Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) – жетекшіліктің жарқын нұры 16
Құран Кәрімде Исламның ұлық пайғамбарының көптеген ерекшеліктері баяндалған. Олардың барлығын әр тұрғыдан қарастыруға болады. Бірақ Құранның көзқарасы бойынша пайғамбардың өмірбаянындағы ең маңызды ерекшелік хазіреттің ахлағы болып табылады.
Тек ислам әлемінің ойшылдары мен ғалымдары ғана емес, сонымен қатар Батыс пен Шығыстың зерттеушілері өз көзқарастары бойынша Алла елшісі туралы көптеген зерттеулер жүргізіп, Исламның ұлық пайғамбарының жеке, қоғамдық, мәдени және саяси тұрғыларын талқылап, әр тұрғысының таңғалдырарлық ерекшеліктерге ие екендігіне көздері жетті. Құран Кәрімде Исламның ұлық пайғамбарының көптеген ерекшеліктері баяндалған. Олардың барлығын әр тұрғыдан қарастыруға болады. Бірақ Құранның көзқарасы бойынша пайғамбардың өмірбаянындағы ең маңызды ерекшелік хазіреттің ахлағы болып табылады. Құран: «Шын мәнінде, сен әлбетте, ұлы мінезге иесің»,- деді. («Қалам» сүресі, 4-ші аят). Сарапшылардың кейбіреулері Исламның ұлық пайғамбарының көркем әрі айбынды мінезін шындықтың жолында сабыр сақтаушы, кешірімді, ісін ойланып жасаушы, Аллаға қарай шақыру жолында ымырашылық пен табандылыққа берік, қызғаншақтықтан ада деп сипаттады. Бұл сипаттардың барлығы Алла елшісінің болмысында қалыптасқанымен, Алланың мадағына ие ең танымал ерекшелігі хазіреттің ахлағы саналады. Бәлкім, сол себепті де болар, хазіреттің айқын ерекшелігі туралы көптеген хикаялар мен тарихи кітаптарды және рауаяттарды кездестіруге болады. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның хадистерінің бірінде: «Әкем имам Әли (ғ.с.)-нан пайғамбардың ахлағының ерекшелігі туралы сұрағанымда ол «Пайғамбар өзінің қасындағы адамдарға қамқорлық білдіріп, жұмсақ мінезімен қарым-қатынас орнатты. Еш уақытта қатыгез, тасжүрек болған емес. Ешкімді балағаттамайтын, ешкім туралы ғайбат айтпайтын. Оның үйінің есігінің алдына келген ешбір адам үмітсіз кетпейтін. Айтысып-тартысу, көп сөйлеу және өзіне қатысы жоқ жұмысқа араласу сынды үш нәрседен алыс жүретін. Халықпен қарым-қатынас орнатқан кезде ешкімді ренжітпейтін, айыптамайтын және адамның жасырын кемшіліктерін әшкере етпейтін. Илаһи сауаптарға ие болатын істерден басқа істер туралы еш нәрсе айтқан емес. Хазірет сөйлеген кезде басқалар үнсіз тыңдап, пайғамбар сөзін аяқтағаннан кейін ғана сөйлейтін. Бірақ адамдар еш уақытта хазіреттің алдында ұрыспайтын. Бөгде немесе алданған адам хабарсыздықпен ашуланса, сабыр сақтап, «Мына адамға қажетін беріңдер» деген. Хазірет еш уақытта басқаның сөзін бөлмейтін»,- деп жауап берді.
Егер пайғамбардың ахлағының адамгершілігі мен тартымдылығы болмағанда надандық кезеңнің артта қалған халқы исламды қабылдамайтын еді, мұсылман болмайтын еді. Исламның ұлық пайғамбары адамды тәрбиелейтін құндылықтардың маңыздылығын білдіру үшін: «Мен ахлақи ерекшеліктерді кемелдендіру үшін пайғамбарлық міндетке сайландым»,- деген. Осыған орай Құран Кәрім Исламның ұлық пайғамбарын үлгі етіп таныстырып, мұсылмандарды хазіреттен үлгі алуға шақырады. Өйткені ахлақи құндылықтар жеке адам мен қоғамдық қарым-қатынастарды нығайтып, махаббат пен достық қалыптастыруда және бұл әлемдегі исламдық үмбеттің ықпалын күшейтуде маңызды рөл атқарады, сонымен бірге адамның ақыреттегі тағдырына әсер етеді. Сол себепті Алла елшісі: «Қиямет күні сендердің ең қарапайымдыларың әрі мінез-құлқы жақсыларың маған ең жақын болады»,- деген. Келесі бір сөзінде хазірет: «Алланың алдында ең сүйіктілерің – мінез-құлқы басқалардан жақсыларың, яғни қарапайым, басқалармен достық қарым-қатынас орнатушы және халыққа жақындарың»,- деген. Ахлақи ерекшеліктер адамдардың әдетіне айналған, әрі белгілі бір уақыт пен бір мекенмен шектелмеген жағдайда құнды болады. Яғни, әрқашан