Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (21)
Бүгінгі бағдарламамызда өмір салтындағы қарым-қатынас жасаудың ережелеріне тоқталамыз.
Адам баласы табиғатынан қоғамдық тіршілік иесі болып табылады. Басқалармен қарым-қатынас жасау мен тілдесудің көптеген пайдасы бар. Себебі адамның табиғи өмірінің жалғасуы оның әлеуметтік өмірімен тығыз байланысты. Адамның әділет, әділдік пен туралық, рақымшылық, қайырымдылық, жәрдемдесу секілді қасиеттерді бойына сіңіріп, зұлымдық, біреудің құқығын бұзу, өзімшілдік, тәкаппарлық, қиянат, өтірік айту және т.с. кесірлерден аулақ болуы – осылардың барлығы әлеуметтік өмірдің арқасында пайда болып, қалыптасады.
Исламда басты назар аударылған қатынас принциптерінің бірі халықпен сыпайы сөйлесу, жұмсақ мінез бен мейірімділік таныту, немесе жақсы мінез көрсету саналады. Ислам әрдайым осы дін жолындағыларды басқаларға жұмсақтық пен сыпайылық танытуға шақырып, ашу мен дөрекіліктен аулақ болуға кеңес береді.
Имам Реза (ғ.с) осы мәселеге байланысты: "Бойында мына үш қасиеті жоқ мүмін нағыз мүмін емес: Жаратушысы бұйырған өмір салты, пайғамбарының өмір салты мен имамының өмір салты.
Жаратушысы бұйырған өмір салты – сырын жасыру. Пайғамбарының өмір салты – халыққа сыпайылық пен жұмсақ мінез таныту, ал имамының өмір салты – кедейшілік пен бақытсыздық келген сәтте сабыр сақтап, төзімділік таныту",- деген.
Кез келген адамның болмысынан жұмсақтықты, мейірімділік пен сыпайылықты сүйетіні анық. Халыққа жұмсақ мінез бен сыпайы қатынас жасау әлеуметтік өмірдің ең маңызды қағидаларының бірі саналады. Халықпен құрғақ әрі қатаң қатынас жасау кейбіреулердің ақиқат жолынан ауытқып кетуіне себеп болуы мүмкін. Сол себепті исламдық тағылымдарда халықпен, тіпті дұрыс жолдан тайғандар мен озбыр әрі зұлымдарды дұрыс жолға шақырған кезде оларға сыпайылық және жұмсақтық таныту қажеттігі қуатталған.
Алайда, ислам көзқарасы бойынша әлеуметтік қатынаста жұмсақтық танытып, ашық мінез көрсету зұлым немес қатал адамға кезіккенде оның алдында үнсіздік танытып, күлімсіреу немесе басқалардың жаман әрекеттеріне қарсы реакция білдірмеу деген мағынаны білдірмейді. Қоғамда ұнамсыз қылық немесе тұрпайы әрекетке куә болған кезде қарсы реакция білдіру қажет. Себебі, мұндай жағдайда жеке адам мен қоғамның рухани саулығына қауіп төндіретін дін мен ахлақтық және адамгершілік құндылықтарға көңіл бөлмеу мәселесі көтеріледі.
Имам Реза (ғ.с) құнды хадисінде: "Бойында келесі бес қасиет жоқ адамға осы дүние мен ақыретте де үміт артпаңдар: болмысына сенімсіздік танытатын адам; бойында ұлылық пен жомарттық жоқ адам; жаратылысынан тұрақсыз адам; сыпайылықтан жұрдай адам; Құдайынан қорықпайтын адам» деген.
Әлеуметтік қарым-қатынас жасаудың негіздері мен принциптерінің қатарына адамдардың жаны мен мал-мүлкі және абыройына құрмет таныту жатады. Исламда адамның жанына өзінің жаратылысының басынан қолдау мен қамқорлық жасалып, басқа адамдардың басын қатерге тігетін адамдар қатты айыпталады. Құран Кәрімде осыған байланысты Мәида сүресінің 32-ші аятында былай деп жазылған: "Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық. Расында, оларға елшілеріміз ашық дәлелдермен келді. Бірақ содан кейін де олардың көбірегі жер жүзінде шектен шығушылар болды".
Имам Реза (ғ.с)-ның көзқарасы бойынша адамның абыройын сақтау әлеуметтік қатынаста басты назар аударатын маңызды мәселелердің бірі саналады. Басқа адамдардың мүміннің абыройы мен құрметіне қатысты екі міндеті бар: бірі – оның абыройын сақтау, келесісі – оны қорғау. Діни бауырдың абыройын сақтаудың ең маңызды жолы оның кемшіліктері мен жаман әрекеттерін жасыру болып табылады. Сол себепті Алла Тағала адам баласының ашық және жасырын нәрселерінен хабардар бола тұра, оның айыптарын әшкере етпейді. Ондай болса, өзінің кемшіліктері мен күнәлары жеткілікті адамның басқа біреудің айыптары мен кемшіліктерін іздеп, немесе ол туралы сыбыс шығарып, немесе өсек айтып, басқаны жамандап, оның қателіктерін әшкере ететін қандай құқығы бар?
Имам Реза (ғ.с): "Діни және дүниелік істеріңде сырларыңды сақтаңдар",- деп кеңес берген. Сонымен қатар, бір хадисінде сырды әшкерелеуді кәпірлікке теңесе, тағы бір сөзінде: "Сырлар мен құпияларды әшкере ететін адам кісі өлтірушінің серігі саналады",- деп айтқан.