Иранға сапар (198)
Әскери сарай-мұражай – «Саадабад» кешеніндегі сарайлардың бірі. Иран Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін х.ш.ж.с.б. 1362 жылы (1983 жылы) ол Әскери мұражай ретінде іске қосылды.
«Шахрам» деген атпен танымал бұл ғимарат 2 қабаттан тұрады. Оның бүкіл кеңістігі Иранның соғыс және әскери құрал-жабдықтарын көрсетуге арналған. Әскери мұражайды аралау Иранда армияның қалыптасу тарихымен танысып, тарихи мағлұматтарыңызды арттыру үшін жақсы мүмкіндік болып табылады. Иранның осы әскери-тарихи мұражайында қару-жарақ, киім-кешек, суреттер мен басқа да заттар жұрт назарына ұсынылған. Жалпы алғанда мұражайдың заттары осы сарайдың екі қабатында қойылған. Соның ішінде Иран тарихының әртүрлі дәуірлеріндегі, соның ішінде Ахеменилер заманынан осы күнге дейінгі жауынгерлердің киімдерінің өзгеріс үдерісіне тоқталуға болады.
Мұражайдың басқа бір бөлігінде бағзы замандарда жауынгерлер соғыста қолданған суық қарулардың түрлері мен әртүрлі қару-жарақтар қойылған. Мұражайға қойылған алғашқы қару Сефевилер дәуіріне тиесілі. Сонымен қатар, мұражайдың бір бөлігі Ирактың Иранға таңған соғысына арналып, макеттер мен кеңістіктер жасалып, ирандық жауынгерлердің майдандағы кейбір шайқастары, соның ішінде Абадан қоршауын бұзу амалы, ирандық мұсылман жауынгерлердің соғыстың әртүрлі кезеңдеріндегі мерейлі жеңістері жұрт назарына ұсынылған.
Мұражайдың келесі бір бөлігі соғыс майдандарында шәһид болу мәртебесіне ие болған сардарларды таныстыру мен олардың туындыларын көрсетуге арналған.
Ұстаз Хосейн Бехзадтың «Миниатюра» мұражайы «Саадабад» кешенінің орталық бөлігінде орналасқан. Бұл мұражайдың құрылысы Қаджарлар заманының соңы мен Пехлеви дәуірінің бас кезіне тиесілі. Бұл мұражай қайта жөндеуден өткізілгеннен кейін х.ш.ж.с.б. 1373 жылы (1994 жылы) Ұстаз Хосейн Бехзадтың жүз жылдығына орай ашылған болатын.
Иранның танымал суретшісі ұстаз Хосейн Бехзадтың 289 туындысы осы мұражайдың салондарында сақталынып, көрермендердің назарына ұсынылған. Мұражайдың жерасты бөлігі де көрме залы және оқу орталығы ретінде қолданылады. Ұстаз Бехзаттың мұражайында 5 салон бар. Онда осы қадірлі ұстаз әрі өнер иесінің бірнеше қырлы жұмыс кезеңіндегі әртүрлі тақырыптардағы қарындаш, сия, бояумен салынған туындылары қойылған. №1 салон Ирандағы Тимурилер әулетінің соңы мен Сефевилер заманындағы стильмен салынған суреттерге арналған. «Поло ойыны», «Шырын мен тау тесуші Фархад», «Қолында дәптері бар әйел» мен «Омар Хайямның дәріс беруі» атты туындылар осы бөлімде қойылған. №2 салонда Иранның шайырларынан шабыт алып салынған екі туынды қойылған. Мұнда ұстаз Хайям, Хафиз бен Моулананың поэзиялық шығармаларынан шабыт алып салынған әдемі суреттер бар. №3 салон халықтың әдет-ғұрпы мен тұрмыс салты бейнеленген туындыларға арналған. «Балгер», «Үйлену тойы», «Су тасушы», «Сыбызғышы қойшы» және тағы басқа картиналар осы салонға қойылған. №4 салон ұстаздың Хафиз, Сағди, Хайям, Моулана, Закария Рази және т.б. танымал тұлғалардың портреттеріне арналған.
