Қар 06, 2017 10:08 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (120)

Иран мен Африка байланыстарына, Иранның солтүстіктегі көршілес елдермен және Кавказ аймағы мемлекеттерімен қатынастарына, Иран, Ресей мен Әзірбайжан Республикасының Теһрандағы үшжақты отырысына, Иран мен Катардың қарым-қатынастарына шолу жасаймыз.

Өткен аптада Теһранда Иран мен Африканың үкіметтік қайраткерлері және жеке секторының қатысуымен Иран мен Африканың экономикалық-инвестициялық форумы өтті.

Бұл форум Иран Сыртқы істер министрінің Оңтүстік Африка Республикасы, Уганда мен Нигер сапары барысында кәсіпкерлердің өзара байланысын орнату және екі тараптың экономикалық белсенділері мен кәсіпкерлеріне ақпарат беру мақсатында өткізілді.

Сенегалдың Теһрандағы елшісі Бабакар ба осы форумда Иран мен Африканың экономикалық ынтымақтастық стратегиясын жобалау және Иранның мүмкіндіктерін сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында пайдалануды сұрап, Иранның Африкамен экономикалық қарым-қатынастарының түрлі салаларда, әсіресе, мұнай және газ, денсаулық сақтау, емдеу, фармацевтика мен техникалық көмектер бөлімдері бойынша кеңейтілетін болғанын мәлімдеді.

Қазіргі кезде осы ынтымақтастықтарды кеңейту үшін лайықты мүмкіндіктер, соның ішінде, кеме жүргізу ісі мен порттар бөлімінде жақсы мүмкіндіктер туындап отыр. Иранның кемелері қазіргі кезде Парсы шығанағындағы Джебел Али портынан Африкадағы Монсава және Даруссалам порттарына қатынайды. Даруссалам портынан Оңтүстік Африка порттарына қарай бағытты өзгерту де қиын емес.

Иранның кемелері Оңтүстік Африканың Дурбан, Элизабет және Кейптаун порттарына еш кедергісіз қатынай алады.

ИИР көршілес елдермен қатынастарды кеңейту, әсіресе, экономикалық жобаларды іске асыруды өзінің экономикалық дипломатиясының басты бағдары етіп қойды. Экономикалық ынтымақтастық пен көрмелерге белсенді түрде қатысу – Иранның осы алаңдағы жоспарлары. Өткен аптада Бағдад халықаралық көрмесінің жабылу салтанатында Иран осы көрмедегі ең үздік үш павильонның бірі ретінде марапатталды.

44-ші Бағдад халықаралық көрмесі «Өз жерімізді азат еттік. Сіздердің көмектеріңізбен қайта қалпына келтіреміз» ұранымен 18 елден жиналған 350 компания, соның ішінде, 60 ирандық компанияның қатысуымен қазан айының жиырма бірінен отызы аралығында өтті.  

Бағдадтың биылғы жылғы көрмесіне ирандық компаниялар түрлі өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, мұнай-химия, қызмет көрсету және азық-түлік бөлімдері бойынша қатысты.  

Өткен аптада сонымен қатар Стамбұлда Иранның кәсіптік және өнеркәсіптік тауарларының мамандандырылған көрмесі өтті.

Көрме Иран мен Түркияның ортақ экономикалық комиссияларының төрағалары Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Мұхаммад Шариатмадари мен Түркияның Экономика министрі Нихат Зейбекчидің қатысуымен ашылды.

Иран осы кәсіптік және өнеркәсіптік мамандандырылған көрмеде мұнай-химия, құрылыс материалдары, көлік жасау өнеркәсібі, туризм мен Ирандағы саяхат бөлімдері бойынша мүмкіндіктерін жұрт назарына ұсынумен қатар, Мако және Анзали екі еркін сауда аймағының да мүмкіндіктерін инвесторларға таныстырып өтті.

