Ислам және өмір сүру тәсілі 72
Әр адам өзінің көзқарасымен болмысында махаббат және қайырымдылық, сондай-ақ, кек пен жиіркеніш қалыпастырады.
Адамның барлық іс-әрекеті мен жағдайы оның қалауы мен қаламауына қатысты. Шын мәнінде ішкі және психикалық құбылыс адамның жігері мен еркінің қайнар көзі. Исламдық көзқарас бойынша Алла Тағала барлық кемелдіктер мен сұлулықтардың көрінісі болғандықтан мүміндер кемелдік пен сұлулықты Алланың өзінде деп санап, Оған деген өздерінің ең үлкен махаббаттарын білдіреді. Осыған орай исламдық критерийлер бойынша достық пен дұшпандық Жаратушы жолында болуы керек. Сонымен бірге басқа махаббаттар да Аллаға махаббат білдіру арқылы пайда болады. Егер исламдық өмір сүру тәсілінде пайда болатын махаббат пен кек илаһи болса, қарым-қатынастардың орнатылуы мен бұзылуы да илаһи болады. Мұндай жағдайда адамның ғамалдары ғибадатқа сүйеніп, Алланың ризалығына ие болуға жағдай тудырады. Алланың елшісі: «Ақ ниеттеріңмен, шын жүректеріңмен Алланы жақсы көріңдер»,- деп айтқан болатын. Яғни, егер адам үшін ең жақыны Алла болмаса, оның ешбір достығы тек Алла үшін болмайды. Алланы жақсы көретіндерді Ол да жақсы көреді. Қасиетті хадистердің бірінде адамның махаббаты туралы: «Мен мені жақсы көретін адамды жақсы көремін. Менімен сырласатын адамның сырласымын және мені ұмытпайтын адамды ұмытпаймын»,- деп айтылған. («Бихар әл-Анвар», 67-ші том, 125-ші бет). Сол себепті исламдық өмір сүру тәсілінде достық пен дұшпандықтың ең маңызды критерийі Алланың өзі саналады. Аллаға ғашық болу адамның өмір сүру тәсіліне ықпалын тигізеді. Достық пен дұшпандықтың критерийі Алланың өзі болғандықтан мүмін адам екі тұрғы ұстанады: яғни Аллаға иман келтіріп, тағұт пен залымдарға қарсылық көрсетеді. Бұл ақиқат «Алладан басқа Құдай жоқ» деген тауһидтік ұраннан анық көрінеді. Бір Аллаға құлшылық ететін адам біріншіден пұттарды қабылдамай, Аллаға иман келтіреді. Осыған орай әр мүміннің хаққа иман келтіріп, жалғандыққа қарсылық білдіретін құқығы бар. Хақ пен жалғандыққа бірдей ұстаным білдіру және оларды бөле-жармау мұсылмандардың сипаттарына жатпайды. Өйткені бір жақтан Алла мен Оның пайғамбарына және хазіреттің әулетіне ғашық болып, басқа жақтан жалғандықтың қолдаушылары мен хақтың дұшпандарымен дос болуға болмайды. Уаһи тағылымдар бойынша адамның мұсылмандармен достық қарым-қатынас орнатуы және дұшпандардан алыстауына қатысты шек пен шекаралар анықталған. «Хашр» сүресінің 10-шы аятында діни бауырларға достық пен махаббат білдірудің маңыздылығы туралы: «Раббымыз! Бізді, әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбің қалыптастырма. Раббымыз! Шүбәсіз, Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің»,- деп айтылған. Бұл аят бойынша мүміннің жүрегінде діни бауырына кек пен дұшпандық білдіруге орын жоқ. Құран Кәрім мүмінді жиіркеніш тудыратын ғамалдардан абай болуға және Алладан діни бауырымен дұшпан болдырмауды және жүректерінде оларға қатысты кек пен дұшпандылық қалдырмауды сұрауға шақырады. Бұл мүміндердің арасында кек пен дұшпандықтың алдын алуға көмектеседі. Имам Садық (ғ.