№5 салонда да әртүрлі қалыптағы портреттер мен кейбір жануарлардың суреттері қойылған.
«Мир Эмад» көркем жазбалар мұражайы да «Саадабад» мәдени-тарихи кешенінің көне ғимараттарының бірінде орналасқан. Мұражайдың құрылысы х.қ.ж.с.б. 13 ғасырдың аяғы мен 14 ғасырдың басына тиесілі болуы ықтимал. Бұл ғимараттың Қаджарлар заманына тиесілі ғимараттарға ұқсастығына байланысты оның архитектуралық тәсілі Қаджарлар заманының аяғы мен Пехлеви заманының бас кезінде қалыптасқан өтпелі дәуір сәулет өнерінің тәсіліне ұқсайды. «Мир Эмад» мұражайының ғимараты бұрын Мұхаммадреза Пехелевидің екі баласы – Фарахназ бен Әлирезаның өмір сүрген үйі болған. Мұражай х.ш.ж.с.б. 1376 жылы (1997 жылы) Сефевилер дәуірінің ең танымал каллиграфының атымен ашылды. Онда каллиграфия өнерінің 10 ғасырлық тарихының үлгілері жұрт назарына ұсынылған.
«Мир Эмад» көркем жазбалар мұражайы исламға дейінгі жазба, ислам дәуіріндегі жазба, көңіл көтеретін жазбалар, жазу-сызу құрал-жабдықтары мен жазба нұсқалары деген бөлімдерден тұрады.
Мұражайдың ғимараты бөлек екі бөлімнен тұрады: бірінші қабатта исламға дейінгі жазбалар мен ислам дәуіріндегі жазбалардың бір бөлігі көрсетілген. Исламға дейінгі дәуірлерге тиесілі эламдық мық жазбалардың үлгілері, сасанилік және авесталық пехлеви жазбаларының үлгілері осы қабатта сақталады. Эламдық сына жазба тақташалары протоэламдық әріптермен жазылған. Олар Хузистанның Шуш ауданындағы Чоғозамбиль көне ғибадатханасынан алынған. Сасанилік пехлеви жазба тақташалары Ардашир Бабаканға тиесілі және «Ардашир Бабаканның қызметтері» атты кітаптың бір бөлігі болып табылады. Ал авесталық жазба «Авеста» кітабындағы бір мәтіннің түсіндірмесі болып табылады.
Куфа, сұлс, насх, тоуқи, рақа мен рейхан жазу түрлері ислам дәуіріне тиесілі фрагменттер ретінде бірінші қабаттағы залға қойылған. Куфа жазуымен жазылған тақташаның ең құндысы – тері бетіне жазылған ирандық куфа жазуы. Бұл куфа жазуының бір түрі болып саналады. Сұлс жазуы жеке бейттер мен қыталар жазу түрінде жұрт назарына ұсынылған. Онда х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген атақты сұлс жазушы Яқут Мұстасамидің бірегей жазуымен жазылған үлгілер қойылған. Ирандағы исламның әртүрлі дәуірлерінде өмір сүрген насх жазушылардың таңдамалы туындыларының үлгілері де мұражайдың бірінші қабатында жұрт назарына ұсынылған.
«Мир Эмад» мұражайының екінші қабатында х.қ.ж.с.б. 9-13 ғасырларына тиесілі «таалиқ, насталиқ пен шекасте-е насталиқ» жазу түрлері көрсетілген. Бұл қабаттың бір бөлігі Мир Эмад Хосейнидің жазба түрлерінің үлгілері мен жинаққа арналған. Мир Эмад жазба түрлері х.қ.ж.с.б. 994-1019 жылдар аралығында крест түріндегі насталиқпен жазылған бөліктер мен жазбаның алғашқы нұсқаларынан тұрады. Мир Эмад жинағы жеке бейіттер жазу және насталиқ жазуымен мінәжаттар жазу деген екі бөліктен тұрады. Онда Мир Әли Табризи мен Мир Эмад әл-Хасанидің қолы қойылған.
