Қаз 23, 2016 17:56 Asia/Almaty

Қазіргі заманда қала өмірінің ең маңызды көріністерінің бірі саналатын мұражайлар өмірдің барлық салаларында, соның ішінде білім беру және өнер салаларында маңызды міндет атқарып, құнды орынға ие.

Бүгінде мұражай  ашу дегеніміз уақытты көңілді өткізу үшін белгілі бір жерге көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қою деген мағынаны білдірмейді. Мұражайдың  негізгі және маңызды мақсаты мәдени, көркемдік және тарихи тұрғыдан ой салу болып табылады.

Әрбір елдің тарихы мен өркениетін ескере отырып, бүгінде мұражайлар бір ұлт өркениетінің айнасы болып саналады. Теһранның көптеген түрлі тартымдылықтарының арасында мұражайлар ерекше орынға ие. Иранды көруге келетін туристерлің көбі Теһранның көптеген мұражайларын аралауды өз бағдарламасына енгізеді.

Иранның Ұлттық асыл тастар қоры әлемнің ең қымбат асыл тастарының құнды қоры болып табылады. Олар әртүрлі дәуірлерде жинақталған. Қордағы асыл тастардың сұлулығы көзді қарықтырып, ойға батырып, бағалауға итермелейді. Бұл қордың әрбір тасы осы елдің шарықтаулар мен құлдырауларға толы тарихын еске салады және Иран халқының көркемдік талғамы мен жасампаздығын көрсетеді.

Асыл тастар мұражайындағы таңғажайып алтындар мен інжулерді көру олардың тарихы мен қалай жиналғандығы туралы ойлауға итермелейді. Бұл қор бір жағынан Иранның көне мәдениеті мен тарихын, ата-бабаның шытырман оқиғаларға толы өмірінің бір бөлігін баяндайды, ал екінші жағынан Иранның залым патшаларының дүниеқоңыздығы мен мақтаншақтығынан жапа шеккен халықтың көз жасын көрсетеді.

Иран Ислам революциясы жеңіске жетіп, Ирактың Иранға таңған соғысы басталғанда бұл сирек кездесетін қор ИИР Орталық банкінің қызметкерлері мен сарапшыларының талпынысымен сақталынған.

Иранның зорлық-зомбылық көрген халқының мал-мүлкін талан-таражға салып, оларға ең ауыр қысымдарды таңу арқылы патшаларды безендіру үшін жинақталып, бүгінде осы мұражайда сақталынған асыл тастар Ислам революциясынан кейін халықтың мүддесіне сай қызмет етіп, мемлекеттік қордың тірегі болып табылады.

Сефевилер дәуіріне дейінгі Ирандағы асыл тастар қорының сапасы мен саны туралы нақты мәлімет жоқ. Шетелдік саяхатшылар, соның ішінде Жан-Батиста Таверние, Шевалье Шарден, Шарли ағайындары мен басқалардың жазуынша, Сефевилер патшалары өздерінің 2 ғасырлық билігі барысында (х.қ.ж.с.б. 907-1147 жылдар, сәйкесінше 1501-1734 жылдар) сирек кездесетін асыл тастар жинап, Сефеви үкіметінің  мамандары Үндістан, Осман және Франция мен Италия сияқты еуропалық елдердің базарларынан асыл тастарды сатып алып, елдің астанасы Исфахан қаласына алып келіп отырған.

Сефевилер әулеті билігінің соңғы жылдарындағы бүлік пен Надыршах қаза болғаннан кейін асыл тастардың маңызды бөлігі талан-таражға түсіп, қазынада қалған басқа бөлігі Қаджарлар заманына дейін аса өзгере қоймады.

Сол заманда Иранның кен орындарынан өндірілетін бағалы тастардың бірі саналған көгілдір ақық (бирюза) мен Парсы шығанағынан ауланатын інжу қазынаның қорын толтырды. 19 ғасырдың ортасында осы топтаманың бағалы тастарының көбі  бөлек күйде сақталған. Алайда бұл дәуірде  асыл тастардың бір бөлігі Жер глобусы мен көптеген тәждерді безендіру үшін қолданылған.

