Там 17, 2019 21:20 Asia/Almaty
  • Ирандық тұтқынның естелігі (1)

Бүгін, сенбі, 2019 жылдың 17 тамызы – тұтқындардың исламдық Иранға қайта бастаған күнінің жылдығы. Осы күнге орай, Иран Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабындағы Қазақ радиосының қызметкері әрі Ирактың Иранға таңған соғысында тұтқында болып қайтқан ардагер Мұхаммадреза Каримзадеден алған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

  • Саламатсыз ба, Каримзаде ағай! Өзіңізді таныстырып өтіңізші. Қашан және қайда дүние келдіңіз? Балалық шағыңыздан не есіңізде қалды? Ислам революциясына дейінгі кезеңді қалайша сипаттар едіңіз
  • Мен де сізге сәлем бердім, Гаухар. Атым – Мұхаммадреза. Тегім – Каримзаде. Хиджри шамси жыл санағы бойынша 1346 жылы (27.03.1967) Теһранда дүниеге келдім. Аудан тұрғысынан Теһранның орта шенінде тұрдық. Қаланың байлар тұратын солтүстік жағында да емес, табысы аз адамдар тұратын оңтүстікте де емес, біз орта дәулетті отбасылардың қатарына жатамыз. Әкем телекоммуникация орталығында қызметкер болды. Шешем үй шаруашылығымен айналысты. Үйде 9 ағайындымыз. Мен сегізіншімін. Балалық шағым күшті өтті. Сабақ оқып, ойын ойнайтынбыз.
  • Шах заманын көрген екенсіз ғой?
  • Менің балалық шағым шах заманында өтті. Жасым кіші болғандықтан ол кездегі саяси-экономикалық мәселелерді аса түсіне бермейтінмін. Балалық шағымда сыныптастарыммен ойнап, сабақ оқып қана жүрдім. Революция уақыты жақындады. Имам Хомейни Иракқа жер аударылғанда революция болайын деп жатқанын сәл-пәл түсіне бастадық. Содан соң имам Хомейни Францияға қоныс аударды. Біз бұл оқиғаларды аз-маз ұға бастадық. Бұл кезде халық шеруге шыға бастады. Біз әлі бала едік, қызық көрдік. Шеруге қатысқымыз келді. Үлкендерден қандай оқиғалар болып жатқанын естіп отырдық. Имам Хомейнидің сөздері жазылған үнтаспаларды жасырын үйге әкеліп, тыңдайтынбыз. Біз де кейбір нәрселерді еститінбіз.
  • Демек, сіздің жанұяңыз толығымен Имам Хомейниді қолдаған ғой?
  • Бәріміз қолдамадық. Мысалы, әкемнің жасы үлкен еді, мұндай мәселелерге консерваторлық көзқараспен қарады. Яғни жанұяда қиындық туындамауын қалады. Өйткені шах заманы диктаторлық кезең еді. Ол кезде халыққа саяси мәселелер туралы еркін сөйлеуге рұқсат етілмейтін. Мысалы, тіпті бір үйде қарындас ағасынан, әке ағасы мен баласынан шах жайлы, саяси мәселелер мен Имам Хомейни туралы ашық түрде сөйлесуге қорқатын. Абайлап сөйлеуі тиіс болатын.
  • Революция кезінде қанша жаста едіңіз?
  • Революция болған кезде мен он жаста едім. Құран сабағына баратыным есімде бар. Революция әлі жеңіске жетпеген болатын. Бірақ шерулер басталған еді. Біз көріп жүрдік. Мен бір рет Құран мұғаліміне барып, ақырын ғана "Сіз Имам Хомейниді жақсы көресіз бе?" деп сұрадым. "Ссс, үніңді шығарма",-деді. Барлығы Имам Хомейни туралы сөйлесуге қорқатын. Ол кезде бұл сөздер САВАК-тың (Шах заманындағы барлау ұйымы) құлағына жетеді деп үрейленетін. САВАК ол кезде өте мықты еді. Біреудің революцияшыл екенін, Имам Хомейниді қолдайтынын білсе, бірден ұстап алып кететін. Ол адамның қайтып оралуы бір Құдайдың қолында еді. Өте қиын болды. Имам Хомейни туралы үндеухат тарату да оңай емес еді. Үндеухатта Имам Хомейнидің сөздері жазылатын. Жасырын жүзеге асырылатын. Мысалы, мешіттерде үндеухат таратылатын. Біреу қолындағы 50-60 үндеухатын мешіттің алдына қоя салып, қашатын. Үндеухатты тұрып тарату, қолымен ұстап көріп, тамашалау деген жоқ. Ұрандар қабырғаларға түнде жазылатын. Ұран жазылып жатқанын ешкім білмеуі тиіс еді. Ол кезде менің жасым кіші. Мұндай істерге араласа алмайтынмын. Бірақ кейіннен мен де шерулерге қатыстым. Әкеммен бірге емес, жездеммен немесе революцияшыл апайыммен бірге шеруге қатыстым.
