Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан
«Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан» атты бағдарламада адам өмірінің балалық және жасөспірімдік маңызды екі кезеңіндегі тәлім-тәрбиені ислам көзқарасы тұрғысынан талқылаймыз. Сонымен қатар оның тәрбиеге ықпал ететін тұлғалық, қоғамдық, діни және ахлақи әртүрлі қырлары мен мекемелерге тоқталамыз.
Бағдарламамыздың алғашқы бөлімінде тәлім-тәрбие ұғымы мен сол туралы исламның көзқарасын түсіндіреміз. «Тәлім-тәрбие» дамыту, бағдарлау және жетілу үшін ықпалды әрі маңызды мәселе болып табылады. Себебі, адам тәрбиені қабылдайтын жаратылыс. Адам дұрыс тәрбие нәтижесінде ең жоғарғы рухани, адамгершілік және ғылыми дәрежелерге жете алады. Адамның жетілуі туылған мезеттен өмірдің соңына дейін бір-біріне жалғанған ұзақ кезеңдерден өтеді. Осы тұрғыдан оларды кемелдіктің шегіне жеткізуге болады. Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан бағдарламасында тәрбие берудің маңыздылығы мен оның тәсілдерін ислам және діни ғұламалардың көзқарастары тұрғысынан талдаймыз. Үйдегі бір қарапайым гүлді өсу үшін ол күтім мен қамқорлық жасауды қажет етеді. Күннің нұры, су, тыңайтқыш және тағы да басқа заттардың мөлшерін гүл солып қалмас үшін мұқият бақылап отыру керек. Жаратылыс иелерінің ішіндегі бекзат ретінде адам тәлім-тәрбиесінің де әр кезеңі індік ерекшеліктер мен қиыншылықтарға толы ып, сәбилік шағынан жастық шаққа дейінгі кезеңдерде қиындай түседі. Сол себепті әртүрлі мәселелер арасындағы адам тәрбиесі тақырыбы ерекше маңыздылыққа ие. «Тәрбие» өсіру, жетілдіру, тыңайту деген мағынаны білдіреді. Ал «тәлім» тәрбие берудің құралы және оның құрамдас бөлшегі болып табылады. Шын мәнінде, тәлім-тәрбие тұлғаның өз еркімен жақсы мақсаттарға ұмтылуы мен кемелдікке жетуі үшін оның қабілеттерінің ашылуы және соларды пайдалану үшін мүмкіндік жасау болып табылады. Әр жаратылыс иесінің кемелдік шағы болады. Оның жаратылысының мақсаты – сол кемелдікке жету. Адамға тәрбие беру де оның болмысында бар кемелдікке жету жолында көмектесу болып табылады. «Ол – А...-ның халифасы» (Бақара сүресі, 30 аят) . Адам тек тәрбиені қабылдайтын тіршілік иесі ғана емес, сонымен қатар, тәлім-тәрбиені қажет ететін жалғыз жаратылыс болып табылады. Адамның бұл құбылысқа деген қажеттілігі мынадай деңгейде: егер ол тәрбиеден мақрұм қалса, құнды мүмкіншіліктен айырылды деген сөз. Осылайша, тәлім-тәрбиеден мақрұм адам барлық істерде икемсіз әрі басқа адамдарға тәуелді болып қалады. 18-ші ғасырдағы неміс философы Иммануэль Канттың пікірінше, тәлім-тәрбие мәселесі – адамға қатысты мәселелердің ең маңыздысы әрі ең қиыны. Сонымен қатар, Канттың пікірі бойынша, адамзат жетістіктерінің арасында ел басқару және тәрбие беру басқалардың бәрінен қиынырақ. Әр тұлға табиғи түрде өзінің жетілуі үшін өсу және кемелдену кезеңдерінен өтуі керек. Бүгінгі күндері «даму психилогиясы» деп аталатын жаңа ғылым физикалық, қоғамдық, танымдық, рухани, психикалық, сезімдік, эмоциялық және тілдік жетілу сияқты түрлі мәселелерді қарастырады. Психологтардың пікірінше, тәрбие кезеңдері дүниеге келген мезеттен басталып, адам өмірінің әртүрлі кезеңдеріне ұласады. Мысалы француздық психолог Жан Пиаже адамның танымдық жетілуін 16 жасқа дейін 4 кезеңге бөлді. Америкалық психолог Эрик Эриксон психикалық-қоғамдық жетілуді өмірдің басынан аяғына дейін жалғасатын 8 кезеңге бөлген. Жалпы алғанда, психологтар адам тәрбиесінің кезеңдерін 8 жастық топқа бөліп көрсеткен: 1-туылғанға дейін – ұрықталудан туылғанға дейін; 2-балалық – 1 жастан 6 жасқа дейін; 3-балалық– 6 жастан 12 жасқа дейін; 4-жасөспірімдік – 12 жастан 20 жасқа дейін; 5-жастық – 20-дан 30 жасқа дейін; 6-орта жас – 30-дан 50 жасқа дейін; 7-жетілу – 50-ден 65 жасқа дейін 8-кәрілік– 65 жастан жоғары Қоғамтанушылар да адамға тәрбие беру ісін ерекше маңызды деп санайды. Олардың пікірінше, тәрбиелеу –адамдық қоғамның физикалық және рухани ерекшелігін сақтап, келесі ұрпаққа өтуге көмектесетін үдеріс болып табылады. Шындық мынада: қоғам толассыз түрде пайда болатын тұлғаларды тәрбие беру арқылы өз ой тәсілі мен талабына сай қалыптастыруға талпынады. Тәрбие берудің