Имам Реза (ғ.с) және өмір салты (1)
"Имам Реза және өмір салты" атты бағдарламалар топтамасы жиырма алты бөлімнен тұрады. Бұл бағдарлама барысында разавилік өмір сүру салтын қарастырамыз.
Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймыз. Армысыздар, қымбатты тыңдармандар! Даналық пен білімқұмар қауымға "Имам Реза және өмір салты"" атты бағдарламамызды ұсынамыз. Егер қасиетті Құран адамдарды жақсы өмірге шақыратын болса, пәк имамдардың (ғ.с) өмір сүру болмыстары мен тәсілдері соның үлгісі саналады. Ұлық Пайғамбар хазірет Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с) мен Құран Кәрім адам баласын осындай өмірге шақырған.
Пәк имамдар (ғ.с), әсіресе имам Резаның (ғ.с) абырой мен құрметке толы өмірінің тарихы ғасырлардың қараңғылығынан нұр шашып, жарқырап тұрған жалынды шырақ секілді. Ол кісінің бағалы өмірі адам ұлылығының шарықтау шегін суреттейтін адамзат баласының тарихындағы айқын жолдар секілді. Бұл үлгілі адамдарды тәрбиелеу мен қалыптастыруға арналған өмір мектебі болып табылады.
Егер осы кісінің өмір сүру тәсілін адамзат қоғамдарына үлгі етіп алатын болсақ, бүгінгі адамзаттың арпалысып жатқан әлеуметтік және ахлақтық мәселелерінің шешілетіндігі күмәнсіз жағдай. Осы топтамамыздың барысында имам Рауф хазірет Али ибн Мұса Резаның (ғ.с) ахлақтық мінез-құлық және қасиеттерінің үлгілерін оның әлеуметтік және ахлақтық тұрғысы мен өмір сүру салты негізінде талдап, зерттейміз.
Әрбір мүмін адам белгілі бір критерийге қол жеткізіп, көңілден шығатын үлгіні іздеумен болады. Ол өзін сол үлгімен салыстырып, өз өмірін сол үлгінің реңімен әсемдегісі келеді. Үлгі іздеу мен кейіпкерді пір тұтудың түп тамыры адамды пір тұтудың құндылығында жатыр.
Құран осындай қажеттіліктерді ескеріп, хазірет Ыбырайым, Ысмайыл, Мұса, Мәриям, Жақия, Жүсіп және ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.) секілді ұлы тұлғалардың өмірлеріне сілтеме жасап, баршаны солардың өмірлерінен үлгі алуға шақырады.
Құран нағыз мүміндерді шындыққа деген көзқарастары мен оның алдындағы өздерінің ұстанымдарына қатысты ұстамды әрі салмақты болуға шақырады. Жеке тұлға тұрғысынан алып қарайтын болсақ, міндеттер мен тыйымдарды ұсыну арқылы оларды тұлғаның өзімен үйлестіріп, оның бойында үйлесімді сенімдер мен мінез-құлықтардың болғанын талап етеді. Сонда ол тұлға алдынан шыққан әрбір мүмкіндікті үлгілермен үйлесімділікте пайдаланып, кәмілдікке жеткен мінсіз адамның үлгісіне жетеді.
Күнделікті тұрмыстағы тәжірибе ұғымымен өмір сүру салты дегеніміз дәл сол өмір сүру тәсілі дегенді білдіреді. Салт дегеніміз әрекет, яғни жол жүрудің бір түрі болып табылады. Бұл – адамға қалай өмір сүру керектігін айтып отыратын ақыл. Ислам діні бойынша өмір сүру салты мен күнделікті тұрмыстағы тәжірибе адам өмірінің барлық салаларындағы исламның оның барлық қырымен қоса жүзеге асуы дегенді білдіреді. Адамның Құдай, өзі және жаратылыс арасындағы үшжақты қатынастарды нақты әрі зерделі түрде топтау арқылы мүмін болып өмір сүріп, пәк имамдардың сөздері мен өмір сүру салтына сүйене отырып, өмір сүру тәсіліне машықтанғаны жөн.
Хазірет имам Резаның (ғ.с) бойында басқа биік қырлары мен қасиеттерінің ішінен екі маңызды әрі нұрлы қыр бәрінен де көбірек көрініс тапқан: бірі – хазіреттің жоғары білімі, жан-жақтылығы мен ғылыми үстемдігі болып табылады. Олар көбінесе, таухидтік, ахлақтық және сөз жүзіндегі дәстүрлер мен әртүрлі дін мен мазхаб өкілдерімен ғылыми және жемісті талқылаулар шеңберінде әлемдегі сол заманда кең тараған бірнеше тілді жетік меңгеруімен пайда болып, көрініс тапқан. Сол себепті хазіретті Мұхаммад әулетінің ғалымы не ғұламасы деп атаған. Екіншісі жалпы халыққа, әсіресе қоластындағылаы мен қызметшілеріне, кедейлер мен жарлыларға мейірімділік пен жанашырлық таныту. Сондықтан да бұл хазіретті «имам Рауф», яғни «мейірімді имам» деп те атаған.
Имам Резаның (ғ.с) рухани жағдайына қатысты ол кісінің аз ұйықтағаны туралы жазылған. Сонымен қатар ол кісі көбінесе аузын бекітіп, ораза ұстаған. Имам Резаның айтуынша, кімде-кім айына үш күн ораза ұстайтын болса, бүкіл өмірінде ораза ұстаған іспеттес болады. Раджа бин Захак: "Құдайдың алдында бұл кісіден асқан діндар, тақуа адамды көрген емеспін. Ол кісіден артық бар уақытын Құдайды еске алумен өткізетін адамды көрмеппін. Бұл кісіден артық Құдайдан қорқатын адамды көрген емеспін. Имам өзінің барлық сәтінде Құдайдың атын айтып, оны еске алып жүрді. Осы мәдениетті өзінің достарының арасында да таратты",- деп айтқан.
Имам Реза өмірінде қарапайым, күй талғамайтын адам болған. Ол хазірет аз тамақтанатын және жеңіл тағамдарды тұтынатын. Өз үйінде қарапайым киім, көбінесе қатты матадан тігілген жейде киген. Ол кісі тек қоғамдық жиындар мен көпшіліктің алдына шыққан кезде ғана үстіне жеңіл шапан жамылған. Имамның жолдастарының бірі Ибн Эбад: "Имам жаз мезгілінде ши тоқыманың үстіне отыратын. Ал қыс мезгілінде кілемшенің үстіне жатып, демалатын. Ол кісі тек кейбір жиындарға ғана тәуір киімін киетін деген.