өмір бойы, барлық жағдайларда адамның ішкі болмысына әсер етіп, әрқашан ахлақи және адами негіздерге табанды болу керек. Исламның ұлық пайғамбары әулетінің жоғары қасиеттерін сипаттайтын «Зиярате джам’е»-де: «Сіздердің әдеттеріңіз – жақсылық жасау, сіздердің мінез-құлықтарыңыз адамгершілік және жомарттықпен астасқан»,- деп айтылған. Сондықтан, егер ахлақи іс-әрекеттер кейбір уақытта ғана орын алып, тұрақты болмаса, мұндай адамның ахлағын жақсы деп айтуға болмайды. Басқаша айтқанда, адам егер бір кезде жұмсақ мінезді, басқа кезде тез ашуланатын болса, бірде қолы ашық, кейде сараң болса, кейбір жағдайда қарапайым, басқа жағдайда тәкаппар болса мұндай адамды мінез-құлқы жақсы, үлгі болатын адам деп атауға болмайды. Қорыта айтқанда, Исламның ұлық пайғамбарының өміріне қатысты туындайтын маңызды сұрақ мынадай: «Ұлы Алла пайғамбардың көптеген ерекшеліктері мен қасиеттерінің ішінен неліктен мінез-құлқын атады?» және «Алланың елшісі неліктен исламдық үмбеттің ахлақтың жағымды тәсілдері және іс-әрекеттерімен безенгенін қуаттайды?» Бұл сұрақтарға жауап беру үшін адамдардың «халқ»-жаратылысы және «холқ»-мінез-құлқы деген сыртқы және ішкі жаратылыстарының бар екенін есімізге алуымыз керек. «Халқ» – адамның сыртқы физикалық жаратылысы. Бір адамның бойы биік, екіншісі қысқа, біреу әдемі, келесі адам сұрықсыз, біреу ақ түсті, басқа біреу қара түсті, яғни әрбір адам ерекше түр мен түске ие болуы мүмкін. Бірақ адамның сыртқы ерекшеліктерінің ешбіреуі исламның негізгі мәдениетінде адамның құндылығын білдірмейді және ешбір адамға артықшылық бермейді. Алайда, «холқ» – адамның ішкі жаратылысының негізі. Адамның шынайы беделі «холққа» қатысты. Сыртқа жаратылысында міні бар, бірақ ішкі жаратылысы ахлақ тұрғысынан жақсы адамдар қандай бақытты!... Мұндай адам Ислам дінінде жоғары орынға ие. Исламның ұлық пайғамбары басқа илаһи пайғамбарлар сынды Ұлы Алла тарапынан өз міндеттерін орындау үшін сайланған. Ол адамдардың сыртқы ерекшеліктеріне көңіл бөлмей, ішкі өзгерістер енгізіп, адамның ахлағын жақсарту үшін өзінің беғсатын бастады. Алла елшісі өз сынды ахлақи құндылықтардың көрінісі болған имам Әли (ғ.с.)-ға: «Айнаның алдында тұрып, өзіңнің жүзіңді қарап тұрған кезде Алладан ішкі болмысынды әдемі етуді сұра»,- деген. Ұлы Алла бұл негізді растау үшін: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың...»,- деді. («Хужурат» сүресі 13-ші аят). Осы аятқа сәйкес адамның ұлты, түсі, тілі және тағы да басқа сыртқы ерекшеліктері оның артық болуының мизаны емес. Тек адамның тақуалығы мен пәктігі және Алла қабылдайтын қасиеттерге ие болуы оның Жаратушының алдында ең ардақты болуының белгілері саналады. Исламның ұлық пайғамбарының осы ахлағы Алланың ерекше назар аударуына себеп болды. Сонымен бірге адамның мінезі мен адамгершілігі әрбір қоғамның мақтанышы, мәдениеті және өркениетінің белгісі. Осыған орай ахлағы жақсы елдер өміршең, ал ахлағы жаман ұлттар құлдырап жойылады. Илаһи пайғамбарлардың мақсаттарының бірі мейірімді, кешірімді, қамқор, дос, жанкешті, сабырлы және тағы да басқа ахлақи жақсы қасиеттермен безенген қоғам құрып, адамның өмірін шынайы маңызбен толтыру болды. Яғни, Исламның ұлық пайғамбары надан қоғамда халықтың өмірін өзгертіп, оларды ахлақи бұрмаланушылықтардан құтқарып, жоғары құндылықтармен безендірді. Нәтижесінде соғыстар мен қантөгістердің орнына бейбітшілік пен татуласу, іріткілер мен қайшылықтардың орнына бірлік пен біртұтастық, талан-тараждың орнына жанкештілік пен кешірімділікті қалыптастырып, исламдық үмбетке жаңа өмір сыйлады. Бүгін де бейбітшілік пен достықтан ада әлемді нұр білімі және жақсылықпен толтыру үшін Алланың көмегімен Исламның ұлық пайғамбарының ахлағын үлгі етіп, айтылған құндылықтарды қоғамда таратуымыз қажет.