Тәкфиршіл ағымдардың идеологиясы мен әрекеттерінің негіздеріне шолу (7)
Бүгінгі бағдарламада тәкфиршіл салафиттердің таухид пен күпірлік туралы ойларын талдаймыз.
Өткен бағдарламада «салаф» ұғымын салафиттер тұрғысынан баяндап, оны сынадық. Салафиттердің ақылға жүгіну рөлін теріске шығарып, ислам дәуірінің алғашқы үш ғасырындағы барлық сахабалар мен олардың ізбасарларының әділеттігіне сенетінін және оларды діни үкімдерді айқындайтын критерий санайтынын айттық. Сонымен қатар осы сенімді тарих тұрғысынан сынға алып, сүннит пен шиіт ғалымдардың пікірлерін баяндадық. Және сол үш ғасырды ең қадірлі ғасырлар деп айтуға болатындығына күмән келтірдік. Өйткені, хадисшілер «бедғат» деп атаған нәрсе сол алғашқы жүз жылда немесе одан да кейінірек пайда болған. Хаваредж, марджее, қадрие, мутаззеле мен басқа да ағымдар тура осы заманда пайда болған. Сүнниттер мен салафиттердің жаңашыл сипаттағы ойларының арасындағы алғашқы айырмашылық «салаф» ұғымы мен «ізбасар» сөзінің шегі мен шетінде жатыр. Салафиттер сүнниттердің барлық шекараларын басып өтіп, жаңа бір көзқарас ұсынды.
Марқұм Хакімнің айтуынша, «Екінші халиф Омар қайтыс болғаннан кейін кеңес күні шейхтердің жолы имам Әлиге (ғ.) табыс етілді. Ол шейхтердің жолын ұстанудан бас тартып, халифатты басқаға тапсырды. Осман бұл шартты қабылдады. Алайда іс жүзінде көптеген істерде шейхтердің жолына қарсы шығып отырды. Имам Әли (ғ.) өз халифаты кезінде үшінші халифтің тәсіліне толығымен қарсылық білдіріп, мал-мүлік пен лауазымдарды бөлу немесе билік жүргізу тәсілі сияқты мәселелерді өзгертті. Тіпті бірінші және екінші халифтер де жолы жөнінен бір-бірінен өзгеше еді. Абубакр алым-салықты бөлуде теңдікті сақтап отырған. Ал екінші халиф адамдарды алалаған. Абубакр бір жиналыста үштік талақ жасауды бір талақ ретінде санаса, Омар оны үш рет талақ жасау деп түсіндірген. Омар қажылық кезі мен өмір бойында уақытша некеге тұруды харам деп жариялады, ал бірінші халиф өйтпеген еді». Осындай қарама-қайшылықтардың көбін санамалап шығуға болады. Діннің тіректері мен ұғымдарының бірі – таухид. Таухид – ислам дінінің бес негізгі тірегінің бірі. Ислам дінінде таухид мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Тіпті адамдардың екі дүниедегі бақыты мен сәтсіздігі осы сөзге байланысты деп саналады. Таухид қасиетті ислам дінінде ғана емес, барлық илаһи діндерде ерекше орынға ие. Сондықтан соңғы ғасырларда ваххабиттердің басшылары, соның басында Ибн Таймиядан таралған ойларға ие Мұхаммед ибн Әбд әл-Ваххаб осы сөзге ерекше сипаттама беріп, көптеген мұсылмандарға тәкфир үкімін шығарып, көп қан төкті.
Тәкфиршіл салафиттер таухид пен Аллаға серік қосуға қатысты бөлек сенімге ие. Олардың сенімі исламның тағылымдарына қайшы. Таухид – исламның ең маңызды негізі мен тірегі және терминдік мағынада Алла Тағаланың бірлігіне сену дегенді білдіреді. Ислам тағылымдары бойынша, таухид исламның кіреберіс шекарасы саналады. Ислам монотеистік және таухидтік дін деп сипатталады. Оған қарама-қарсы ширк –Аллаға серік қосу тұр. Ол кешірілмейтін күнә. Аллаға серік қосып, басқаға сыйынатын адам исламның аясынан шығып кетеді. Таухид ұғымы макро деңгейде теориялық және практикалық болып екіге бөлінеді. Теориялық таухид Құдайды тануға арналған. Адам бұл сатыда Құдай мен оның ерекшеліктерін таниды. Ал практикалық таухид дегеніміз адамның іс жүзінде де бір Аллаға сыйынып, амалдарының таухидтік сипатта болуы, өзін іс жүзінде Құдайдың болмысымен бірдей етуі болып табылады. Тәкфиршіл салафиттер Ибн Таймияның көзқарасын ұстанып, таухидті үшке бөледі: есімдер мен сипаттардың бірлігі таухиді, илаһи бірлік, ғибадат бірлігі. Есімдер мен сипаттардың бірлігі салафиттердің Құдайды әрнәрсеге ұқсатып, кейіптеуіне әкеліп соқтырды. Бұл олардың Құранға атүсті қарауынан туындаған. Ғибадат бірлігі дегеніміз Құдайға ғана табыну. Одан өзгелер ғибадат етуге лайық емес. Тәкфиршіл салафиттердің таухидті тек ғибадат бірлігінде тәпсірлейтінін айта кету керек. Олар тіпті таухидты ғибадаттың синонимі ретінде қолданатындықтан, мұсылмандардың көбін мүшірік санайды. Өйткені, олар ғибадат ұғымын өте кең санап, намаз, ораза, зекет, қажылық пен шыншылдық сияқты амалдар мен ант беру, құрбандық шалу, көмек сұрау мен Аллаға иек артуды қандай формада және қандай ниетпен орындалса да, ғибадаттың дәлелі санайды. Соның нәтижесінде оны Құдайдан басқаға жасауды шерк деп біледі. Тәкфиршіл салафиттер Мұхаммед ибн Әбд әл-Ваххабтың ойлары негізінде мұсылмандар тарапынан жасалған осындай шеркті мүшріктердің өзінен ауырырақ деп, олардың қанын төгіп, мүлкін тартып алып, намысын аяққа таптауды исламға дейінгі мүшіріктердей рұқсат етілген деп түсінеді.
