Иран базары (36)
Дәрілік өсімдіктер: дәрілік қияршөп, ақ тұңғиық, балдырған Иран ауқымды биологиялық алуандыққа ие болуына байланысты әлемнің ең бай генетикалық және биологиялық қорына, әсіресе дәрілік өсімдіктерге ие. Бүгінгі бағдарламада дәрілік қияршөп, ақ тұңғиық және балдырған деген үш дәрілік өсімдікпен таныстырамыз.
Ежелгі замандарда Иранның дәстүрлі базарында «аттари» – шөп дәрі сату өте маңызды кәсіп болған. «Аттаршылар» өте ықпалды әрі сенімді адамдар болған. Олар гүлдердің сығындылары және хош иістерімен жақсы таныс болғандықтан көптеген гүлдер мен өсімдіктердің дәрілік және емдік қасиеттерін білген. Олар емшілер мен дәрігерлер науқастарға жазып берген дәрілерді дайындап, кейде өздерінің әкелері мен ұстаздары берген білім мен тәжірибе негізінде науқастарды дәрілік шөптермен емдейтін болған. Шөппен емдеу ұзақ ғасырлар бойы ирандық емшілер мен дәрігерлердің науқастарды емдеу тәсілдерінің бірі болған. Әдетте дәрінің шикізатын табыс табу үшін таулар мен далаларға барып, емдік қасиеттері бар шөптерді жинап, оларды аттаршылар мен хакімдерге апаратын адамдар болған. Бүгінде химиялық дәрілерді көптеп пайдаланумен қоса, дәрілік өсімдіктерді тұтыну көлемі артып келе жатыр. Әлемдік сауданың айтарлықтай бөлігі дәрілік өсімдіктерді өндіру, сату және тұтынуға бөлінген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметі бойынша, әлемнің, әсіресе даму үстіндегі, кедей әрі шалғай елдердегі халықтардың 80 пайыздан астамы емдік қажеттіліктерінің басым бөлігін дәрілік өсімдіктермен қамтамасыз етеді. Дәрілік өсімдіктердің әлем халқының басым бөлігінің өміріндегі маңыздылығына байланысты осы саладағы мамандардың айтуынша 21 ғасыр адамдардың денсаулығын сақтауға қатысты орталықтарға дәрілік өсімдіктердің қайтып оралатын ғасыры болып табылады.
Шөппен емдеу – дәстүрлі медицинада қолданылатын емдеу тәсілдерінің бірі. Оны толықтырушы және алмастырушы медицина деп атайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сипаттауы бойынша, дәстүрлі медицина деген жалпы атау: оған қытай медицинасы, үнді аюрведасы, грек-араб медицинасы және жергілікті емдеу тәсілдері сияқты дәстүрлі медициналық жүйелер кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәстүрлі медицинаны әртүрлі мәдениеттердің жергілікті теориялары, сенімдері мен тәжірибелері негізінде қалыптасқан, адамдардың физикалық және психикалық ауруларының алдын алу, анықтау, жақсарту және денсаулық сақтауда қолданылатын білімдер, шеберліктер мен қимыл-әрекеттердің жиынтығы санайды. Сондықтан дәстүрлі медицинадағы емдеу тәсілдері екіге бөлінеді: шөппен емдеу, яғни дәрілік өсімдіктер, жануарлардың мүшелері мен минералдарды пайдалану; дәріні қолданбай емдеу, яғни ине салу, сылап емдеу, адамның психикасын емдеу. Медициналық қызмет көрсету жүйесі заманауи емдеу тәсіліне негізделген және арнайы емдеу мәдениеті жоқ елдер «дәстүрлі медицина» деген тіркесті қолданудың орнына «толықтырушы және алмастырушы медицина» (Complementary and Alternative Medicine/CAM) деген тіркесті қолданады.
Бүгінде әлем жұртшылығы арасында толықтырушы және алмастырушы медицинаны қолдану айтарлықтай артты. Бұл салада көптеген тармақтар бар. Соның арасында шөппен емдеу, сылап емдеу, ине салып емдеу, кайропрактика, йога және аюрведаға тоқталуға болады. Олардың басым көбі ұлттардың жергілікті мәдениетінен бастау алған.
Ежелгі өркениеттер әлемінде Қытай, Мысыр, Грекия мен Иран сияқты әртүрлі елдерде әртүрлі емдеу тәсілдері пайда болған. Иранның дәстүрлі медицинасының бір мың жылдық тарихының болуы, Джорджани, Рази, Абу Райхан Бируни мен Ибн Сина сияқты атақты хәкімдердің болуы бұл елдің медициналық тарихына ерекше маңыздылық сыйлады. Сылап емдеу, қан шығарып емдеу (cupping), жел шығарып емдеу (dry cupping), сүлік салып емдеу (leech therapy), тамыр ұстап емдеу (fasd) және шөппен емдеу Иранның дәстүрлі медицинасында қолданылатын емдеу тәсілдерінің қатарына жатады. Иранда дәрілік өсімдіктердің мыңдаған түрі бар. Солардың арасынан жүздеген түр тек Иран жерінде өседі.
