Ирандық тұтқынның естелігі (5)
Қыр 23, 2019 01:51 Asia/Almaty
2019 жылдың 17 тамызы тұтқындардың исламдық Иранға қайта бастаған күнінің жылдығы болды. Осы күнге орай, Иран Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабындағы Қазақ радиосының қызметкері әрі Ирактың Иранға таңған соғысында тұтқында болып қайтқан ардагер Мұхаммадреза Каримзадеден алған сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.
(Басы 4-бөлімде)
- Соғыстан кейінгі жағдай және өзіңіздің қазіргі өміріңіз жайлы айтып беріңізші
- Шын мәнінде соғыс біткен кезде мен Иракта болдым. Иранға қайтып келгенде әлі мектеп бітіру туралы аттестатымды алмаған болатынмын. Оқу кезінде майданға барып-келіп жүрдім ғой. Екі сабағым қалған. Химия мен физика. Соларды тапсырғанда ғана аттестат аламын. Бірден осы екі сабақты оқып, тапсырып, бағасын алып, аттестатқа қол жеткіздім. Содан соң университетке қабылдау емтиханын тапсырдым.
- Қай мамандық бойынша?
- Ағылшын тілі мамандығы бойынша емтихан тапсырдым. 4 жылдан кейін бакалавр дипломын алдым. Содан кейін алдымен телекоммуникация басқармасына жұмысқа тұрдым.
- Шын мәнінде әкеңіздің жұмысын жалғастырған екенсіз ғой?
- Иә. Мен онда 5 жыл жұмыс жасадым. Иран Телерадио бірлестігінде істейтін бір досым әлемдік қызмет торабына шет тілін білетін мамандарды қабылдап жатқанын айтты. Шет тілінде радио ашпақ екен. "Егер қаласаң, келіп, сұхбаттасып, жұмыс орныңды әлемдік қызмет торабына ауыстыра аласың" деді. 1375 жылы ағылшын тілінен бакалавр дипломымды алып, Иран Телерадио бірлестігіне келдім.
- Қашан үйлендіңіз?
- Телекоммуникация басқармасында жұмыс істеп жүрген кезде 1371 жылы үйлі болдым. Университетті де қатар алып жүрдім. 1375 жылы оқуым аяқталды. Содан соң Иран Телерадио бірлестігіне қабылданып, әлі күнге дейін осы жерде жұмыс істеймін.
- Әлемдік қызмет торабыынң қай бөлімінде жұмыс істейсіз?
- Алдымен Ағылшын радиосына бардым. Өйткені ағылшын тілі маманымын. Бірақ сол кезде Еуропа мен Америка департаменті Албан радиосын ашуға шешім қабылдаған екен. Қызметкерлер жоқ көрінеді. Маған осы радиоға ауысуға ұсыныс жасалды. Мен қабылдадым. Албан радиосының ашылу рәсімі болып, мен сонда жұмыс істей бастадым. Қазір де сондамын. Біраз уақыт Қазақ радиосымен де әріптестік жасадым.
- Соғысқа қатысқан адамдарды "исаргар" – ардагер деп атайтынын айттыңыз. Иранда ардагерлерге қандай жеңілдіктер жасалған?
- Оларға әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Емделуді қажет ететін "жанбаз"-жаралылар үшін көп жеңілдік жасалды. Кейбір ауруханалар тек осы жанбаздарды емдеуге арналған. Барлық жаралылар ауруханаларға бара алмайды. Олар әртүрлі қалаларда тұрып жатыр. Сондықтан оларға арнайы сақтандыру полисі берілген. Олардан дәрігер, дәрі-дәрмек пен оталар үшін ақша алынбайды. Жараланбаған ардагерлерге (разманде) азырақ жеңілдік берілген. Мысалы, соғысқа барған адамдар жұмысқа тұрғысы келсе, тезірек қабылданады. Оларға артықшылық беріледі. Жұмыс орнында ардагерлердің жалақысы жоғарырақ болады. Мысалы, аттестаты болса, жалақы тұрғысынан жоғары аттестаттың деңгейінде алады. Егер жоғары аттестаты болса, бакалавр деңгейінде жалақы алады. Жалақы тұрғысынан оларға жақсы болуы қарастырылған. Сондай-ақ, олардың майданда болған жылдары екі есе саналады. Мысалы, майданда өткен 10 ай жұмыста 20 ай болып есептеледі.
- Жаралылар үшін де солай ма?
