Аптаның экономикалық журналы (86)
Осы аптада Теһран Венесуэланың президентін қабылдады. Венесуэла президентінің келіссөздері мен кездесулерінің бір бөлігі ОПЕК мәселелері мен мұнай бағасының арзандауынан туындаған дағдарыс мәселелері туралы кеңесулер шеңберінде өтті.
Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи Венесуэла президенті Николас Мадуромен кездесуінде АҚШ-тың Азияның батысындағы саясаттары мен жоспарларының іске аспағанына тоқталып, мұнай бағасының арзандауы мәселесін АҚШ-тың тәуелсіз елдерге қысым көрсету өзегі деп атап: «Қысымдарға қарсы шара қолдану арқылы саналы түрде қарсыласу және табандылық көрсету міндетті түрде жеңіске алып келеді» деп қуаттады.
Ислам Революциясының жетекшісі осы аяда тәуелсіз елдерге қазіргі кездегі қиыншылықтарды таңу үшін мұнай қаруын пайдалану туралы баяндап: «Бұрын кейбір исламдық елдер сионистік режимге қарсы тұру үшін өз мұнай өндірісін тоқтатқан кезде батыстықтар мұнай мәселесін саяси мақсатта пайдаланғаны үшін жанжал тудырған еді. Алайда, өкінішке орай, бүгін сол елдер ОПЕК-тің кейбір мүшелері және сол саясаттардан зиян шегіп отырған біздің аймақтың кейбір елдерімен бірігіп, АҚШ-тың саясаттарымен бағыттасып, мұнайды қару ретінде қолданып отыр. Саналы саясаттарды пайдаланып, ынтымақтастықтарды арттыру арқылы бұл қастықтар мен дұшпандықты бейтараптандыруға болады» деді.
Осы кездесуде Венесуэла президенті соңғы екі жылдағы мұнай бағасының күрт төмендеуіне тоқталып: «АҚШ империализмі Венесуэлаға қарсы көптеген араласушылық және дұшпандық әрекеттер жасады. Бірақ Венесуэла халқы осы экономикалық соғысқа қарсы тұрып, қазір біртіндеп экономикалық дағдарыстан шығып келеді» деді.
Әлемдік мұнай нарығының жағдайының өзгеруі туралы оң болжамдар айтылуда.
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-тің басшысы жексенбі күні мұнай өндіруші елдер арасындағы байланыстарды нығайту қажеттігін қуаттады.
ОПЕК-тің басшысы әрі Катардың Энергетика және өнеркәсіп министрі Мұхаммад Салех Абдолла ас-Сада Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдерден жиналған өз әріптестерінің қатысуымен Сауд Арабиясының астанасы Рияд қаласында өткен отырыстан кейін өткізген баспасөз маслихатында: «Болашақта біз ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің арасында өзара түсіністікті нығайту үшін қарым-қатынасты арттырып, байланыстарды көбейтуіміз қажет» деді.
28 қыркүйек күні ОПЕК-ке мүше елдер өткен сегіз жылда алғашқы рет осы ұйымның мұнай өндірісін азайту мәселесі бойынша келісімге келді. Осы ұйым үшін өндіріс деңгейі күніне 32,5-33 миллион баррель болып белгіленді. Бірақ әрбір ел үшін жеке-жеке шектеу қойылған жоқ. ОПЕК-ке мүше елдер 30 қараша күні осы ұйымның Венада өтетін отырысында мұнай өндірісінің көлемі жөнінде келісімді қорытындылайтын болады. Мұнай нарығының жағдайын жақсарту үшін ОПЕК-ке мүше емес елдер, соның ішінде Ресей осы келісімді қуаттайды деп күтілуде.
Әлемдік банктің экономика жөнінде жоғары лауазымды маманы Джон Бавис өткен аптада жасаған бір мәлімдемеде: «Біз алдағы жыл үшін отынның, әсіресе мұнай бағасының жоғарылауын болжап отырмыз. Алайда болашақ туралы біраз күмәндар әлі де бар. Осы келісімнің тарауларын жүзеге асыру мұнай нарығына ықпал ететін болады» деді. Әлемдік банктің болжамына сәйкес, мұнай, табиғи газ және тас көмір сияқты отын түрлерінің бағасы алдағы жылы 25 пайызға қымбаттайды. Ағымдағы жыл үшін мұнай бағасы қазіргі деңгейде, яғни әр баррельге 43 доллар көлемінде сақталып қалмақ.
Теһран Босния және Герцеговинаның президенттік кеңесінің төрағасын қабылдады.
