Иранға сапар (207)
Теһран облысының әртүрлі аудандарымен таныстыруды жалғастырп, бүгінгі бағдарламаны Теһранның оңтүстік-шығысынан 40 шақырым жерде Иранның орталық шөлінің солтүстік-батысына жақын маңда орналасқан Варамин ауданымен таныстыруға арнаймыз.
Варамин ауданы өзінің көне тарихы және онда сақталған тарихи ескерткіштерімен Иранның ұлан-ғайыр даласының шарықтаулар мен құлдырауларға толы бай тарихының бір бөлігін құрайды. Тарихшылар Варамин алқабының өркениетін Кашанның Сиалк өркениеті және Систанның жанған қаласымен салыстырып, Вараминнің атырабында Дахвин, Қале-е Син және Максин сияқты ауылдардың болуына байланысты Варамин өркениетінің тарихын Иранның б.з.дейінгі ғасырлардан бастайды.
Варамин ауданы құнарлы алқапта орналасқан. Солтүстік-шығыста Пишва мен Пакдәшт аудандарымен, солтүстік-батыста Ғорчак ауданымен, батыста Рей ауданымен, оңтүстікте Құм облысымен, оңтүстік-шығыс пен шығыста Семнан облысымен шектесіп жатыр. Пакдәшт, Пишва мен Ғорчак аудандары бұрын Варамин ауданының құрамында болған. Аймақтың дамуына байланысты бұл ауылдар Варамин ауданының құрамынан бөлініп шыққан. Варамин ауданы ғасырлар бойы көптеген қоныс аударушыларды өзіне тартқан. Қоныс аударушылардың кейбіреулері саяси себептермен көшірілген, ал кейбіреулері өздері көшіп келген. Түрік, лур, күрд, араб, тәжік, бәлуч пен түркіменнен тұратын бұл халық қазіргі заманға дейін Вараминге келген ауданның жергілікті ұлттары саналады. Вараминнің тұрғындары Иранның басқа жерлеріндегі тұрғындар сияқты парсы тілінде сөйлейді. Варамин ауданы солтүстіктегі қоңыржай аймақта орналасқан. Үш географиялық фактор – Кавир шөлі, Эльбрус таулы сілемі мен ылғалды желдер Вараминнің ауа райының қалыптасуында ықпалды рөл атқарады. Осы үш фактордың екеуі – шөл мен батыс желдері ауданның ауа райына ықпал етеді. Варамин ауданының ауа райы солтүстік жағында ыстыққа жақын қоңыржай, оңтүстік жағында Кавир шөлінің солтүстік бөлігімен аяқталатын тұста жылылық пен жауын-шашын тұрғысынан салыстырмалы түрде құрғақ жер болып саналады. Күндізгі және түнгі ауаның өзгерістері өте жоғары. Жылдық булану мөлшері жауын-шашыннан әлдеқайда көбірек. Солтүстіктен оңтүстікке ағатын Джаджруд өзені осы ауданды суландырады. Варамин халқының көбі егін шаруашылығымен айналысады. Варамин ауданы дәнді-дақыл өнімдерін өндіру тұрғысынан өте танымал. Ауданның егіс өнімдері жапсарлас аудандардың қажеттілігін қамтамасыз етумен қоса, Иранның басқа аймақтарына да жіберіледі. Қант, шекер мен май тазалау сияқты көптеген зауыттардың болуы да бұл ауданға ерекшелік сыйлады. Кілем тоқу және тықыр кілем тоқу да бұл ауданның ең маңызды қолөнер түрлері болып саналады.
Варамин ауданының орталығы Варамин қаласы теңіз деңгейінен 915 метр биіктікте орналасқан. Қаланың ауа райы ыстық әрі құрғаққа жақын қоңыржай сипатта. Қаланың Теһран-Мешхед темір жол желісіне жақын орналасуы оған стратегиялық тұрғыдан ерекше маңыздылық сыйлады.
Тарих тұрғысынан Варамин Рейдің абадтандырылған дәуірлерінде (х.қ.ж.с.б. 8 ғасырға дейін) осы аймақтың танымал ауылдарының бірі саналған. Моңғолдар мен Тимурилер Рейді қиратқаннан кейін бұл қала халқының бір тобы жақын жатқан Вараминге қоныс аударған.
Хамдулла Мостуфи «Нохзат ул-Қулуб» атты еңбегінде: «Варамин бұрын ауыл болған, бірақ қазір аудан орталығына айналған. Онда мақта, дәнді-дақылдар мен жеміс-жидектер өндіріледі. Оның ауа райы Рейден жақсырақ. Қазір Рей қираған шақта Варамин сол жердің қаласы болып табылады»,-деп жазған.
Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдың басында Варамин сол аймақтың ең абадтандырылған қаласы саналып, ондағы тұрғындардың саны айналадағы аудандармен салыстырғанда көбірек болған. Сафави әулеті билікке келіп, шах Тахмасп I Теһранды абадтандыру ісіне кіріскен соң Теһран қаласы біртіндеп дамып, маңыздылыққа ие болып, Варамин керісінше бұрынғы беделінен айырылып, оның тұрғындарының көбі Теһранға қоныс аударған.
Насыреддин шахтың заманында күйеуі Марсельмен бірге бірнеше рет Иранға келген мадам де Ляфой Вараминді көріп, өзінің сапарнамасында ол жайлы егжей-тегжейлі мәлімет берген.
