Үшінші мыңжылдықтың орындалмаған мақсаттары (1)
2000 жылдың 6-8 қыркүйегінде әлем елдерінің басшылары БҰҰ-ның шақыруымен осы ұйымның «Мыңжылдық саммиты» деген атпен танымал жиынға қатысты.
Бұл саммитке 147 елдің басшысы мен 191 ұлттың жоғары лауазымды тұлғалары қатысты. Осындай мәртебелі тұлғалардың қатысуы бұл жиынды әлем басшыларының ең үлкен конференциясына айналдырды. Тұрақты дамуды ілгерілетуде айқындаушы рөл атқаратын мыңжылдық саммит шын мәнінде 1992 жылы БҰҰ-ның қоршаған орта мен даму туралы саммитында (Жер саммитында) басталған үдерістің жалғасы болды. Әлем басшылары осы конференцияда шектеулі мерзім ішінде орындалуы тиіс мақсаттар топтамасы туралы және кедейшілік, аштық, әртүрлі аурулар, сауатсыздық, қоршаған ортаның бүлінуі, әйелдерді кемсітумен күресу мақсаттарын орындау жайлы келісімге келді. Саммиттің нәтижесінде БҰҰ-ның мыңжылдық мәлімдемесі мен 21 ғасырға арналған жолнұсқау құжаты бекітіліп, бұл елдер дамуды жоғарылату және 2015 жылға дейін кедейшілікті азайту жолында бір-бірімен әріптестік жасауға міндеттеме алды. Мәлімдемеде тұрақты дамуға қол жеткізу жолындағы мақсаттар шеңберінде 60 көрсеткіш анықталып, осыған қатысты қарар 2000 жылдың 8 қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясында бекітілді.
Бұл мәлімдемеде орындалуы тиіс деп жоспарланған бірінші мақсат – 2015 жылға дейін ауыр кедейшілік пен аштықты жою. Осы жолда күніне 1 доллардан төмен қаражатпен өмір сүретін адамдар мен аштықтан зардап шегіп жатқан адамдардың саны 2015 жылы жарты есе азайтылатын болып келісілді. Әрине, үшінші мыңжылдықтағы даму бағдарламасында кедейшілік мәселесіне басты назар аудару – теңдік мағынасындағы көңіл аудару, өйткені көбірек теңдікке ие елдерде кедейшілікті азайту тезірек атқарылады. Ал үшінші мыңжылдықтағы дамудың екінші мақсаты – жалпыға бірдей бастауыш білім беру және жынысына қарамай әлемнің барлық балалары үшін білім алу деңгейлерінің қолжетімді болуы. Өйткені әлемнің жер-жерінде балаларға білім беру маңыздылығының айырмашылығы айқын байқалады. Бұл мақсат кедейшілікті азайтумен өте тығыз байланысты, өйткені жергілікті деңгейде білім алу, тіркеу, мектеп киімі мен басқа да жайттарға кететін шығындар балалардың оқу жүйесіне кіруіне кедергі келтіреді. Сондай-ақ ұлттық деңгейде, әсіресе даму тұрғысынан артта қалған елдерде жалпы бюджет әдетте сапасы өте төмен біліммен қамтамасыз етуге ғана жетеді. Әдетте кедейлердің үлесі қалыпты деңгейден әлдеқайда төмен.