Иран мен Әзірбайжан республикасы өткен аптада екіжақты экономикалық қатынастар жолында тағы бір маңызды қадам жасады.

Әзірбайжан президенті Илһам Әлиев Бакуде Иранның Қаржы және экономика министрі Масуд Карбасианмен кездесуінде Иран мен Әзірбайжан республикасы арасында жасалған келісімдердің жүзеге асырылып жатқанын, жуырда оның нәтижелерін көретіндіктерін айтты.

Әзірбайжан республикасы президенті жұма күні екі елдің ортақ экономикалық отырысынан кейін өткен кездесуде трансұлттық ортақ жобалардың жүзеге асырылуына тоқталып, алдағы жылдары да Иран мен Әзірбайжан республикасы арасында табысты ынтымақтастықтардың жалғасатындығына сенім білдірді.

Иран мен Әзірбайжанның экономикалық алаңдағы ынтымақтастықтарының маңызды жобаларының қатарына тасымал және кәсіптік мүмкіндіктерді пайдалану, «Оңтүстік-солтүстік» тасымал дәлізін аяқтау жатады. Әзірбайжан Республикасының басшыларының айтуынша, «Оңтүстік-солтүстік» тасымал дәлізінің бірінші кезеңі аяқталып, Әзірбайжанды Иранға қосатын темір жол мен Астара темір жол көпірі салынды. Желтоқсан айында Иранға қарай сынақ ретінде алғашқы пойыз жіберіледі.

Әзірбайжан Республикасының президенті Илһам Әлиевтің өткен жылғы Теһранға сапары барысында екі елдің түрлі экономикалық, энергетика, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру, инвеситция, жеке сектор, кеден, су электр стансаларының құрылысы бөлімдері бойынша ынтымақтастықтарды кеңейту және жылдамдығын арттыру мақсатында 11 құжатқа қол қойылды.

Каспий теңізі жағалауындағы елдер түрлі экономикалық мүмкіндіктерге ие.

Осы аяда өткен аптада Ресейдің Астрахань қаласында Каспий маңындағы бес елдің, атап айтқанда, Иран, Ресей, Түркіменстан, Қазақстан мен Әзірбайжан Республикасы қайраткерлерінің қатысуымен «Каспий-Сауда» деп аталатын сауда палаталарының халықаралық ынтымақтастық кеңесінің екі күндік отырысы өтті.

Иранның Сауда, өнеркәсіп және ауылшаруашылық палатасының төрағасы Ғоламхосейн Шафии осы отырыста: «Каспий маңындағы елдер өздерінің экономикалық қажеттіліктерін тауарлардың 70 пайызын алмастыру арқылы қамтамасыз ете алады. Алайда тауарлардың тек 10-12 пайызы ғана алмасады. Каспий теңізі жағалауындағы елдер осы аяда талпыныс жасауы қажет» деді.  

Теһранда сәрсенбі күні Иран, Ресей мен Әзірбайжан республикасының үшжақты отырысы өтті.

Ресей президенті  Владимир Путин мен Әзірбайжан республикасының президенті Илһам Әлиев үшжақты келіссөздерге қатысу мақсатында Теһранға келді.

Осы үшжақты отырыс қарсаңында Иранның Жол және қала құрылысы министрі Аббас Ахунди мен Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак Мәскеуде кездесіп, екі елдің барлық салаларда, әсіресе, экономика, өнеркәсіп және энергетика бөлімдеріндегі ынтымақтастықтарын кеңейтуді қуаттады.

Иран АҚШ-тың санкция салу туралы қоқан-лоққыларына қарамастан, 2018 жылы энергетика бөлімі бойынша құны 20 миллиард доллардан асатын келісімдер жасамақ.

