Сәу 03, 2016 19:34 Asia/Almaty

Ұлық пайғамбардың (с.ғ.с.) тірі кезіндегі мұсылмандардың бірлік пен біртұтастығының сыры

Өткен бағдарламада ислам әлемінің саяси‑экономикалық мүмкіндіктері және мұсылмандардың Құран аяттары негізінде бірігуі қажеттігі жайлы айттық. Бүгінгі бағдарламада Ұлық пайғамбар (с.ғ.с.) кезіндегі мұсылмандардың бірлік пен біртұтастығының сыры жайлы сөз қозғайтын боламыз.

Жәһилият дәуірінде арабтар арасында қауымдық және тайпалық жікшілдік пен дұшпандық туындап, ұдайы қақтығыстар мен қантөгістер болып тұрған жағдайда ислам «Бірлік, бауырластық, «Ла илаһа иллаллах» сөйлемі негізінде жікшілдік пен дұшпандықтан бас тарту ұранымен өзінің жақтастарын біріктіре алды.  Ислам діні тақуалықты басты критерий санап, этностық, тайпалық, қандық және тілдік негіздегі әсірешілдік сияқты басқа артықшылықтарды теріске шығарып, халықты біріктірді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) пайғамбарлық миссиясы басталғаннан өмірінің соңына дейін илаһи тағылымдарды үйретуде және жікшілдік пен қайшылықтарды жою жолында Құран аяттарына сүйеніп, мұсылмандар арасында бірлік, тілеулестік, бауырластық пен жанашырлықтың негізін нығайту, түсіністік орнату жолында әрекет еткен.

Исламның алғашқы ғасырларының тарихы мына шындықты көрсетеді: хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)  өзінің сөздері мен амалында «Ла илаһа иллаллах» сөйлеміне сүйеніп, мұсылмандар арасындағы жікшілдік пен қайшылық тудыратын жәһилияттық құндылықтардың қайтып келуіне тосқауыл қойған. Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) арабтардың арасынан пайғамбарлыққа таңдалып, Құран Кәрім де араб тілінде түсірілгенімен, оның шақыруы кез-келген тайпалық, этностық және тілдік шекаралардан жоғарырақ болды. Хазіреттің араб және араб емес мұсылмандармен қатынасында үлгі етуге боларлық әділеттің бір түрі орнатылды. Салман Фарси, Белал Хабаши мен Сахиб Руми сияқты ұлы сахабалардың Алланың елшісі (с.ғ.с.) заманында исламға бет бұруы және  олардың пайғамбар мен сахабалар арасында ерекше құрметке ие болуы – осы шындықтың айқын дәлелі. Сол себепті ислам Арабия түбегінде қалыптасқаннан кейін жылдам шекаралардан асып, әлемнің кең аумағына таралды. Алланың елшісі (с.ғ.с.)  ұлттық және тайпалық фанатизм өршіп кетпеуі үшін және басқа елдердің мұсылмандарына зұлымдық жасалмауы үшін мұсылмандарды бір-бірінің бауыры атап: «Мұсылмандар өздерінің діни бауырларына зұлымдық жасамайды, оларға жапа шектірмейді»,-деп баса айтты.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандардың бірлігі мен біртұтастығын сақтауды, мұсылмандар арасына іріткі салып, қайшылық тудырудан бас тартуды иманның бір белгісі деп атады. Ол соңғы қажылықтан қайтып келе жатқанда тоқтаған Ғадир Хом дген мекенде оқыған құтбасында Исламдағы артықшылық критерийін тақуалық деп атап: «Ешбір араб араб еместен, ешбір араб емес арабтан артық емес, артықшылық тек тақуалықта»,-деп баса айтқан. Осылайша мұсылмандар бірлігінің жарғысын «Ла илаһа иллаллах» принципі негізінде нығайтып, растады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) іс-әрекетінде де бірліктің исламға шақырудың басты іргетастарының бірі екенін көрсететін көптеген жайттар бар. Мысалы, пайғамбардың қоныс аударушылар мен ансарлар арасына достық сезімін ұялатудағы қырағы әрекеті тек бір іріткінің туындауының алдын алып қана қойған жоқ, мұсылмандардың рухани және саяси байланыстарын нығайта түсіп, яхудилер мен мұнафықтардың мұсылмандар арасында қайшылық тудыруға бағытталған қастандығын сәтсіздікке ұшыратты. Осы одақтың негізінде  қоныс аударушылар мен ансарлар өзара бауыр әрі бір-біріне жауапты болуға, қаржы тұрғысынан теңдік жолын ұстануға міндеттеме алды. Сондықтан Мединенің ансарлары қоныс аударушыларды өздерінің үйлеріне қондырған. Бұл шара қоныс аударушылар мен ансарлар арасындағы экономикалық айырмашылыққа байланысты өте маңызды әрі өміршең болғандықтан дұшпандардың жоспарын бұзды.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) тіпті өмірінің ақтық сәтіне дейін этностық және тайпалық фанатизм мен жәһилияттың тамырларын жоюға күш салып, жікшілдікті сынап, мұсылмандарды жәһилият дәуіріндегі Аллаға серік қосатын және іріткі салатын құндылықтарға қайтып оралудан қорқыту жайлы құтпа оқыған. Пайғамбар, сондай-ақ, соңғы қажылықтан қайтып келе жатқанда тоқтаған Ғадир Хомда мұсылмандар арасындағы қайшылықтан бас тарттыру үшін Әлиді (ғ.с.) өзінің орынбасары ретінде таныстырды. Алайда Алла елшісінің (с.ғ.с.) мұсылмандардың абырой-беделі мен салтанатын сақтап, жалғастыруға кеңес беріп,  өзінің орынбасарын таңдағанына қарамастан, пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін мұсылмандардың бір тобы бірден оның орынбасарын таңдау туралы шешім қабылдау үшін  «Сақифе» деген жерге жиналды. Өкінішке орай, Сақифе оқиғасы барысында қайшылықтар мен жікшілдіктердің есігі ашылып, халифті таңдауға қатысты дау-дамайлар басталды. Осылайша Сақифе хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін ислам әлемінде бірқатар қайшылықтар мен наразылықтар тізбегі туындаған жерге айналды. Сол уақытта Сақифе оқиғасы күл астындағы шоқтың тұтанып кетер жеріне айналуы мүмкін шақта хазірет Әлидің қырағылығы мен көрегендігінің арқасында бұл мәселе үлкен даумен аяқталған жоқ және мұсылмандардың бірлігі саяси мансапқорлардың айла-шарғысынан аман қалды.

