Сәу 13, 2016 20:14 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (67)

Ғимаратты жобалау және безендіру сәулет өнерінің бір бөлігі ретінде ежелгі замандарданақ кең таралған.

Ғимараттың ішкі және сыртқы кеңістігі сыртқы түрі негізінде безендірілетін. Мысалы, ежелгі мысырлықтар өздерінің ғибадатханалары мен кесенелерінің ішкі кеңістігін безендіруге ерекше көңіл бөлген. Еуропада да бұл үдеріс бағы заманнан бар. Мысалы, Микеланджелоның туындыларын осы құрлықтағы ішкі декорацияның көрнекті үлгісі деп атауға болады. Жапония сияқты елдерде ғимараттар табиғатпен астасып жатыр және бұл декорация жасауда ерекше көзге түседі. Мысалы, қарапайым кеңістіктен, жапондықтың төртбұрышты бөлмесінен табиғаттың суретін көреміз. Ол осынша қарапайым жерде ерекше көзге түседі. Ежелгі өркениеттің болуына байланысты география саласында Иран таулы қыратында да ғимараттың ішісыртын безендіру сәулетшілер мен өнерпаздардың назарында болған. Тахте Джамшид (Персеполис) кешенінде қабырғалар мен бағандар бетін ойып өрнек салу ішкі декорацияның бір бөлігі болған. Бұл өрнектер ерекше ықылас, нақтылық және нәзіктікпен жасалған. Ойылған өрнекпен безендірілген ескерткіштердің болуы көне замандарданақ Иранда ғимаратты безендіуге ерекше көңіл бөлінгендігін көрсетеді. Әрине, әрбір дәуірде бұл безендірулер халықтың мәдениеті, діні және әлеуметтік жағдайымен тығыз байланысты болған. Иранның ауа райының әралуандығы архитектуралық құрылыстарының түрлері мен оның безендіру тәсілдерінің әралуан болуына себеп болды. Соның нәтижесінде Иранда әралуан қолөнер түрлері мен архитектуралық үлгілер пайда болды. Бұл өнерлердің әралуандығы олардың пайдалану аясын бірнеше топқа бөлуімізге себеп болады: сыртқы кеңістікті безендіру, кіреберіс жерді безендіру және ішкі кеңістікті безендіру. Сыртқы кеңістікті безендіру кезінде ауа райы мен күн нұрының өзгерістеріне ғимараттың берік болуы және осындай факторлардың әсерінен сапасынан айырылмауы ескеріледі. Иранның тарихи ғимараттарының көбі сырлы кірпіштермен безендірілген. Бұл әдемілік және түрлі түстілікпен қоса, қаржаңбыр, ыстықсуыққа қарсы изоляциялық қызмет атқарады. Сырлы кірпіш – глазурьланған піскен балшық. Әдетте оның түсі мен нақышы әртүрлі болып келеді және әртүрлі пішін мен көлемде кесіледі. Арнайы қоспадан жасалған сырлы кірпіш ғимараттың қабырғасы, төбесі, күмбезі мен еденіне жабыстырылады. Иран сәулет өнерінде сырлы кірпіш жапсыру, шын мәнінде ғимараттың жеке куәлігі болып табылады. Тарихи деректерге қарағанда б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғында ирандық өнерпаздар шикі кірпіш пен глазурьланған күйдірілген кірпіш жасау тәсілдерімен таныс болған. Оларды ғимараттарды безендіру үшін пайдаланған. Ислам дәуірі басталғаннан кейін сырлы кірпіштер жапсыру діни орындарда ерекше көрініс тапты. Исфахандағы "шейх Лүтфолла" мешітінің михрабы мен күмбезі, Тебриздегі "Көгілдір" мешіт, Керманның Маханындағы "шах Нематулла Вали" кесенесінің күмбезі – Иранда сырлы кірпіш жапсыру өнерінің шарықтау шыңына жеткендігін білдіретін көрнекті үлгілер болып табылады. Селжұқтар кезінде Иранда сырлы кірпіш өндіру ерекше дамыды. Сырлы кірпіш өндірудің басты орталығы Кашан қаласы болды. Бұл қалада сырлы кірпіштің түртүрі өндіріледі. Төрт, алты немесе сегіз бұрышты сырлы кірпіштер ғимараттардың ішін безендіруге пайдаланылған. Олардың кейбіреулері тегіс, басқалары бедерлі болып келген. Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген тарихшы Абдулла ибн Мұхаммад Абитахер өзінің бір еңбегінде жеті түсті сырлы кірпіш, оны жасау тәсілі және глазурь бетін бояу жайлы сипаттама жазған. Сырлы кірпіш жапсыру Иранның дәстүрлі сәулет өнеріндегі безендірудің ең маңызды ерекшелігі болып табылады. Мұндағы маңызды мәселе – оның түсі. Иран сырлы кірпіштері көбінесе көгілдір түсті болып келеді. Ақ, жасыл және сары түстер екінші дәрежелі түстердің қатарына жатады. Кіреберіс кеңістік пен күмбездің сыртқы беті көбіне сырлы кірпішпен жабылатын. Сары глазурь сырлы кірпішті безендірудегі ең көп қолданылатын тәсіл болып табылады. Бұл тәсілде сырлы кірпіш бірнеше кезеңнен өткеннен кейін жылтыраған, берік әрі металл сияқты күйге енеді. Тимуридтер дәуірінен кейін жеті түсті сырлы кірпіш жасалына бастады. Ол сол замандардағы көптеген ғимараттарда пайдаланылған. Мешіттер, медреселер, сарайлар, моншалар, тіпті көпірлер де әртүрлі сырлы кірпіштермен безендірілген. Осы өнер түрі қолданылмаған тарихи ғимаратты табу қиын. Әртүрлі дәуірлерде сырлы кірпіштердің беті нақыштармен қоса, көркем жазумен де өрнектелген. Ирандағы сырлы кірпіш өнеркәсібі кейбір дәуірлерде басқа елдердің өнерпаздарымен тығыз байланыста болған: ирандықтардан әсер алған немесе ирандықтардың сырлы кірпіш жапсыру өнеріне әсер еткен. Мысалы, ирандық өнерпаздар Қытай өнерінен әсер алды. Бұл үдеріс қытай жобаларының ирандық жобаларға енуіне себеп болды. Осылайша синтезделген стиль пайда болды. Екінші жағынан, Түркияның сырлы кірпіш жапсыру өнері ирандық сырлы кірпіш жапсыру дәстүрінен өте көп әсер алды. Тарихта х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда Тебриз қаласынан шыққан ирандық өнерпаздар Түркияға барып, онда ирандық нақыштармен өрнектелген жеті түсті сырлы кірпіш өндіруге кіріскендігі айтылады. Әрине, бұл тәсіл Сирияға да таралды. Сондықтан да ирандық сырлы кірпіштердің үлгілерін осы елден де көруге болады. Рональд Льюкок (Ronald Lewcock) өзінің «Ислам әлемінің сәулет өнері» атты еңбегінде: «Алты бұрышты алтынмен атпалған сырлы кірпіштер Ираннан Батыс Азияға, сол жерден Испанияға жетті. Ондағы күрделі нақыштар Ислам әлемінің басқа жерлеріндегі мұсылмандардың қолдауына ие болды», деп жазған.