Үшінші мыңжылдық мәлімдемесінде көңіл бөлінген үшінші мақсат – жыныстар арасындағы теңдік пен әйелдердің қабілетін арттыру. Осы жолдағы шаралардың бірі – жұмыс орындарын қалыптастырып, өндіруші ретіндегі әйелдердің экономикалық қабілеттерін арттыру. Сонымен қатар маңызды саяси құрылымдар мен шешімдерде әйелдердің қатысуын арттыруға жағдай жасалып, даму тақырыбын әділеттілендіру мақсатында әйелдердің құқығын қорғауға көңіл бөлініп келеді. Үшінші мыңжылдықтағы даму бағдарламасының төртінші және бесінші мақсаты да балалардың өлім-жітім деңгейін азайтып, әйелдердің денсаулығын жақсартуға бағытталған. Жыл сайын миллиондаған бала бақылауға алуға болатын аурулардың салдарынан көз жұмып, 1 млн-нан астам әйел де жыл сайын бала туу және жүктілік кезде пайда болатын қиындықтардан көз жұмады. Мұнымен қоса, жыл сайын азық-түліктің жетіспеушілігінен миллиондаған баланың өмірі қиылып, сансыз бала соғыстардың құрбаны болады немесе әртүрлі тәсілдермен теріс мақсаттарда пайдаланылады. Бұл кезеңдегі мақсат – балалардың ең төменгі деңгейде болса да білім алып, тәрбиеленуге, дұрыс тамақтануға, медициналық көмекке қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Мыңжылдық мәлімдеменің алтыншы мақсаты – СПИД, безгек және тағы да басқа да қауіпті аурулармен күресу. Өткен онжылдықтар барысында әлем бойынша осы бірнеше ауру көптеген балалар мен олардың ата-аналарының қаза табуына себеп болды. СПИД ауруының жалғыз өзі әсіресе Африкада миллиондаған баланың көз жұмуына әкеліп соқтырды. Бұл аурудың жоғары деңгейі өз қоғамының экономикалық және әлеуметтік келешегін құрайтын мемлекет үшін қажетті жастардың жойылуына себеп болуда. Егер СПИД ауруына шалдыққандар санының жоғарылығына туберкулез бен безгекті қосқанда келешек бұдан бетер алаңдатарлықтай болмақ. Жыл сайын миллионнан астам адам туберкулез ауруына шалдығады. Бұл ауру жылына 2 млн адамның өмірін қияды. Ал безгек ауруы жыл сайын 500 млн адамның өміріне әсер етіп, 1 млн адамды ажалмен бетпе-бет келтіреді.
Үшінші мыңжылдықтағы даму бағдарламасының жетінші мақсаты – қоршаған ортаның тұрақтылығын сақтауға кепілдік беру. Бұл мақсатта үш бөлек тақырыпқа назар аударылады. Елдердің саясаттарындағы тұрақты даму принциптерін кемелдендіру, табиғи көздердің босқа жұмсалуының алдын алу, климаттық өзгерістерге көңіл аудару, парниктік газдарды арттыру – осылардың барлығы елдердің дамуына әсер ететін маңызды факторлардың қатарына жатады. Соңында бұл мәлімдеменің сегізінші мақсаты – дамуға бүкіл әлемнің қатысуын қамтамасыз ету. Осы мақсат бойынша әлемдік қауымдастық сауда мен қаржы жүйесінде ашығырақ қимылдап, көбірек міндеттеме алып, ұлттық және халықаралық деңгейде тиісті үкіметтер құруға жағдай жасауды қарастырып отыр. Осы мақсаттың басқа қырларының біріне дамудан кенже қалған елдердің арнайы қажеттіліктері мен мұхитқа қолжетімділіктері жоқ елдер мен аралда орналасқан даму үстіндегі ұсақ елдердің арнайы қажеттіліктерін қамтамасыз ету жатады. Бұл мақсатты орындау жолында жастардың ісіне қарайласу, өмірлік мәнге ие дәрілердің қолжетімдігін қамтамасыз ету, жаңа технологияларды, әсіресе байланыс технологияларын пайдалануға жағдай жасау, жеке сектормен әріптестік ету, қарыздарды өтеуден босатуға көңіл аудару, кедей елдерде жұмыс орындарын қалыптастыру үшін несие беруге ерекше назар аударылған.
