.дейінгі және біздің заманымыздағы тарих бөлімдерін таныстырдық. Бұл бағдарламада Иранның ұлттық мұражайының ислам бөлімі мен басқа да бөлімдерін таныстырамыз.
Иранда исламның бай мәдениетінің ерекше маңыздылығына байланысты, ислам өнері мен мәдениетіне қатысты ескерткіштерді жинастырып, тәуелсіз қор құру қажеттігі сезілген. Сондықтан х.қ.ж.с.б. 1375 жылы (1996 жылы) Ежелгі Иран мұражайының жанынан Ислам дәуірлерінің қазынасы ашылды. Бұл қазына төрт қабаттан тұрады. Оның екі қабатында қосалқы шаралар өткізілетін конференц-зал мен уақытша көрмелер залы орналасқан. Басқа екі қабатында ислам өнері мен мәдениетіне қатысты заттар мен ескерткіштер тақырып пен кезең бойынша бөлініп, жұрт назарына ұсынылған.
Осы үлкен қазынада таңдалған заттар ұзақ жылдар бойы ғылыми қазба жұмыстары кезінде табылған немесе шейх Сафаеддин Ардабили кешеніндегі сияқты беделді де құнды кешендердің заттарынан тұрады. Бұл ғимараттың ішкі декорациясының жобалары әртүрлі тарихи ғимараттардың архитектурасына қатысты безендірулер мен элементтерді сақтай отырып жасалған. Бұл қазынаның бірінші қабаты тақырып бойынша заттарды көрсетуге арналған. Бұл бөлім Құран кітаптары, ғылыми, әдеби және тарихи кітаптардың қолжазбаларынан тұрады. Сонымен қатар, бұл қазынада сурет салу және каллиграфия, жарықтандыру, астрономиялық, медициналық құралдар, жазу сиясы мен қаламдар сияқты тақырыптар мен қыш бұйымдарын жасау, металл өңдеу мен текстиль бұйымдарын жасау, соның ішінде мата тоқу мен кілем тоқу сияқты өнерлердің үлгілері хронологияға сәйкес қойылған.
Қыш бұйымдары бөлімі – Иранның ұлттық мұражайының маңызды бөлімдерінің бірі. Қыш бұйымдары бөлімін ашу идеясы мұражайдағы заттардың тарихын анықтап, ұйымдастыру қажеттігінен туындаған. Бұл бөлім танылмаған немесе анықталмаған заттарды зерттеп, жұрт назарына ұсыну мақсатында жасалған. Зерттеу мақсаттарынан бөлек, білім беру мақсаттары да осы бөлімді ашуға себеп болған. Қыш бұйымдары бөлімі екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімге Иранның әртүрлі мәдени аймақтарынан алынған көрнекті қыш бұйымдары қойылған. Мұндағы көптеген темір сөрелерде Иранның әртүрлі мәдени аймақтарының көрнекті қыш бұйымдары хронология бойынша ежелден қазіргі заманға дейінгі археологиялық қатпарларды белгілеу негізінде сақталынады.
Екінші бөлімде Иранның әртүрлі аймақтарында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған көп көлемдегі қыш бұйымдар сақталынған. Бұл қыш бұйымдар туралы мәліметтер компьютерге енгізілген. Тамашалаушылар қыш бұйымдары бөлімі немесе өзі қалаған дәуір туралы мағлұматты белгілі бір программа арқылы таңдап, оқи алады.
Х.қ.ж.с.б. 2 ғасырдың аяғы мен 3 ғасырдың басында Иранды басқарып тұрған әулеттер ирандық-исламдық өнердің қалыптасуына айшықты үлес қосқан. Осы тұрғыдан бұл ғасырлардағы ең үлкен әрі маңызды мәдени-экономикалық орталықтар Нишапур, Шуш, Естахр, Горган, Сироф пен Рей қалаларында болған. Олардың әрқайсысы өздерінің экономикалық, мәдени және климаттық ерекшеліктеріне байланысты өнер және өнеркәсіп өнімдерін өндіру және тарату орталықтары ретінде танымал болған. Ислам дәуірлері мұражайының қыш бұйымдары бөлімінде қыштан бұйым жасау өнерінің даму тарихы және оның исламның алғашқы дәуірлерінен Қаджар заманының соңына дейінгі шарықтаулар мен құлдыраулары көрсетілген.
Бұл бөлімде бір түсті немесе түрлі түсті эмаль жағылып, қалыпқа салынған суреттер, балшықтың үстіне салынып, эмальданған суреттер сияқты әртүрлі техникалар көрсетілген. Осы қыш бұйымдар Нишапур, Шуш, Естахр мен Рей сияқты орталықтарда жасалған.