Иранның Мұнай министрінің халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары Амир Хосейн Заманиниа британиялық  Financial Times газетіне берген сұхбатында осы хабарды жариялап: «Бұл келіссөздер Mersac oil және Роснефть компанияларымен әлемнің ең үлкен газ алаңы саналатын Оңтүстік Парс алаңының мұнай қатпарларын өңдеу туралы келіссөздерді, сондай-ақ, ресейлік Лукойл, Газпром және Зарубежнефть компанияларымен мұнай алаңдарын кеңейту туралы келіссөзді қамтиды» деді.

Келесі бір келісім бойынша, Ресейдің Астрахань облысындағы «Лотос» арнайы экономикалық аймағының 20 гектар жері Иранның Анзали еркін сауда аймағында жұмыс жасайтын ирандық компанияларға бөлінді.

Бұл ынтымақтастық келісіміне қол қойылғаннан кейін Ресейдің Астрахань облысындағы «Лотос»  арнайы экономикалық аймағы ирандық жартылай дайын тауарлар мен  Еуразия елдеріне арналған экспорттық тауарларды қабылдайтын орталыққа айналады.

Осы аяда Иран мен Армения да сауда және кедендік байланыстарды жеңілдету жөнінде келіссөздер өткізді. Армения Иранды Еуразия елдерінің сауда аймақтарына қосатын көпір болып табылады. Иранның Еревандағы елшісі Сейед Казем Саджади мен Арменияның үкіметтік кірістерінің комитеті төрағасы Вардан Арутюнянның кездесуінде екі ел арасындағы сауда саласындағы кедергілерді бейтараптандыру, кедендік мәселелерді шешу және еркін сауда аймақтарында әріптестік жасау мәселелері талқыланды.

Саджади мен Арутюнянның кездесуінде Арменияның сауда және экономикаға қатысты заңдарын ирандық кәсіпкерлер мен инвесторларға таныстыру қажеттігі және басқа да мәселелер қарастырылды.

Иранның Салық ұйымының төрағасы Камел Тағавинеджад экономикалық делегацияны бастап, Арменияға сапар шекті. Осы сапар барысында Арменияның үкіметтік кірістерінің комитеті төрағасы Вардан Арутюнянмен кездесіп, сұхбаттасты.

Иранның Салық ұйымының төрағасы Армениядағы экономикалық және инвестициялық жұмыстарға атсалысуы үшін ирандық кәсіпкерлер мен инвесторларға салық жөнінде ақпарат пен жеңілдік беру қажеттігін қуаттады.

Арменияның үкіметтік кірістері комитетінің төрағасы Вардан Арутюнян  осы кездесуде өз елі мен Иранның кәсіптік және экономикалық ынтымақтастықтарының өткеніне тоқталып, Иран мен Арменияның кеден және салық ісі бойынша әріптестіктерін кеңейтуді сұрады.

Теһран осы аптада Катардың Көлік және байланыс министрі Джассам Сайф бен Ахмед әл-Сулаитиді қабылдады.

Аббас Ахунди дүйсенбі күні Теһранда Көлік және байланыс министрі Джассам Сайф бен Ахмед әл-Сулаитимен кездескеннен кейін Иран мен Катар арасында ауқымды өзара саудамен қатар Иранның солтүстігі мен Катардың оңтүстігіне қарай транзиттік сауданың да жүзеге асырылатынын айтты.

Иран мен Катар сауда-инвестициялық ынтымақтастықтар үшін ауқымды мүмкіндіктерге ие. Мұнай және газ, әуе тасымалы салаларындағы ынтымақтастықтармен қатар, ирандық және катарлық әуе компаниялары арасындағы сауда байланыстарын кеңейту мүмкіндігі де бар.

Катардың Көлік және байланыс министрі Джассам Сайф бен Ахмед әл-Сулаити осы аяда екі ел арасындағы тасымал саласы бойынша жасалған келіссөздерге тоқталып, Катардың Иранмен сауда байланыстары мен инвестицияларының алдағы уақытта да еш шектеусіз жалғасын табатынын қуаттады.