Ахмад шах Қаджардың билігінің бас кезінде құлатылған сұлтан Мұхаммадәли мырза орыстардың көмегімен қолдан кеткен тәжі мен тағын қайтарып алуға шешім қабылдайды. Бұл кездері озбыр билеушінің армиясы мен заңды үкімет күштері арасындағы соңғы соғыс Вараминнің тұрғыны көп имамзада Джафар кесенесінің (Пишва) аймағында болған. Соғыс майданы осы ауданның көптеген биік төбелерінде орын алған. Бұл соғыс қолбасшы Мұхаммадәли мырзаның қолға түсуіне әкеліп соқтырды.
Озбыр билеуші күштерінің машрутият – заңдылық талап етушілерден жеңілген оқиғасы жергілікті халық арасында әлі күнге дейін айтылады. Осы заманда Иранға келген француз саяхатшысы Генри Рене Далмани өзінің еңбегінде Варамин жайлы сөз қозғаған. Енді сол еңбектің бір бөлігімен таныстырамыз: «Біраз жүргеннен кейін Варамин алқабына келіп жеттік. Әр қадам сайын таудан аққан өзендерді көріп, жап-жасыл алқаптарға кезіктік. Егіншілер егіс алқаптарында жұмыс істеп жатқан еді. Біз көкте ұшып жүрген бір қырғиды тамашалап тұрдық. Ол кенет төменге құлдилап, бір құсты іліп әкетті. Алқап жапондық суретшілердің қолымен қара фонда алтын түспен салынған панорама бейнеленген картинаға ұқсап кетті. Алыстан ауыл көрінеді. Ол таудың етегінде орналасқан. Аптап ыстықтың нәтижесінде тамашалауға тұрарлық тартымды панорама қалыптасты».
Варамин тарихи көнелігіне байланысты құнды тарихи ескерткіштерді өз бойына жинаған. Археологиялық зерттеулер тұрғысынан олардың барлығы ерекше маңызды. Бүгінгі бағдарламаның соңғы бөлігінде осы ескерткіштердің кейбіреулерімен таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Жамағат мешіті – Варамин қаласының ең маңызды тарихи ғимараттарының бірі. Мешіт қазіргі қаланың оңтүстігінде орналасқан. Көрген адамды таң қалдыратын салтанатқа ие бұл мешіт Илханилер заманына тиесілі. Мешіттің ғимаратының құрылысы сұлтан Мұхаммад Ходабанде Олжайту заманында басталып, оның ұлы әрі орынбасары сұлтан Абусаидтің кезінде аяқталды. Бұл мешіт Иранның ең үлкен төрт терассалы мешіті болып табылады. Ондағы михрабты салуда қолданылған кірпіш, қыш тақташалары, алебастр жапсырмаларымен безендіру өнері Иранда ислам дәуірі басталғаннан кейінгі ең әдемі өнер үлгілерінің бірі саналады. Бұл тарихи ескерткіш 1310 жылы Иранның ұлттық ескерткіштер тізіміне тіркелді.
Мешіттің бір бөлігін салу х.қ.ж.с.б. 722-723 жылдары (1322 жылы), ал басқа бір бөлігін салу х.қ.ж.с.б. 726 жылы (1325-6 жылдары) аяқталды. Бұл ғимарат мырза Шахрух Тимури заманында (х.қ.ж.с.б. 815 жылы) бір рет жөндеуден өткізілді.
17 метрлік «Алаеддин» кірпіш мұнарасы жамағат мешітінің солтүстігіне жақын жерде, Варамин қаласының «Паченар» атты орталық алаңының маңында орналасқан. Бұл кірпіш мұнараның әдемі конус пішінді күмбезі Иранның талғамы, өнері және нақты техникалық есебінің жарқын үлгісі болып табылады. Иранның кесене ретіндегі барлық мұнараларының арасында бұл мұнара ең үздік болып табылады. Ол х.ш.ж.с.б. 1310 жылы (1931 жылы) Иранның ұлттық ескерткіштерінің тізіміне тіркелді.
Иранның қолөнер тарихының кітабында мұнараның салынған уақыты х.қ.ж.с.б. 688 жыл, сәйкесінше 1289 жыл деп жазылған. Бұл мұнара екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде 32 тармақтан тұратын 12 метрлік шеңбер қаңқа бар. Шеңбер бөліктің жоғары жағында куфа жазуымен жазылған тақташа бар. Аталмыш жазба көгілдір тақташаның бетіне жазылған. Ол кірпіш бетіне жабыстырылған, алайда оның бір бөлігі уақыт өте келе жойылып кеткен. Мұнараның екінші бөлігі 5 метрлік үлкен конус түріндегі күмбезден тұрады. Екінші бөлік бірінші бөліктің үстіне салынған. Конустың жоғары жағы әдемі геометриялық сызықтармен безендірілген. Атап өткен ескерткіштермен қоса, имамзада Яхия (х.қ.ж.с.б. 707 жылы) және шахзада Хосейн (х.қ.ж.с.б. 628 жылы) кесенелері Вараминнің келесі бір тарихи ғимараттары болып табылады. Бұл екі ғимарат та көнелілік, әдемі алебастр жапсырмалары, темірмен тартылған тақташалар тұрғысынан өз заманындағы сәулет өнерінің ең әдемі үлгілерінің бірі болып саналады.
Вараминнің солтүстік-шығысында орналасқан «Ирадж» қамалы да Иранның ең үлкен қамалдарының бірі. Оның қалдықтары әлі күнге сақталып қалған. Бұл қамал ежелгі керуендер жолында орналасқандықтан әскери тұрғыдан өте маңызды болған. Қамалдың салынған уақыты анық емес, бірақ оның мұнаралары моңғол шапқыншылығы заманында салынғанға ұқсайды.