Осындай өсімдіктердің бірі – ирандық қияршөп (арагоакиум). Әртүрлі емдік қасиетіне ие бұл шөп Альборз тауының етегінен басқа ешбір жерде өспейді. Ұзақ уақыт бойы еуропалық дәрігерлер мен фармацевттер ирандық және еуропалық қияршөптерді бір түрге жатады деп санаған. Алайда бұл екеуі сырттай ғана бір-біріне ұқсас, ал емдік қасиеттері тұрғысынан әралуан. Ирандық қияршөп өздігінен тек Альборз тауының етегінде өседі. Бұл өсімдіктің барлық бөліктерін дәрі ретінде пайдалануға болады. Оның гүлі, жапырағы, сабағы мен тамыры дәрі мен тамақ жасауда пайдаланылатын гель мен мусилаж (желім) алу үшін қолданылады. Бұл өсімдікті өндіру егіндік және шалғындық тәсілмен жүзеге асырылады. Шалғынды өсімдік табиғи болғандықтан жоғары сапаға ие. Қияршөп дәрілік өсімдігі тыныштандырады, жүйке жүйесі мен бауырды нығайтады, қанды тазартады, жөтел мен суық тиюге қарсы, бронхит пен қызылшадан емдейді, тамақтың ісігі мен дертін басады, толқуды азайтады. Қияршөп көптеген қасиеттеріне байланысты Иранның іші мен сыртында тиісті нарыққа ие. Жыл сайын шамамен 50 тонна қияршөп Еуропа, Америка мен Парсы шығанағы маңындағы елдерге экспортталады.
Келесі дәрілік өсімдік ретінде ақ тұңғиықты атауға болады. Бұл өсімдік пиязша арқылы көбейетін шөптің түріне жатады. Бұл өсімдіктің ондаған түрі бар. Оның гүлдері ақ, қызғылт-сары, сары, қызыл, қызғылт және күлгін түсті болып келеді. Бұл өсімдіктің өсетін аймақтары – Жер планетасының әртүрлі бөліктері, соның ішінде Оңтүстік Африка мен Американың экваторлық белдігі. Ақ тұңғиық гүлін иіскеу бас ауруын басады, қыс кезінде суық тиюді азайтады, гүл пиязшасының ұнтағын жараға жаққанда ол құрғап, дезинфекцияланады. Ақ тұңғиық гүлі беттегі дақтарды кетіруде әсерлі. Бұл өсімдіктің сирек кездесетін түрі – қырық шырақ ақ тұңғиық. Ғылыми атауы – Lilium Ledebouril. Ол Иранның солтүстігіндегі Гилян облысы және Ардебиль мен Мазандеран облыстарының шектеулі аудандарында өседі. Қырық шырақ ақ тұңғиық Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген алғашқы гүл болып табылады. Ираннан тысқары жерде бұл гүл тек Әзірбайжан республикасының Ланкаран ауданында ғана кездеседі. Кейбіреулер бұл гүлдің әдемілігі мен аспалы шамға ұқсастығын оның «қырық шырақ» деп аталуына себеп болған деп санайды. Ал жергілікті тұрғындар бұл атаудың себебін өсімдіктің түнде нұр шашуынан деп біледі. Қырық шырақ ақ тұңғиық гүлінің күлтешесінде сәулелену қасиеті (флуоресценция) бар, ол нұрды шағылыстырады. Бұл гүл Иранда жойылып кету қаупіне ұшырағандықтан экспорттауға тыйым салынған өсімдіктердің қатарына жатады.
Иранның теңдессіз өсімдіктерінің бірі – балдырған. Ғылыми атауы – Heradeum Persicum. Бұл өсімдік тек Иранда өседі. Сол себепті «хераклиум персикум» деген атпен танымал. Атаулары «персикум» деген сөзбен аяқталатан барлық өсімдіктер Иранның атымен тіркелген. Бұл жабайы өсімдік көктемде өседі. Балдырған ақжелкен тобына жатады. Оның гүлі өте әдемі әрі қолшатырға ұқсайды. Шахривар мен мехр айларында (тамыз бен қыркүйекте) балдырғанның дәндері жиналып алынады. Оның дәндері жалпақ, иісі күшті. Бұл дәмдеуіш жоғары антиоксиданттық қасиетке ие, іштің кебуіне қарсы болғандықтан әдетте ішті кептіретін тағамдарда қолданылады. Балдырғанның дәндері асқазанды нығайтады. Оның дәндерінің сығындысы микробқа қарсы қасиетке ие, асқазанды тазарту үшін жақсы сұйықтық болып саналады. Бұл дәмдеуішті тамақты сақтаушы ретінде де пайдаланады. Балдырған тек ішкі тұтыну көлемін қамтамасыз ететіндіктен елден тысқары жерге шығарылмайды.
Әртүрлі ақ тұңғиықтың, соның ішінде төңкерілген ақ тұңғиықтың пиязшалары, наркес гүлінің пиязшасы, шашыратқының (цикория) тамыры, жабайы рауғаштың тамыры, шүйгіншөп, жабайы лалагүлдің тамыры, ойран тамыры, қызылмия тамырлары мен басқа ондаған дәрілік өсімдіктерді Иранның генетикалық қорында жойылу алдында тұрған түрлер саналатындықтан экспорттауға тыйым салынған. Иранның ұлттық генетикалық және биологиялық қорларының орталығы – осы түрлерді сақтауды күн тәртібіне қойған орталықтардың бірі. Оның мақсаты елдегі генетикалық қорлар мен биологиялық түрлерді анықтап, жинап, сақтап, егіп, көбейту болып табылады. Осылайша ғылыми зерттеу орталықтары мен университеттерге осы қорларды оңтайлы пайдалануға көбірек жағдай жасау көзделіп отыр.