Сәу 14, 2016 13:01 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Бүгінгі күндері көптеген адамдар, әсіресе, жас жұбайлар перзент ізгілікті әрі қоғамға пайдалы азамат болуы үшін баланы қай уақыттан бастап тәрбиелеу керек деген сұрақпен бетпе-бет келеді.

Кейбір сарапшылардың пікірі бойынша, бала тәрбиесі мен оны дамытуды 6-7 жастан бастау керек. Мамандардың бір тобы тәрбиені туылған мезеттен, ал тағы біреулер одан бұрынғы кезеңнен бастау керек деседі. Рауаяттар бойынша, бір хакімнен тәлім-тәрбиені қай уақыттан бастау керек деп сұрағанда хакім былай деп жауап берген екен: "Бала дүниеге келмей тұрып, жиырма жыл бұрын, ал егер, қажетті нәтижеге жетпесеңіз, одан да ертерек бастау керек екендігі анық". Хакімнің айтпақ болғаны лайықты перзенттерді дүниеге әкелу үшін олардың дүниеге келуінен бұрын ата-анасы өздерін тәрбиелеп, жетілдірулері керек. Исламда перзент тәрбиесі үшін алғышарттар мен алдын-ала жағдай жасауға, тіпті, жүктіліктен бұрынғы кезеңге де ерекше назар аударылған. Ислам пайғамбары (с.ғ.с) мен оның үмбетінің жолында бала тәрбиесі оның дүниеге келуінен бұрын, жар таңдау және үйлену кезінен басталады. Жар таңдалғаннан кейін тәрбие де басталды деген сөз. Себебі, тәрбиенің алғашқы ортасы отбасы болмақ. Баланың өзінің ең сезімтал - жетілу және тәрбие алу кезеңін отбасында өткізетіні белгілі. Ерлі-зайыпты жұп жанұяның негізгі тіректері болып саналады. Сол себепті, егер ата-ана ой-сана және рухани тұрғыдан сау, дұрыс әрі тәрбиелі болса, бала тәрбиесінің маңызды бөлігі қамтамасыз етілді деп сенімді түрде айта аламыз. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) мен оның үмбеті әрдайым өздерінің ізбасарларына жар таңдауда мұқият болуға кеңес беретін. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген еді: «Өз теңдеріңе қыз беріп, өз теңдеріңнен әйел алыңдар, өз ұрпақтарың үшін жақсы орын таңдаңдар». Пайғамбар (с.ғ.с.) мен имамдар (ғ.) өздері мен өз жанұяларына қатысты осылай жасаған. Олар жар таңдауда мұқият болған. Хазрет Фатиманың (ғ.с.) тұрмысқа шығуы жайлы былайша рауаят етіледі: көптеген адамдар әртүрлі түрткілермен ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) қызына құда түсіп келген екен. Бірақ, пайғамбар (с.ғ.с.) илаһи үкімді күтетінін айтып, ешкімді қабылдамаған екен. Бірақ ағасының баласы Әли (ғ.с.) пайғамбардың (с.ғ.с) алдына құда түсіп келген кезде, хазірет оны ашық жүзбен қарсы алып: «Әли, сененбұрын да Фатимаға құда түсіп келген болатын. Мен олардың тілектерін Фатимаға айттым, бірақ, оның жүзінен жақтырмағанын көретінмін. Қазір күте тұр, қайтып келемін» деген екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) қызына Әлидің құда түсіп келгені туралы айтқан кезде оның жүзінен тыныштықты көріп, «Аллаһу акбар» деп дауыстап жіберіп: «Заһраның тыныштығы – Оның ризашылығы мен қалауының белгісі» деген екен. Шындығында, Әли (ғ.с.) мен Фатима бір-біріне лайық жандар болды. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл жайында: «Қызымды осы дүние және ақыретте бекзат әрі құрметті адам әрі А..-ға жақын кісіге, өзінің теңіне бердім» дейтін. Пәк имамдардың жолының бір бөлігі бала тәрбиелеу үшін жар таңдау мәселесіне арналған. Ерлі-зайыптылардың тең болуы күйеуі мен әйелінің арасындағы түсіністік пен отбасы жүйесінің берік болуының негізгі факторы болып табылады. Бұл фактор балаларды дұрыс тәрбиелеуде де маңызды болады. Керісінше, тәлім-тәрбие ошағына нұқсан келтіретін ерлі-зайыптылардың арасында түсіністіктің болмауы және олардың келіспеушіліктері балалардың бұзылуының ең маңызды әрі ең көп кездесетін себебі болады. Исламда ерлі-зайыптылардың тең болуы үшін әртүрлі ерекшеліктер назарға алынады. Соның ішінде жардың әдепті әрі ізгілікті болуы және оның адамгершілікке ие болуы, сондай-ақ осы сияқты басқа да қасиеттерді атап көрсетуге болады. Имам Резаның (ғ.