Аптаның экономикалық журналы (115)
Иран президентінің бірінші орынбасары Иранның алдағы жылға арналған бюджетінің бағыттары туралы: «Экономикалық өсу, жұмыспен қамту, қоғамдағы кедей адамдардың санын азайту алдағы жылға арналған бюджеттің басты бағыттары болып табылады» деді.
Исхақ Джаһангири дүйсенбі күні кешке Экономика кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде алдағы жылдың бюджетінде экономикалық өсу мен жұмыспен қамтудың, қоғамдағы кедей адамдардың санын азайту мәселелерінің күн тәртібіне қойылғанын мәлімдеді. Иран президентінің бірінші орынбасары экономикалық дипломатияға неғұрлым көбірек назар аудару қажеттігін қуаттап: «Революция жетекшісі осы мәселені ерекше қуаттады. Иран президенті мен Сыртқы істер министрі де осы мәселеге бар назарын аударып отыр. Тіпті Сыртқы істер министрі осы министрліктің құрылымын экономикалық дипломатияның критерийлеріне сәйкес өзгертуді жоспарлап отыр» деді.
Джаһангири сонымен қатар экономиканың алдағы қатарлы бөлімдерінің маңыздылығын қуаттап, мұнай және экспорт сияқты маңызды бөлімдерге баса назар аудару қажеттігін айтып: «Осы бағдарламалармен қатар банк жүйеісіндегі қиындықтар, зейнетақы қорларына қатысты мәселелер, энергия тасымалдушылар төңірегіндегі қиындықтар мен экологиялық және климаттық мәселелерді шешуді көздеп отырмыз» деді.
Үкіметтің мақсаты – мұнайды экономиканың қозғаушы күші ретінде пайдалану. Осылайша ішкі алаңда мұнайға тәуелді өнеркәсіптерді кеңейту мақсатында валюталық табыс әкелетін бұл табиғи ресурсты тұрақты байлық көзіне айналдыруға жол ашылады. Мамандардың пайымдауынша, бұл маңызды мақсат Ирандағы мол мүмкіндіктер мен адам күштеріне байланысты қолжетімді болып табылады.
Ішкі өндірісті нығайту, шетелдік байланыстар шеңберінде технологияларды жөнелту, экономикалық маңызды әрі сезімтал бөлімдерді ғылымға негіздеу, елдегі жемқорлықпен шынайы күресу – бұлардың барлығы революция жетекшісінің өзінің баяндамаларында бірнеше рет қуаттаған мәселелер. Ислам революциясының жетекшісі Иран президенті және үкіметтік топты жуырда үкімет апталығы шеңберінде қабылдауында: «Қоғамдағы мәселелер, әсіресе, жастардың жұмыссыздығы мәселесін шешу үкімет жұмысының басты бағыты болып табылады» деді.
Табысты елдердің экономикалық дағдарысқа қатысты тәжірибелері өзінің ішкі мүмкіндіктеріне сүйеніп, оларды басқа елдермен байланыстарда да пайдаланған кезде ғана табысқа жете алатынын көрсетті.
Көптеген елдер жоспарлау, ішкі ресурстарға сүйену және ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру арқылы әлемдік экономика алаңында өздері үшін жақсы орынға қол жеткізе алды. Бұл әрекет екі мәселеге байланысты: біріншісі – экономикалық алаңдағы ішкі мүмкіндіктерге сүйену болса, келесісі – шекаралардан тыс жерлердегі сыртқы мүмкіндіктерге иек артуда.
Осы аяда жүйе басшылары қарсыласу экономикасына қатысты түрлі стратегиялар ұсынды. Қазір сауда-экономикалық байланыстарды арттыру үшін көп мүмкіндік бар.
Иранның Орталық банкінің бас директоры осы аяда: «Қазір Иранның экономикасын қаржыландыру үшін көптеген ұсыныс бар. Әртүрлі елдер Иранның экономикасына атсалысуға өтініш жасап жатыр» деді.