Босния және Герцеговинаның президенттік кеңесінің төрағасы Бакир Изетбегович дүйсенбі күні кешке Теһранға келді. ИИР Президенті Хасан Рухани мен Бакир Изетбеговичтің сейсенбі күнгі келіссөздерінің аясында Иран мен Босния және Герцеговина арасында сауда-инвестициялық ынтымақтастықтарды кеңейту үшін өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Сауда-инвестициялық ынтымақтастықтар меморандумына Иранның өкілі ретінде Иранның Сауда, тау-кен және өнеркәсіп министрінің орынбасары Әли Яздани мен Босния және Герцеговина тарапынан осы елдің Экономикалық қатынастар және сыртқы сауда министрі Мирко Сарович қол қойды.
Екі елдің экономикалық мүмкіндіктері қазіргі деңгейге қарағанда әлдеқайда жоғарырақ болып табылады. Сондай-ақ, екі елдің экономикалық бөлімдерде, әсіресе, энергетика, мұнай-химия, ауылшаруашылық және туризм салаларында көптеген мүмкіндіктері бар. Иран Босния және Герцеговинамен білімі және тәжірибелерімен алмасуға әзір. Босния және Герцеговина тәуелсіздігін алғаннан кейін екі ел арасында бірнеше экономикалық келісімге, соның ішінде, кәсіпкерлік, банктік, ортақ инвестиция, тасымал салаларында, сондай-ақ, екі елдің сауда палаталары арасындағы ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол қойылды.
Финляндия президенті сейсенбі күні таңертең жоғары деңгейлі саяси-экономикалық делегацияны басқарып, Теһранға келді.
Финляндия президенті Саули Нийнистенің Теһранға сапары экономикалық қатынастарды кеңейту мақсатын көздейді.
Финляндия президенті осы сапарында Иран қайраткерлерімен кездесіп, екіжақты, жан-жақты және екі елдің экономикалық байланыстарын арттыру мәселелері туралы сұхбаттасты.
Мұнай-химия саласындағы белсенді компаниялардың бірі Total мұнай компаниясы Ирандағы жұмыстарын кеңейтуге мүдделі. Осы франциялық ірі компания басшыларының айтуынша, Иранға технология және капитал жөнелту үшін «ұтыс-ұтыс» қағидасына негізделген бір ынтымақтастық жасау көзделіп отыр.
Ерик Кане ШАНА-ға берген сұхбатында Иранның мұнай және газдың ауқымды көздері мен білікті әрі оқыған мамандарына тоқталып: «Иранның мұнай және газдың өңдеуші саласында ілгерілеуі үшін көптеген жақсы мүмкіндіктері бар. Мұнай-химия саласындағы ирандық компаниялар өте мықты. Иран аймақ пен әлемде мұнай-химия өнімдерін шығаратын басты елдердің біріне айналу мүмкіндігіне ие» деді.
Total-дың Ирандағы өкілі халықаралық компаниялардың Иранмен ынтымақтастықтарды кеңейтудегі қиындықтарына тоқталып, қаржылық көздерді қамтамасыз етуді АҚШ-тың жоймай отырған кейбір сакнцияларының кесірінен халықаралық компаниялардың Иранмен әріптестік жасаудағы кедергілердің бірі деп атады. Ол Иранға ақша аударымдары туралы: «Санкциялар азайды. Бірақ Иранға инвестиция салу үшін капитал жөнелту әлі де қиындықпен бетпе-бет келіп отыр» деді. Ерик Каненің айтуы бойынша, Иранның мұнай өнеркәсібінің түйткілдері мен қиыншылықтарын шешу және жобаларды ілгерілету біраз уақыт алады, бірақ оның көкжиегі жарқын. Ол Иран мен Батысты ұзақ мерзімді әріптестік жасау мақсатында ортақ түсіністікке жету үшін келіссөздерді жалғастыруға шақырды.
Иранның мұнай өнеркәсібі алтыншы бағдарлама бойында 130 миллиард доллар көлемінде инвестицияны қажет етеді.
Бижан Намдар Зангане жексенбі күні таңертең «Мұнай өнеркәсібіндегі серіктестік келісімшарттары мен инвестицияның қаржылық құралдарындағы түйткілдерді талқылау» атты конференциясында мұнайдың елдегі инвестиция мен дамуды ілгерілететін басты құрал екенін айтып былай деді: «Алтыншы бағдарламада мұнай өнеркәсібі 200 миллиард доллар көлемінде инвестицияны қажет етеді. Оның ішінде өндіруші бөлімнің үлесі 130 миллиард доллар болып табылады. Ұлттық экономикада осындай мөлшерде инвестицияны қажет ететін бөлім жоқ. Мұнай өнеркәсібіне салынған инвестиция 5-6 жылдың ішінде өзін ақтап, елдің кірісінің артуына себеп болады». Зангане өнеркәсіпті елде жұмыс орнын ашудағы маңызды бөлімдердің бірі деп атап, бір ұңғыманы қазу үшін 300-400 жұмыс күшінің қажет екендігін айтты.
