Қаз 22, 2016 20:16 Asia/Almaty

Жұма күндері жамағат намаздарын оқитын орындар мен көптеген тыңдармандардың осындай жерлерге қызығушылығын ескере отырып, бүгінгі бағдарламаны «Моссалла-уе имам Хомейни (р)» деп аталатын Теһранның үлкен намаз оқитын жерін таныстыруға арнаймыз.

Ислам революциясы жеңіске жеткен соң Иранның түкпір-түкпіріндегі жұма намаздары халықтың Иран сахнасында әрдайым болуының символы ретінде үнемі өткізіліп тұрады. Осы арада Теһранның жұма намазы ерекше саяси маңыздылық пен беделге ие. Біраз уақыт бойы саясат пен ғибадат тұрғысынан жұма намазы Теһран университетінде өтіп отырған. Бірақ жылдың әрбір күнінде жұма намаздары, Ораза айты мен Құрбан айтын өткізетін жер қажет болғандықтан, Теһранның «Мосалла» деп аталатын ғибадат ететін жерін салу қажеттілігі туындады.

Имам Хомейни (р.) келіскен соң, Теһранның Аббасабад ауданында «Мосалла» деп аталатын ғибадат ететін жер салу жобасы бекітілді. Айта кету қажет, «Моссалла» ғимаратын салу жұмыстары х.ш.ж.с.б. 1374 жылы (1995 жылы) басталып, әлі күнге дейін жалғасып жатыр.

«Моссалланы» салатын жерді таңдауда Теһран қаласының географиялық орталығында орналасуына көңіл аударылды. Жамағат мешіттерін әдетте қалалардың ортасына салатындықтан, «Мосаллада» Теһранның жамағат мешітін салу да жоспарланған. Мұнымен қоса, Аббасабад ауданындағы жердің кеңдігі, оның айналасында көптеген күре жолдардың орналасуы және оның жанынан метро линиясының өтуі осы жерді таңдаудың артықшылығын көрсетеді.

Біліп жүргендеріңіз жақсы, «Имам Хомейни (р) моссалласы» кешені күнделікті және жұма намаздарын өткізу орны ретінде ғана емес, әртүрлі қолданыс аясы бар үлкен исламдық кешен ретінде қолданылу үшін жобаланған. «Мосалланың» жобасында отандық және халықаралық семинарлар мен басқосулар өткізуге арналған көптеген залдар, сондай-ақ Ислам революциясының мұражайы, амфитеатр, Халықаралық исламдық зерттеу орталығы, Ислам ғылымдарын оқыту институты, Исламдық-ирандық өнерлер мен қолөнерлерді үйрету орталығы, Үмбеттің имаммен қоштасу ескерткіші, Қолөнер, мәдениет және басылымдар базары жобаланған. Х.ш.ж.с.б. 1380 жылдан (2001 жылдан) бастап Теһранның Ораза айты намаздары хазірет сейіт Әли Хаменеидің басқаруымен осы жерде өткізіліп келеді. Ал 1386 жылдан (2007 жылдан) осы күнге дейін жыл сайын ордибехешт айында Теһранның халықаралық кітап көрмесі «Мосаллада» өткізіледі. Басқа да көрмелер мен белсенділіктер (мысалы, «Құран» көрмесі) де осы жерде өткізіледі.

«Мосалла» кешенін  жобалаған сәулетші – доктор Парвиз Муайядаһд. Жобаның ең ұзын бөлігі болып табылатын «Мосалланың» негізгі өзегі Құбылаға қарай орналасқан және қалған барлық ғимараттар осы өзек бойынша Құбылаға қарай немесе перпендикуляр орналасқан.  «Мосалла» жобасын жасауда алтын сандар пайдаланылған.  Мысалы, пәк имамдардың құрметіне 14 мұнара, 12 аула мен 5 кіребірес есік қарастырылған.  «Мосалланың» үлкен террасасының биіктігі 72 метр. Бұл Кербалада шәһид болғандардың санына тең. Жамағат мешіті күмбезінің биіктігі 63 метр. Бұл Ислам пайғамбарының (с.ғ.с) өмір сүрген жасына сәйкес келеді.

