Қаз 23, 2016 17:50 Asia/Almaty

Теһран қаласы өзінің ерекше географиялық жағдайымен (Эльбрус тауының оңтүстік жағында орналасқан) қала халқы үшін таулы жердің таза ауасын сыйлады.

Теһранның атырабындағы жайлаулар – осы тұрғыны көп астананың  ең әдемі әрі жанға жайлы тартымдылықтарының бірі. Cол себепті бұрынғы замандардан-ақ Теһранға сапар шеккен кез-келген саяхатшы өз сапарнамасының бір бөлігін Теһранның жанға жайлы жайлауларын сипаттауға арнаған. Теһран халқы бұрыннан бері кез-келген мүмкіндікті пайдаланып, әсіресе аптаның аяғындағы демалыс кезінде қаланың атырабындағы жайлауларда демалып қайтуды әдетке айналдырған.

Рудбар-е Қасран аймағы – Теһранның солтүстігіндегі Шамиран ауданының бір бөлігі. Теһран халқының көбі оны «Ушан Фашм» деп атайды.

403 шаршы шақырым ауданды алып жатқан Рудбар-е Қасран аймағы Теһран қаласының солтүстігінен 30-50 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда жиырмадан астам әдемі де жасыл таулы ауыл орналасқан. Олардың әрқайсысы Эльбрус тауында әдемі жауһар тастай жарқырайды. Шынында да, олардың әрқайсысы илаһи табиғаттың сұлулығы мен ғажайыбының нышаны болып саналады.

Осы аймақтың ауылдары арасында Ушан, Фашм, Аһар, Имаме, Мейгун мен Шемшак ауылдары ерекше танымал. Шынымен-ақ, осы аймаққа қоюға болатын ең көрнекті атау – сол «Рудбар». Өйткені бұл аймақта үнемі сарқырап ағып жататын 8 өзен мен жүздеген тап-таза бұлақ бар. «Рудбардан» әдемірек қандай атау болуы мүмкін, өйткені жылдың төрт мезгілінде де бұл аймақта таза да тұщы сулы өзендер ағып жатады. Осы кіші өзендердің қосылуынан «Джаджрудж» өзені құралған. «Латиан» бөгеті – осы өзеннің бойына салынған Теһранды тұщы сумен қамтамасыз ететін бөгеттердің бірі.

Теһранның «Рудбар» аймағының теңіз деңгейінен биіктігі шамамен 1500 метрден басталады. «Шемшак» сияқты ауданның солтүстігіндегі ауылдардың теңіз деңгейінен биіктігі 2800 метрге жетеді. Аймақтың биік болғанына байланысты Рудбар-е Қасран ауылдарының ауа температурасы қыста минус 20 градусқа дейін, жазда күннің ең ыстық сағаттарында плюс 22 градусқа жетеді. Сондықтан бұл аймақтың ауылдарындағы ауа райы жазғы түндерде өте салқын да жанға жайлы. Бұл аймақ таулы болғандықтан оның егіс алқаптары  өте шектеулі. Аймақтың тұрғындары мал шаруашылығы, бау-бақша мен  туризм арқылы күн көреді.  

Рудбар-е Қасранға баратын жолдардың бойында көптеген мейрамханалар орналасқан. Олар жыл бойы жолаушыларды қабылдайды. Әсіресе жаз мезгілінде бұл мейрамханалардың жұмысы қызып тұрады. Бүгінгі бағдарламаның жалғасында осы аймақтағы ауылдардың кейбіріне қысқаша тоқталып өтеміз.

Рудбар-е Қасранның әдемі жайлауларының арасында Шемшак ауылы шаңғы тебу алаңының болуына байланысты қыстың суығында да шаңғы тебуді ұнататын адамдардың қалың легін қабылдайды. Шын мәнінде Шемшак – жылдың төрт мезгілінде де табиғатты сүюшілерді құшақ жая қарсы алатын жалғыз ауыл. Жазба деректер бойынша, Шемшактың тарихы 200 жылдан асады. Бұдан бұрын Шемшак Мазандеран облысынан Теһранға баратын қосалқы жолдың бойындағы кішкене демалыс орны болған.

Мазандеран облысындағы қалалардың бірінен басталатын жол Дамавандтың  бөктерінен өтеді де, Шемшактың әдемі табиғатына жетіп, сол жерден Рудбар-е Қасран арқылы Теһранға жетеді. Шемшак пен Теһран арасындағы қашықтық онша көп болмаса да, онда жазда ауа өте жақсы және өзінің тыныштығы мен сұлулығын әлі де сақтап қалған.

Жолдың оңтүстігіндегі тауға қарай өрлеген төбенің үстінен бүкіл Шемшакты бірден көруге болады. Шемшактың ең төменгі бөлігінде көне үйлер махаллесі бар, жоғарылаған сайын ауыл жаңарай түседі.