  • Революциядан кейін Иранда соғыс басталып кетті. Соғыс кезінде қайда болдыңыз? Сіз үшін бұл кезең қалай өтті?
  • Соғыс басталған кезде мен орта мектепте оқып жүрген едім. Соғыс х.ш.ж.с.б. 1358 жылы (1980 ж) басталды. Соғысқа баруға жасым келмеді. Баруға рұқсат етілмеді. 1362 жылы (1984) соғыс басталғанынан 4 жыл өткенде менің жасым 16-ға келді. Жауынгерлерді майданға жіберіп жатқанда 16 жастағыларды да алып жатқанын көрдім. Әрине, оңайлықпен жібермейтін. Олардың көбі ата-анасының рұқсатынсыз кетті.   
  • Азаматтар көбіне ерікті түрде майданға тартылатын, дұрыс па?
  • Иә, ерікті түрде баратын. 16 жас сарбаз болар жас емес. 16 жастағылар бәсидж-халық жасағы құрамында майданға аттанатын. Шын мәнінде "халықтық жасақ" құрылды деп айтуға болады. Басынан бастап айтайын. Соғыс басталған кезде ешкім Ирактың бізге шабуыл жасайтынын білмеді. Бізде біртұтас армия жоқ еді. Елде жаңа ғана революция болған. Армиямыз ыдырап кеткен. Иракқа бірден төтеп беретін біртұтас әскери күшіміз болмады. Сол себепті соғыс басталғанда басшыларымыз халықтан – шамасы келетіндер, әскерде болғандар және соғыса алатындардан Отанды қорғауға аттануды сұрады. Мен ол кезде үлкендермен бірге жұма намазына баратынмын. Кей кезде әкеммен, көбіне ағаларыммен бірге баратынмын. Көбіне жұма намазынан кейін халық автобусқа не жүк машиналарына отырып, қарапайым киіммен, ешбір қарусыз майданға аттанатын. Баратын, өйткені елді қорғағысы келетін. Қатер төнгенін көріп, қорғайтын ешкімнің жоқтығын біліп, кідірместен автобусқа отырып, майданға кете баратын. Онда қалай жетіп, қалай қорғағандарын, қолдарына қару тиген-тимегенін білмеймін. Бірақ осындай оқиғалар орын алып жатқанын өз көзіммен көрдім. Сөйтіп, менің жасым 16-ға жетті.
  • Ағаларыңыздар біреу майданға барды ма?
  • Менің екі үлкен ағам бар. Олардың екеуі де майданда болды. Майданда болу мерзімі ұзақ болған жоқ. Халықтық жасақтағылар үш айға барып, келіп тұратын. Қаласа, тағы да тіркеуден өтіп, қайта майданға баратын.
  • Ағаларыңыз тірі ме?
  • Иә. Аман-есен оралды. 1362 жылы мен әкемнің рұқсатынсыз майданға аттандым. Кету үшін әкемнің рұқсатын алуға тиіс едім. Көбіміз осылай еттік. Жасымыз жетпей тұрса, әкеміздің қолын өзіміз қоя салып, майданға тіркейтін қызметкерлерге беретінбіз. Олар әкеміз ризалық берді деп ойлап, бізге майданға баруға рұқсат беретін. Әкем "Асықпа, мектеп бітіріп, аттестатыңды ал. Содан соң майданға бар" дейтін. Халықтың, жастар мен өзім қатарластардың майданға кетіп бара жатқанын көріп, мен шыдамадым. "Мен де баруға міндеттімін" дедім.
  • Жаныңызда досыңыз бар ма еді? Әлде жалғыз аттандыңыз ба?
  • Жиенім менен 1,5 жасқа кіші. Бірақ ол майданға кетті. "Менен кішкентай ол барғанда мен неге бармауым керек?" деп ойладым. Қысқасы, мен де тіркеліп, майданға аттандым. Бірақ бірден алғы шепке бармадым.
  • Байланысшы Мұхаммадреза Каримзаде

    Сіздерді қай бағытқа жіберді?

