Ислам және өмір сүру тәсілі 71
Ақп 24, 2016 13:52 Asia/Almaty
Ислам барлық адамдармен, әсіресе басқа діндердің жақтастарымен олардың исламдық үкіметтің қарамағында немесе исламдық емес қоғамдарда өмір сүрулеріне қарамастан құқықтарын бұзбай, олармен достық қарым-қатынас орнатуды насихаттайды.
Ислам – пайда болуынан бастап, бейбіт өмір сүру ұранымен өзінің үндеуін әлемдіктерге ұсынған дін. Мұсылмандардың басқа діндердің жақтастарымен бейбіт өмір сүру туралы Алланың елшісі мен Исламның басшыларынан жеткен көптеген ақыл-кеңестері Исламның мұсылман емес ешбір адамға қарсы емес екенін көрсетті. Исламның басшылары мұсылман еместермен қарым-қатынас орнатқан кезде әділет, шыншылдық білдіріп, құқықтарды сақтауды және басқа діндердің жақтастарына азап-қорлық келтіруден тартынуды насихаттаған. Бүгін исламдық өмір сүру тәсіліндегі басқалармен қарым-қатынас орнатудың маңызды критерийлеріне тоқталамыз. Олардың бірі «тавало мен табаро». «Тавало», яғни Алланың достарымен достық қарым-қатынас орнату, ал «табаро» – Алланың дұшпандарынан алыстау. Достық пен дұшпандық адамның жаратылысынан бастап баяндалған мәселе. Хазірет Адамның ұлы Әбілдің қаны жерге төгілгеннен бері, тіпті одан бұрын да шайтан тәкаппарлығымен хазірет Адамға сәжде жасамағаны үшін Алланың қасынан қуылғаннан бері достық пен дұшпандық мәселесі байқалып, әлемдік сахнада жақсылық пен жамандық пайда болды. Бұл мәселе адамды әрқашан өзін жолайрықтың, яғни хақ пен жалғандықтың алдында көріп, екеуінің біреуін таңдауға міндеттейді. Бұл таңдау оның ішкі қажеттілігіне сай орын алады. Жаратылған әлемді тартылыс пен тебіліс заңыбасқарады. Яғни, жаратылған әлемде жаратылыстар е жағымды нәрселерді өздеріне тартып, жарамсыз нәрселерді өздерінен алыстатады. Әр адам өзінің көзқарасымен болмысында махаббат және қайырымдылық, сондай-ақ, кек пен жиіркеніш қалыптастырады. Адамның барлық іс-әрекеті мен жағдайы оның қалауы мен қаламауына қатысты. Шын мәнінде, ішкі және психикалық құбылыс адамның жігері мен еркінің қайнар көзі. Алла Тағала талап-тілектерді, сонымен бірге ашу мен ызаны да адамның болмысында жаратқан. Адам соларды пайдаланып, өзінің болмысын сақтап қалуды қамтамасыз етеді. Адам жағымды және қолайлы нәрселерді өзіне тартып, өзінің өмірінің жалғасуына кепілдік алады. Ал ашу-ызаны пайдаланып, адам өзіне жағымсыз және оған зардап келтіретін нәрселерді алыстатып, өмірін жалғастырады. Егер мұндай күш-қуаты болмаған жағдайда адам жер бетінен жойылатын еді. Келесі маңызды мәселе ретінде адамның өмірінде оның азаттық пен ықтияр, ерік сынды нығметтерге ие болуын атауға болады. Оның бақытты немесе бақытсыз болуы көбінесе іс-әрекеттеріне байланысты деп айтуға болады. Адамның жігері оның қалауы мен көңіл-күйі немесе ішкі жиіркенішіне қарай қалыптасады. Әрине рухы мен психикасы сау адам өзінің өмірінде барлық істер мен барлық адамдарға немқұрайдылық таныта алмайды немесе барлығына бірдей ұстаным білдіре алмайды. Өйткені дені сау әрі ақылды әрбір адам өмірінде құндылықтар мен мақсаттарға ие болып, өз мақсаттарына қарай қадам басады. Бірақ, кейбір істерге махаббаты мен мейірімділігін білдірсе, кейбіреулеріне жиіркеніш танытады. Адам өзінің қалауы бойынша басқалармен достық қарым-қатынас орнатып, талпыныстарының нәтижесі бойынша өзі мен өзгелердің қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Сол себепті сезімдер, әсіресе махаббат пен жиіркеніш адамның белсенділігі мен өмір сүру тәсіліне таңқаларлықтай әсер етеді. Исламдық тағылымдарда бұл мәселеге ерекше назар аударылғандықтан достық пен дұшпандық туралы көптеген аяттар мен рауаяттарды кездестіруге болады. Рауаяттардың бірінде күндердің бірінде Алла елшісінің сахабаларынан: «Иманның ен мықты негіздері не?»