Сәу 13, 2016 13:09 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (6)

Француз сәулетшісі Ле Карбузие сәулет өнерін сипаттай келіп: "Сәулет – сәуле астындағы формалар жиынтығының ойыны. Сәулет – біртұтас ойлау құрылымы. Сәулет әрбір қарапайым құрылыстан, тіпті геометрия мен алгебраның қатысы бар әрбір кішкентай қамалдан көрініс табады. Кейде оған өнер деп ат қоймасақ та, сәулет басқа өнерлерге қарағанда бізге жақын",-деген екен.

Бұл сөздер француз сәулетшісінің өзінің сүйікті өнері – сәулетке берген сипаттамасы. Біз бұл сипаттаманы мына жайттармен толықтыра аламыз: сәулет - сәулетшінің адамзат пен болмыс туралы түсінігінің көрінісі немесе символы. Адам қолымен салынған ғимараттар қолданылған материал жағынан су, топырақ, тас және осы сияқты заттардан тұрса да, осы материалға форма беру жағынан сәулетшінің өнер жайлы түсінігі мен ойлау стилінің нәтижесі болып табылады.

Исламның Иранға енгеніне 1400 жыл өтті. Бұл аралықта Ислам әралуан тұрғыдан Иранға әсер етті. Исламға дейінгі Иранның сәулет өнері бізге жеткен ескерткіштерге қарағанда, көбіне басқарушы органдарға қатысты ғимараттар мен салтанатты сарайлардан көрініс тапты. Төбесі биік, көп бағанды және тас қабырғаларына бедерлі суреттер салынған ғимараттар салу – ежелгі Иран сәулет өнері ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Сондай-ақ төрт жақтан бау-бақша егіп, төрт бұрышты құрылыстар салуға бейімділік – ежелгі дәуірдің тағы бір ерекшелігі болған. 

Х.қ.ж.с. алғашқы ғасырларында Иранның сәулет өнерінде Хорасан стилі пайда болды. Бұл стиль х.қ.ж.с. 4 ғасырға дейін жалғасын тапты. Сол заманның мәдениеті жайлы мына мәселені айта кеткен жөн: мәдени-әдеби өзгерістер сол замандағы Хорасан аймағында орын алды. Хорасан ол кезде өте үлкен аймақты алып жатты. Ислам сәулет өнерінің алғашқы үлгілері сол аймақта пайда болды және сол жерден Иранның басқа аймақтарына таралды. Егер сол замандағы сәулет құрылыстарын нақтылап қарайтын болсақ, барлығына ортақ ерекшеліктерді көруге болады. Ислам келгеннен кейін исламдық құндылықтар ел арасына таралып, ғимараттар халықтың күнделікті тұрмысына жақындай түсті. 

Парттардың сәулет стилінде де белгілі бір дәрежеде халықтың күнделікті тіршілігі көрініс тапса да, Ислам келгеннен кейін бұл құндылықтар көбірек көріне бастады. Хорасан стилінде өте үлкен де салтанатты ғимараттарды салу тоқтатылды деп айтса болады. Олардың орнына қарапайымдау ғимараттар салынды. 

Иранның сәулет өнерінде үнемі ерекше құрметке ие ғимараттардың бірі – мешіт. Иранның алғашқы мешіттерінің сәулет (салыну) үлгісі Мәдинедегі Исламның алғашқы мешіті – ән-Нәби мешітінен алынды. Тарихта айтылғандай, ән-Нәби мешітінің жерін Пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) сатып алған. Содан соң ол: "Жақын жердегі таулардан тас алдырып, оларды қабырға салуға пайдалансын"-деп бұйрық берген. Мешіттің қабырғасы Мәдинедегі бойы ең ұзын ер адамның аспанға қолын созғандағы биіктіктен жоғары етіп салынды. Мешіттің айналасына қабырға салынып болғаннан кейін оның бір шеті жабылып қойылды. Бұл уақытша төбе еді, оны жасауға мал терісі мен ағаш пайдаланылған болатын. Бұл төрт бұрышты құрылыстың көлемі 65х75 метр болған. 

