Аптаның экономикалық журналы
Өткен аптада Теһранға Швейцария Президенті ресми сапармен келіп қайтты.
Швейцарияның Президенті Йоханн Шнайдер-Амманн өткен жұма күні жоғары деңгейлі саяси-экономикалық делегацияны бастап Теһранға келді.
Йохан Шнайдер-Амманн Теһранда ИИР Президентімен сұхбаттасқаннан кейін Хасан Руханимен өткізген ортақ баспасөз маслихатында өз елінің Иранмен экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге мүдделік танытатынын мәлімдеді. Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи де сенбі күні кешке Швейцарияның Президенті Йохан Шнайдер-Амманнды қабылдауында Теһран-Берн қатынастарының оң тәжірибесіне тоқталып: «Иран мен Швейцария сауда айналымының көлемі төмен әрі теңдестірілмеген. Швейцариялық кәсіпкерлер мен инвесторлар Иранның мол мүмкіндіктерінен мағлұмат ала отырып, таразының басын теңестіре алады» деді.
Ислам Революциясының жетекшісі Иран үкіметінің Теһран-Берн келісімдерін экономикалық және заңды кепілдіктер тұрғысынан толығымен қолдап, шынайы ынтымақтастықтардың нәтижесінде бұл келісімдердің жүзеге асырылуының басты мәселе екенін қуаттады.
Иран мен Швейцария ортақ мәлімдемеде екі елдің екіжақты, аймақтық және жан-жақты ұзақ мерзімді ортақ ынтымақтастықтарды кеңейту үшін жол картасын дайындағанын мәлімдеді. Бұл ортақ мәлімдеме Теһран-Берннің саяси, экономикалық және қаржы бөлімдеріндегі ортақ ынтымақтастықтарының жол картасын 13 тарауда сипаттады. Осы сапармен швейцариялық компания басшыларының келуі Швейцарияның Иранмен ынтымақтастық жасауға мүдделік танытатынын көрсетеді.
Оңтүстік Кореяның Өнеркәсіп, сауда және энергетика министрі де осы аптада Иран мен Кореяның 11-ші ортақ экономикалық комиссиясына қатысу үшін осы елдің түрлі министрліктерінің басшыларынан құралған делегацияны бастап, Теһранға сапармен келді.
Осы сапар барысында екі елдің қайраткерлері көлік жасау, туризм, мұнай және газ өнеркәсіптері салаларындағы ынтымақтастықтардың көкжиегі туралы сұхбаттасты. Иранның Экономика және қаржы министрі Әли Тайебниа Оңтүстік Кореяның Өнеркәсіп, сауда және энергетика министрімен кездескеннен кейін тілшілерге берген сұхбатында Оңтүстік Кореяның Президенті Пак Кын Хеның мамыр айының басында Теһранға сапармен келетінін хабарлады. Ол екі елдің де ортақ ынтымақтастықтарды кеңейтуді қалайтынын айтып, екі елдің байланыстарын кеңейту жолындағы алғашқы қадамда құны 5 миллиард еуроны құрайтын бастапқы келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Бұдан бұрын Оңтүстік Кореяның Экспорт және импорт банкімен Ирандағы түрлі жобаларды қаржландыру мақсатында құны 8 миллиард еуролық келісімге қол қойылған болатын. Кореялықтар Иранның өндірістік жобаларын жүзеге асыруды қаржыландыру үшін жалпы алғанда 15 миллиард доллар көлемінде қаржы бөліп отыр.
Исхақ Джаһангири Оңтүстік Кореяның Өнеркәсіп, сауда және энергетика министрі Джу Хён Хванмен кездесуінде жақын болашақта өтетін Иран мен Оңтүстік Кореяның экономикалық ынтымақтастықтарының ортақ комиссиясының отырысына тоқталып, бұл комиссияның екіжақты байланыстарды кеңейту бағытында оң әрі сындарлы нәтижелерге қол жеткізе алатындығына үміт білдірді.
