Жел 19, 2018 21:56 Asia/Almaty
  • Иран базары (53)

Мал және құс шаруашылығы: сүт өнімдері (4) Бүгінгі бағдарламада Ирандағы сүт өнімдері өнеркәсібі жайлы сөз қозғаймыз.

Протеин – адам денесіне қажет заттардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау, Азық-түлік және Ауыл шаруашылығы ұйымдарының кеңесіне сәйкес, бір адамға күнделікті қажет протеиннің 50 пайызының жануардан алынатын протеин арқылы қамтамасыз етілгені дұрыс. Сүт және сүт өнімдері жануарлардан алынатын протеиннің маңызды шикізат көздерінің бірі болып табылады. Басқа шикізат көздерімен салыстырғанда бағасының төмендігіне байланысты жануарлардан алынатын протеин әдетте әлемде жанұялардың тұтыну себетіндегі өнімдердің қатарын құрайды. Табысы жоғары елдердегі адамдардың тамақтану режиміндегі кальцийдің 85 пайызы  сүттен алынады.  Әлемде тұрғындар саны артып, өмірдің стандарттары жақсарып, тамақтану режимі түзетіліп, сүттің жан басына шаққандағы тұтыну мөлшерінің көбеюі бұл затқа қажеттілікті одан ары сездіре түсті. Сол себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметі бойынша, соңғы 30 жылдың ішінде әртүрлі елдерде сүт өндірісі 50 пайыздан асып, 1983 жылы 500 млн тонна болса, 2013 жылы 769 млн тоннаға жетті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2011 жылғы есебіне сәйкес, Аустралия мен Аргентинада, Еуропа елдерінде, Қырғызстан мен Пәкістанда  жан басына шаққандағы сүт тұтыну көлемі жылына 150-ден аса кг-ды, Таяу Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік Африкада, Латын Америкасы мен Кариб теңізінің басым бөлігінде 30 бен 150 кг аралығында, Азияның оңтүстік елдері, Орталық Африка мен Шығыс Азияның шығыс және оңтүстік бөліктерінің көбінде  30 кг-нан азырақ болды. АҚШ сияқты елдерде сүт көбінесе өнеркәсіп түрінде үлкен мал шаруашылықтары қалыбында өндіріледі. Ал Үндістан сияқты елдерде шағын ауылдық шаруашылықтарда қой өсіру арқылы қамтамасыз етіледі. Оның 50 пайызын сол жердегі жанұялар тұтынады. Франция сияқты еуропалық елдерде сүттің 30 пайызы үлкен шаруашылықтарда ешкінің түр-түрін өсіру арқылы алынады.

Ірі және ұсақ малдың сүтіндегі май қышқылы көлемінің әртүрлілігі қой мен ешкі сүтінің тағамдық қажеттіліктерді қамтамасыз етумен қоса, емдік қасиетінің болуына септігін тигізді. Сиыр сүті жоғары лактозаға ие болғандықтан кей жағдайда ас қорыту жүйесін ауруға шалдықтыруы ықтимал, алайда қой сүті ешқандай қиындыққа ұшыратпайды. Сиыр сүтін ішкеннен пайда болатын аллергия мен ас қорыту аурулары қой мен ешкі сүтін тұтынғанда жазылады.

Тамақтану режимінде сүт пен сүт өнімдерін тұтынудың маңыздылығы әртүрлі елдердің үкіметтері тарапынан осы өнімді өндіру және тұтынуды арттыруды қолдау саясатының қабылдануына жеткізді. Үкіметтер сүт өндірушілерге жеңілдіктер мен ынтыландыру жобаларын ұсынып, осы сала белсенділеріне субсидия беру арқылы сүт пен оның өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға күш салуда. Осы қолдау арқылы көбірек тұтынылу үшін сүт пен сүт өнімдерінің бағасын бақылап, төмен ұстап тұруға жағдай жасалып жатыр.Соның ішінде тұтынушыларды, әсіресе бастауыш мектеп оқушыларын қолдау үшін мектептерде сүт тарату саясаты қабылданды. Бұл саясат әлем елдерінің көбінде, соның ішінде Иранда да орындалады.

Иран мектептерінде сүт тарату

Статистикалық мәліметтер бойынша, Иранда сүт өндірісінің көлемі тұтыну көлемінен артық. 2016 жылы Иранда 9 млн 650 мың тоннадан астам сүт өндірілді. 2017 жылы шамамен 10 млн тонна сүт өндіріліп, әртүрлі өнімге айналдырылады деп болжануда. Иранның сүт өнімдерін экспорттау саласындағы сауда таразысы соңғы 5 жылда шамамен 5 млрд доллар болды. Иран өткен жылы 1 млн тоннадан астам шикі сүт экспорттады. Сондай-ақ, Иранның сүт өнімдерінің 8 пайыздан астамы 30 түрлі қалыпта, соның ішінде  әртүрлі сыр, қаймақ, шалап, айран және әр алуан дәмдегі жоғары сапалы сүт Иранның экспорттық себетінен орын алды. Сүт өнімдерінің арасында айран мен шалап экспорты басқасынан көбірек. Иран Кеден басқармасының статистикалық мәліметі көрсеткендей, Иранның сүт өнімдерінің көбі Ирак, Ауғанстан, Пәкістан, Сирия, БАӘ, Грузия, Түркіменстан, Әзірбайжан мен Тәжікстанға шығарылады. 2017 жылы Иранның сүт өнімдерін экспорттау көлемі 1 млрд долларға жетті.

