Иранға сапар (191)
Иран кілемі – осы ел халқының құнды өнері мен өнеркәсіптерінің ең негізгі мұраларының бірі. Бұл құнды өнер Иран мен әлем халықтары арасында бұрыннан-ақ өзінің бірегей нақыштарымен ерекше танымал болған.
Бағзы замандардан-ақ Иран қолөнер кәсібінің символы болып саналатын осы дәстүрлі өнердің бұйымдары жұмыспен қамтумен қоса, мұнайдан кейінгі Иранның негізгі экспорттық тауарларының қатарына жатады және әлем халықтарына ирандық өнерпаздардың талғамы, өнері, шығармашылығы, бастамашылығы мен талпынынысының ең жақсы таныстырушысы болып табылады.
Иранның Кілем мұражайы Сефевилер, Қаджарлар мен Иранның қазіргі заман дәуіріндегі кілем тоқу өнерінің бірегей де көне туындыларының құнды қоры болып табылады. Кілем мұражайын аралағанда осы өнердің өзгеріс жолымен танысып, Иранның түкпір-түкпіріндегі кілем тоқу стильдерінің жалпы бейнесін көруге болады.
Иранның Кілем мұражайы бір жер асты бөлімі бар екі қабатты сегіз бұрышты ғимараттан тұрады. Ғимараттың сыртқы келбеті кілем тоқу құралына ұқсас салынған, ал іші қазіргі заман сәулет стилінде кілемдерді ғылыми тұрғыдан дұрыс сақтау шарттарына сәйкес салынған. Иранның көрнекті де құрметті сәулетшілерінің бірі Абдулазиз Фарманфарманиан мұражайдың ғимаратын жобалап, салуды өз міндетіне алған. Мұражай х.ш.ж.с.б. 1356 жылы (1977 жылы) ашылды. Ирандағы кілем тоқу өнері мен өнеркәсібінің тарихы, кілемдердің сапасы мен өзгерістеріне қатысты зерттеулер жинастыру, ирандықтардың қолдан тоқылған кілемдерінің түр-түрін сатып алу, Иран мен әлемнің басқа жерлерінің кілемдерінің уақытша көрмелерін өткізу мұражай мақсаттарының бірі саналады.
Мұражайдың көрмеге арналған ауданы 3400 шаршы метрді құрайды, онда қолдан тоқылған әртүрлі кілемдер мен тықыр кілемдерді көрсетуге арналған 2 зал бар.
Бірінші қабаттағы зал тұрақты көрмеге арналған, жоғары қабаттағы зал кілем мен тықыр кілемдердің уақытша көрмелерін өткізуге жобаланған.
Көрменің негізгі бөлігіне кіре берістегі екі бөлек витринада табиғи бояулар алынатын кейбір дәрілік өсімдіктер мен материалдар, соның ішінде анардың қабығы, жаңғақтың қабығы, ойран (риян), шашақгүл, индиго, ашудас пен сол сықылды өсімдіктер қойылған.
Басқа витринада кілем тоқуға арналған әртүрлі құралдар, соның ішінде әртүрлі қайшылар, ілмектер мен тарақтар орналасқан. Олардың жанында бір вертикалды кілем тоқу құралы орналасқан. Мұражайдың тоқушысы кілем тоқумен айналысып жатады. Тамашалаушылар кілем тоқудың әртүлі кезеңдерін көре алады.
Кілем мұражайында қолдан тоқылған кілемдер мен тықыр кілемдер олардың сапасы мен тарихи тереңдігі, қолданылған бояу түрлері, жоба, нақыш, тоқу түрі мен алуандығына байланысты классифиацияланып сақталынады.
Иранның Кілем мұражайында х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдан қазіргі заман дәуіріне жататын Иранның қалы кілемдерінің ең құнды үлгілері сақталынған, олар зерттеушілер мен өнер сүйерлер үшін бай дереккөзі болып саналады. Иранның Кашан, Керман, Исфахан, Табриз, Хорасан, Күрдістан және басқа да кілем тоқу орталықтарында тоқылған 135-ке жуық бірегей кілем бірінші қабаттағы залда жұрт назарына ұсынылған. Аталмыш кілемдер мен мұражайдың қоймасында сақталынған кілемдердің арасынан жүздеген көне кілемдер мен тықыр кілемдерді көруге болады. Олардың көбі теңдессіз.
Кілем мұражайының құнды кілемдері арасында Ирандағы кашандық тоқушылардың қолымен тоқылған 130:220 см көлеміндегі құнды да бірегей кілемшелер «Мырза Кучекхан Джангяли кілемшесі» деген атпен танымал. Бұл қолдан жасалған кілемшелер осы ұлттық және діни тұлғаның бейнесін әскери киімде мылтық пен оқ-дәрілі тапаншамен бейнелейді. Мырза бейнесінің үстінгі жағынан Мұла Махмуд зауытының аты мен таңбасын көруге болады. Осы таңбаны ескерсек, кілемшенің тоқылған уақыты Қаджар дәуірінің соңғы жылдарына жатады. Иранның кілемі әрдайым ең негізгі өнерлердің бірі ретінде назарда болғандықтан әдемі жобалар мен нақыштардың ауқымды бөлігін қамтиды. Әралуан жобалар қолданылған кілемдердің арасында сурет салынған кілемдер ерекше орынға ие. Бұл кілемдердің тоқылуы х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдың аяғында қайта басталып, қазіргі күнге дейін жалғасып келеді.