- Иә. Жанбаздар үшін де осылай есептеледі. Мен сияқты басидж-халықтық жасақ өкілдері әскерге бармаған. Олардың да майдандағы жылдары екі есе есептеледі. Мысалы, мен 18 ай майданда болдым. Иранда әскери қызмет 24 айда өтеледі. 18 айды екіге көбейткенде 32 ай болады. Мен осы тұрғыдан әскери қызметімді өтедім, артық жылым да бар. Мұндай жеңілдік жауынгерлерге де, жаралыларға да, тұтқыннан босап шыққандар мен шәһид болғандардың жанұяларына да қарастырылған. Олар бір жерге жұмысқа тұрған кезде майданда болғаны үшін немесе шәһидтердің жанұясы болғаны үшін артықшылыққа ие болып, жақсырақ жалақы алады. Мысалы, университетке барғысы келсе емтиханға оңайырақ қатыса алады. Мұның бәрі – исаргар-ардагерлер үшін жасалған жағдайлар. Олар тезірек қабылданып, оқуға кірісу үшін артықшылықтар беріледі. Сондай-ақ, университетке барған кезде олар дәрістерін жеңілірек оқу үшін кейбір төлемдерде жеңілдіктер жасалады. Балаларын мектепке бергісі келген ардагерлер болса, білім тұрғысынан жеке мұғалім алу қажет болса, жеңілдіктер жасалады. Не ақша беріледі, не мұғалім тауып беріледі. Сөйтіп, балаларының оқуына көмектеседі. Бұдан басқа да жеңілдіктер бар. Бұл жерде бәрін айтып жатуға мұрсат жоқ-ау...
- Өзінің тұтқыннан қайтқан соң медициналық тексерістен өттіңіз бе?
- Иә. Менің мына аяғым сынған еді ғой. Ирактықтар тек гипстеді. Шын мәнінде тек гипстеумен шектелмеуі керек еді. Сынған аяғымның сүйектерін бір-біріне қайта түйістіруі керек болатын. Сонда менің аяғым қысқарып қалмайтын еді. Олар менің аяғымды гипстей салды. Сүйектер қалай тұр, солай бітіп кетті. Сол себепті қазір менің сынған сол аяғым оң аяғымнан 4 см қысқа. Иранға келген соң дәрігерге көрсеттім. Дәрігер ота жасағысы келді. Бірақ алдымен екі мәселені маған түсіндірді. "Алдымен мен сүйектеріңді жонып, қайта бір-біріне түйістіруім керек. Жонатын болғандықтан аяғың бәрібір қысқалау болады. Қазір 4 см қысқа болса, кейін 1 см қысқа болады. Екіншіден, сүйектеріңді бір-біріне жапсыру үшін аяғыңды созатын болғандықтан тізең қатып қалып, оны бүге алмауың мүмкін. Сынғанына бірнеше жыл өтіп кеткен соң, мен тартып, қысым түсірген кезде тізеңе осындай жағдай болуы ықтимал" деді. Менің тізем 70 пайызға бүгіледі. Ота жасасам, 30 пайыз ғана бүгілуі мүмкін. Аяғымды түзейін десем, басқа мәселелер шығатынын ұқтым. Отадан бас тарттым. Сынған аяққа қол тигізбедім. Ал оң аяғымның жүйке тамырларына зақым келген болатын. Аяғымның ұшын жоғары көтере алмайтынмын. Өйткені жарықшақтанып, жүйке тамырлары зақымданған еді. Яғни жүрген кезде табаным жерге жалп етіп, ұрыла беретін. Жоғары ұстап тұра алмайтынмын. Оған ота жасадым. "Буше" есімді бір дәрігер бар еді (Құдай рақымын берсін). Қолы жақсы деп естідім. Соның алдына бардым. "Тобығыңды толық емес, бірақ аздап жөндеп бере аламын. Аяғыңның ұшын жерге соқпай ұстап тұра алатындай қыламын. Бірақ бармақтарыңа ештеңе істей алмайтын" деді. Оң аяғымның бармақтары төмен түседі, бірақ жоғары көтерілмейді. Сол дәрігер ота жасап берді. Екі ай аяғым гипстеулі болды. Айтқанын істеді. Қазір аяғымның ұшын ұстап тұра аламын. Бірақ бармақтарымды түзей алмады. Бұдан басқа ота жасамадым.
- Өміріңіз қилы оқиғаға толы болыпты.
- Ауруханада жатқан кезімнен бір оқиға есіме түсіп отыр. Қызық болар. Айтып берейін...
Жалғасы бар
Тегтер