Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) – жетекшіліктің жарқын нұры 17
Пайғамбарлардың қозғалыстарына шолу жасап, олардың енгізген ең маңызды өзгерістерінің бірінің тауһид негіздері мен Алла қабылдайтын мақсаттарға сүйенген ахлақтық революция болғанын көреміз.
Күндердің бірінде Алланың елшісі сахабаларына қарап: «Иманның қай жетістігі мықтырақ?»- деп сұраған кезде: «Алла мен Оның елшісі», «намаз», «зекет», «ораза», «қажылық пен жиһад»- деген жауаптарды естіді. Пайғамбар: «Атағандарыңның әрқайсы маңызды, бірақ иманның ең мықты жетістігі – Алланың жолында достық орнату, Алланың жолында дұшпандық білдіру, Алланың достарына махаббат білдіру және Алланың дұшпандарынан алыстау»,- деді. («Усул Кафи»). Исламдық мәдениетте ахлақи илаһи мақсаттармен емес, тек өздерінің мүдделерін сақтау, қоғамдық немесе саяси жағдайын нығайту және тағы да басқа осыған ұқсас мақсаттар үшін орындалған іс-әрекеттердің ешбір құны жоқ. Мұндай әрекеттердің терең мағынасы болмағандықтан, оларды «ахлақтық шерулер» деп атуға болады. Егер адамдар бір-біріне деген махаббаттары мен достықтарын тек күлімсіреуге сүйеніп білдірсе немесе бір-бірінің қолын осы негізде алса, бір азғантай қиындықпен кезіккен кезде күлімсіреу ызаға, достық дұшпандыққа айналады. Бірақ, егер іс-әрекеттер наным-сенімдерге сүйенсе достық пен қарым-қатынастардың маңызды негіздерін еш нәрсе шайқай алмайды. Мінез-құлқы жақсы, діндар адамдар жамандыққа жақсылықпен, ызаға мейірімділікпен, дұшпандыққа достықпен жауап қайтарады. Осылайша, адами және ахлақтық қарым-қатынастарға ешбір зиян келтірмейді. Осыған орай Исламның ұлық пайғамбары мейірімді Алла тарапынан қарсыластарының жамандықтары мен бұрмаланған ойларына қабылдауға болатындай жауап қайтаруға міндеттелді: «Жамандықты жақсылықпен кетір. Олардың баян еткен нәрсесін жақсы білеміз». («Мүминун» сүресі, 96-шы аят). Келесі аятта Алла Тағала: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді»,- деді. («Фуссиләт» сүресі 34-ші аят). Бір бедуин Мединеге келіп, Алланың елшісінен күміс пен алтын алу үшін бірден мешітке барады. Сол кезде пайғамбар сахабаларының арасына отырған еді. Әлгі адам қалауын айтқанда пайғамбар оған аздап көмек көрсеткенімен, ол қанағаттанбайды. Берген нәрсені азсынып, жаман сөздер айтып, хазіретті балағаттайды. Пайғамбардың сахабалары ашуланып, оған оның өзі сынды әрекет жасамақ болады. Бірақ Алланың елшісі рұқсат етпей, наразылық білдірген адамды үйіне апарып, тағы да біраз көмек береді. Далалық адам пайғамбардың қарапайым өмір тәсілін көріп, Алла елшісінің көмегіне алғысын айтады. Сол кезде хазірет: «Сен кеше менің сахбаларымның ашу-ызасына себеп болған жаман сөздер айттың. Мен олар саған зиян келтіреді деп алаңдаймын. Мұсылмандардың ашуын басу үшін осы алғысыңды солардың алдында айта аласың ба?»- деп сұрағанда ол келіседі. Келесі күні бедуин мешітке келеді. Жиналған халықтың алдында Алланың елшісі: «Мына ер адам бізге ризамын деді. Солай ма?»