- деп сұрағанда олар: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі»,- деп жауап бергені айтылған. Кейбіреулері «намаз», басқалары «зекет», «ораза», «қажылық пен умра» және келесілері «джиһад» деп өздерінің болжамдарын айтқан. Сол кезде пайғамбар: «Айтқан нәрселеріңнің барлығы дұрыс, бірақ бұлар иманның ең мықты негізі емес. Иманның ең берік негізі Алланың жолында достық орнату, Алланың пайғамбарларынан үлгі алып, Алланың дұшпандарынан алыстау»,- деп жауап берген екен («Усуль Кафи», 2-ші том, 125-ші бет). Бұл мәселенің маңыздылығы адамның достығы мен дұшпандығының барлық шешімдері мен реакцияларына және адамның жеке әрі қоғамдық өміріне әсер ететіндігіне байланысты. Әр адамның құтқарылуы немесе адасып құлауы оның өмірінде қай адамға немесе не нәрсеге сүйенгеніне байланысты. Хазірет Мұсаның өмірі туралы рауаяттардың бірінде Құдайдың оған: «Осы кезге дейін Мен үшін ғамал еттің бе?»- деген хабар жібергені туралы айтылған. Хазірет Мұса: «Иә, Сен үшін намаз оқыдым, ораза тұттым, садақа бердім және Өзіңді ұмытпадым»,- деп жауап бергенде Құдай тарапынан: «Намаз сен үшін Құдайдың белгісі, ораза сен үшін тозақ отының алдындағы қалқан, садақа ақыретте өзің үшін көлеңке болады. Ал Мені ұмытпай, еске алуың сен үшін нұр болады. Сонда тек Мен үшін не орындадың?»- деген дауыс естіледі. Хазірет Мұса: «Уа, Құдай! Өзің маған дұрыс жолды нұсқа»,- деп сұрағанда Құдай: «Осыған дейін Мен үшін біреуді жақсы көріп, біреуді дұшпан деп санадың ба?» дейді. Сол кезде хазірет Мұса ең жақсы ғамалдың біреуді Алла үшін жақсы көріп, Алла үшін дұшпандық таныту екенін түсінді. Өмір сүру тәсілінде махаббат пен достық және кек пен дұшпандық мәселесіне қатысты: «Достық пен дұшпандық басқа ғамалдармен бірге баяндалмайды. Бірақ бұл екі маңызды мәселе басқа ғамалдарға әсер етеді. Имам Бақер (ғ.с.)-ның хадистерінің бірінде: «Егер жақсы адам екеніңді білгің келсе, жүрегіңе қара. Егер Құдайға құлшылық етуді жақсы көрсең, жақсы адамсың және Жаратушың сені жақсы көреді. Егер Құдайға құлшылық етуді жақсы көрмей, күнә жасауды жақсы көрсең, сенің бойыңда жақсылық жоқ. Құдай да сені дұшпаны деп санайды. Адам әрқашан оны жақсы көретін адамға жақын болады»,- деп айтылған. («Сафинат әл-Бихар»). Имам Бақер (ғ.с.)-ның бұл сөзі Исламның құнды жүйесіндегі достық пен дұшпандықтың рөлін көрсетіп, діни критерийлер бойынша сау адамның Құдай үшін жақсы көріп, Құдай үшін дұшпандық таныту қажеттілігін түсінген адам екендігі белгілі болады. Исламдық көзқарас бойынша, Жаратушы – барлық кемелдіктер мен барлық сұлулықтардың жиынтығы. Мүмін Алла Тағаланы барлық кемелдіктер мен сұлулықтардың бұлағы деп санап, Оған бар махаббатын білдіреді. Осыған орай Исламның критерийлері бойынша достық пен дұшпандық Алла үшін болуы керек. Әрине, егер достық пен дұшпандық Алла үшін болса, қарым-қатынастарды орнату немесе оларды үзу де илаһи сипатқа ие болады. Мұндай жағдайда адамдардың арасындағы қарым-қатынас ғибадаттарға сүйеніп, Алланың ризалығына ие болу үшін жағдай тудырады.Тегтер