Иранға сапар (196)
Ирандағы өнер тарихы оның тарихымен бір мезгілде басталады. Сәулет өнері – ең көне өнерлердің бірі.
Ежелгі заманнан бері Иранда сәулет өнерінің дамуы мен қарқындауы бұл елдің қала құрылысы, бөгет салу мен инженерлік істің алғашқы ошақтарының бірі болғанын көрсетеді. Оның үлгілері ретінде елдің әртүрлі жерлеріндегі әралуан ғимараттарды, көне бөгеттер мен көптеген ауылдарды айтуға болады. Археологтар мен шығыстанушылардың жазбаларының арасынан жеткен деректерде Иран жерінде өнер мен сәулет өнерінің 5000 жыл бұрын басталғаны жазылған. Алайда бүгінгі үшінші мыңжылдықта ирандық инженерлердің қолымен салынған құрылыстарда бұл жердің сәулет өнері басқа бірегей туындылардан да көрініс тапты. Теһранның «Милад» мұнарасының өн бойынан исламдық Иранның өнері мен сәулет өнерін көруге болады. Бұл мұнара Теһранның көгінде салтанатпен бой көтерген. Осы мұнараның 435 метрлік биіктігіне көз тіккенде əлемнің алтыншы телекоммуникациялық мұнарасының тұщымдылығы сезіледі. Биікке бой көтерген даму мен қарқынның нышаны өзінің аумағында әртүрлі мәдени және техникалық кешендерді топтастырып, Теһранның теңдессіз мәдени және туристік орталығына айналды.
Теһранның «Милад» мұнарасы көпмақсатты құрылыс болып табылады. Оның инфрақұрылымының аумағы 17 мың шаршы метрді құрайды. Бұл мұнара әлемнің барлық телекоммуникациялық мұнаралары арасында қолданыс аясының кеңдігі тұрғысынан бірінші орынға ие. «Милад» мұнарасы әлемдегі тіреуі жоқ жиырмасыншы биік құрылыс болып саналады. Яғни, мұнара сым немесе қосымша мұнараның көмегіне сүйенусіз салынған. Теһран бойынша сымсыз байланысты жеңілдетіп тарату, радио мен телевидениенің таралымын оңтайландыру, сандық телевидениенің инфрақұрылымын жасау, метеорология, көлік қатынасын бақылау және туризм – осының барлығы мұнараның қолданыс аясына жатады. Бастапқы зерттеулер бойынша Теһранның 21 мекені «Милад» мұнарасын салатын жер ретінде қарастырылды. Солардың арасынан 4 жер таңдалып, артынан Теһранның батысындағы «Гиша» ауданының «Куй Наср» төбелері таңдалып, сәулет жобасы жасалды. Бұл мұнараның алғашқы кірпіші х.ш.ж.с.б. 1376 жылдың дей айында (1997 жылы) үш жылдық зерттеу мен бағалаудан кейін «Йадман» (Теһранның халықаралық қатынастар орталығы) ретінде қаланып, х.ш.ж.с.б. 1380 жылы (2001 жылы) Теһран қаласының исламдық кеңесінің ұсынысымен Иран Ислам республикасының негізін қалаушы имам Хомейнидің 100 жылдық мерейтойына орай «Милад» мұнарасы деп атауын өзгертті. Бұл мұнараны салу 11 жылға созылып, х.ш.ж.с.б. 1387 жылы 16 мехрде (2008 жылы) ресми түрде ашылды. Теһранның «Милад» мұнарасы мәдени-көркемдік кешені әртүрлі бөлімдерден тұрады. «Милад» мұнарасы, конференц-залдар, туристік кеңістіктер, көрме галереялары, фестивальдар өтетін жерлер, спорт зал, бес жұлдызды қонақ үй, сауда орталығы, кеңселер Теһран қаласы үшін тұрақты табыс көзі болып саналады.
«Милад» мұнарасы іргетас, мұнараның кіреберіс құрылысы, мұнараның діңгегі, мұнараның қалпағы және телекоммуникациялық антеннадан тұрады. Мұнараның салмағы шамамен 150 мың тонна. 280 метр биіктікте орналасқан қалпақтың ең үлкен диаметрі – 60 метр. Жобаның жалпы бетонының көлемі шамамен 63 мың шаршы метрді құрайды. Ал қолданылған шынының көлемі 17 мың шаршы метрге жуық. Мұнара қаңқасының жалпы пішіні орталық сегіз бұрышты қалып, бірнеше ішкі қабырғалар мен 4 трапеция пішінді қабырғадан тұрады. Негізгі қаңқа іргетастан басталып, 315 нүктеге дейін жалғасып жатыр. Мұнараның діңгегі біртұтас бетоннан тұрады. Оның үш жағында 6 лифт орналасқан. Олар секундына 7 метр жылдамдықпен тамашалаушыларды 50 секундтан аз уақытта мұнараның қалпағына жеткізеді. Төртінші қырда 1868 баспалдақ орналасқан. Мұнараның негізгі қаңқасының қоғамдық қолданыс аясы жоқ, одан тек техникалық кабельдер мен жүрдек лифттер өтеді. Мұнараның төменгі бөлігіндегі кіреберіс ғимарат 6 қабатты. Оның ауданы 17 мың шаршы метрді құрайды. Оның нөлінші қабаты тамашалаушыларды қабылдауға арналған. Бұл мұнараның бірегей де біртұтас дөңес бетон төбесі қазіргі заманғы сәулет өнерінің бетоннан жасалған ең көрнекті құрылыстарының бірі саналады. Төбенің бетіндегі жоба – ирандық түйіннің геометриялық нақышы. Мұнараның лоббиінде орнатылған 6 эскалатор бір сағатта 9000 адамды тасымалдай алады. Мұнараның лоббиінде 4 лифт бар. Олардың әрқайсысының сыйымдылығы – 21 адам. Бірінші қабаттан үшінші қабатқа дейін 83 сауда бөлімі, халықаралық тағамдар мейрамханасы, кофетерия мен 200 шаршы метр ауданды құрайтын көрме галереясы жұмыс істейді. Жер астындағы бірінші және екінші қабаттар әкімшілік бөлім, техникалық бөлім, мониторинг бөлімі мен мәліметтер орталығынан тұрады. Осы құрылыстың ерекшеліктерінің қатарына Х пішіндегі тұғырларды салу, дөңес пішінді төбе және лобби ғимаратының сыртқы бетінде тастың орнына бетонды қолдану жатады. Қонақтарды қабылдау орны, қауіпсіздікті бақылау, кіріс билеттері мен карталарын бақылау, күту кеңістігі, кинотеатр, кешеннің макетін көрсететін жер, жүрдек лифттерге кіреберіс жер, банк пен банкоматтар да лоббидің осы қабатында орналасқан.