Арменияның Қаржы министрі Вартан Арамиян мен Иранның Еревандағы елшісі Сейед Каземи Саджади ірі жобаларды жүзеге асыру және экономикалық қатынастардың мөлшерін қазіргі 3 миллион 250 мың долларлық деңгейден жоғарылату үшін екі елдің ынтымақтастық жасауына мүдделік танытып: «Армения әрдайым халықаралық және аймақтық алаңдарда Иранның жобаларын қолдап келеді. Себебі Иранның экономикалық өсуі Армения үшін оң әсерлерге ие» деді.
Осы кездесуде Иранның Армениядағы елшісі бұрынғы келіссөздердің нәтижесінде екіжақты экономикалық ынтымақтастықтар мен қарым-қатынастарды кеңейту үшін жағдайдың жасалғанын мәлімдеді.
Иран көршілес елдермен жақын әрі достық қатынасқа негізделген принципті саясаттың аясында энергетика, тасымал және транзит, өнеркәсіп және сауда салаларындағы өзінің Армениямен ынтымақтастықтарын кеңейтуге әзір.
Екі елдің энергетика жөнелту және макро жоспраларының экономикалық жұмыстары саласындағы ынтымақтастықтары реттеліп, жүзеге асырылып жатыр.
Иран мен Ресейдің оңтүстігі арасындағы үшінші өнеркәсіп көрмесі мен конференциясын ұйымдастыру істерінің директоры бұл аймақтың Иранның экспортындағы үлесінің 60 пайызын құрайтынын, ирандық тауарларды шетелдерге жөнелтуде ең аз шығынды қажет ететін бағыттың Бандар Анзали-Астрахань порты болып табылатынын мәлімдеді.
Сауданы дамыту ұйымының қоғамдық қатынастар бөлімінің мәлімдеуінше, Хасан Мортаджа: «Иранның Ресейдің оңтүстігіне жөнелтетін экспорттық тауарының соңғы бағасына әсер ететін тасымалдың шығының аз болуы осы елмен мұнайдан тыс экспорттың көлемін арттырудың маңызды екенін көрсететін фактор» деді. Ол Иранның үшінші көрмесінің Ресейдің оңтүстігіндегі Волга өзенінің жағасында орналасқан Астрахань қаласында өтетінін айтып: «14 облысты қамтитын бұл аймақ Иранға жақын қашықтықта орналасып, тауар тасымалына шығынды аз қажет ететіндіктен, ауылшаруашылық өнімдері сияқты өздеріне қажетті негізгі тауарларды Ираннан алады» деді.
Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, Иран мен Ресейдің 1 миллиар долларды құрайтын сауда айналымының 60 пайызы Ресейдің оңтүстігіне тиесілі. Иранның Ресейдің оңтүстігіндегі Волга өзенінің жағасындағы көрмесі ирандық және ресейлік кәсіпкерлері үшін сауда байланыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік тудыру мақсатында өткізіледі.
Иран мен Ресейдің үшінші көрмесі мен конференциясы 7-9 қараша күндері өтеді.
Осы аптада Лондонда Иранның мамандандырылған көлік жасау өнеркәсібінің көрмесі өтті.
ИРНА-ның хабарлауынша, Иранның мамандандырылған көлік жасау өнеркәсібінің көрмесін өткізу үшін жауапты тұлға Мұхаммадреза Ханзаде Лондонда тілшілерге берген сұхбатында: «Иранның Лондондағы үш күндік көлік жасау өнеркәсібінің көрмесі Иранның Сауданы дамыту ұйымының шешімі және Бейруттегі халықаралық көрмелер өткізу мекеніндегі Иран елшілігінің үйлестіруі және әріптестігімен өткізілді» деді.
Iran Khodro, Saipa, Iran Khodro Diesel, Saipa Diesel, Pars Khodro, Zamyad көлік жасау топтары мен ISACO және Sade Gostar Saipa сияқты бөлшек жасау топтары Иранның мамандандырылған көлік жасау өнеркәсібінің көрмесіне қатысқан ирандық компаниялардың қатарын құрады.