Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) – жетекшіліктің жарқын нұры 12
Өмірдің мағынасы мен мақсаты туралы көзқарасты өзгерту пайғамбарлардың, әсіресе Исламның ұлық пайғамбары қозғалысының маңызды мақсаттарының бірі. Бірақ өмірді қайтадан қарастырудың мағынасы неде?
Исламның көзқарасы бойынша, әрбір адам мен әрбір қоғам өмірдің екі түрін, соның ішінде материалдық-физикалық және рухани-адами өмірді тәжірибеден өткізеді. Материалдық өмір адам мен хайуанның ортақ тұрғысы. Өмірдегі қозғалыс, тамақтану, нәпсі, қалауларын орындау мен физикалық даму адам мен хайуанның жаратылыстарында кездесетін құбылыс. Бұл салада олардың арасынан айырмашылық байқалмайды. Алла мен қияметке иман келтірмегендер барлық нәрсені материалдық өмірмен шектейді. Олардың көзқарастары табиғаттың шекарасынан шықпайды. Олар өмір бойы ешбір шек пен шектеу қоймай, барлық материалдық ләззаттарды сезуді қажет санап, тек осы дүниедегі өмірі, атап айтқанда ішіп-жеу, ұйқы мен ләззаттар туралы ойлайды. Мұндай ой-пікірге қарсы әлем материалдық өмір және хайуандық қажеттіліктерді қамтамасыз етумен шектелмейді, адамның материалдық өмірінен басқа рухани өмірі де бар деген ой-пікір де кездеседі. Алла негіз болып қалыптасқан өмірде адам ахлақи негіздерді сақтауымен бірге адамның құқығы мен ойлану еркіндігін құрметтеп, зұлымдық және әділетсіздікпен күресіп, адамның жақсылықтары мен жамандықтары басқа әлемде илаһи әділет таразысында бағаланып, адамның жақсы жұмыстары үшін сый беріліп, жаман жұмыстары үшін жазаланады деп сенеді. Илаһи пайғамбарлар өз қозғалыстарын иман мен руханият, адамгершілік пен адамзаттың жоғары құндылықтарына толы өмірді қалыптастыру үшін бастаған. «Нахл» сүресінің 97-ші аятында: «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз»- деп айтылған. Исламның ұлық пайғамбары пайғамбарлық міндетінің аясында исламдық үмбеттің дамып, кемелдікке жетуі үшін талпыныс жасап, илаһи мейірімділік пен табандылығының арқасында надандық ғасырының қоғамына жаңа дем беріп, халықтың мінез-құлқын өзгертіп, басқа адамдар үшін үлгі болатындай етіп тәрбиеледі. Исламның ұлық пайғамбарының негізгі қадамдарының бірі халықты надандықтан шығару болды. Тарихшылардың айтуынша, сол кезде сауатты адамдардың саны саусақпен санарлық қана болып, бұрмаланушылықтардың көбі дәл осы надандықтан тамырланатын. Алла елшісінің таңғалдырарлық ғамалдарының бірі халқы сауатсыз жерде исламдық өркениеттің іргетасын қалауы болды. Хазірет өзінің илаһи міндетіне сай надан халыққа илаһи кітап пен хикметті үйретуге міндеттелді. Айтарлық жайт, пайғамбардың ресалаты оқу және білім алуға шақырумен басталды. Ұлы Алла Өз елшісіне: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен»,- деп бұйырды. Исламның ұлық пайғамбарының ұстанымдарының негізгі бағдарларын анықтайтын Құран Кәрім ілім, ақыл, ой-пікір немесе жаратылған әлемдегі құбылыстар, әсіресе адамның жаратылысы туралы ойлану сынды сөздерге толы және адамның физикалық, рухылық және психикалық жаратылысының сырларын баяндайды. Исламның ұлық пайғамбары Құран тағылымдарына сүйеніп, халықты білім алуға шақырып: «Білім алуды талап ету – әр мұсылманға уәжіп. Алла Тағала білім алғысы келетіндерді жақсы көреді»,- деген болатын. Хазірет білім алудың уақыт және мекенмен шектелмейтінін көрсетіп, адам әрқашан өзінің ғылыми деңгейін арттыруға талпыныс жасауы керектігін қуаттап: «Дүниеге келгеннен өмірлеріңнің соңғы сәттеріне дейін білім алуға талпыныңдар. Білімді тіпті әлемнің ең алыс елі Қытайда болса да