Иранға сапар (197)
«Саадабад» үлкен мәдени-тарихи кешені Эльбрус таулы сілемінің Тучал тауларындағы жап-жасыл Дәрбәнд сайында Теһран қаласының солтүстігінде орналасып, шамамен 300 га ауданды алып жатыр.
«Саадабад» солтүстікте Эльбрус таулы сілемімен, шығыста Голабдарре сайымен, батыста Веленджак, ал оңтүстікте Таджриш ауданымен шектесіп жатыр. Бұл аудан Қаджарлар дәуірінде осы әулет патшаларының жазда жайлайтын мекен болған. Х.ш.ж.с.б. 1299 жылғы (1920 жылғы) төңкерістен кейін әртүрлі бақтардың қосылуымен ол Пехлеви І-нің жаздық резиденциясына айналды. Үлкенді-кішілі он сегіз сарай әртүрлі оқиғаларға орай кәрі ақ қайыңдар мен сауырағаштарға толы осы ауқымды жерде Қаджарлар заманындағы ғимараттардан біраз қашықтықта салынған. Сарайлардың әрқайсысы кең аумақта бассейн, тоған, ойын алаңы мен бақ сияқты ойын-сауық мүмкіндіктерімен бірге Пехлеви әулеті туыстарының бірінің қолдануына берілген болатын. Бұл сарай-мұражайлардан көптеген ирандық және еуропалық ескерткіштерді көруге болады. Ескерткіштердің кейбіреулері әртүрлі елдердің басшыларының Иранға сыйланған сыйлықтары болып табылады, бірақ патшаның жанұясы оларды өздері иемденіп алған. Осы кешеннің барлығы Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін мұражайға айналды. Ғимараттардың кейбірі «Меллат» сарайы мен Көк сарай сияқты өз қалпында жұрт назарына ұсынылған, басқалары ғимараттың ерекшелігін сақтай отырып, мұражайға айналдырылды.
Бұл кешенде шамамен 180 га табиғи орман, бұлақтар, бақтар, гүлхана, ағаштар мен гүлдер көмкерген көшелер бар. Олар көптеген тарихи ғимараттардың жанында орналасып, «Саадабадты» Теһрандағы маңызды да теңдессіз тартымдылықтардың біріне айналдырды. «Саадабад» мұражай бағында әралуан өсімдік жамылғысы бар. Онда табиғи ормандар, қылқан жапырақты және декоративті жалпақ жапырақты ағаштардың түр-түрі бар. Декоративті өсімдіктердің көбі өте сирек кездеседі немесе жергілікті емес болып табылады. Бұл өсімдіктер әртүрлі замандарда Иранға әкелініп, осы кешенді көріктендіру үшін егілген. Олар сиректік, көнелілік және сұлулық тұрғысынан тарихи ғимараттармен қатар табиғи туризмнің бір тартымдылығы болып саналады. Декоративті өсімдіктердің түрлері негізгі сарайлардың жанындағы көгалда шашырай егілген. Әртүрлі маусымдарда, әсіресе көктем кезінде бұлар бақтың әдемілігін бірнеше есе арттырады.
Бұл кешенде сонымен қатар тамашалаушылардың жайлылығы үшін әртүрлі мүмкіндіктер, соның ішінде кітапхана, құжаттар орталығы, Парсы шығанағы конференц-залы, «Меллат» кинозалы, Аттар амфитеатры, ішкі радио станциясы, қоғамдық намазхана, денсаулық және спорт залы, мұражай ескерткіштері мен заттарын жөндеу шеберханалары, көптеген гүлхана бар.
Әрбір ирандық тамашалаушыға сарай-мұражайлардағы заттарды алғаш көргеннен кейін туындайтын ассоциация осы елдің мәдени мүліктерінің Пәхләви режимі тарапынан талан-таражға түскені болып табылады. Иранның сирек кездесетін қымбат ескерткіштерінің көбі ұрланғаннан кейін еуропалық сыйлықтар олардың орнын басқан.