с.) серіктерінің бірі Хосейн Башар: «Менің жақындарымның бірі қызыма құда түсті, бірақ, оның мінезі жаман» дегенде имам: «Егер оның мінезі жаман болса оған қызыңды берме» деп жауап қайтарған екен Исламда тәлім-тәрбие тұрғысынан әйел таңдаудың маңыздылығы күйеу таңдаудың маңыздылығынан жоғарырақ. Себебі, әйел адамның ықпалы ер адамның ықпалынан көбірек болады. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) жар таңдау туралы былай деген: «Балаңды қай тек пен тұқымнан дүниеге әкелетіндігіңе абай бол. Себебі, отбасылық тек пен қан перзентке әсер етеді». Ол хазірет басқа бір сөзінде жерде үйлену кезінде әйелді таңдау әлеуетінің маңыздылығы жайында былай дейді: «Өз ұрықтарың үшін лайықты, дұрыс орын таңдап, жақсы әйелдерге үйленіңдер». Тәлім-тәрбие үшін алдын ала жағдай дайындау тәсілдерінің бірі, әсіресе, пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның әулеті жолындағы тәсіл ата мен ананың дұрыс әрі мейірімді ара-қатынасы болып табылады. Әке мен ананың жылы қарым-қатынастары бала үшін дұрыс ара-қатынастың үлгісі болғанымен қатар, балалардың ата-аналарын ерекше құрметтеуіне және олардан жылы сөз естуге себеп болады. Бұл мәселе бала үйлену жасына жеткен кезде оның өзінің жарымен жақсы қарым-қатынас орнатуына себеп болады. Діни және ахлақтық наным-сенімдер де бала тәрбиесіне ықпал ететін маңызды жайттардың бірі. Ұл немесе қыз бала отау құрғаннан бұрын қаншалықты ахлақтық және діни қасиеттерге ие болса, сол мөлшерде болашақта өз балаларына әсер етеді. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, адамдар өздері сияқты жар таңдауды қалайды. Осындай тұлғалар, көбінесе, діни, мәдени, отбасылық және қоғамдық сенімдерге ие болады. Отбасы өзімен ахлақтық құндылықтар, діни сенімдер мен қоғамдық өлшемдерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жанұя мүшелерінің ахлақтық тәрбие мен эмоциялық дамуына жағдай жасайды. Берік арақатынас, сәтті неке мен тыныш өмірдің маңызды факторларының бірі жұптың көзқарастарының үйлесімдігі мен діни наным-сенімдер және илаһи құндылықтарға деген іс жүзіндегі беріктігі екені сөзсіз. Бұл жайында пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген еді: «Алла әйелдің діні мен иманы үшін оған үйленген адамның барлық жағдайын жасайды». Жар таңдаудағы діндарлықтың қажеттілігі мен маңыздылығының себебі ерлі-зайыптылардың бір-бірімен өмір бойы бірге болғылары келетіндігінде. Олар бір-бірінің наным-сенімдері, ой-пікірлері мен мінез-құлықтарының ықпалына түседі. Діндар жар өз отбасын А...-ға иман келтіруге, одан қорқуға, ізгілікке, адамгершілікке, дұрыс істерге және күнәлардан алыстауға жетелейді. Ол отбасына бақыт жолында көмектесіп, олардың бақытты болуы мен кемелдікке жетуіне жағдай жасайды. Ахлақтық қасиеттер де бала тәрбиесіне әсер ететін жайттардың бірі болып табылады. Ақыл мен шариғат көзқарасы бойынша жақсы ахлақ ұнамды сипат және қасиет болып табылады. Ерлі-зайыптылардың некелік өмірі ахлақты қажет етеді. Себебі, тек заңға сүйеніп өмір сүру мүмкін емес. Барлық пайғамбарлардың маңызды мақсаттарының бірі ахлақтық қағидаттарды жандандыру болды. Жалпы алғанда, діни және ахлақтық наным-сенімдер бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Себебі, өздерін жетілдірген әке мен ана сау, дұрыс әрі қоғамға пайдалы тұлғаны өсіріп-жеткізе алады.