үйренген жөн»,- деген. Пайғамбар адамдарды білімдеріне сай бағалап: «Ең құнды адамдар білімдері тереңдері, құнсыз адамдар білімдері төмен адамдар»,- деп айтқан. Ислам білім алып, ғылыммен айналысу туралы қуаттағанымен, иманмен бірге жүрген және адамзат қоғамына қызмет етіп, міндеттемелерді анықтайтын білімді баса айтады. Ұлы Алла: «Алла Тағала сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді. Істегендеріңді толық біледі»,- деген. («Мүджәдәлә» 11-ші аят). Алла елшісі Медине мешітіне кіргенде көзі екі топқа түседі: бір топ ғибадат жасап, дұға оқып жатыр екен; екінші топтың адамдары бір-бірін үйретіп, бір-бірінен үйреніп отыр еді. Пайғамбар бұл екі топқа қарап, оларға риза болды. Содан соң қасындағы адамдарға бұрылып: «Топтың екеуі де жақсы іспен айналасуда. Бірақ мен халықты үйретіп, білімді ету үшін жіберілгем»,- деп, білім үйреніп жатқан топқа қарай қадам басып, солардың ортасына отырады. Исламның ұлық пайғамбарының келесі маңызды міндеті рухтар мен жандарды ластықтар мен күпірліктен, сонымен бірге ахлақ пен ғамалдарындағы бұрмаланушылықтардан тазарту болды. Өйткені, егер адамның ойы мен ахлағы адамгершілік және ахлақи ерекшеліктерге бөленбеген болса, тек ғылым мен білімнің тұқымын себу оң нәтижеге жетпейді. Керісінше, арам шөп сынды әлемдік қоғамға ауыр шығындар әкеледі. Мұның анық үлгісін бүгінгі әлемнің сырт көзге өркениетті әрі дамыған дүниесінен байқауға болады. Ғалымдардың жетістіктері қоғамның мүддесін көздегенімен, ядролық, микробтық, химиялық қарулар мен бомбалар тасымалдайтын ұшқышсыз ұшақтар, дамыған әскери кемелер және жүздеген қатерлі қарулар миллардтаған адамның рухани және психикалық қауіпсіздігін қоқан-лоққымен кезіктіріп, олардың тыныштығын үрейлі елеске айналдырып, үшінші әлемдік соғыстың басталуы туралы қорқыныш тудырып, ұйқыларын қашырды. Әртүрлі қаруларды шығарып, ғылыми зерттеулер жүргізу әлемдік үстемшілдік пен сионизмге қызмет етеді. Сондықтан, егер адамды тазарту міндеті атқарылмаса, басқаша айтқанда, білім иманмен бірге болмаса және ойшылдар мен ғалымдар адами құндылықтар туралы ойламаса, ғылыми жетістіктер адамзат қоғамына қиындық әкеледі. Осыған орай Ұлы Алла пайғамбарлардың міндетін анықтаған кезде адамның рухы мен психикасын тазартуды білім алуынан жоғары санайды. Әрине бұл білім мен иманның бір-біріне қайшы немесе бөлек екенін білдіртпейді. Білім мен иман адамды хабардарлық пен наным-сенімнің жоғары деңгейіне жеткізетін екі қанат сынды. Ұстаз Мұртаза Муттахари бұл туралы: «Білім құрал жасайды, иман ғылымды мақсатына жетуге жылдамдатады. Білім орындауды қалау болса, иман орындауды шынайы қалау. Білім бар нәрсені, ал иман дұрыс жолды көрсетеді. Білім сыртқы революция, иман ішкі революция саналады. Ілім әлемді адами әлемге айналдырса, иман психиканы адами психика етеді. Ілім – ақылдың сұлулығы, иман – рухтың сұлулығы; ілім – ой-пікірдің сұлулығы, иман – сезімнің сұлулығы»,- деген болатын. Исламның ұлық пайғамбары абыржу мен алаңдаушылықтардан шығаратын жалғыз жол деп білім мен иманға қарай қадам басып, илаһи пайғамбарлардың негізгі мақсаттары аясында дүниежүзінің халықтары арасында мәдени-қоғамдық өмірді жандандыруға күш салды. Алланың елшісі – сауатсыз халықтың арасынан шыққан білімді әрі хабардар адамның ең жарқын үлгісі, шығыстанушылардың көбінің мойындаулары бойынша адамзат өркениетінің ең үлкен тұлғасы. Әрине әлемнің білім мен ғылым жүйесінде білім мен иман оқыту саясаттарының мәтінінде қалыптасса, әлем жарқын әрі үміт ұялататын келешекті күте алады.