Иранның Орталық банкінің бас директоры Валиолла Сейф алдағы аптада шетелдік қаржыландыру көздеріне қатысты келісімдерге қол қойылатынын және осы жаңа көздерді тартудың Ирандағы өндіріс және жұмыспен қамту үшін лайықты кеңістік тудыратынын айтып: «Қазір шетелдердің қаржыландыру келісімдеріне қол қойып жатқанына куә болып отырмыз. Иранның экономикасын қаржыландыру үшін сұраныс жоғары» деді.
Ол сонымен қатар, жақында Иранның экономикасына шетелдік инвестициялардың салынатынын хабарлап, оны үкіметтегі макроэкономикалық және қарсыласу экономикасының саясаттарын жүзеге асыру мақсатына жету үшін жасаған үйлесу жұмыстарының нәтижесі деп атады.
Иранның Орталық банкінің бас директоры соңғы жылдары ирандық басшылардың қарсыласу экономикасына қатты назар аударғанына тоқталып: «Иран үкіметі мен Ислам кеңесі мәжілісі саясаттар мен түрлі бағдарламаларды реттеу және жүзеге асыру қалыбында қарсыласу экономикасында қарастырылған мақсаттарды іске асыруды көздеп отыр» деді.
Иранның Орталық банкінің директоры өткен бейсенбі күні бір делегацияны бастап, келіссөздер өткізу, банк ісі саласында келісімді қорытындылау және оған қол қою мақсатында Қытай республикасының астанасы Бейжің қаласына сапармен барды. Сейф ИРНА-ға берген сұхбатында: «Қытай банктерінің басшыларымен өткізілген түрлі отырыстар мен кеңесулерден кейін бұл ел Иранның экономикасы үшін шамамен 35 миллиард доллар көлемінде жеңілдік және қаржыландыру бағытында қаржы бөлетін болды» деді.
Жеңілдіктер мен қаржыландырудың осы көлемі Иранның экономикалық кеңістігінің жарқын болашаққа жетуіне көмектесумен қатар, Иран мен Қытайдың сауда-экономикалық қарым-қатынастарын кеңейтуге деген шынайы ұмтылысты көрсетеді.
Валиолла Сейф Иранның Орталық банкі мен Қытайдың Даму банкінің Бейжіңдегі 15 миллиард долларлық меморандумына тоқталып, меморандумның осы банк басшыларымен кездесу барысында қорытындыланып, бекітілгенін айтты.
Аталмыш банк «Теһран-Машһад» темір жолы желісін қаржыландыру мақсатында 1,7 миллиард доллар теңгерімі бар ірі кредиттік желіні ашқан болатын.
Осы аптада Ереванның көрмелер орталығында ирандық, армениялық және еуропалық компаниялардың директорларының қатысуымен Иран, Армения мен Еуропа одағының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру конференциясы өтті.
Жұма күні өткен осы конференцияда Арменияның Экономика министрінің орынбасары Роберт Арутюнян үшжақты ынтымақтастықтарды маңызды деп сипаттаумен қатар, Еуропа одағы, Армения мен Иран арасындағы қарым-қатынастарды кеңейтуді қуаттады.
Иранның Инвестиция және техникалық-экономикалық көмектер ұйымының өкілі Акбар Қаһремани да Иран-Армения-Еуропа экономикалық конференциясына қатысушыларға Ирандағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырып өтті.
Осы оқиғамен бір мезгілде Арменияда тараптар арасындағы ынтымақтастықтарды кеңейту мақсатында жан-жақты сауда-инвестициялық көрме өткізілді.
ИИР-ның солтүстігі мен оңтүстігіндегі еркін сауда аймақтар және Иранның 13 мың шақырымға созылып жатқан темір жол желілері мен байланыс жолдары азиялық экспорттаушылар үшін ерекше жағдай тудырады. Осы сауда байланысында Армения ИИР мен Еуразиялық одақ арасындағы байланыс көпірі саналады.