Иран президентінің бірінші орынбасары ИИР-ның Шығыс елдерімен ынтымақтастықтарды кеңейтуге бағытталған сыртқы саясатын еске салып: «Оңтүстік Корея ИИР-ның сыртқы саясатында ерекше орынға ие. Екі ел бір-бірі үшін сенімді экономикалық серіктес бола алады» деді.
Оңтүстік Кореяның Өнеркәсіп, сауда және энергетика министрі Джу Хён Хван Иранның мұнай министрі Бижан Намдар Занганемен де кездесті. Бұл кездесуде Иранның мұнай және газ, мұнай тазарту және мұнай-химия өнеркәсіптеріне инвестиция салу, сондай-ақ, санкциялар жойылғаннан кейін Иранның шикі мұнайын Оңтүстік Кореяға экспортын қайта жандандыру мәселелері талқыланды. Оңтүстік Корея санкциялардан бұрын Иранның шикі мұнайының басты сатып алушыларының бірі болған. Кореялық компаниялар қазір Иранның мұнай және газ өнеркәсібінің түрлі бөлімдеріне, соның ішінде, мұнай-химия өнеркәсібіне инвестиция салуға ынта білдіріп отыр. Иран сұйық газ экспорттаудың маңызды орталықтарының біріне айнала алады.
Иранның Орталық банкінің төрағасы Валиолла Сейф Оңтүстік Кореяның Өнеркәсіп, сауда және энергетика министрі Джу Хён Хванмен өткен отырыста екі елдің экономикалық ынтымақтастықтарына қажетті алғышарттардың бірі ретінде банктік қатынастарды нығайтуды атап: «Қуанышқа орай, санкциялар кезінде кореялық банктер ирандық банктермен қатынасын сақтап қалды. Екі ел банктерінің арасында кредиттік желілерді ашу туралы жүріп жатқан келіссөздер банктік қатынастардың бұрынғыдан бетер нығайып, кеңейе түсуіне себеп болады» деді.
Осы кореялық қайраткер өз елінің Иранның сауда-экономикалық салаларына атсалысуға ықылас білдіретіндігін айтып, Кореяның Иранмен өнеркәсіптік инфрақұрылымдар, технология, көлік монтаждау, кеме жасау, аурухана салу, техникалық-кәсіптік білім беру, IT технологиялары және болат өнеркәсібі салалары бойынша әріптестік жасауға ынталы екенін мәлімдеді.
Иранның Жол және қала құрылысы министрі Аббас Ахунди де Оңтүстік Кореяның Өнеркәсіп, сауда және энергетика министрімен кездесуінде қазіргі нарықта Корея шетелдік бәсекелестермен бірге құзырға ие болуы үшін кеңейту ісінде жылдам әрекет етуді қажет ететін көптеген жобалардың бар екенін айтты.
Ахунди екі елдің түрлі өнеркәсіптердегі серіктестіктеріне тоқталып, бұл саланың ынтымақтастық жасау үшін лайықты көптеген өнеркәсіп түрлерін қамтитынын айтты. Ахунди Бандар Аббас-Серахс дәлізін елдің темір жол және күре жол тасымалдары саласындағы басты дәліздерінің бірі ретінде атап, Иранның осы дәлізді жетілдіруді қалайтынын және Оңтүстік Кореяның ортақ зерттеулер түрінде бұл істі жүзеге асыра алатынын айтты.
Сингапурдың Сауда және өнеркәсіп министрі Эс Исваран осы аптада Теһранда Иранның қайраткерлерімен, соның ішінде, Экономика және қаржы министрімен сұхбаттасты. Иранның Экономика және қаржы министрі Әли Тайебниа осы кездесуден кейін ортақ инвестициялар, әсіресе, мұнай-химия, кеме жүргізу, мұнай және газ, технология бөлімдеріндегі ортақ инвестициялар саласы бойынша ынтымақтастық келісіміне қол қойылғанын мәлімдеді.
Иранның Экономика және қаржы министрі осы келісімге қол қойылғаннан кейін екі елдің инвесторларына қолдау көрсету қажеттігін қуаттап, бұл келісімнің жүзеге асырылуы екі елдің инвестицияларының артуына себеп болатынын айтты.