Қазіргі асыл тастар қорының ғимараты х.ш.ж.с.б. 1334 жылы (1955 жылы) салынған, ал х.ш.ж.с.б. 1339 жылы (1960 жылы) Иран Орталық банкінің мұрындық болуымен мұражай ашылып, осы банкке тапсырылды. Қазір де осы банктің қорғауына алынған. Иранның Ұлттық асыл тастар топтамасының көркемдігі, тарихи құндылығы мен бірегейлігі соншалықты, әлемнің ең шебер мамандары мен бағалаушылары да оның шынайы немесе шамалы құндылығын есептей алмады. Мына жайтты айта кету қажет, «Ұлттық асыл тастар қорында» бар асыл тастардың маңыздылығы оның экономикалық құнымен шектелмейді, әртүрлі тарихи кезеңдердегі ирандық өнер иелерінің талғамын да көрсетеді, өйткені олар кең байтақ Иран елінің тарихы мен көркем өнерінің мұрасы болып табылады.

Иран Орталық банкінің Асыл тастар мұражайы салонына кіргенде бірінші кезекте салонның қараңғылығы байқалады, бірақ келесі сәтте көптеген витриналардың ішіне қойылған мыңдаған сирек кездесетін асыл тас жарқырағанда бұл кеңістікке жарықтың қажет еместігін түсінеміз. Асыл тастар мұражайындағы тастар мен бұйымдар 36 бөлімге бөлінген. Бұл бөлімдер әралуан бұйымдардан, соның ішінде әшекей бұйымдар, тәждер мен жартылай тәждер, қарқара, гүлдан, қазан қақпақтары, қорқор, айна, мина шөлмектері, шамдан, көгілдір ақық, қылыш, қанжар, қалқан, сағат, қаламсалғыш, темекі сауыт, лағыл және жақұтпен көмкерілген заттар, мылтық, аса, медаль, түйреуіш, танамоншақ пен інжу моншақтардан тұрады. Кейбір витриналарда топтамаға сәйкес гауһар, зүмірет, жақұт, лағыл, інжу мен көгілдір ақық сияқты қымбат тастармен безендірілген ыдыстар мен заттарды көруге болады.

Мұражайда сақталынған заттардың көбі ирандық көрнекті өнер иелерінің қолымен жасалған, бірақ олардың арасында Иранның сарай маңындағыларға сыйланған сирек кездесетін кейбір заттарды көруге болады.

Осы теңдессіз мұражайдың ең әйгілі асыл тасы – «Нұр теңізі» деп аталатын әйгілі алмас тас. Оның салмағы 182 карат, ал түсі – алқызыл. Ол өте сирек кездесетін алмастың түрі. Х.ш.ж.с.б. 1344 жылы (1965 жылы) ұлттық асыл тастарды зерттеу кезінде канадалық ғалымдар осы алмас туралы қызық мәлімет тауып алған. Атақты француз саяхатшысы мен асыл тастарды бағалаушысы Таверние өзінің кітабында 242 караттық алқызыл алмас туралы айтып, 1642 жылы оны Шығыста көргенін жазып, оның жобасы мен көлемін өз кітабында баяндап, оны алмас немесе үлкен тақта (Grand Table Diamante) деп атаған. Бұл алмастың түсі мен пішіні канадалық ғалымдардың  назарын аударған. Олардың сенімінше, «Нұр теңізі» мен «Көздің нұры» атты алмастар шындығында бір алмасты құраған, содан соң екіге бөлінген. Оның үлкен бөлігі «Нұр теңізі» деп аталып, ал 60 караттық кіші бөлігі «Көздің нұры» деп аталады. Ол қазір мұражай қорларының біріндегі жарты тәждің ортасында орналастырылған.