«Мир Эмад» мұражайының екінші қабатындағы насталиқ жазбалар Ирандағы исламның әртүрлі дәуірлеріне тиесілі. Олар джәли-айқын және хафи-жасырын тәсілмен жазылған. «Мир Эмад» мұражайында сиахмашқ-жазбалардың алғашқы нұсқалары бөлімі көбінесе х.қ.ж.с.б. 13 ғасырға тиесілі туындыларға арналған. Онда Аға сейіт Хосейн Хушневисбаши, Мырза Ғұламреза, Колһар, Эмад ул-Кетаб, Асадулла Ширази мен сейіт Гүлістаненің қолымен жазылған туындылар қойылған. Бұл қабаттың басқа бөлігі «шекасте насталиқ» жазу түріне арналған. Онда джәли-айқын, хафи-жасырын және сиахмашқ – алғашқы шимай тәсілімен жазылған туындылар қойылған. Бұлар Дәруіш Абдулмаджид Талеқани, сейіт Гүлістане, Мырза Ғұламреза, Мырза Кучек пен Шафианың қолымен жазылған.
Ислам әлемінде каллиграфия өнерінің маңыздылығына байланысты алғашқы ғасырлардан-ақ жазу тұрмыс заттарын безендіретін элементтердің бірі ретінде қолданылды. Қолданбалы туындылар бөлімінде металл шамдар, құлпытастар, қыш және эмальданған кеселер беті мен михрабтың бір бөлігінде жазулар қолданылған. Мұражайда қойылған қаламсауыттар жазу мен суреттер арқылы безендірудің тәсілдерін көрсетеді.
Мұражайдың басқа бір бөлігі «таалоқ» жазуына арналған. Онда өлең жинақтары, жинақтар мен қолжазба кітаптары бар. Мысалы, Дәруіш Абдулмаджид Талеқани жазуының, Ахмад Нейризидің, Мир Эмадтың жинақтары мен Хафиздің өлеңдер жинағы, х.қ.ж.с.б. 13 ғасырға тиесілі Құран мен дұға қолжазба кітаптары. «Мир Эмад» мұражайында әртүрлі заттардан бөлек қолжазба түрлері, қыталар, бұйрықтар мен келісімдерді оқығаннан кейін ислам дәуірлеріндегі кітапты әрлеу өнерінің тарихын көруге болады.
«Су» қоры – мәдени мекеме. Бұл мекеме ата-бабалардың суға қатысты мұраларын, соның ішінде суды өндіру, тасымалдау, тарату, пайдалану және осы істері атқаруда қолданылған техникалық тәсілдерді жинау, сақтау, көрсету, жандандыру үшін жұмыс істейді. Бұл мұражай «Саадабад» кешенінің орталық бөлігінде орналасқан. Мұражайдың ғимараты Қаджарлар мен Пехлеви ІІ-нің кезіне тиесілі. Ол негізгі және қосалқы екі бөліктен тұрады. Бұл мұражайда суға қатысты құжаттар (мысалы, Мираб дәптері мен вакфқа беру туралы хаттар), құрал-жабдықтар (мысалы, су стаканы, су сағаты, құдық қазу және қаннат-жер асты су жолын салу құралдары), сутанушы ғалымдардың әртүрлі мүсіндері мен Мирабтың мүсіні сақталынған. «Саадабад» кешенінің Су мұражайын басқару Иранның Энергетика министрлігіне қарасты Ұлттық су қорына тапсырылған. Екі ғимаратты қайта жөндеу жұмыстары х.ш.ж.с.б. 1376 жылы (1997 жылы) Иранның Энергетика министрлігіне қарасты Ұлттық су қорынан тиісті жобаларды алған соң басталып, екі жылдан кейін қолданысқа берілді.