«Мосаллада» 7 күмбез бар. Олар Иранның әртүрлі аймақтарындағы күмбездердің архитектуралық стилінен әсер алып жобаланған. «Мосалланың» негізгі күмбезі әлемнің ең үлкен күмбездерінің бірі әрі жобасы бойынша ең тың күмбез саналады. 5 кіреберіс есіктер -  Расулолла (с.ғ.с.) есігі, Амир әл-Муменин (ғ.), есігі, Фатима уз-Захра (с.ғ.) есігі, имам Хасан (ғ.) есігі және имам Хосейн (ғ.) есігі деп аталады. Жалпы алғанда әрбір кіреберіс есіктің үстіне екі кішкене мұнара, бір терраса мен бір күмбез әртүрлі архитектуралық жобада салынған.

«Мосалла» кешеніндегі мұнаралардың саны – 14. Бүгінде салынып біткен екі мұнара – олардың ең биігі. Бұл мұнаралар ислам әлемінде теңдессіз. Олардың биіктігі 140 метрді құрайды. Мұнараның ішінде  спиталь түріндегі баспалдақтар жобаланған, ал оның ортасынан лифт өтеді.

Жамағат мешіті ортасындағы үлкен терраса мен негізгі мұнаралар қабық сияқты 72 метр биіктікте 110 метрлік есікшемен жобаланған. Бұл террасаның жобасы басқа мешіттердегі террасалардың архитектуралық түрлерімен салыстырғанда жаңашыл әрі тың болып табылады.

«Мосалла» кешенінде кеңістікке жайлылық сыйлау үшін көптеген хауыздар мен субұрқақтар қолданылған. «Мосалланың» орталық хауызының ауданы 2500 шаршы метр. Сонымен қатар«Мосалла» кешенін жобалауда жасыл кеңістікке ерекше көңіл бөлінген. Тіпті жобаның әртүрлі бөліктерінде жанға жайлылық пен тыныштық сыйлайтын кеңістік тудыру үшін жасыл кеңістіктер назарға алынған.

Жұма намазын оқитын 5 қырлы зал «Мосалла» кешенінің орталық ауласының солтүстігінде орналасқан.  Бұл ғимарат 31500 шаршы метр ауданды алып жатқан негізгі қабатта ер адамдар намаз оқу үшін, 8800 шаршы метр ауданды алып жатқан жарты қабатта әйел адамдар намаз оқу үшін салынған.  Бұл ғимаратқа 70000 адам сыяды. Намаз оқитын залдың оңтүстігінде жұма имамының бөлмесі мен негізгі баспалдақ (сол арқылы залдың төбесіне шығып, негізгі аулаға бара алады) орналасқан. Сондай-ақ, намазшылар «Мосалланың» батыс жағынан батыс аулаға кіргеннен кейін жұма намазы оқылатын залға кіре алады. Залдың ішкі және сыртқы қабырғаларының бетінде Құран сүрелері, дұғалар, хадистер пен  ИИР-ның негізін қалаушының өсиетінің үзінділері муаррақ, сұлс, насталиқ пен насх жазуларымен жазылған тақташалар ілінген. Төбе мен муаррақ жазбалардың жанға жайлы сұлулығы адамға тыныштық сезімін сыйлап, басқадан көңілді бұрып, Аллаға назар аударуға итермелейді.

«Мосалланың» оңтүстік бөлігінде 5 намаз оқитын залға кіреберіс есіктер парабола пішіндегі аркалар және муаррақ стилінде Құран аяттары мен өлең жолдары жазылған керамикалық тақташалармен көмкерілген.