  • Жасымыз кіші болғандықтан көмекші күш болып бардық. Бізді алғы шепке жібермеді. Тылдағы күш болып саналдық. Алғаш рет барғанда радиошы-байланысшы болдым. Алғы шепте емес. Хузистан облысындағы Ахваз қаласының маңында Саддам сарбаздары қойып кеткен миналарды залалсыздандыратын топқа байланысшы болдым. Бір базаның жұмысы соғыс болған жерлерде ирактықтар қойып кеткен миналарды жинастыру болды. Олар қай жерлерде қақтығыс болғанын білетін. Сол жерлерге барып, мина іздейтін. Бұл жерлерде ауыл тұрғындары немесе қой жаятын шопандар жүретін. Ауыл тұрғындарының өздері немесе қой мен сиырлардың аяғы минаға тиіп, жазым болған жайттар көп болды. Сол үшін осы базаны құрып, аймақты минадан тазарту жұмыстары жүргізілді. Бірнеше адам сол базада байланысшы болып таңдалдық. Майданға аттанған алғашқы үш айлық кезеңім осылай өтті. Шын мәнінде тылда жұмыс атқардық. Үш ай болып қайттым. Үйге келіп, қайтадан мектепке барып, сабақ оқыдым. Ол кезде орта мектептің жоғары сыныбында оқитынмын. Бірнеше айдан кейін қайтадан майданға баруға тіркелдім. Бір рет майданға барған тәжірибем болған соң, осы жолы алдыңғы шепке жақынырақ баруға рұқсатым болды. Екінші жолы да байланысшы ретінде бардым, бірақ кейіннен қызметімді ауыстырдым. "Байланысшы болғым келмейді. Қолыма қару беріңдер" дедім. Майданда қолына қару алып, атқысы келетін адамдарды "тәктирандаз" – мерген деп атайтын. Үйретті. Майданда үйрететін жер болды. Онда бірден алғы шепке жібермейді. Күнде дайындықтан өтеміз, бізді сыртқа шығарып, сөйлесетін, қару атуды үйрететін. Түнгі жаттығулар болды. Майданда толық дайындықтан өттік. Содан кейін алғы шепке жіберілдік.
  • Алғаш рет алғы шепке барған күнінің есіңізде ме? Бірінші рет қарсы жақты көрген күніңіз?
  • Алғы шепте болсақ та, жауынгерлер бірден Саддам сарбаздарымен тікелей қатынаса алмайды. Арамыз алшақ болды. Соғыс алаңы осындай. Қаруы бар адам дүрбімен қарап, алыстан атады. Қатты алдыда емес едік. Бірақ Ирактың Фав қаласында өткен "Валфажр-8" әскери амалы барысында Саддам сарбазын алғаш рет жақыннан көрдім.
  • Шекарадан өтіпсіздер ғой?
  • Иә, шекарадан өтіп, Фав қаласына бара жатқан едік. Ирактықтар біздің жерімізден шыққысы келмеген соң, біз оларды қуып шығып, Ирак территориясына біраз енуге мәжбүр болдық. Оларды біздің елге қайта шабуылдауға дауаламайтындай еткіміз келді. Фав – Арванд өзенінің ар жағында орналасқан қала.  Иран мен Ирак жерін оңтүстікте Арванд өзені бөліп жатыр. Біз өз бөлігімізде Саддам сарбаздарын Иран жерінен қуып шыққанымызбен, басқа аймақтарда олар әлі біздің жерімізден кетпеген еді. Мысалы, батыста олар әлі Иран жерінде болатын. Кетеміз деп айтқандарымен, шықпай қойды. №598 қарар болды. Онда атысты тоқтату бітімін орнатып, келіссөз үстеліне келу қажеттігі айтылған еді. Біз "Жарайды. Біз сіздермен сөйлесеміз, бірақ сіздер біздің жерімізден кетіңіздер. Біздің елге не үшін келдіңіздер? Жерімізден кетіңіздер, содан кейін отырып сөйлесеміз" дедік. Олар кетпеді. "Қарарды қабылдап, келіссөз үстеліне келіңдер" деп қоймады. Иран "Сіздер біздің жерімізден шықпайынша қарарды қабылдамаймыз" деді. Сол себепті біз оларды өз жерімізден қуып шығуға мәжбүр болдық. Содан соң сөйлеспекке бекідік. Иран "Валфажр-8" әскери амалы барысында Ирак жеріндегі Фав қаласына аяқ басты. Мен де бұл қалаға барып, ирактықтарды жақыннан көрдім. Өйткені олар қорғанғысы келді, ал біз ілгерілеуді қаладық. Сол жерде бір-бірімізді көрдік. Жақын болғанымыз соншалықты мен онда тұтқынға түсуге аз-ақ қалдым. Қуанышыма орай, аман шықтым...