«Саадабад» сарай-мұражайлары шетелдік қымбат өнер туындыларына толы. Олардың барлығы ирандықтардың қолымен тоқылған кілемдер, айна сынықтарынан және алебастрдан жасалған өрнектердің арасына қойылған. Ақ сарай мен Көк сарай «Саадабад» кешеніндегі көптеген сарайлар арасында ерекше салтанатқа ие. Алдымен осы екі сараймен таныстыруды жөн көріп отырмыз.
«Меллат» сарай-мұражайы – «Саадабад» кешеніндегі ең үлкен сарай. Оның сырты ақ болғандықтан «Ақ сарай» деген атпен танымал. Бұл сарайдың сыртқы беті мәрмәр тастан неміс сарайларының архитектуралық стилімен жасалған. Сарайдың ішкі құрылысы ирандық-византиялық (төрт бағандық) жобамен жасалған. Осы ғимаратта қолданылған мәрмәр тастар Иранның оңтүстік-шығысында орналасқан Керман қаласындағы мәрмәр кен орындарынан алынған. Бұл сарайдың ауданы 2164 шаршы метр, ал инфрақұрылымы шамамен 5000 шаршы метрді алып жатыр. Онда екі қабат пен жерасты қабаты бар. Жалпы алғанда ғимараттың ішкі безендірулері ирандық және еуропалық өнердің қосындысынан тұрады. Төбелердегі алебастр жапсырмалары – Иранның өзіндік өнерінің ең көрнекті үлгілерінің бірі. Бұл сарайдың теңдессіз кілемдері – сирек те теңдессіз үлгілердің бірі. Олар ирандық тоқымашылардың талғамы мен өнерінің шарықтау шегін көрсетеді. Бұл сарай әкімшілік жұмыстар атқару, салтанатты рәсімдер өткізу және жаздық мекен ретінде пайдаланылған. Онда көптеген вестибюльдер, қонақ күту залдары, жеке ас ішу залы, үлкен ас ішу залы, ресми рәсімдер залы мен ұйықтауға арналған бөлме бар.
Сарайдың үлкен ресми рәсімдер залдары өткен ғасырлардағы Еуропаның сарайлары тәсілімен безендірілген. Соған байланысты бұл сарайда қойылған заттардың көбі Франция мен Еуропаның антикалық өнер туындыларын жеңілдікпен сатуда үлкен сомаға сатып алынған. Солардың ішінде 13-16 ғасырдағы Льюи дәуіріндегі гобелен стилінде кестеленген маталармен жабылған жұмсақ жиһаздар, Францияның Сур зауытында жасалған әртүрлі фарфор ыдыстар, қымбат картиналар, қытай өнерпаздарының қолымен аметист пен нефриттен жасалған декоративтік заттар мен Италияда жасалған қола мүсіндер бар. «Меллат» сарай-мұражайында қойылған басқа заттар шетелдік және ирандық қайраткерлердің Пәхләви әулетіне берген сыйлықтарын қамтиды. «Меллат» сарай-мұражайы х.ш.ж.с.б. 1360 жылы (1981 жылы) барша жұрттың назарына ұсынылып, ашылды. Сарайдың бастапқы қалпы мен безендірулерін сақтауға талпыныс жасалып, тек заттардың кейбіреуі ғана алыстан көруге болатын жерлерге ауыстырылды.
Қазіргі таңда сарайда бар алтын заттар мен асыл тасты бұйымдар елдің қаржылай тірегі болып саналатындықтан сақталу үшін Иранның Орталық банкінің асыл тастар мұражайына ауыстырылған.
Сонымен қатар осы сарайдың картиналарының бірқатары жақсырақ көрсетілу үшін Эстетикалық өнерлер мұражайына, кілемдердің бірқатары Иранның кілемдер мұражайына ауыстырылған.