Бұл алғашқы жоба мұсылмандар арқылы Иранға жетті және Иран мешіттерінде де қолданылды. Жобаның қарапайым болуы, бос кеңістік пен орынсыз безендіруден бас тарту, жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану – осы заманда салынған ғимараттардың негізгі ерекшеліктерінің бірі болды. Хорасан стилінде салынған негізгі ғимараттардың бірі – Йезд қаласындағы Фахрадж мешіті. Бұл мешіт Иранда салынған ең ежелгі мешіт болып саналады. Атақты сәулетші және Иран сәулет өнерінің маманы марқұм Мұхаммед Кәрім Пирниа осы мешіттің ерекшеліктері жайлы үлкен кітап жазып қалдырды. Ол өзінің 50 жыл бұрын осы мешітті бірінші рет көргендегі әсері жайлы былай дейді: "Бұрындары Бафақтан қайтып келе жатқан жолда шөл даланың ортасындағы Фахрадж мешітінің мұнарасы менің назарымды өзіне аударды. Бағытымды бұрып, мешітті көру үшін абадтандырылған кішкене елді-мекенге келдім. Ол мешіттің мұнарасының астына Фахрадж тұрғындарының бір тобы жиналған екен. Олар менің сәулет өнері жайлы оқығандығымды және ежелгі ескерткіштерге қызығатынымды білгеннен кейін менен осы мешіттің тарихын зерттеуге көмектесуді сұрады. Алғаш келгенімде үлкен кірпіштермен салынған қарапайым да әсем ғимаратты көрдім. Онда гүлдер көрінісі салынған еді. Бір-бірімен әдемі үйлестірілген жапсырмалар мені мынадай ойға қалдырды: мүмкін бұл ғимарат Сасанидтер заманына жататын шығар? Бірақ мехрабтың болуы, ішкі қарапайымдылық пен құбыланың сақталуы мені бұл жерде бұрыннан-ақ мешіт болғандығына сендірді. Бұл мешіт Ислам Иранға келгеннен кейінгі алғашқы жылдарда салынған". 

Фахрадж мешітінің жобасы өте қарапайым. Оның түнгі намаз оқитын жеріне кіретін үш есік бар. Ортаңғы есік басқа екеуінен үлкенірек. Оның солтүстік жағында төрт тұғыр бар. Олар бір-бірімен коридор аркылы жалғасып жатыр. Мешіт төбесі қарапайым келген жартылай күмбезді, Қағба-құбыла бағытын көрсететін мехраб қабырғаға ойылып жасалған. Бұл мешіттің қызық ерекшеліктерінің бірі Сасанид замандағы үйдің есіктері сияқты суреттер қабырғаға жабыстырыла бедерленген. Мешіт сәулетшісі Сасанидтердің әдемі де салтанатты сәулет өнерін болашаққа ескерткіш етіп қалдырғысы келгенге ұқсайды. 

Дамғандағы "Тарихана" мешіті – Хорасан стилімен салынған ежелгі құрылыстардың бірі. Дамғандағы бұл әдемі де қарапайым мешіт – Тегераннан 340 шақырым жерде орналасқан. Оның жобасы қарапайым – төрт бұрышты тұғыр үстіне салынған. Бұл мешіттің төбесі Фахрадж мешітінің төбесінен төменірек, бірақ мұнда Сасанидтер сәулет өнерінің ерекшелігі Фахрадж мешітіне қарағанда көбірек көрініс тапқан. Төбені жабу, қабырғаның бұрыш-бұрышындағы кішкене ойықтар, Персеполистың кейбір суреттері сынды ерекшеліктер бұл мешіттің Сасанидтер сәулет өнерінен әсер алғандығын көрсетеді. Кейбір тарихи құжаттарда келтіргендей, мешіттің астында жасырынатын орын болған. Бұл жерлерге адамдар соғыс және тұрақсыздық кездерінде өздерінің мүліктерін жасыратын болған. Бүгінде жер асты жолдарының қалдықтарын әлсін-әлсін көруге болады. 

Тарихшылар мен шығыстанушылардың кейбіреулерінің осы кезеңге Ирандағы араб сәулет өнері немесе Умави мен Аббасидтердің сәулет өнері деп ат қоюы тарихи тұрғыдан дұрыс емес. Ол замандағы Иранның сәулет өнері исламдық құндылықтар негізінде қалыптасқанымен, кейбір символдар Сасанидтердің сәулет өнерінен әсер алған. Өйткені түріктер мен арабтардың ол заманда ескерерлік сәулет өнері болмаған, олар бірнеше мың жылдық тарихы бар Иран сынды елге әсер ете алмады. 

Тарихи дәуір тұрғысынан Хорасан сәулет өнерінің стилі Сасанидтер дәуірінің соңына дейін, яғни х.қ.ж.с. 389 жылына (999 жылы) дейін Иранның түкпір-түкпірінде, әсіресе Хорасан мен Иранның орталық бөлігінде қолданыста болды, соның алғашқы үлгісі негізінде көптеген туындылар салынды. Бізге жеткен ескерткіштердің көбі – мешіт. Уақыт өте келе олардың іші әртүрлі өрнектермен безендірілді. Исфаханның орталық мешіті, Ардастан мешіті, Нами мешіті, Нейриз мешіті – осы заманның ең маңызды ғимарттарының бірі болып табылады. 

Тегтер