Әзірбайжанда тоқылған ең сұлу үлгілердің бірі ретінде Табризде тоқылған кілем-картинаны атауға болады. Оның жобасында сұлтан Махмуд Ғазнавидің сарайы салынған. Бұл кілемше 70 рәдж-қатарда (рәдж, яғни әрбір 7 см-дегі түйіндер саны. Бұл сан қаншалықты жоғары болса, кілем сапалырақ тоқылған болып саналады) х.қ.ж.с.б. 14 ғасырда (19 ғасырда) жібек жіптен тоқылған. Кілемнің түгі ретінде жүн мен жібек қатар қолданылған.
Бұл көрмеде Байсунгур «Шахнамасының» суреттері салынған кілемшелер жұрт назарына ұсынылған. Онда Иран әдебиеті, мифологиясы, діні, мәдениеті мен бай өнерінің бір бөлігі көрсетілген. Бұл туындылар ұстаз Мұсави Сейраттың кілем тоқу шеберханасында ирандық жас өнерпаздар мен тәжірибелі ұстаздың талғамы мен компьютерлік технологияның көмегімен жасалған.
Ұстаз Мұсави Сейраттың туындыларында шын мәнінде Байсунгур Шахнамасының 26 беті көрсетілген. Бұл «Шахнама» Ақсақ Темір мен оның ұлдары, әсіресе Байсунгурдың билігі кезінде салынып, онда Ақсақ Темір өнер мектебінің көріністері байқалады.
Көрменің кілемдерін тоқу х.қ.ж.с.б. 1371 жылы (1992 жылы) басталған. Туындыларды тоқу жұмысы 5 жылға созылған. Кілемдердің негізгі жібі жібектен, ал түйіндері жүннен жасалған. Тоқушы кілемдердің көлем тұрғысынан бірдей қалыпта болуына күш салған. Кілемшелерді тоқуда бояу да бір мезгілде атқарылған. Кілемшелердің жиегі болмаған, оларға дәстүрлі нақыштардан шабыт алған «ташири» жиегі таңдалынып алынған. Әрбір кілемшені тоқушының аты жиектің жоғары жағындағы жазбаларда келтірілген.
Иранның Кілем мұражайының бірегей үлгілерінің бірі – польшалық кілемдер. Польшалық кілемдер топтамасынан осы күнге дейін 300 кілем зерттеушілер тарапынан анықталды. «Польшалық» деп танылған кілемдерге Сефевилер дәуірінде шах Аббас сарайының кілем тоқу шеберханасында Польша патшалары мен ақсүйектерінің тапсырысымен немесе оларға сыйлық ретінде тоқылған Иранның ең құнды әрі ең танымал кілемдері жатады.
Осы кілемдерде алтын мен күміс талшықтармен араластырылған жібек жіп қолданылған.
Исфахан аймағы кілемдерінің ең тың үлгілерінің бірі – гүлі бедерленген жібек негіздегі кілемше. Ол тоқу тәсілі тұрғысынан өз түрінде бірегей. Осы кілемшедегі барлық нақыштар, гүлдер мен жануарлар 65 қатарда ең жақсы жүнмен бедерлене тоқылған. Жануарлардың денесін табиғи түрде бедерлей салу мақсатында кілемді тоқуда әртүрлі 38 қайшы қолданылған.
Теһранда тоқылған үлгілердің арасынан әлемдегі ең көне кілемнің көшірмесін нұсқасын айтуға болады. Ол мұражайдың кілем тоқу құралының жанына ілінген. Бұл кілем х.қ.ж.с.б. 14 ғасырдың аяғында Теһранда тоқылған. Аталмыш кілем нақыш, бояу, көлем мен түйін түрі мен ұсақ тоқылуы тұрғысынан әлемнің ең көне кілеміне, яғни «пазирик» кілеміне сәйкес тоқылған.
«Пазирик» кілемі 1949 жылы Сібірдің оңтүстігінде табылған, ол Ахеменидтер заманында (б.з.д. 5 ғасырда) ирандық тәсілмен тоқылған деп саналады. Бұл кілем тоқылу тәсілі тұрғысынан кемеліне жеткені соншалықты, Ахеменидтер заманында Иранда кілем тоқу өнері болған деп нәтиже шығаруға болады. Бұл үдеріс б.з.д. 5 ғасырда дамудың ұзақ жолын бастан өткеріп, Ахеменидтер заманында өзінің шарықтау шегіне жеткен. Аталмыш кілем 83,1х2 метр көлемде тоқылған.
Айта кету қажет, Иранның кілем тоқу өнерінен қалған туындыларды ұсынумен қатар бұл мұражайда кілемге байланысты зерттеулер жасалып, мәдени шаралар атқарылады. Мұражайдың мамандандырылған кітапханасы парсы, араб, француз, ағылшын және неміс тілдеріндегі 3500 томға жуық кітаппен зерттеушілер мен өнерпаздарға беделді дереккөзін пайдалануға береді. Мұнымен қоса, мұражайдың кітапханасында Иран мен Шығыс кілемдеріне қатысты ең жақсы кітаптар, басылымдар мен зерттеулер, жалпы алғанда, Иранның діні, өнері мен әдебиетіне қатысты кітаптар бар. Кітапхананың жанында мұражайдың кітап дүкені орналасқан.
Сонымен қатар мұражайды тамашалаушылар қолдану үшін Иранның кілем мен тықыр кілем тоқу және басқа да қолөнер түрлеріне қатысты фильмдер мен слайдтар көрсетілім залында жұрт назарына ұсынылған. Иранның Кілем мұражайы қосалқы қызметтер мен мүмкіндіктерге ие, онда жөндеу шеберханасы, оқу орталығы, конференц-зал, фильм залы, шайхана, классификацияланған ғылыми қойма мен мамандандырылған кітапхана бар. Ол Иранның ең жақсы жарақталған өз түрінде бірегей мұражайы болып табылады.