Осы тәртіппен адам өмірінің басты әрі маңызды құндылықтары аталмыш бағдарламада белгіленген. Бұл бағдарлама қалаған өмірді таңдап, адамгершілігі мол балаларды тәрбиелеу, аштықтан арылу, басып-жаншылудан қорықпау, қатігездік пен әділетсіздіктен сақталуға қатысты әрбір әйел мен ер адамның негізгі құқықтарының орындалуына бағытталған. Әлемнің барлық елдері арасында әлеуметтік әділеттіктің негізгі принциптеріне сәйкес халықаралық шығындар мен қысымдарды әділетті түрде бөлу, адамның құнды активтері ретіндегі наным-сенімдердің, мәдениет пен тілдің алуан түрін сақтай отырып, осы айырмашылықтарға құрметпен қарауды адами құндылықтардың бірі деп санауға болады. Тұрақты даму принциптері мен ережелері негізінде барлық табиғи көздер мен жан-жануарлар дүниесін басқару, келешекті ойлау, табиғи көздерді сақтау, ұрпақтардың еншісін қорғауға көңіл бөлу, әлемнің барлық жерлерінің әлеуметтік және экономикалық дамуына көңіл бөлу, осы саладағы әділетсіздікті жою, әлемдік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін қоқан-лоққылармен күресу, әлем халықтары арасында міндеттерді қабылдау сезімін нығайту, көпжақты негізде оны орындау да мыңжылдық мәлімдемеде айтылған жағдайлардың қатарын құрады.
Осындай қатынаспен және БҰҰ мәлімдемесінің мазмұнына назар аудара отырып, аталған мақсаттарға жетудің жол картасы белгіленді. Мыңжылдық даму мақсаттары елдерді жеткіліксіз табыс, жаппай аштық, жыныстық теңсіздік, қоршаған ортаны бұзу, білім берудің жеткіліксіздігі, медициналық қамсыздандырудың болмауы, тұщы су тапшылымен күресуді міндеттейді. Сонымен қатар, өнеркәсіптік елдер қарыздарды азайту, көмектерді көбейту, тауар айналымын арттыру, технологияларды тасымалдау үшін шара қолданатын болып келісті. Бұл мәлімдеменің негізгі және қосымша мақсаттарына жету үшін мүше елдерге өздерінің бағдарламаларын жасап, БҰҰ-ның көмегімен осы аумалы-төкпелі жолды жылдам өту үшін 15 жыл берілді. Бірқатар елдер бұл тәсілге оң көзбен қарап, мұны әлемдік даму үдерісінің жалпылық сипатқа ие болуы деп санады. Бірақ, кейбір басқа елдер күмәнмен қарады. Өйткені көптеген елдер халықаралық деңгейде әріптестіктер жасалып, қажетті қаржы көздері қамтамасыз етілген жағдайда ғана мыңжылдық дамудың мақсаттарын орындай алады.
Мыңжылық даму мақсаттары оптимистік шеңберде дамымаған әлемдегі адамның сегіз басты қиыншылығын жою үшін анықталды. Осы елдердің көбі кейде туындаған ауыр қиындықтардың тамырына балта шабу үшін бұл мүмкіндікті үміт ретінде пайдаланды. Кедейшіліктің тамырына балта шабу, аналардың өлім-жітімін азайту, бастауыш білімді көбейту сияқты мақсаттар көбірек қарастырылды. Бірақ басқа бір мақсаттар бұлыңғыр сипаттамасына байланысты басымдық тұрғысынан шетке ысырылды. Демократия немесе әйелдердің жыныстық теңдігі сияқты басқа мақсаттарды кейбір елдер саналы түрде шеттетті.
Биыл 2015 жыл, яғни әлем елдері 2000 жылы келіскен мерзімнің соңы. Бірақ осы ретте «Қанша мемлекет осы әлемдік әріптестікте адамзаттың мақсаттарына қол жеткізе алды?», «Өздері әлемдегі көптеген шиеленістер мен талан-тараждардың басты себепкері болып отырған елдер адамзатты дамыту жолында достық қадам жасай алды ма?», «Өздері кедей елдерде кедейшілік пен әлсіздіктің факторлары болып табылатын елдер әлемді кедейшіліктен арылту үшін қандай әріптестік жасады?» деген сауалдар туындайды.