с.) де хадистерінің бірінде: «Мұсылман - мұсылманның бауыры. Ол діни бауырына зұлымдық жасамайды, жалғыз қалдырмайды және қорқытпайды. Мұсылман мұқтаждармен қарым-қатынас орнатып, оларға махаббат білдіруге талпынуы керек. Олар бір-біріне мейірімді болуы тиіс. Алланың айтуынша, олар бір-біріне махаббаттарын білдіріп, тіпті біреуі жоқ кезде де оған жаны ашып, Алла елшісінің кезіндегі ансарлар сынды болады»,- деп айтқан. Исламның ахлақи және тәрбие ахкамының талпынысы мүміндердің бір-бірімен қайшылыққа келуден алыстатып, нәтижесінде қоғамда мейірімділік пен достық кеңістікті нығайтады. Мұндай ойлар мен ұстанымдарға қарамастан кейбір уақытта кек пен түсінбеушіліктер және қайшылықтар байқалуы мүмкін. Шайтан адамды күмәндандырып, олардың арасында қайшылық пен ұрыс-керіс тудыра алады. Бұл туралы рауаяттардың бірінде: «Егер сені мен басқа адамның арасында ұрыс-керіс орын алса, үш күннен артық ашуланып, ренжуді жалғастыруға құқыларың жоқ. Сондықтан бұл керісті кешіріп немесе басқа жолмен жылдам шешуге талпыныс жасау қажет»,- деп оқимыз. («Васаель әл-Шие»,12-ші том, 262-ші бет). Басқа жақтан Құран Кәрім көптеген аяттарында дұшпандардан безу қажеттігін қуаттады. Мәселен, «Маджаделе» сүресінің 22-ші аятында: «Аллаға, ақырет күніне иман келтірген бір елдің; аталары не балалары яки туыстары немесе ағайындары болса да Аллаға, Елшісіне қарсы келгендерді сүйгенін көрмейсің. Міне, солардың жүректеріне Алла иман жазған әрі оларды Өз жағынан бір нұрмен қолдаған. Және оларды астарынан өзендер ағатын әрі онда мәңгі қалатын пейіштерге кіргізеді. Алла, олардан разы, олар да Аллаға разы. Міне бұлар, Алланың жамағаты. Жақсы біліңдер. Дау жоқ, Алланың жамағаты – олар құтылушылар»,- деп айтылған. Бұл аятта мұсылмандарға исламдық өмір сүру тәсілінде Алла мен Оның дұшпандарына махаббат білдірудің бір жүрекке симайтындығы баса айтылған. Әр адам Жаратушының шынайы досы болса, оның дұшпанымен дос болудан тартынады. Екі жақты да ұстағысы келгендердің иманы осал немесе олар мұнафықтар. Сол себепті иман келтіргендер өзінің діни бауырын Алладан артық жақсы көрмейді. Мейірімділік сезімдері қисынсыз болмауы керек және илаһи бұйрыққа бағыну жолында пайда болады. Рауаяттарда да махаббат пен кек мәселесі насихатталып, көп қуатталған. Мәселен Исламның ұлық пайғамбары: «Иманның ең мықты факторы достық пен дұшпандықтың Алла жолында болуы және Алланың пайғамбарларына қосылып, Оның дұшпандарынан алыс болу саналады»,- деп айтқан болатын. («Бихар әл-Анвар»,69-шы том, 243-ші бет). Аяттар мен рауаяттарда басқалармен достық қарым-қатынас орнату Аллаға махаббат білдіру негізіне сүйенеді. Аллаға махаббат білдіру екі критерийден тұрады: біріншісі «тавало», екіншісі «табаро» деп аталады. Өткен бағдарламаларда «тавалоның» достық қарым-қатынас орнату, ал «табароның» алыстау деген мағынаны білдіретінігі туралы айттық. Нақтырақ айтқанда «тавало», яғни мүмін адам Алланы, оның пайғамбарлары мен әулиелерін жақсы көруімен бірге оларды өздерінің басшылары және қамқоршылары деп санауы қажет. Ал «табаро» деген шайтан мен шайтани басшыларды дұшпан деп санаумен бірге олардан алыстау қажет дегенді білдіреді. Соңында исламдық өмір сүру тәсілінде егер Алла мен Оның құндылықтары достық пен дұшпандылықтың критерийі болса, жақсылықтарға жақындап, жамандықтардан алыстауға жағдай туатыны туралы еске саламыз. Алланың әулиелерімен дос адам илаһи мақсаттарға жету жолында талпынып, жақсы көретіндерін үлгі қылып, бірте-бірте жамандықтан алыстайды және жағымды қасиеттер мен сипаттарға ие болады. Ислам исламдық қоғамдағы адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды илаһи етіп, басқаларға мейірімділк білдіруді ғибадат санап, ададмр арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға талпынады. Алланың жолында орнатылған достық қарым-қатынастар тұрақтылау болады.