Қаз 16, 2016 17:06 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда Теһранға жақын маңдағы таулардағы табиғи тартымдылықтар мен «Тучал» аймағы мен «Кәләкчал» сияқты шыңдардың жанға жайлы ауа райы жайы айттық. Халқы көп бұл қаланың әрбір бұрышында өте әдемі парктер бар. Олардың кейбіреулері Теһранның туристік тартымдылығы болып саналады. Бүгінгі бағдарламаны Теһранның кейбір атақты парктерін таныстыруға арнауды жөн көріп отырмыз.

«Джамшидие» паркі – үлкен Теһранның ең әдемі әрі ең көрнекті парктерінің бірі. Ол Теһранның солтүстігіндегі ең жоғары нүктеде, тау ортасымен тікелей өрге қарай бағытталған жолдың аяқталар жерінде орналасқан. Шамамен 10 га ауданды алып жатқан бұл парк солтүстікте Кәләкчал тауымен, оңтүстікте Дулу бағымен, шығыста «Джамшидие» көшесімен, батыста Кәләкчал тас жолымен шектесіп жатыр.

Теһранның солтүстігіндегі таулы дуал ластанған ауаның қаладан шығып кетуіне кедергі жасап, бөгет болып, сол жердің аспанын қарайтып тұрса да, оған керісінше сол тауға жапсарлас орналасқан «Джамшидие» паркі жасыл өкпедей әрекет етеді. Бұл парктегі жүздеген шегіршін, шынар, қараған, шаған, үйеңкі, жылауық тал, сауырағаш, емен, өрік, алма, алмұрт пен шие ағаштары қаланың солтүстігіндегі осы «оттегі зауытының» жұмыс жандандырып тұр.  

Осы парктің бірегей ерекшеліктерінің біріне жүретін жолдарға төселген қиыршық тастар жатады. Олар ормандардың табиғатын еске түсіреді. Көлшік, сарқырама мен тастан жасалған субұрқақтың болуы да бұл паркке ерекше тартымдылық сыйлады.

«Джамшидие» паркі құрылғаннан бері екі рет жөндеуден өткізілді. Бірінші жөндеу жұмыстары кезінде  парктің аумағына 16 га қосылды. Бұл жер Иранның атақты шайыры, "Шахнаманың" авторы Фердоусидің құрметіне «Фердоуси» деп аталды.

Айта кету қажет, «Фердоуси» бағы құрылысында қолданылған бастамалармен турист тарту тұрғысынан негізгі паркпен  бәсекеге түскен. Әртүрлі жануарларды еске түсіретін қашалған тастар осы парктің барлық жеріне қойылған. Олардың тартымдылығы соншалықты, туристер мен тамашалаушылар осы жансыз тас жануарларды көру үшін 600 сатыға қалай көтерілгенін сезбей қалады. Биологтар зерттеулер нәтижесінде мынадай нәтижеге жеткен: «Джамшидие» паркіндегі ағаштардың бұтақтарына 60 түрлі құс ұя салған немесе осынша құс соның кеңістігінде ұшып-қонады.

«Мелләт» паркі – Теһранның әдемі парктерінің бірі. Ол Вәлиаср көшесінде, Ниаеш тас жолынан сәл жоғары орналасқан. Бұл парк бұрынғы замандарда «Шаханшахи» паркі деген атпен танымал болған. Оның ауданы шамамен 34 га құрайды. Парк өзінің ерекше орынына байланысты бірінші кезеңде х.ш.ж.с.б. 1345 жылы (1966 жылы) басталып, 1347 жылы (1968 жылы) қолданысқа берілді. Екінші кезеңі х.ш.ж.с.б. 1353 жылы (1974 жылы) қолданысқа берілді. Парктің жүйесіз жобасы Пусен (Posen) деген адам тарапынан ағылшын парктері стилімен жобаланып, салынған.

Парктегі өсімдік жамылғысы көбіне балқарағай, шегіршін, шынар, қараған, жылауық тал, сауырағаштардың түр-түрі, терек, шаған, бүрген, церцис, лавр, терон, шамшат пен маусымдық көшеттерден тұрады. Бұл паркте шамамен ағаштар, жеміс ағаштары мен бұталардың 120 түрі бар. Жеміс ағаштарынан алма, өрік, шабдалы, тұт, айва, банан, құрма, інжір және тағы басқа ағаштар бар. Сонымен қатар үйеңкі, терек, қарағай, сүмбіл терек, шынар, қараған, сауырағаш, балқарай, шырша, жалбызтікен, бөртегүл, португалдық шамшат, анар бұтағы мен басқа көптеген ағаштарды осы жанға жайлы парктен көруге болады.