Осы маңызды тарихи кезеңде хазірет Әли (ғ.с.) өзінің айқын да тікелей құқығын шетке ысырып, мұсылмандардың бірлігі мен біртұтастығын сақтап қалу үшін халифтерге қарсы позиция ұстанудан бас тартты. Ол Сақифе оқиғасынан кейін Әбу Бакрдің халифаты басталғаннан-ақ өзін басқа сыншылардан алшақтатып, мансапқорлыққа салынып, бірінші халифке қарсы шыққан көп адамдарға керісінше Ислам мен мұсылмандардың бірлігіне сызат түспейтіндей әрекет етті. Ол Әбу Бакрге қарсылықтар көбейіп, Әлиге (ғ.с.) адалдық жариялауға талпыныстар пайда болған кезде халифке қарсы жамағатты  іріткі салудан аулақ болуға шақырып, жікшілдік әрекеттерді тайпалық қақтығыстарды тудыруға бағытталған деп атап: «Жікшілдік толқыны туындап, исламның кемесі иірімге түсіп кетті. Араб қоғамының әрбір бұрышында жікшілдік пайда болды. Исламның орталығы саналатын Медине осы толқындардың шырғалаңына түсті. Бүгінде кез-келген әрекет бұл дауылды күшейтіп, қозғалыстар  бастауының өзін де тұңғиыққа батырып жібереді. Қайшылықты ұлғайтатын тәсілдерден бас тарту керек. Тайпалық мақтаныштар, фанатизм, жеке бас жетістіктерін шетке ысыру қажет, өйткені бұл мақтаныштардың Ислам дінінде ешқандай құндылығы жоқ»,-деді.