«Шахрванд» сарайы сыртқы бетінде Занджанның Хамсе тас кеніндегі сирек кездесетін жасыл тастар қолданылғандықтан «Көк сарай» мұражайы деген атпен танымал. Бұл сарайдың Ирандағы ең салтанатты әрі ең әдемі сарайлардың бірі екендігі күмәнсіз. Сарайдың сыртқы қабырғасы ойылып, өрнек салынған әдемі тастармен көмкерілген. Тастардың қоспасы қоладан жасалған. Бұл олардың қысылған және кеңейген кезде сынуына жол бермейді. Сарай «Саадабад» кешенінің солтүстік-батысындағы биік жерде орналасқан.
«Көк сарай» мұражайы Резаханның өмір сүрген жері болған. Оны жөндеу жұмыстары х.ш.ж.с.б. 1301 жылы (1922 жылы) басталып, х.ш.ж.с.б. 1307 жылы (1928 жылы) аяқталып, қолданысқа берілген. Сарайдың инфрақұрылымының ауданы шамамен 1400 шаршы метр. Аз ғана салыстыру арқылы тамашалаушы бұл сарайдың «Саадабад» кешеніндегі басқа сарайлардан ерекше екендігін түсінеді. Бұл осы сарайды салушы сәулетшілер мен өнер иелерінің өнер түрлерін қолдануға және ирандық архитектуралық принциптерін пайдалануға ерекше көңіл бөлгенін көрсетеді.
Осы сарайды салу түрі, алебастр жапсырмалар, айна сынықтарымен әрлеу, алтынмен аптау, әртүрлі өрнектерге толы нақыштаулар Иранның дәстүрлі өзіндік сәулет өнерінен хабар береді. Бұл өз түрінде әлем бойынша теңдессіз.
«Көк сарай» мұражайын жалпы екіге бөлуге болады: бірінші қабат кіреберіс баспалдақ, «Айна» залы, ас ішу залы, жұмыс бөлмесі, қонақ қабылдау бөлмесінен тұрады; екінші қабат жер астында орналасқан. Ол х.ш.ж.с.б.1352 жылы (1973 жылы) қайта жөндеуден өткізілген. Бұл қабат той-томалақ пен жеке жиналыстар өткізуге арналған қонақ күту залы, ас ішу залы мен екі жатын бөлмеден тұрады.
«Көк сарай» мұражайының ең әдемі бөлімдерінің бірі – «Айна» залы. Оны кіреберіс баспалдақтан өткеннен кейін көруге болады. Ол өте тартымды әрі таңқалдырарлық. Бұл залдың төбесі күмбез пішінде жасалған. Қабырғаның төмен бөлігінен күмбездің ұшар басына дейін өте әдемі түрде ирандық шеберлердің қолымен айна сынықтары жапсырылған.
«Көк сарай» мұражайының басқа бір көрнекті жері – жұмыс бөлмесі. Ондағы барлық қабырғалар мен ішіндегі заттар «хатамкари» өнерімен өте әдемі әрі нәзік әшекейленген. Бұл бөлмедегі бұйымдардың жиынтығын ұстаз Сани Хатам мен оның шәкірттері жасаған. Бір кішкене қобдишаны әртүрлі пішіндегі ұсақ ағаш бөлшектерден жасап шығару үшін кейде бірнеше сағат, кейде бірнеше күн кететінін ескерсек, бұл бөлмеде жасалған жұмыстың құндылығын түсінуге болады.
Бұлардың жанында ұстаз Хосейн Тахерзаде Бехзадтың қабырға бетіндегі әдемі алебастр жапсырмалары мен өрнектерге толы алтынмен аптаулары әрбір тамашалаушының көзін тартады.
Бұл мұражайда Еуропа елдерінен үлкен сомаға сатып алынған көңіл аударуға тұрарлық заттардан люстраларды, қымбат картиналар мен Льюи XVI кезіндегі жұмсақ жиһаздарды, сағаттар мен шамдандарды, қола гүлдандарды, кристалл ыдыстар мен бұйымдарды атауға болады.