Сүт өнімдерінің бірі – кәшк (қайнатылған құрт). Шалап сияқты айраннан алынған құрт – Иранның жергілікті сүт өнімдерінің бірі. Парсы тілінде құртқа қатысты мақал-мәтелдердің көп болуы бұл пайдалы тағамның Иран қоғамында ертеде қолданылып келе жатқанын көрсетеді. Құрт – сүттің қосалқы өнімдерінің бірі. Ол дәстүрлі тәсілмен майы айырып алынған сүттен жасалған айранды қайнату немесе қоюландыру мен кептіру арқылы дайындалады.

Құрттың басты шикізаты қой, ешкі мен сиырдың сүті немесе соның қоспасынан тұрады. Тамақ өнеркәсібінде құрт өнеркәсіптік тәсілмен сұйық құрт ретінде тікелей сүттен алынады. Дәстүрлі сұйық кәшк құрғақ құртты үгітіп, сұйылтудан алынады. Құрт көлемі шағын болса да, тағамдық құндылығы жоғары азық. Онда сүттің барлық қасиеттері бар және кальций, май, тұз, протеин мен ниацинге (В3 дәрумені) толы. 100 грамм құрт беретін қуат көлемі шамамен 105-тен 120 килокалорий аралығында. Құртты адамға қажет қуатпен қамтамасыз ететін азықтардың бірі ретінде күнделікті тамақтану режиміне қосуға болады. Әртүрлі құрттардағы тағамдық нәрлілік сүт және сүт өнімдеріне байланысты.

Құрт- кәшк

Келесі сүт өнімі – сыр. Бұл өнімді өндіру барысында көп көлемде сыр суы өндіріледі. Ол әдетте сүт өнімдерін өндіретін компаниялар тарапынан құрғатылып, ұнтаққа айналдырылады. Сыр суын ұнтаққа айналдыру – экономикалық зарардың бір түрі.  Оны қалдық ретінде табиғатқа тастау қоршаған ортаның ластануына алып келеді. Иранның "Нано өнеркәсібін зерттеушілер" атты іргелі ғылымға негізделген компаниясы жартылай өнеркәсіп масштабында керамикалық наномембранаға негізделген кешен жасау арқылы күніне сыр суынан 100 литр протеин концентратын өндіруге қол жеткізді. Протеин концентраты сырды өндіруде қосымша құнның айтарлықтай артуына себеп болды. Сыр суынан минералды заттар мен лактозаны бөліп алу арқылы жасалатын бұл өнім  қорытылу қабілеті, тазалығының жоғарылығы, желе мен көбік жасау қабілетіне байланысты әртүрлі өнеркәсіпте, соның ішінде сүт, наубайхана және ет өнімдерін өндіруде қолданылады.

Соңғы жылдары Иранның сүт өндіруші кәсіпорындары өздерінің сапалы өнімдерін қолайлы да тартымды қалыпта әртүрлі елдерге экспорттады. Иранда жүздеген сүт өндіретін компания бар. Осы саладағы атақты брендтердің қатарында Пак, Пегаһ, Дамдаран, Миһан, Һезар, Кале, Рамак, Мимас пен Пакбан бар. Иранның "Пегаһ" сүт өнімдерін өндіруші компаниясы (http://pegah-en.pegah.ir/) – елде тамақ өндіруші компаниялардың бірі. Ол Таяу Шығыстағы ең үлкен өндірістік компания саналады. Оның құрамында 29 өндірістік және логистикалық бірлік бар. Иранның іші мен сыртында бұл компания 12 негізгі өнім, соның ішінде сүт, айран, қаймақ, май, сыр, шалап, балмұздақ, жеміс шырыны, сүт ұнтағы, кәшк, құрғақ сүт, ұнтақ өнімдері, газдалған өсімдік сусындарын өндірумен айналысады.

Иранның сүт өнеркәсібі компаниясы

Иранның сүт саласындағы белсенді компаниялардың бірі – Кале компаниясы. Х.ш.ж.с.б. 1369 жылы құрылған бұл компания – "Сулико" компаниясының бөлімшесі. 16 өндірістік бірлігі бар бұл компания Иранда ең үлкен сүт өндірушілердің бірі саналады. Компания күніне 2500 тонна шикі сүтті 160-тан астам сүт өніміне айналдырады. Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қоса, оның бір бөлігі әртүрлі елдерге, соның ішінде Еуропа елдеріне экспортталады. Кале компаниясы жылына 100 млн-нан астам доллар көлемінде өнім экспорттайды. "Кале" бренді 1392 жылы Иранның өнеркәсіп жеңімпаздарының оныншы ұлттық фестивалінде елдің ең үздік 100 брендінің бірі болып танылды.  "Кале" компаниясы – елдің үздік экспорттаушыларының бірі. Бұл компанияны Euro monitoringхалықаралық институты 2015 жылы тамақ өнеркәсібінде әлемнің 48-ші бренді ретінде таңдады.    

Тегтер