Идеология тұрғысынан ваххабизмнің ең маңызды тармағы саналатын ДАИШ тәкфирлік тобы да осы пікір негізінде таухид пен шеркті тәпсірлеп, илаһи әулиелердің қабірлеріне сыйынып, табынуды және шипа тілеуді Құдайдан басқаға сыйынудың дәлелі мен шерк деп есептейді. Сондықтан, олар ғибадат бірлігі желеуімен ешбір істі қасиетті деп санамайды, тіпті Қағбаны шерктің символы санап, «Мұсылмандар ғибадат етпеуі үшін Қағба жойылуы тиіс» деп мәлімдеген. Абу Бакр Бағдади: «Ислам принциптері мен сенімдері бізге тасқа табынуға рұқсат бермейді»,-деген болатын. Олар күпірлік пен шеркке берген үстірті сипаттама негізінде Иракта пәтуа шығарып, халық арасында кең таралған 20 сөзді күпірлік пен шерктің белгісі деп атап, оларды қолданған адамды дінбұзар деп аталу шарттарына сай деп таныды. ДАИШ лаңкестік тобы осы бұйрықты Сирияның Дейр оз-Зор қаласындағы халықтың арасында таратып, осы сөздер мен сөйлемдерді қолдануды ислам дінінен шығу деп жариялады. Бұл тізімде «Ахлан» - қош келдіңіз, «Уа хайят ун-наби» - пайғамбардың өмірімен ант етемін, «пайғамбарлардың қабіріне Алланың рақымы мен сәлемі болсын» деген сөйлемдер енгізілген. ДАИШ осы пәтуада аталмыш 20 сөйлемді үлкен күпірлік, үлкен шерк, кіші шерк және күнә деп төртке бөлді. Олардың әрқайсысында күпірліктің дәрежесіне байланысты ерекше жаза бар. Олардың көзқарасынша, ваххибиттер ғана кәпір емес. Олар одан сақталынған. Егер тәубеге келіп, ДАИШ халифіне адалдық жарияламаса, шиіттер мен сүнниттер де кәпір.
Күпірліктің мағынасы мен оның тәкфиршілдер тарапынан таралуы жайында былай деп айту керек: Құранда күпірлік сөзі екі мағынада келтірілген: біріншісі – ислам үмбетінен шығу. «Бақара» сүресінің 34-аятында Ібілістің кәпірлігі туралы «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды» делінген. «Мәида» сүресінің 17 және 73 аяттарында христиандар мен үштік күшке сенетіндердің кәпірлігі жайында «Расында: “Алланы, Мәриям ұлы Мәсих” дегендер кәпір болды. “Егер Алла, Мәриям ұлы Мәсихты және оның шешесін де, тіпті жер жүзіндегі біртұтас жан иесін жоқ етуді қаласа, Алладан құтқаруға кім ие?”,- де. Көктер мен жердің және екеуінің арасындағылардың иелігі Аллаға тән. Ол қалағанын жаратады әрі Алланың әр нәрсеге толық күші жетуші» және «Расында: “Алла, үштің үшіншісі” дегендер кәпір болды. Бір Тәңірден басқа тәңір жоқ. Егер олар бұл айтқандарынан тыйылмаса, олардан; сондай қарсы келгендерге күйзелтуші азап кездеседі» деп жазылған. Екіншісі – ислам халқынан шықпау. Сүннит тәпсіршілердің көбінің түсіндіруінше «Нәмл» сүресінің 40-аяты сияқты аяттарда «кәпір, күпір» сөзі «шүкіршілік етпеу» мағынасында қолданылған.
Осылайша «кәпір» сөзі Құранда басқа аяттарды назарға ала отырып түсіндіріледі. Тәкфиршілдердің «кәпір» сөзінің қолданылуына байланысты Құран аяттарына сүйенуі Алла сөзінің ақиқатына қайшы. Сенімді рауаяттар мен аяттарға назар салсақ, «тәкфирлік» тыйым салынған жаман іс саналады. Құдай «Ниса» сүресінің 94-аятында: «Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып: “Мүмін емессің” демеңдер»,-деген. Абдулла бен Омар: «Пайғамбардан (с.ғ.с.) естідім, ислам бес нәрсеге сүйенген: Алланың бірлігіне және Мұхаммад пайғамбардың Ол тарапынан жіберілгеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару, Рамазан айында ораза ұстау»,-деген.
Келесі бағдарламада Құран мен пайғамбар сүннеті тұрғысынан күпірлік пен иманның мағынасына тоқталамыз. Бұл сипаттама тәкфиршіл салафиттердің Мұхаммад пайғамбар таратқан исламның тағылымдарын шындыққа жанаспайтындай бұрмалап қабылдап, шын мәнінде ислам дінінде бедғат саналатын түсінігінен мүлдем бөлек.