Бірнеше және көп жылдық гүлдер, мысалы, қытай раушан гүлі, галания, нарғызгүл, түрлі кішкентай раушан гүлдері, бұтақ, жеті түсті гүл, қуаң гүл және т.б. гүлдер паркке ерекше әдемілік сыйлайды. Парктің солтүстік бөлігіне орман ағаштары егілген, ал оңтүстік бөлігіне гүлзарлар отырғызылған.

Сонымен қатар, парктің батыс бөлігінде кішкентай зоопарк бар. Онда әртүрлі құстар, соның ішінде тауыс, шұбар шымшық, тотықұс және түйеқұс пен маймыл сияқты басқа да жан-жануарлар өмір сүреді.

«Меллат» паркінің кіреберіс беті жылтырдай тегіс. Мұндай тегіс жер скейт тебу және бақылауы бар машиналардың сайысы үшін өте қолайлы. Бұл мәселе осы паркке аталмыш спорт түріне қызығушылардың жиналуына себеп болды. Парктің жоғары бөлігінен сатылы субұрқақты көруге болады. Оның екі жағында жоғары өрлеуге болатын баспалдақ орналасқан. Иранның ұлы танымал тұлғаларының, атап айтқанда Фердоуси, Сағди, Шахрияр, Нима Юшидж бен т.б. мүсіндері «Меллат» паркінің өн бойынан, әсіресе баспалдақтың жанынан көруге болатын тартымдылықтарының бірі саналады.

Теһранның «Меллат» паркінің келесі сұлулықтарының бірі – музыкалы субұрқақ. Ол Таяу Шығыстағы ең бірінші модернистік және дамыған музыкалық субұрқақ болып саналады. Бұл субұрқақ 22 га шаршы ауданды алып жатқан парктің көлшігінің үстіне салынған. Онда 36 негізгі эффект пен 456 жанама эффект бар. Осы музыкалы субұрқақта су мен жарықтың ритмикалық қозғалыстары үйлесімді түрде музыканың сарынымен астасып жатыр. Сол кезде әртүрлі әдемі үш көлемді бейнелер туындайды. Субұрқақтың биіктігі әртүрлі эффектілерде 2-ден 35 метрге дейін өзгереді. Судың ортасында 8 мың метрді алып жатқан музыкалық от шашудың толық жүйесі орнатылған. Сонымен қатар бұл субұрқаққа 1850 түрлі лазерлік шырақтар бекітілген. Бұлар 45х15 метрлік су экранында фильм көрсетуге жағдай жасайды. Парктің орталық бөлігінен бір үлкен субұрқақты көруге болады. Оның үстіне көпір салынған. Көпірдің ар жағында осы субұрқаққа қараған мейрамхана, кофехана бар.

Құстар мен кейбір жануарлар, соның ішінде түйеқұс пен маймылдан тұратын кішкентай зоопарк, 4 өлшемді кинотеатр, шахмат үйі, балалар ойнайтын алаң, халықтың қолданысы үшін қоғамдық ойын құралдарының болуы «Меллат» паркінің ойын-сауық мүмкіндіктерінің қатарын құрайды. Мұнымен қоса, «Мелләт» кинотеатрлар кешені де осы паркте орналасқан. Бірнеше салоннан тұратын осы кешеннің құрылысы өте қызық болғандықтан кез-келген адамның назарын өзіне аударады.

«Гофтогу» (Сұхбат) паркі – Теһранның ең әдемі әрі ең жақсы парктерінің бірі. Ол 1382 жылы (2003 жылы) Теһран қаласының парктер мен жасыл кеңістіктер ұйымы тарапынан ашылды. Бұл парк солтүстігінде шәһид Чамран мен Хаким күре жолдары қиылысындағы көпірлер жиынтығымен, шығысында шәһид Чамран  күрежолымен, батысында Куй-е Насрмен  шектесіп жатыр. Бұл парк қаланың осы бөлігінің ауасының ластануын азайтуда және халықтың демалысын қамтамасыз етуде өте маңызды рөл атқарады. Бұл парктің ауданы – 144580 шаршы метр. Оның 7 га 100 түрлі маусымдық және тұрақты өсімдіктер егуге арналған. Парктің аумағында жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған екі қатынас жолы бар. Мұнымен қоса, жолдар мен қиылыстар парктің жолдары дөңгелегі бар орындықтардың жүруіне қолайлы етіп жасалған. Әралуан қолданыс аясына арналған әртүрлі кеңістіктерді жасау бұл жерді көптеген отандық және шетелдік туристерді тартатын Теһранның әдемі аймағының біріне айналдырды.