Қыштан бұйым жасау өнерінің шарықтау шегін Селжұқтар дәуірінде Рей, Кашан, мен Горган қалаларында эмаль бетіне алтынмен аптап сурет салу техникасымен жасалған бұйымдардан көруге болады. Осы қыш бұйымдарының бетіне салынған суреттер мен безендірулердің тақырыптары ирандық ертегілерден алынған. Олардың бетіне әдетте парсы өлеңдері жазылған. Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырға (14 ғасырға) тиесілі қыш бұйымдары алтынмен апталып, эмаль астына сурет салу техникасымен Сұлтанабад пен Кашанда жасалған. Х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырларда (15-16 ғасырларда) ақ пен көк түсті пайдаланатын техникамен қыштан бұйым жасау өнерінің дамуы мұражайдың осы бөлігінде қойылған ыдыстардан жақсы көрінеді. Ислам дәуірлері мұражайының осы бөлігіндегі құнды заттардың үлгілері мыналар: х.қ.ж.с.б. 3 ғасырға тиесілі Нишапурдан табылған куфа жазуы бар қыш кесе, х.қ.ж.с.б. 5 ғасырға тиесілі Хорасанның Херадгярдының Низамие медресінен алынған куфа жазумен жазылған тақташаның бір бөлігі, х.қ.ж.с.б. 706 жылы Ахмад бен әл-Сухравардидің қолымен жазылған асыл тастармен көмкерілген Құран кітабы, имамзада Әли бен Джафар Құмның кесенесіндегі «Жұмақ есігі» деген атпен танымал алтын түсті керамикалық тақташалар және куфа, насх, сұлс жазуларымен көмкерілген михраб, х.қ.ж.с.б. 713-734 жылдар аралығына тиесілі Кашаннан алынған Юсеф бен Әли бен Мұхаммад бен Аби Тахердің бұйымы және т.б.
Қазіргі таңда мұражайдың исламдық бөлімі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жабылған.
Иранның ұлттық мұражайында әлемнің басқа мұражайлары сияқты Иранның құнды тиындары мен мөрлерін сақтауға арналған арнайы бөлім бар. Тиындар мен мөрлер әр елдің тарихын зерттеуде ерекше маңызды болғандықтан мұражайда осындай бөлімнің болуы өте маңызды.
Бұл бөлімде б.з.д. төртінші мыңжылдықтан Қаджарлар дәуірінің аяғына дейінгі аралыққа тиесілі куфа, насх, сұлс және насталиқ жазуларымен жазылған өте әдемі әрі құнды мөрлер бар. Мөрлердің бетінде бедерленген нақыштар бұрынғы замандардағы қоғамның өмірі, діни наным-сенімдері мен саяси‑экономикалық және әлеуметтік тарихынан хабар береді.
Мөрлер мен тиындарға қатысты бөлім өте бай әрі құнды. Ираның ұлттық мұражайында сақталынатын ең көне мөрлер Шушта жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Олар шамамен 6 мың жыл бұрынғы заманға тиесілі. Алайда содан бергі мыңдаған жылдар барысында бұл мөрлер үнемі қолданыста болып келген. Мөр табылған көне жерлерден Хесар төбесі, Сиалк төбесі, Шахдад Керман, өртенген Заболь қаласы, Ахваздың Хафттаппесіне жақын жердегі Чоғозамбиль ғибадатханасы, Рубдардың Марлик төбесі және басқа жерлерді атауға болады.
Ежелгі замандарда осы мөрлерді қоғамның белгілі бір тобы немесе жеке адам қолданған ба деген сұраққа жауапта қолға түскен заттарды зерттей келіп, б.з.дейінгі кезеңде бұл жағдайдың қалай болғаны белгісіз деген нәтиже шығаруға болады. Бірақ жазу пайда болған тарихи дәуірде, яғни шамамен 5 мың жыл бұрын патшалар, қызметкерлер, саудагерлер, жазушылар мен дінбасылар сияқты тұлғаларда мөрлер болған. Ислам дәуірінде әртүрлі қымбат тастар, соның ішінде ақық, көгілдір ақық, жақұт, зүмірет тастар немесе піл сүйегі мен жай сүйектен жасалған алуан түрлі мөрлер исламның алғашқы ғасырларынан бастап патшалар мен қарапайым адамдарға дейінгі әртүрлі маңызды адамдардың атынан жасалған.
Иранның ұлттық мұражайының жазба тақташалар бөлімі де х.ш.ж.с.б. 1377 жылы мордад айында (1998 жылы) мұражайда бар жазбаларды жинастыру, сақтау, жөндеу, анықтау, ақырында нұсқасын жасау және оқылмағандарын оқу мақсатында құрылды.
Шуш пен Тахт-е Джамшидтен табылған кірпіш пен балшық тақташалар бетіне жазылған жазбалардың көбі осы залға тасымалданып, оларды анықтауға жағдай жасалды. Олардың көбі оқылып, баспаға берілуге дайын. Мұражайда, сондай-ақ, мамандандырылған кітапхана ұйымдастырылған. Онда әртүрлі тілдердегі 30 мыңнан астам кітап пен басылым бар. Иранның ұлттық мұражайының кітапханасы Иран мен көршілес елдердегі тарих, өнер мен археология тұрғысынан ең маңызды мамандандырылған кітапхана болып табылады. Сондықтан әлем бойынша жоғары беделге ие.
Ежелгі Иран мұражайының кітапханасы отандық ғылыми-зерттеу институттарымен мәдени әріптестік жасаумен қоса, шет елдердегі ұқсас ұйымдармен мағлұмат, кітап пен басылым алмасып тұрады. Сонымен қатар, елдің Мәдени мұра ұйымы мамандарының зерттеулеріне қажетті сұрақтарға жауап берумен қоса, күн сайын археология, тарих пен өнер салаларына қызығушылар, студенттер мен зерттеушілердің көбіне қызмет көрсетеді.