Имам Хусейннің (ғ.с.) серіктері 6
Кербалада имам Хусейн бен Әлидің (ғ.с.) серіктерінің арасынан әртүрлі жастағы адамдарды көруге болды: Хабиб бен Мазахер мен Мослем бен Аусадже сынды қарттарды, Аббас бен Әли және Әлиакбар сынды жастарды, Қасым мен Абдолла бен Хасан сияқты жасөспірімдерді. Олардың арасында көптеген әйелдер мен балалар да болды. Әйелдердің бірі хазірет Зейнаб еді.
Хиджридың 61-ші жылдың мохаррам айының 11 күні хазірет Зейнаб ағасы имам Хусейннің (ғ.с.) бөлшектенген денесін көріп, бауырының денесін мүмкіндігінше жоғары көтеріп: «Уа, Алла! Біздің мына азғантай құрбандығымызды қабыл ал»,- деп сұрады. Сұбхан Алла! ....Бұл «азғантай» құрбандық...! Иә, хазірет Зейнаб – мұғалім әрі Құран тәпсіршісі. Ол Құранды терең түсінген тәпсірші. Ол сан рет «Тәубе» сүресінің «Күдіксіз Алла мүміндердің жандарын, малдарын жаннаттан айырбастап алды. Олар Алла жолында соғысады, өледі және өлтіреді. Бұған байланысты хақ уәде Тәурат пен Інжілде және Құранда бар. Алладан артық уәдесін кім орындайды? Ендеше, бұл саудаласқан саудаларыңа қуаныңдар! Міне, осы ірі қол жетушілік» деген 111-ші аятын оқып, оған сараптама жасады.
Хазірет Зейнабтың Кербала оқиғасы мен одан кейінгі амалы илаһи аяттарды терең түсінуі мен Аллаға жеген шынайы махаббатына сүйенді. Илаһи бұйрықтарды іске асыру хазірет Зейнабтың ең басты ерекшелігі болып, ол өзінің тыныш өмірін тастап, бауырымен бірге тағдырды шешетін сапарға шықты. Хазірет Зейнаб имам Хусейн (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін хазіреттің қозғалысының жолдауын жеткізуді илаһи міндеті санап, теңдессіз батылдығы және шешендігімен зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа қарсы шықты. Хазірет Зейнаб өмірінің сол кезеңінде Исламның ұлық пайғамбарының құқықтарын қорғап, дұшпанға Кербала оқиғасын өз мүддесіне пайдалануға рұқсат етпеді. Ол тұтқынға түскен алғашқы сәтте бауыры өлтірілген мекенде ағасының қасиетті мәйітін көтеріп: «Уа, Алла! Бұл құрбандықты бізден, пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінен қабыл ал»,- деп сұрады. Хазірет Зейнаб өзінің бұл амалымен әлемдіктерге олардың майданға өз еріктерімен шығып, күрескендерін жариялады. Олар ислам үмбетін өзгертіп, жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіру үшін майданға шығып, имам Хусейн (ғ.с.)-ды құрбандыққа берді. Ол Алланың алдында құрбандықты қабылдауды сұрады. Өйткені, егер бұдан басқа нәрсеге ие болғанда, оларды да сыйлаған болар еді.
Қозғалыстар мен көтерілістер және оқиғалардың көбі аяқталмай немесе жартылай қалды. Бірақ, бұл революцияда имам барлық жағдайды жолды жалғастыратындай дайындады. Жолдау мен жауапкершілік Кербалада аяқталмайды. Бұл оқиғада аман қалғандардың рөлі шәһид болған серіктерінің рөлінен кем емес. Олар дұшпанның өтіріктерін әшкерелеп, ағартушылық жұмыстарымен жалған жеңістің дәмін дұшпан үшін ащы ету міндетіне ие болды. Бұл істі хазірет Зейнабтан артық кім атқара алды?! Имам Хусейн (ғ.с.)-ның серіктері сырт көзге қорғансыз көрінген бірнеше әйел мен балалар Ибн Зиядтың сарайына кірген кезде амалдары және сөздерімен залымдардың өтіріктерін әшкереледі. Хазірет Зейнабтың киімі өте қарапайым болғанымен бүкіл қадір-қасиеті және беделімен Ибн Зиядқа немқұрайдылық танытып, дұшпандардың ортасына кіріп, отырды. Рұқсатсыз отыруы Ибн Зиядтың намысына тиіп: «Рұқсатсыз отыратындай сен кімсің?»- деп сұрады. Хазірет Зейнаб назар аудармай, жауап та қайтармады. Ибн Зияд сұрағын үш рет қайталады. Бірақ хазірет Зейнаб залымды кемсіту үшін жауап бермеді. Қызметшілердің бірі: «Бұл Зейнаб – Алла елшісі хазірет Фатиманың қызы»,- деді. Хазірет Зейнабтың қатынасына ызаланған Ибн Зияд: «Сендерді әшкерелеп, өлтіріп, айтқан сөзеріңнің өтірік екенін көрсеткен Аллаға шүкір»,- деді. Хазірет Зейнаб: «Бізді пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) арқылы қадірлеп, жамандықтардан сақтап, жамандарды әшкерелеген Аллаға шүкіршілік білдіремін»,- деп абыроймен жауап қайтарды.