Айта кету қажет, гүл мен өсімдіктер көрмесі сияқты Теһран әкімшілігінің мамандырылған көрмелерінің тұрақты жері парктің оңтүстігінде орналасқан.

«Гофтогу» (Сұхбат) паркінің ерекшеліктерінің бірі – онда көптеген жобалау  стильдерінің болуы. Бұл келушілерге әртүрлі елдердің парк жасау тәсілдерімен жақыннан танысуға мұрсат береді. Осы тұрғыдан аталмыш паркті оқу парктерінің бірі ретінде таныстыруға болады. Парктің ішіндегі өте әдемі кеңістікте ирандық бақ, ағылшын бағы, италиялық бақ сияқты әлемдегі бақтардың түрімен танысуға болады. «Гофтогу» (Сұхбат) паркінің италиялық бағының орталық бөлігінде  италиялық мүсінші Франко Шируки сыйлаған хазірет Мариям (с.ғ.с.) мүсіні әртүрлі ұлттар арасындағы бейбітшілік пен достық символы ретінде қойылған.

Ойын алаңы, скейт тебу алаңы, көлшіктің жағасындағы мейрамхана, мешіт, кітап дүкені «Гофтогу» (Сұхбат) паркінің  мүмкіндіктері мен тартымдылықтарының қатарын құрайды.

Теһранда көптеген парктер бар. Бүгінгі бағдарламада олардың барлығын таныстыруға мұрсат жоқ. Бүгінгі бағдарламаның екінші бөлігінде «Аб о аташ» (Су мен от) паркі мен «Талеғани» орманды паркінің арасын байланыстырып тұрған «Табиғат» көпірі жайлы сөз қозғаймыз. «Табиғат» көпірі үш қабатта 3 бағанның үстіне салынған. Оның жобасы теңдессіз әрі тартымды. Ирандағы жаяу жүргіншілерге арналған алғашқы көпір саналатын бұл көпір «Аб о аташ» (Су мен от) паркі мен «Талеғани» орманды паркін бір-бірімен байланыстырып тұр. Ол Мұдаррес, Хақани, Хеммат және Ресалат күрежолдарының қиылысында орналасқан. Бұл таңғы жаттығулар, жаяу жүру, тіпті демалыс және ойын-сауық үшін қолайлы жер болып табылады. Көпірдің құрылысы Исфахандағы Хаджу көпірі сияқты тарихи көпірлерден шабыт алып салынған. Онда әлемнің қазіргі заманғы сәулет өнері мен Иранның дәстүрлі сәулет өнері астасып жатыр. Аталмыш көпір өзінің бірегей жағдайымен Теһран қаласының туристік мақсаттарының бірі және Иранның астанасы үшін жаңа символ болып саналады. «Табиғат» көпірін салу туралы зерттеу жұмысы х.ш.ж.с.б. 1388 жылы (2009 жылы) басталған. Бұл көпір «Аббасабад» қайта жөндеу компаниясының бастамасымен салынып, 1388 жылы 20 мехрде (2014 жылы) ашылды. Көпірдің ұзындығы – 7000 шаршы метр. Оның 720 метрі жасыл кеңістікке, ал 480 метрі мейрамханалар, кафелер мен басқа да  мәдени және ойын-сауық кеңістіктерге арналған. Көпірдің ені әртүрлі жерлерде 6 метрден 13 мерге дейін өзгереді.  Көпірдің негізгі корпусы үш тұғырдың үстіне салынған. Оны салу үшін әртүрлі көлемдегі 14000 құрыш бөлшегі қолданылып, 40 метрлік биіктікте бір-біріне бұрандамен құрастырылған. Құранданың салмағы – 2000 тонна. Бұл көпірді салу үшін 102 км-ден астам дәнекерлік, 6200 текше метрлік бетон құю жұмыстары атқарылған. Бұл құрылыс қоршаған ортамен толық үйлесімдікте ағаштарға ұқсас етіп жобаланған. Мұндай көпірдің үлгісі Франция, Канада, Нидерланды, Бельгия, Малайзия мен Аустралия елдеріндегі ұлттық және табиғи парктерде салынған. Бағандардың ағаш діңіне ұқсас пішіні және көпірге «Табиғат» деп ат қоюы екі жасыл кеңістіктің бір-біріне жалғанғанын білдіреді. Қала тұрғындары көпірдің ағаш еденінен шамамен 5100 шаршы метрді жаяу жүріп өте алады немесе велосипед теуіп, атарбада серуендей алады. Біліп жүргендеріңіз жақсы, «Табиғат» паркі 2015 жылы Architizer Awards қалалық сәулет өнері сайысында әлемнің 300 көрнекті сәулетшісі таңдаған ең үздік 5 жобаның бірі болып табылады.