Шемшакта тегіс жер жоқ, сондықтан егін және мал шаруашылығына қолайлы жер аз, оның тұрғындарының көбі шаңғы тебуден жаттықтырады немесе осы спорт түріне қатысты жұмыстар атқарады. «Шемшак» халықаралық шаңғы тебу алаңы Теһранның солтүстік-шығысынан 58 км қашықтықта орналасқан. Бұл алаң алғаш рет  х.ш.ж.с.б. 1337 жылы (1958 жылы) қолданысқа берілді. Онда 2 жүк лифті (телесиж), тәрелке пішіндегі 3 аспалы жол мен балта түріндегі 2 аспалы жол бар. Бұл алаңның теңіз деңгейінен ең биік нүктесі 3050 метр, ал ең төменгі нүктесі 2550 метр. Алаңның ұзындығы  3000 метр,  онда шаңғы тебуге қолайлы уақыт – желтоқсан айының басынан сәуір айына дейін. Аталған алаңда шаңғы тебушілер қонатын орын бар. Бұл алаңның  мүмкіндіктеріне 2 қонақ үй мен 4 мейрамхана  жатады. Алаң қыс мезгілінде спортшылар мен табиғат сүюшілерді қабылдайды. Шемшактың айналасындағы  «Сарак чал» мен «Колун Бастак» сияқты биік шыңдарға барар жолда жылдар бойы  қар басып жатқан табиғи мұздықтарды көруге болады. Жаз кезіндегі жап-жасыл табиғатта қардың ақтығын көру адамға ерекше шаттық сыйлайды.  

«Мейгун» де Рудбар-е Қасран аймағының ең маңызды ауылдарының бірі. Ол да Шемшак жолының бойында ауасы жайлы жап-жасыл сайда орналасқан.  Ауылдың ортасынан өтіп жатқан Мейгун өзені жергілікті бақтарды қажетті сумен қамтамасыз етумен қоса, аймақтың ауасын реттеуде маңызды рөл атқарады. Шемшак пен Дизинге жету үшін осы жолдан өтетін адамдардың көбі әсіресе жаз айында аз күн болса да, Мейгун мен оның айналасында тоқтап, ауылдың сұлу табиғатын көріп, жанға жайлы ауасын пайдаланады. Мейгунның шығыс бөлігіндегі төбеде орналасқан «Мейгун» туристік кешені  аймақтың қонақтарын қабылдайды. Бұл кешенде үш қабатты бір қонақ үй,  бірнеше үй, мейрамхана, шайхана, балалар мен жеткіншектер үшін ашық алаң бар.

 «Аһар» – Рудбар-е  Қасран аймағының кіші, бірақ жап-жасыл ауылдарының бірі. Бұл ауылды ақ шыңдармен оралған көптеген таулар қоршап жатыр.  Осы  қарлы таулардан соғатын самал жел тіпті жаздың ортасында да қыстың салқын ауасын еске түсіреді. «Аһар» «аб» (су) және «һар» (тез) деген  екі сөзден тұрады. Ауылдың ортасынан ағып өтетін «салқын да тез су» деген мағына беретін өзен басында «Аб-е Һар» деп аталған, кейін біртіндеп «Аһарға» өзгерген.  

Аймақтың кеңдігі мен суы мол бұлақтарының болуы, шие мен жаңғақ бақтарының болуы, егін шаруашылығының ерекше жағдайы және «Аһар» ауылының тарихы оны аймақтағы басқа ауылдардан ерекшелендіреді.  Аһардың тарихы Сасанилер дәуірінен (Исламға дейін)  басталады. Ауылдың солтүстік-батысында асуы қиын таудың шыңында сақталған бір қамалдың қалдықтары бұл аймақта Сасанилер дәуірінен қалған ең көне ескерткіш  болып саналады. Жалпы алғанда бұл ауылдың ерекшеліктері демалыс күндері табиғатты жақсы көріп, тыныштықты қалайтын адамдардың қалың легін қабылдауға себеп болды.

Рудбар-е Қасран аймағында биіктігі 4000 метрден асатын 5 шың бар. Бұл шыңдар Теһранға жақын болуына және жеңіл жетуге болатынына байланысты альпинистердің сүйіп келетін орындарының бірі болып табылады. Бұл шыңдардың көбі Рудбар-е Қасран аймағының  солтүстігіндегі тауларда орналасқан. «Джансутун» шыңы Гярмабдар ауылының солтүстігінде, «Палан Гардун мен Хорсанак» шыңдары  Абник ауылының солтүстігінде, «Холену» шыңы Лалун ауылының солтүстігінде және «Клун Бастак» шыңы Дарбандсар ауылының солтүстігінде орналасқан.  Бұлар аймақтың 5 танымал шыңы болып саналады.

Теһранның атырабындағы сұлулықтар біз айтқан жерлермен шектелмейді. Теһранның солтүстігінде биіктіктері 3 мың метрден асатын көптеген шыңдар бар. Бүгінгі бағдарламада олардың бәрін таныстыра алмаймыз. Бұл биіктіктер Теһран қаласына да сұлу көрініс сыйлады. Қыс кезінде қарға оранған шыңдар алыстан өте әдемі картинадай көрінеді. Демалыс күндері халықтың қалың легі кәрі-жас пен балаға дейін Теһранның солтүстігіндегі альпинистік жолдармен жүріп, таза ауа мен жанға жайлы биіктіктерден өтіп, қайтып келгеннен кейін көтерілген рух және жадыраған денемен өз жұмыстарын жалғастырады.