Күшінен басқа еш нәрсеге сүйенбейтін залым үшін оның құдыретін кемсітуден ауыр еш нәрсе жоқ. Сондықтан хазірет Зейнабтың сөзінен Ибн Зияд басына жай түскендей болды. Ол хазірет Зейнабты жеңемін деп, өзі жеңілді. Ол екінші рет хазірет Зейнабқа тиісіп, мысқылмен: «Алланың ағаңа не істегенін көрдің бе?»- деді. Хазірет Зейнаб: «Алладан жақсылық пен әдеміліктен басқа еш нәрсе көрмедім. Олар – Алла шәһид болуды нәсіп еткен адамдар. Олар тыныштық табатын жерлеріне қарай асықты. Жақын арада Алла Тағала сені мен оларды жауапқа шақырады. Сондықтан бұл сотта кімнің жеңетіні анықталады»,- деді. Ибн Зияд хазірет Зейнабтың ұлылығының алдында өзін кемсініп: «Сенің бауырыңды өлтіріп, Алла менің жүрегімді сауықтырды»,- деді. Хазірет Зейнаб: «Өз өміріммен ант етемін. Сен біздің отбасымыздың үлкенін өлтіріп, тамырымызды жойдың. Егер бұл сен үшін қуаныш болса, қуанышты бол»,- деп жауап қайтарды.
Хазірет Зейнабтың күші мен ержүректігінің қайнары Аллаға деген иманынан бастау алды. Өйткені, мүмін әрқашан Аллаға сенім артып, оны өзінің демеушісі санап, үмітсіздік туралы ойламайды. Иман адамның болмысына терең тамыр жайған кезде оның сабыры мен қиындықтарға төзімділігі көркем әрі салтанатты көрінеді. Сол себепті хазірет Зейнаб Әмәви үкіметінің орталығы Шамда табандылық танытты. Хазірет Зейнаб бейбастақ, әділетсіз үкіметті әшкерелеп, надан, адасқан халықты дұрыс жолға нұсқады. Язид не істерін білмей: «Бадр соғысында өлген әкелерім найзаларды көрген кездегі сендердің көз жастарынды көргенде қуанатын еді. Хашим (пайғамбар) билікпен ойнады, ешқандай уәһи келген жоқ»,- деді. Бұл сөздерде пайғамбар (с.ғ.с.), дін және Құран туралы еш нәрсе айтылмаған. Көріп отырғанымыз – надандық кезеңіндегі қантөгістердің қайталануы, қанға қанмен жауап қайтару. Егер жиын осы жерде аяқталғанда, Язид жеңген болған еді немесе оның бұйрығымен орын алған қылмыс қатты жаман көрінбеген болар еді. Бірақ, хазірет Зейнаб жиынның олай аяқталуына рұқсат етпеді. Язидтің қуанышына себеп болған оқиға ол үшін удан да ащы болды. Сондықтан ол: «Үлкен қиындықтар мені сен сияқтылармен сөйлесуге мәжбүр етті. Сен сырттай үлкен көрініп тұрған деңгейіңнен төменсің.. Достардың көздері жасқа, жүректері уайым-қайғыға толғанжағдайда неге айыптамаймын? Өкінішке орай, Аллаға иман келтірген үлкен ерлер шайтанның қолынан өлді. Сендердің, қылмыскерлердің қолдары біздің қанымызға былғанған. Иә! Пәк мәйіттердің далада қалып, қасқырлардың қастарына келгені, сенің масаттанып, билігіңе сүйеніп отырғаның ұят емес пе?»- деді.
Хазірет Зейнаб ешкімнің Исламның ұлық пайғамбары әулетін тарихтан өшіріп тастай алмайтынын қуаттап: «Язид! Қандай айла-шарғыны қолдансаң да еш уақытта біздің жақтастарымызға бізді еске алуға тыйым сала алмайсың. Еш уақытта біздің уәһиімізді жойып, қастандықтарыңа жете алмайсың. Сенің ақылыңның өте аз, өміріңнің құлдырап, қасындағыларыңның тарайтыны туралы хабардар бол. «Залымдарға Алланың лағынеті тисін» деп ұран айтылатын күн келеді»,- деді. Содан соң хазірет Зейнаб сөзін Алланы мадақтап, Аллаға шүкірлік білдіріп аяқтады: «Мен өмірімізді бақытты етіп, өмірімізді шәһид болумен аяқтатқан Алланы мадақтаймын. Уа, Алла! Шәһидтеріміздің сауабын арттыра гөр. Біздің де тағдырымыз Өзіңнің қолыңда».
Имам Хусейн (ғ.с.)-ның серіктерінің бірі хазірет Зейнаб Кербала оқиғасының шындығын жеткізіп, тұтқын кезінде де өмірін үмітке толтырып, күресін жалғастырды. Ол – адамзатқа зұлымдық пен зорлық-зомбылықты жеңетін жолды үйреткен имам Хусейн (ғ.с.)-ның ең жақсы серігі. Хазірет Зейнабтың тұтқындығы – әйелдің саяси және қоғамдық сахналардағы белсенділігінің үлгісі.