Жуырда еркін сауда аймақтарында ынтымақтастық жасау туралы келісімге қол қойған Иран мен Армения еркін экономикалық аймақтар арқылы Еуразиялық одақпен әріптестік жасай алады.
Иран мен еуропалық елдердің байланыстарын кеңейту мақсатында өткен аптада Иранның Сауда палатасының төрағасы Ғоламхосейн Шафаидің басшылығымен Иранның сауда-экономикалық делегациясы Киевтегі Иранның экспорттық мүмкіндіктерінің көрмесін ашу үшін Украинаға сапар шекті. Осы сапар барысында Киевте Иранның «Экспорттық көрме-2017» шарасы өткізілді.
Сонымен қатар Иранның Сауда, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі және ауылшаруашылық палатасының төрағасы Ғоламхосейн Шафаи мен Украинаның Энергетика және тас көмір өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Галина Карптың қатысуымен бір отырыс өткізілді.
Иранның Сауда палатасының төрағасы Украинаның Энергетика және тас көмір өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасарымен кездесуінде: «Украинамен тікелей әріптестік жасау және Еуропа аймағына кіру үшін осы елдің ерекше жағдайын пайдалану Иранның басты бағдары болып табылады» деді.
Украинамен экономикалық байланыстарды кеңейту Иранның Еуропа одағына мүше елдердің нарықтарына кіретін жолын жеңілдетеді. Осы аяда Иран мен Украинаның сауда палаталары қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана алады.
Иранның Өнеркәсіп, тау-кен өндірісі және сауда министрі Мұхаммад Шариатмадари дүйсенбі күні Теһранда Франция үкіметінің Еуропа одағы істері жөніндегі хатшысы Жан-Батист Люмуанмен кездесті. Шариатмадари осы кездесуде Францияның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты тәуелсіз ұстанымдарын тілге тиек етіп: «Барлық елдердің «Ортақ қадам» бағдарламасын сақтап қалуға ынта білдіруі Иранның ұлттық, аймақтық және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықтарын кеңейтіп, әлемде бейбітшілік орнатуға көмектеседі» деді.
Ол сонымен қатар франциялық компаниялардың Иранның мұнай, газ және өнеркәсіп салаларындағы құзырын құптап, Франциялық компаниялардан ұшақ сатып алуы мен франциялық компаниялардың Иранның әуежайларын кеңейтуге атсалысуын осы қарым-қатынастардың бір үлгісі деп атады.
Иран әуе-ғарыш, темір жол және күре жолды жаңарту мәселелері бойынша Франциямен келіссөздер өткізіп, ынтымақтастық жасайды.
Ахундидің айтуынша, Airbus ұшақ жасау компаниясының өкілі Теһранға келіп, Иранның осы компаниямен келісімшартты қорытындылау үшін келіссөздер өткізді.
Иран темір жол тасымалы саласына ортақ инвестиция салу бойынша Франциямен әріптестік жасауға әзір. Осы аяда Иранның Жол және қала құрылысы министрі Аббас Ахунди дүйсенбі күні Теһранда Франция үкіметінің Еуропа одағы істері жөніндегі хатшысы Жан-Батист Люмуанмен кездесуінде Иранның Франциямен қоршаған ортаның ластануын азайту мақсатында тасымал көліктерін жаңарту үшін әріптестік жасауға мүдделі екенін айтты.
Франция үкіметінің Еуропа одағы істері жөніндегі хатшысы Жан-Батист Люмуан кездесуде елінің «Ортақ қадам» келісіміне берік екенін айтып: «Франциялық компаниялар Иранға инвестиция салу бойынша алдыңғы қатарда тұр. Сонымен қатар франциялық компаниялар Иранға сапалы тауарлар ұсынуға әзір. Дегенмен, Иран мен Францияның осы саладағы ынтымақтастықтары үшін алдымен банктік қатынастарды реттеу керек екенін еске сала кетейік. Бұл ынтымақтастықтарды кеңейту қажет» деді.