Тайебнианың айтуынша, екі елдің ынтымақтастықтарын кеңейту үшін шынайы мүмкіндіктер бар. Сингапур – әлемнің басты сауда-қаржы орталықтарының бірі әрі Азияның шығысындағы ең үлкен портқа ие ел. Бұл ел Иранның әлемнің басқа елдермен қарым-қатынастарын кеңейтуде маңызды рөл атқара алады. Сондықтан екі елдің ынтымақтастықтары үшін түрлі әрі ауқымды мүмкіндіктер бар.
Сингапурдың Сауда және өнеркәсіп министрі де Иранның Экономика және қаржы министрімен кездескеннен кейін Иранды Таяу Шығыс аймағындағы маңызды ел деп атап, Сингапурдың инвестициясын тарту үшін Иранның көптеген тартымдылықтары бар екенін айтты.
Сингапурдың Сауда және өнеркәсіп министрі ирандық инвесторлардың Сингапурда инвестиция салып, Оңтүстік Азиядағы 600 миллиондық нарыққа кіре алатынын айтты.
Иранның Иракқа газ экспорты алдағы айда басталады.
Иранның Ұлттық газ компаниясы басшысының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Азизолла Рамазани Мұнай және энергетика туралы ақпарат тарату арнасы ШАНА-ға берген сұхбатында осы хабарды жариялаумен қатар, Иранның Иракқа газ экспорттауға әзір екенін және барлық жағдайлар жасалған кезде Иран газының Иракқа экспортталатынын мәлімдеді.
Сейсенбі күні бір ирактық делегация Иранның газ тазарту зауытын аралау үшін Нафт Шахрге сапар шегіп, келіссөздер өткізеді.
Иран газының Бағдадқа экспорты күніне 4 миллион текше метр көлемінде басталып, 35 миллион текше метрге дейін жететін болады.
Осы аптада Иранның көлік жасау өнеркәсібінің мүмкіндіктерінің көрмесі 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында Теһранның тұрақты халықаралық көрмелер мекенінде әлемдік деңгейдегі көлік жасау өнеркәсібінің ірі компаниялары және өнеркәсіп иелерінің қатысуымен өткізілді.
Иранның көлік жасау өнеркәсібі жылына 1 миллионнан астам көлік шығарады. Қазір өз өндіріс деңгейін жылына 3 миллионға жеткізуді көздеп отыр.
400 миллион халқы бар аймақтық нарықтар көлік жасау өнеркәсібінің белсенділері үшін табысы көп нарық саналады. Иранның осы өнеркәсіптегі потенциалы мен аймақта көлік экспорттау мүмкіндіктері көлік жасау компанияларын осы елге инвестиция салуға ынталандырады. Көлік жасау өнеркәсібін кеңейту аясында 60-тан астам елмен келісім жасалды.
Осы көрменің өткізілуімен тұспа-тұс Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі, 363 ирандық компания мен 23 ел, соның ішінде, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Швейцария, Швеция, Нидерланды, Дания, Бельгия, Аустрия, Чех Республикасы, Жапония, Оңтүстік Корея, Оман, Кувейт, Үндістан, Пәкістан мен Қытайдан келген 137 шетелдік компанияның қатысуымен 3-ші Халықаралық Көлік жасау өнеркәсібінің конференциясы өтті.
ИИР Президенті Хасан Рухани сейсенбі күні 3-ші Халықаралық Көлік жасау өнеркәсібінің конференциясында Иран үкіметінің саясатының көлік жасау өнеркәсібін жекешелендіруге және бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізуге бағытталғанын қуаттады.
Иран Президенті сонымен қатар қоршаған ортаны сақтау көлік жасау өнеркәсібінің басты бағдары болу керек екенін қуаттап, Ислам Республикасының зерттеу, өндіру және ортақ экспорт үшін шетелдік көлік өндірушілерді шақыратынын айтты.
Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Мұхаммад Реза Нематзаде осы конференцияда Иранның мақсатының көлік өнімдерінің сапасын арттыру екенін айтып, өндіріс деңгейін алдағы он жылда жылына 3 миллион көлікке жеткізуді көздейтінін мәлімдеді.