Діни жетекшінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын сараптау
Иран Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи батыстық жастарға арнаған өзінің екінші хатының бір бөлімінде Батыс елдерінің Ислам әлеміндегі соғыс ашу әрекеттеріне тоқталып, былай дейді:
«Сансыз құрбаны болған Ислам әлеміне ашқан соғыстар Батыстың кереғар қисынының келесі бір үлгісі. Шапқыншылыққа ұшыраған елдер адами зардаптарымен қоса, өздерінің экономикалық және өнеркәсіптік инфрақұрылымдарынан да айырылды. Олардың даму және өркендеу жолындағы әрекеттері тоқтады немесе кенже қалып, кешеуілдеді, тіпті кейбір жайттар бойынша ондаған жылға артта қалды. Соған қарамастан олардан арсыздықпен өздерін жәбірленуші деп санамау сұралады. Бір елді қирандыға айналдырып, оның қалалары мен ауылдарын жермен-жексен етіп, содан кейін оларға «сендерден өтініш, өздеріңді жапа шегуші санамаңдар» деп сұрауға болады ма? Апаттарды ұмытуға шақырудың орнына олардан риясыз түрде кешірім сұраған артық емес пе?
Осы жылдары ислам әлемінің шапқыншылардың екіжүзділігі мен көзбояушылықтарынан көрген қиындықтары материалды шығындардан аз емес».
АҚШ пен одақтастарының Таяу Шығыс аймағының ішкі істеріне араласушылығының себептерінің біріне лаңкестікпен күрес, Таяу Шығыста адам құқығын жаңғырту және бейбітшілік орнату жатады. Алайда шындық мынада: АҚШ бастаған еуропалық үкіметтердің Ауғанстан, Ирак, Пәкістан мен Йемен сияқты Таяу Шығыс елдерінде толассыз түрде әскери күштерін орнатып, соғыс ашуы бұл елдерді қазіргі соғыстардың жанама әсерлерінің алдында әлсіретті. Ауыз суының болмауы, ашаршылық пен гигиеналық жағдайдың нашар болуына байланысты ауруға шалдығу және нәрестелердің өлімі мөлшерінің артуы осы елдердегі соғыс пен қатыгездіктің жанама салдарлары болып табылады. Жалпы алғанда, кедейшілік, ашаршылық, нашар гигиеналық жағдай, медициналық қызметтерге қолжетімділіктің азаюы мен экологияның бұзылуы сияқты өлімге алып келетін факторлардың барлығы дерлік осы соғыстар мен Батыстың аймақтағы араласушылығы кезінде күшейе түсті деп айтуға болады.
Watson институтының есебіне сәйкес, АҚШ-тың Ирак, Ауғанстан мен Пәкістандағы соғыстары көптеген адам шығынына әкеп соқтырды. 2015 жылдың наурыз айына дейін қатыгездіктер мен қақтығыстардың салдарынан шамамен 210000 бейбіт тұрғын қаза болған. Бұл мөлшерге АҚШ-тың Йемендегі әскери амалдары кезінде жан тапсырған бейбіт азаматтарды қосуға болады.
Соғыс аймақтарында өмір сүріп жатқан адамдар өз үйлерінде, базарларда немесе көшелерде өлтіріледі. Олар бомба, зеңбірек оғы, қолдан жасалған жарылғыш заттар мен ұшқышсыз ұшақтар тарапынан нысанаға алынады. Бейбіт тұрғындар тексеру бекеттерінде, әскери құралдардың қасында тұрғанда, ағаш жинап жатқанда немесе өз алқаптарында жұмыс істеп жатқанда зеңбіректердің нысанасына алынады. Бейбіт азаматтар ұрланып, кек алу немесе үрей тудыру үшін өлтіріледі. Олар АҚШ пен оның одақтастары немесе азаматтық соғыстарда бүлікшілер тарапынан құрбан болады.
Бір әскери қақтығыстан кейін апталар, тіпті айлар өткен соң да бейбіт азаматтар жан тапсырып жатады. Көптеген ирактықтар, ауғандықтар мен пәкістандықтар негізгі инфрақұрылымдар қиратылып, соғыстан кейін пайда болған нашар гигиеналық жағдайда өмір сүргендіктен АҚШ пен одақтастарының соғысқұмарлығының құрбаны болды. Мысалы, соғыс босқындары көбінесе бір тұрақты азық-түлік көзіне қолжетімділіктен мақұрым қалады. Олар өз кәсіптерінен айырылып, табыстары болмағандықтан ашаршылықтың артуы сияқты қиыншылықтарға душар болады. Олар нашар гигиеналық жағдай мен өмір сүру үшін бастапқы жағдайдың болмауы салдарынан әлсіреп қалады.
Ауғанстандағы соғыс осы ел азаматтарының болашаққа деген үмітін үзді. Ауғанстандағы соғыстың тікелей салдарлары денсаулық сақтау, қауіпсіздік және өмірге қажетті инфрақұрылымдардың жойылуы болып табылады. Тіпті соғыс пен қақтығыстар аяқталған аймақтарда алдыңғы соғыстарда жарылмай қалған снарядтар мен АҚШ-тың жарықшақ бомбалары салдарынан көптеген Ауғанстан адамдары қаза болады.
Ауғанстан ауруханалары дене мүшелерінен айырылған және әскери қарулардың салдарынан ауыр күйікке шалдыққан науқастарға толы. Ауғанстандағы соғыс өзінен кейін көптеген рухани жараларды да қалдырды.
Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2009 жылы ауғандықтардың үштен екі бөлігінің рухани және психикалық қиыншылықтарға душар болғанын мәлімдеді.
The Huffington Post-тың 2015 жылдың 17 қазан күнгі есебіне сәйкес, соғыс кезінде америкалық шабуылдардың салдарынан 26000 ауғанстандық қаза болған. Осыған қарамастан, 2015 жылдың 15 қазан күні соғыс аяқталғаннан шамамен бір жарым жыл уақыт өткеннен кейін Обама Ауғанстандағы америкалық әскери амалдарды қайтадан арттырды. Енді америкалық сарбаздар кем дегенде 2017 жылға дейін Ауғанстанда қалады. Бұл – бейбіт тұрғындарды қыру әлі де жалғасады деген сөз.
АҚШ-тың 2003 жылы Иракқа шабуылы бейбіт тұрғындарды құрбан етуімен қатар, бір алапат дағдарыс пен Ирак халқының жаппай көшуі мен босқындыққа ұшырауына әкеп соқтырды. Коалиция күштерінің бомбалау әрекеттерінің артуы, Иракта құрлық шабуылдары мен тайпалық қатыгездіктердің көбеюі көптеген ирактықтардың өз үйлерінен кетуіне себеп болды. БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі жоғары комиссарларының мәліметіне сәйкес, 1,9 миллион ирактық ел ішінде босқындыққа ұшыраса, 2 миллион босқын көршілес елдерге, әсіресе, Сирия мен Иорданияға қашқан.
Қатыгездік пен соғысқұмарлық Ирактағы жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін арттырды. БҰҰ-ның Даму бағдарламасына сүйенсек, қазіргі кезде Ирак халқының үштен бір бөлігі кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Білім беру жүйесі де бұл елде жойылған. Сонымен қатар, Ирак халқы ауыз суы, азық-түлік, гигиеналық заттар және электр қуаты сияқты басты қажеттіліктерден кенде қалған. Ауруханалар мен емдеу орталықтары да соғыс құрбандары мен жарақат алған науқастарға толы болғанымен, қажетті кадрлер, дәрі-дәрмектер мен емдеу құралдарының жетіспеушілігін көріп отыр.
Құрама Штаттары 2004 жылы Пәкістанның солтүстігінде әл-Каида мен Талибан күштерін өлтіру үшін өзінің ұшқышсыз ұшақтарының көмегімен жартылай жасырын амалдарын бастады. Шабуылдар жасырын түрде жасалғандықтан бұл әрекеттердің заңды болуы туралы көптеген сөздер таралды. Нақты есептеулерге сәйкес, осы шабуыл барысында 2015 жылдың қаңтар айына дейін шамамен 2000-3800 адам қаза тапты.
2001 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін осы елдегі қақтығыстар барысында бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлерді қосқанда шамамен 57000 адам жан тапсырған. Бұл мөлшерден 21500 адам бейбіт азаматтар болды. 40000-ға жуық бейбіт тұрғын жараланды. Мұнымен қоса, АҚШ-тың Пәкістандағы әскери араласушылығы 1,4 миллионға жуық адамның босқынға айналуына себеп болды.
Daily Mail газетінің 2015 жылы 12 наурыз күні жариялаған статистикасына сәйкес, осы елдің адам құқығын бақылаушылары Сирияның белсенділері мен дәрігерлерінің мәліметтері негізінде 2011 жылдың наурыз айынан бастап 2015 жылдың ақпан айы аралығында Сирияда 210060 адамның қаза болғанын мәлімдеді. Бұл мөлшер 65143 бейбіт тұрғын мен 10664 баланы қамтыды.
Бақылаушылардың айтуынша, адам шығыны бұл мөлшерден артық болуы мүмкін. Себебі лаңкестердің бақылауындағы аймақтардан мағлұмат алу мүмкін емес. Оған қоса, әскери қыметкерлер мен бейбіт тұрғындардан мыңдаған адам лаңкестік топтардың тұтқындығына алынған.
БҰҰ-ның статистикасына көз жүгіртсек, Сирия халқының 11,4 миллионының соғыс жылдары өз үйлерінен қашқанын және 4 миллионға жуық адамның елден кеткенін көреміз. Осы босқындардың барлығы дерлік уақытша лагерлерде кедейшілік пен нашар гигиеналық жағдайда, қабылдаушы қоғамның күннен күнге артып келе жатқан жақтырмаушылығының көлеңкесінде, қиын жағдайда күн көріп жатыр.
Алғышарттар дайындалған жағдайда ғана адам құқығының жүзеге асырылуы мәселесін көтеруге болады. Еркіндіктер, теңдік және бауырластық құқығын жүзеге асыру әлем қатыгездік, текетірес, кедейшілік, озбырлық пен әділетсіздіктен ада, яғни, бейбітшілік орнаған әлемде ғана мүмкін болады. Басқа жақтан, адамзаттың құқықтары мен еркіндіктері ашықтан-ашық бұзылып жатқанда қалайша бейбітшілік орнату туралы айтуға болады?
Қазір мынадай сұрақтарға жауап беруіміз керек: АҚШ пен одақтастарының Ислам әлемінде соғыс ашу әрекеттері адам құқығын жүзеге асыру және бейбітшілік орнату мақсатын көздеді ме? Батыс халықтың басты құқықтары мен еркіндіктерін нысанаға ала отырып, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуды мақсат етті ме?