маңызды негіздерінің бірі жанұя болып табылады. Көптеген сарапшылар бала тәрбиелеудегі ата-ананың, әсіресе ана тәрбиесі сынды ішкі факторларға ерекше назар аударады. Ислам діні мәдениет, саясат, қоғамтану, экономика және гуманитарлық салаларда үйлесімді әрі мақсатты жүйеге ие. Исламның тұлғалық және қоғамдық маңызды жүйелерінің бірі тәрбие беру жүйесі болып табылады. Ислам мәдениетінде тәлім-тәрбие тақырыбы жоғары орында тұр. Иранның көрнекті ойшылы шәһид Мортаза Мутахаридің пікірінше, ислам – барлығын қамтитын әрі жан-жақты дін болып табылады. Осы ирандық философ тәрбиені ауқымды түрде зерттеуді қажет ететін ислам дінінің бір бөлімі деп атайды. Ол исламда міндетті түрде белгілі бір оқыту бағдарламасының бар екенін кесіп айтады. Мутахари бұл жөнінде былай деп жазады: «Тәлім-тәрбие беру – тұлғаны қалыптастыру мәселесі. Белгіленген мақсаттары, жан-жақты қарарлары, құқықтық, экономикалық және саяси жүйеге ие бір мектептің арнайы оқыту жүйесі болмауы мүмкін емес». Құранның түрлі аяттарында тәлім-тәрбиенің алар орны ерекше. Тіпті ислам пайғамбарына (с.ғ.с.) түскен бірінші аяттың өзінде тәрбиелеу мен оқыту мәселесі айтылған. А... осы аятта былай дейді: «Сондай (әлемді) жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың (барлығынан да) аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» (әл-Алағ сүресі, 1-5 аяттар) сонымен қатар, «Шамс» сүресінің алғашқы аяттары адам жанының тәрбиені қабылдайтынын және адамның құтқарылуы оның талпыныстарына байланысты екенін көрсетеді. А... "Шамстің" 9-10 сүрелерінде былай дейді: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да әлдекім оны кірлетсе қор болды». Ислам діні адам тәрбиесіне ерекше назар аударады. Себебі, дұрыс тәрбие мен тазарту аясында тұлға жетіледі. Ол бейбітшілік пен тазалық, тыныштық пен ақкөңілдікке негізделген пайдалы қоғамдық өмірге және жауапкершілікке икемді болады. Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның әулетінің хадистері мен сөздерінде де адамның тәлім-тәрбиесінің алар орны ерекше. Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) адам тәрбиесінің маңыздылығы жайында: «Адам кен сияқты әртүрлі болады. Шығу тегі адамға әсер етеді. Жаман тәрбие де жаман тек сияқты». Ислам тәлім-тәрбие ісіне байланысты кемел әрі шынайы үлгілерді таныстырды. Бұл үлгілер – пайғамбарлар (с.ғ.с.) мен имамдар. А... пайғамбарлары мен мұсылмандардың діни жетекшілері үлкен пайғамбарлық міндет атқарады. Олардың осы міндетінің мақсаттары адамды тәрбиелеу және тазарту болып табылады. Ислам Революциясының жетекшісі имам Хомейни бұл жайлы былай деді: «Барлық пайғамбарлардың ілімдері мен сөздерінің тақырыбы – адам. Олар адамдарды тәрбиелеу үшін келген. Осы табиғи жаратылысты табиғат деңгейінен одан жоғары мәртебеге жеткізуге келген». Илаһи пайғамбарлар (с.ғ.с.) мен пәк имамдар (ғ.) адамдарға жол көрсету және пайғамбарлық міндеттен бұрын күнәлардан бойын аулақ салып, ахлақи ілімдерді үйренумен өз нәпсілерін тазарытп, кемелдіктің ең жоғарғы шыңдарына жеткен. Олардың осылай жарқырауы көптеген шырақтардың жануына себеп болды. Адамдар олардың жарығы және осы адамдар жолдарының шынайылығына деген иманмен өркендеу жолына қадам басып, кемелдікке ұмтылады. Пайғамбарларың соңғысы – хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) та пайғамбарлық міндетке таңдалып алғаннан көз жұмған уақытқа дейін бар болмысымен тәрбие жұмыстарымен айналысқан. Ол хазіреттің халыққа жетекшілік ету және оларды тәрбиелеуге деген қызығушылығының көп болғаны соншалықты, оны бәрінен бұрын адамдардың тәрбиеге көнбегені және олардың қате жолға түсуі мазалаған. А... пайғамбары (с.ғ.с.) халықты тәрбиелеу жұмысында мұқият болып, оған шеберлік және біліктілікпен кіріскен. Қысқа уақыт ішінде мейлі Араб түбегіндегі болсын, мейлі одан тыс жерден келген халық болсын топ-топ болып ислам діні мен сол хазіреттің (с.ғ.с.) сүннетіне иман келтірді. Сол себепті, осы хазірет қысқа уақыт ішінде ислам ілімдерін мұсылмандар арасында тарата алды. Осылайша, Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның әулетінің тәрбиелік жолы адамзаттың келешек ұрпақ тәрбиелеу жолындағы шырағы болмақ.