Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (16)
Разавилік өмір салты топтамасының бүгінгі бөлімінде әкеге құрмет көрсетудің маңызы жайлы сөз қозғаймыз.
Исламдағы рауаяттарда ата-ананы құрметтеп, оларды сыйлау ең үлкен және ең маңызды илаһи парыз ретінде таныстырылған. Сондай-ақ, бұл тақырып ислам мәдениеті мен имамдардың (ғ.с) кеңестерінде көп қуатталған.
Имам Реза (ғ.с) әкені құрметтеу туралы айтқан сөзінде: "Құдай үш істің келесі үш іспен қатар орындалуын бұйырған: алғашқысы – намаз зекетпен қатар болуы тиіс, яғни намаз оқыған адам зекет бермейтін болса, оның намазы қабылданбайды; екіншіден, ата-анаға алғыс білдіріп, шүкіршілік ету бұйырылған. Егер адам ата-анасына алғыс білдірмесе, оның Құдайға шүкіршілік етпегені; үшіншіден, илаһи тақуалық пен туыстық қатынасты сақтауға бұйырған. Егер кімде-кім туыстық қатынасты үзетін болса, онда ол илаһи тақуалық жасамады деп есептелінеді",- деп айтқан.
Имам Реза (ғ.с) сонымен қатар ата-анаға жаман қарым-қатынастың соңының немен аяқталатыны туарлы ескерту жасап: "Пайғамбар (с.ғ.с) былай деген: "Ата-анаңа тек жақсылық жаса, сонда жаннатқа барасың. Бірақ, егер ата-анаңның қарғысына қалатын болсаң, тозаққа барасың",- деп айтқан.
Имам Реза (ғ.с) Мамунға жолдаған хатында ата-анаға жақсылық пен игілік жасауға сілтеме жасап, былай деп жазған: "Ата-анаға, олар тіпті мүшрік не кәпір болса да, игілік жасау керек. Алайда, Құдайға бағынбауға қатысты оларға құлақ аспау қажет". Имам Реза (ғ.с) үнемі әкенің перзентке қатысты орны мен құқығына байланысты әкенің айтқанын орындауға кеңес беріп, халықты әрдайым әкенің құрметін сақтауға шақырып, оларды құрметтеуге кеңес берген. Өзінің құнды сөздерінде: "Әкенің айтқандарына құлақ салып, оған бағынып, оған жақсылық жасауың қажет. Оның үлкен екендігін ұмытпай, оны құрметтеуің қажет. Ол кісінің көзінде ақырын сөйлегенің абзал. Себебі әке – перзенттің негізі мен тамыры. Ал перзент оның бір бөлігі, бауыр еті. Әке болмағанда, перзент те болмас еді",-деп айтқан.
Сонымен қатар, имам Реза (ғ.с) әкенің орнының маңызы туралы: «Уа, перзенттер! Құдайдың берген құдіреті мен қабілетінің арқасында бар мал-мүлік, табыс пен жандарыңды олар (ата-ана) үшін жұмсаңдар» деген. Алланың елшісі (с.ғ.с): "Өзің мен сенің мал-мүлкің – әкеңе тиесілі. Сондықтан, өзің мен байлығыңды әкеңе арна", деп айтқан.
Уа, перзенттер! Бұл дүниеде әкелеріңе жақсылық жасап, олардың жанында болыңдар! Олар қайтыс болғаннан кейін Құдайдан олардың күнәларын кешіріп, рақымшылық етуді сұрап, үнемі оларды еске алып отырыңдар. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Әкесінің көзі тірісінде оған жақсылық жасап, ізгілік танытқанымен ол көз жұмғаннан кейін оған дұға тілеуді ұмытса, Құдай оны бағынбайтын және бойұсынбайтын санайды",- деген.