Иранның Ұлттық асыл тастар мұражайында сақталған ең үлкен туындыларының бірі «Тахт-е товус» (Тауыс төсегі) деп аталады. Ол Фатхәли шахтың кезінде 26733 асыл тастан тұратын 12 бөліктен жасалған. Фатхәли шахтың бұйрығымен х.қ.ж.с.б. 1216 жылы Исфаханның билеушісі Низам ад-Доуле Мұхаммад Хосейнханға қазынадағы асыл тастар мен алтыннан үлкен салтанатты төсек жасалған. Төсектің бас жағына салынған күнге байланысты ол «Тахт-е Хуршид» (Күн төсегі) деген атпен танылған.

«Тахт-е Хуршид» жылдар бойы осы атпен аталған. Фатхәли шах Тавус Тадж ад-Доулеге үйленген кезден бастап осы патшайымның атымен төсек «Тавус» деген атпен танылды. Фатхәли шах қайтыс болғаннан кейін ұзақ жылдардан соң салтанатты асыл тастар мен сирек кездесетін заттарға ерекше қызыққан Насыреддин шах аталған төсекті жөндетіп, оның пішінін аздап өзгертуге бұйрық береді. Соның ішінде  Насыреддин шахтың жөндеуге бұйрық бергені туралы мазмұндағы өлең төсектің айналасындағы ағашта насталиқ жазуымен бөлек месрада (жолда) алтын түстің бетіне қою көк түспен жазылған. Аталған төсек х.ш.ж.с.б. 1360 жылдан (1981 жылдан) бастап «Гүлістан» сарайының залында сақталынады. Осы кезден бастап бұл төсек ИИР-ның Орталық банкінің асыл тастар қазынасына тіркеліп, соның қарауына берілді.

Х.қ.ж.с.б. 1291 жылы (1874 жылы) Насыреддин шахтың бұйрығымен бір топ ирандық өнер иелері тарапынан асыл тастан жасалған Жер глобусы – осы мұражайдың басқа бір таңғажайып бұйымдарының бірі. Осы шарда қолданылған таза алтынның салмағы – 34 кг, асыл тастардың салмағы – 3656 гр. Бұл шарда 51366 асыл тас бөлігі қолданылған. Шардың бетінен жарқыраған тастардың жылтыры арасынан әртүрлі елдерді табу өте қиын. Теңіздер зүміретпен, құрлықтар жақұтпен, Азияның оңтүстік-шығысы, Иран мен Ұлыбритания алмаспен белгіленген. Мұнымен қоса, Үндістан ашық жақұтпен, Африканың орталық бөлігі мен оңтүстігі қою түсті жақұтпен, экватор сызығы мен басқа да географиялық сызықтар алмаспен белгіленген. Шардың диагоналы шамамен 66 см, ол асыл таспен көмкерілген алтыннан жасалған тұғырдың үстіне қойылған.

Бұл мұражайда асыл тастармен көмкерілген құнды тәждер сақталынады. Соның ішіндегі алмас, зүмірет, жақұт және інжумен көмкерілген Фатхәли шахтың тәжі «Киани тәжі» деп танылған. Аталмыш тәж Фатхәли шахтың заманында жасалып, Қаджарлар сұлтандарында қолданыста болған.  

Бұл тәж Ахеменилер мен Сасанилер дәуірінен кейін осындай күйде жасалған алғашқы тәж болып табылады. Мұражайдың басқа бір бөлігінде Резахан Пәхләви мен оның ұлы қолданған тәж бар.

Бұл тәж алтын мен күмістен жасалып, өте жоғары дәрежелі гауһар, ірі зүмірет, көк жақұт және інжумен көмкерілген.  Басқа бір бөлігінде Пәхләви жанұясының мүшелеріне арнайы жасалған көптеген асыл тасты бұйымдар сақталынады.

500 караттық «Самери лағылы» әлемдегі ең үлкен лағыл болып табылады. Ол да осы мұражайдың бірегей ескерткіштерінің бірі саналады.