- деді. Араб: «Иә, солай»,- деп, ризалығын қайталайды. Алла елшісінің сахабалары мұны көріп, риза болып, күледі. Сол кезде Алланың елшісі оларға: «Егер кеше мен сендерді өз еріктеріңе жібергенімде, бұл араб сендердің қолдарыңнан өлетін еді. Бірақ мен сендердің ашуларыңның алдын алып, оны өзімнің досыма айналдырдым»,- дейді. Егер илаһи мақсат болмағанда жамандыққа жақсылықпен, дағдарыстар мен тіл тигізушіліктерге жұмсақ жауап қайтару және қателіктерді байқамау оңай болмайды. Алайда тауһидтік негіздерге сүйеніп өмір сүретін адам басқалардың іс-әрекеттерін кешіріп, сабыр сақтауымен бірге Алланың ризалығы туралы ойлайды. Олар басқаларды оңай кешіріп, өздерінің жақсы ғамалдарымен оларды істеген істері үшін өкіндіріп, өздеріне қарай тартады. Мейірімді Алла Исламның ұлық пайғамбарының ғамалдары туралы: «Мұхаммед с.ғ.с оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл»,- деді. («Әли-Ғымран», 159-ші аят). Осы ретте Алланың елшісі уәһи тағылымдарын үлгі етіп, хазірет Әли (ғ.с.)-дің назарын «Сенімен қарым-қатынасын үзген адаммен достық орнат, сені өзіңде бар нәрселерден мақұрым еткен адамға барыңды сыйла, саған зұлымдық жасаған адамды кешір»- деген үш қасиетке аудартқан.
Халықпен ымыраға келу – ахлақтың ең айқын сипаттарының бірі. Ымыраға келу, яғни халықпен келісімге келу, олардың қатаң реакцияларына қатысты сабыр сақтау және кешіру. Халықпен келісімге келу Алланың алдында маңызды болғандықтан Алланың елшісі: «Жаратушым маған уәжіптерді орындауды бұйырғандай, халықпен ымыраға келуді бұйырды»,- деді. («Усул Кафи»). Уәһи періште пайғамбардың қасына келіп: «Уа, Мұхаммад! Жаратушың саған сәлем жолдап: «Мен жаратқан халықпен ымыраға кел» деді»,- деген хабарды жеткізген болатын. Әрине, егер халықпен келісімге келу мәдениетті қоғамның кеңістігінде қалыптасса, жамандықтардың белгісі қалмай, адамдар өмірден ләззат алатын болады. Алла елшісінің сөзі дәл осы шындықты көрсетеді. Хазірет былай деген: «Халықпен келісімге келу – иманның жартысы, олармен ымыраға келу – өмірдің жартысы». Исламның ұлық пайғамбарының өмірінде ымыраға келу тек адамдарға ғана емес, тіпті тілсіз, өздерін қорғайтын күші жоқ хайуандарға да қатысты. Оларға да әділетпен қараған жөн. Хазірет: «Алла жұмсақ мінезді жақсы көреді және сол арқылы адамға көмектеседі»,- деген. Тағы бір сөзінде: «Егер арық аттарға мінсеңдер, оларды үйлеріңе әкеліп, жемін беріп, демалдырыңдар. Егер жолға шыққанда суы мен шөбі жоқ жерге жетсеңдер, бұл жерден жылдам өтіп кетіңдер. Егер жайылым жерге жетсеңдер, оларға жайылуға мүмкіндік беріңдер»,- деді. («Усул Кафи»). Сондықтан Құран мен пайғамбар және хазіреттің пәк әулетінің өмірбаяны бойынша адал мұсылман ахлақи іс-әрекеттерін илаһи ниетпен орындап, Жаратушының ризалығына ие болу үшін жамандықтарға жақсылықпен жауап қайтарады. Ол Алла елшісінің ахлағынан үлгі алып, халықпен ымыраға келеді. Өйткені мұның Алла елшісінің тәсілі екенін жақсы біледі.