Мұнараның негізгі құрылысында 12 қабат бар. Солардың арасынан 4 қабат келушілердің тамашалауы үшін дайын. Тамашалауға болатын бірінші орында әлемнің ең биік мұнаралары мен Иранның шикі кірпіштен жасалған 10 мұнарасының макеттері, үстел үстіне жинастырылған қолөнер бұйымдары мен дәстүрлі киім киген сатушыларды көруге болады. «Ашық сәкі» деген атпен танылған сыртқы кеңістіктің диаметрі 60 метрді, ауданы 2680 шаршы метрді құрайды. Тамашалаушылар 10-15 минуттың ішінде 360 градус айналып, Теһранды көре алады. Ашық сәкіден кейін 302 метр биіктікте орналасып, 600 шаршы метр ауданды алып жатқан он екінші қабат «Самұрықтың ұясы» немесе аспанның күмбезі деген атпен танымал. Бұл – тамашалаушылар көретін екінші жер. Осы қабаттың ортасындағы сегіз бұрышты діңгектің үстіне 13 метрлік шыны күмбез орнатылған. Бұл қабырға – Иранның көне тарихы мен мәдениетін көрсетіп, ирандық шеберлердің металл мен нұрды өте әдемі тәсілмен біріктіре алған бірегей туындысы. Бұл қабырға «Милад» мұнарасының төбесінде қиял-ғажайып кеңістікті тудырды. Бұл көркем туынды – Ежелгі Иранның көне символдары, аңыздары мен рауаяттарының жиынтығы. Ол Иранның ұлы империясынан қазіргі заманға дейінгі 9 мың жылдық мәдениет мен өркениеттің кемелдену жолын алтын мен күлгін түске жақын көк түстермен бедерлеген. Алтын мен көк түстердің арасында имам Хосейн (ғ.) күмбезінің қызыл туының болуы діни және рухани сезімге қозғау салады.
Мұнараның 5-қабатында Иранның танымал тұлғаларының, соның ішінде Махмуд Хесаби, Нима Юшидж, Джалал Але Ахмад, Симин Данешвар, Сохраб Сепехри, Амир Кабир, имам Хомейнидің мүсіндерін басқа танымал тұлғалардың жанынан көру тамашалаудың қызығын одан ары арттырады. Бұл мүсіндерді тудыруда жаңа тәсілдер пайдаланылған. Мүсіндердің беті мен көзі көрушімен толық байланысқа түседі. Мұнараның тамашалаушылары 6-қабатта таңғажайып панорамамен бетпе-бет келеді. 300-ден астам адамға қызмет ететін әлемнің ең үлкен айналмалы мейрамханасы баяу қозғалып, 276 метр биіктікте тамашалаудың тәтті дәмін таттырады. Бұл мейрамхана Фердоусидің «Шахнамасынан» алынған әңгімелерді баяндайтын бірегей өнер туындыларымен көмкерілген және әрбір туристке жанға жайлы әрі ойландыратын кеңістік тудырған. Мейрамхана айналмалы және тұрақты 2 бөлімнен тұрады. Айналмалы бөлім әрбір сағатта тұрақты бөлімді бір айналып шығып, қонақтарға 360 градустық көріністі сыйлайды. Әлемде жағалаудан жырақта орналасқан ең биік дельфинариум «Милад» мұнарасы кешенінің батыс жағында орналасқан. Оған 700 адам сыяды. Онда итбалықтар өнер көрсетеді. Бұл дельфинариум тірі музыкамен шаттыққа толы бағдарламалар өткізіп, Теһранда тұратын жанұялар мен туристер үшін қуанышты кеңістік тудырады. «Милад» мұнарасындағы бірегей мүмкіндіктерге ие халықаралық конференциялар орталығы да тәжірибелі мамандарымен мәдени-көркем және әлеуметтік шаралар, соның ішінде конференциялар, семинарлар, форумдар фестивальдар, концерттер, көрмелер мен оқу курстарын өткізуге дайын. Бұл орталықтағы 15 қосалқы конференц-зал, 600 шаршы метр ауданды алып жатқан көрме кеңістігі, радио мен телевидение студиясы, қонақ күту залдары Теһран мегаполисінде ғылыми, мәдени және көркемдік бағдарламаларды өткізу үшін қолайлы жер болып табылады.