Хазірет Әли (ғ.) Медине халқының бір бөлігінің одан мұсылмандар халифіне қарсы амал жасау туралы бірнеше қайтара сұрағанына жауап  беріп, оларды тынышталуға шақырып, дінді аман сақтап қалудың бәрінен маңыздырақ екенін еске салды. Хазірет бірінші халифтің кезінде оған көп көмектесті. Ол да ел басқарудың әртүрлі салалары бойынша, соның ішінде әскери салада хазірет Әлимен (ғ.с.) кеңесіп отырған. Хазірет Әлидің (ғ.с.) халифтермен ой бөлісу саясаты және халықтың бірлігі қатынасын жалғастыру мақсатымен ислам қоғамының саяси-әлеуметтік салаларына араласуы басқа халифтердің кезінде де қайталанды. Ол Омардың халифаты кезінде талай рет онымен пікірлесіп, оған көмектескен, өйткені хазіреттің кеңес бермеуі ислам қоғамы мен оның құндылықтары үшін жағымсыз салдарға әкеліп соқтырар еді. Хазірет Әлидің (ғ.с.) Омарға сіңірген еңбегі мен кеңестерінің көлемінің көп болғандығы соншалықты, екінші халиф: «Әли болмағанда Омар өліп қалар еді»,-деп талай рет айтқан.  

Хазірет Әли (ғ.с.) сонымен қатар Османның таңдалуына наразы болғанымен мұсылмандардың бірлігін сақтау үшін жанпидалық жасап, оған адалдығын жариялап, онымен әріптестік жасады. Османның саяси-әлеуметтік жолы  халықтың жан-жақты наразылығына ұшырағанда хазірет Әли (ғ.с.) оған құрметпен қарап, кеңес беріп, оны жәһилияттық ойларды қайта жандандырып, өз туысқандарына саяси-әлеуметтік артықшылықтарды беруден бас тартуға шақырды.  Тіпті халық Османның билігінен шаршаған кезде де үшінші халифтің басқару тәсіліне көптеген сынның айтылғанына қарамастан хазірет Әли (ғ.с.) мұсылмандар арасында қайшылық туындаудың алдын алу мақсатында бүлікті қолдамай, өзінің балаларын да халифті қорғауға жіберді.

Хазірет Әли (ғ.с.) мұсылмандар арасындағы қайшылықтардың алдын алумен қоса,  ислам қоғамын шиеленіс пен жікшілдіктен бас тартуға шақырып: «Қайшылық пен алшақтаудан бас тартыңдар, өйткені саяқтың қасқырдың жеміне айналатындығы сынды жалғыз адам да шайтанның алдауына түседі»,-деген (Наһдж ул-Балағе, Құтпа-127).

Хазірет Әли (ғ.с.) Бәни Хашем әулетінің бір тобы құрайыш тайпасының кейбір адамдарымен тайпалық тайталасқа кіріскенін естігенде оларды бұл істен бас тартуға шақырып: «Мұндай қайшылық тудыратын дауға кіріспеңдер»,-деп жолдау жіберген. Мүміндердің әміршісі (ғ.с.) өзі басқарған 5 жылда қарсыластармен татуласып, ислам қоғамының бірлігін сақтауға тырысқан, ислам үкіметіне қарсы қару алып шықпағанға дейін қарсыластарға қатаң қатынас көрсетпеген, мұсылмандардың ортақ қазынасынан төленетін олардың жалақыларын үзбеген.

Хазірет Әли (ғ.с.) өзінің соңғы өсиетінде имам Хасанға (ғ.) бірлікті сақтауға, Алланың жібіне жармасуға, іріткі салудан алшақ болуға кеңес берді. Ол Алланың елшісінің (с.ғ.с.) сөзіне сілтеме жасап, мұсылмандардың бірлігін сақтауды тіпті намаз бен оразадан да жоғарырақ санап: «Алланың жібіне жармасыңдар, іріткі салудан алшақ болыңдар. Алланың елшісінен (с.ғ.с.) «Шындығында, татулық барлық оразалар мен намаздардан жоғарырақ» деген сөзді естіп едім»,-деген.