Шабестан-намаз оқитын залдарға кіреберістегі төбесі ашық алаңқай ретінде атауға болатын батыс аула  осы ауланың солтүстігі мен батысында салынған әдемі баспалдақтар арқылы «Мосалланың» жоғары жақтағы кеңістігіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.  «Мосалланың» оңтүстік жағында Теһранның Жамағат мешіті кең әрі биік терраса арқылы ашық аулаларға жалғанған.

Имам Хомейни (р.) атындағы «Мосалланың» ауданы бірінші кезеңде 672 мың шаршы метрді құрайды, болашақта оны кеңейту көзделген. Бекітілген жоба бойынша, «Мосаллада»  төбесі жабылған шамамен 450 мың шаршы метрлік ғимарат салынады. Бұл ғимарат оның айналасындағы көптеген аулалармен бірге 1 млн намазшыны қабылдау қабілетіне ие. Сонымен қатар,  «Мосалла» Иран халқы үшін ИИР-ның негізін қалаушы имам Хомейнимен (р.) қоштасқан жерді еске түсіреді. Осы тұрғыдан «Мосалланың» жалпы жобасында имам Хомейниге (р.) ескерткіш орнату жоспарланған.

Кейбір мамандардың пікірінше, Теһран «Мосалласының» салынған және салыну үстіндегі ғимараттары ауданы мен әртүрлі діни қолданыс аялары тұрғысынан Иран мен Таяу Шығыс бойынша теңдессіз.

«Мосалланың» кешеніндегі ғимараттардан ирандық-исламдық сәулет өнеріне шолу жасауға болады. «Мосалланың» негізгі ғимараттары зілзала мен желге төтеп беретін құрылыс материалдарынан салынған. Шын мәнінде, Теһран «Мосалласын» салу жобасын орындаудан алынған жаңа тәжірибелер мен білімдердің жиынтығы осы жетістіктерді пайдаланып Иранның басқа жерлерінде басқа «Мосаллалар» мен мешіттерді салуға болатындай жағдай жасады. Айта кету қажет, Теһран «Мосалласын» салудың барлық кезеңдері сурет пен бейнетаспаға түсірілген.  

Мына мәселені айта кету қажет, кейбір техникалық мәселелерді сақтау «Мосалла» жобасын салу мерзімін табиғи түрде ұзартады. Мысалы, 6600 шарты метрлік намаз оқитын залдардың бірінде мүлде баған жоқ. Мұндай ғимаратты салу сәулет өнері тұрғысынан қызықты болуымен қоса, көп уақыт алады. Мұнымен қоса, намаз оқитын залдардың қабырғаларының ішкі бетін оюланған ағаштар мен керамикалық тақташалармен көмкеру атқарылар жұмыстың  нәзіктігіне байланысты көп уақыт алады. Әртүрлі намаз оқитын залдарда Құранның сүрелері тақташаларға жазылып жабыстырылған. Иранның ең үздік каллиграфтары осы тақташаларға сүрелер жазған.

Бағдарлама соңында Теһрандағы имам Хомейни(р.) атындағы үлкен мосалла ерекше аумақ пен салтанатқа ие болса да, онда исламдық мешіттердің қарапайымдығы сақталынғанын айту қажет. Бай ирандық-исламдық сәулет өнерін назарға алып, инженерлік құрылыс жасауға көңіл бөлу бұл мекенді салуда исламның рухани хикметіне көңіл аударылғанын көрсетеді. Күмбездер, мұнаралар, намаз оқитын залдар мен ауланың ашық галереялары тамашалаушыға ішкі тыныштық сыйлайды. «Мосалланың» өн бойына өрілген аяттардан төгілген нұрдан рухани кеңістікті көргендей боламыз. Осы жердегі діни декорациялар мен ирандық-исламдық сәулет өнерінің айшықты нақыштары діни-мәдени жұмыстарға арналған рухани жерді көрсетеді.