Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан
Бұл бөлімде ананың жүктілігі кезіндегі перзенттің тәрбиесі жайлы сөз қозғаймыз.
«Ізгі перзент – жұмақ гүлдерінің бірі». Бұл – Исламның ардақты пайғамбарының (с.ғ.с.) сөздері. Жұмақ гүлдеріне теңестірілетін осындай гүлді өсіру ананың бойына пінә бітіп, сәби дүниеге келгенге дейін аса мұқият күтім мен барлық жағдайды жасауды қажет етеді. Ашып айтқанда, адамның құрсақ ішіндегі кезеңі тұлғаның физикалық және рухани саулығына ықпал етеді. Өткен бөлімде әйел мен ер адамның ахлақтық саулығы мен олардың лайықты некелері жайында сөз қозғадық. «Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан» атты бағдарламамыздың үшінші бөлімінде жүктілік кезеңінің ерекшеліктері мен ананың маңызды ережелерді сақтауы және оның нәрестенің рухани саулығына әсері жайлы баяндаймыз. Ананың жүктілік кезеңі баланың дұрыс тәрбиесіне қатты әсер етеді. Ұрықтану үдерісі орын алғаннан бастап құрсақтағы тіршілік иесі болып табылады. Кейбір рауаяттарға сәйкес, төрт ай кезінде оған рух қонады. Сондықтан, құрсақтағы бала өзін қоршаған ортадан әсер ала алады. Жаңа ғылымдардың негізі бойынша, бала ана ішіп-жеген, естіген, айтқан, көрген құбылыстардың барлығын сезеді. Ананың барлық эмоциялық және рухани реакциялары мен істері ұрпақтың рухани тәрбиесіне әсер етеді. Отбасы баланың ең негізгі даму және жетілу бесіктерінің бірі ретінде оның болашағының бақытты не бақытсыз болуында басты рөл атқарады. Имам Садеқ (ғ.с.) былай деген: «Әр нәресте илаһи болмыспен дүниеге келеді. Сондықтан, оны яһуди не зәрдушт дініне алып келетін ата-ана болып табылады». Ислам көзқарасы бойынша, жүктілік кезеңі мен лайықты ережелерді сақтау перзенттің сау болуына әсер етеді. Бұл арада ананың рөлі өте маңызды. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген еді: «Жүкті әйел күндіз ораза ұстап, түндерді Алланы мадақтауда өткізетін, өз жаны мен малын Алланың жолында құрбан ететін адам тәрізді. Босанған кезде оған құдіреттілігін түсініп болмайтын сый беріледі. Ал оған сүт берген кезде баланың әр емгені мөлшерінде Исмаилдің балаларынан бір баланы азат еткендей сый алады. Ал сәбиді омыраудан шығарған кезде қасына періште келіп: «Барлық күнәларың кешірілді» дейді. Әйел адамға жүктілігінің бас кезінен босанғанға дейін және кейін, баланы омыраудан шығарғанға дейін оған Алла жолындағы күрескер мөлшерінде сый жазылады. Егер осы кезеңдерде жан тапсырған болса, оның деңгейі шейіт болу деңгейіне көтеріледі». Жүкітілік кезіндегі ананың рухани талпыныстары нәрестенің рухани және физикалық саулығы үшін маңызды болып табылады. Жүктілік кезіндегі бір ана үшін берілетін маңызды кеңес, ол барлығымыздың рухани өміріміздің қажеттілігі – күнәлардан алшақтау және парыздарды орындау болып табылатындығы. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген еді: «Алла «Еш пенде өз парыздарынан жақсырақ нәрсемен маған жақындаған емес» деді» Сол себепті, әйел мен ер адам екеуі бірдей отбасының рухани және ахлақтық саулығына сақ болулары керек. Олар парыздарды орындауға талпынулары керек. Әсіресе, жүктілік кезінде Құран оқу құрсақтағы балаға ерекше әсер етеді. Пайғамбар былай деген еді: «Өз үйлеріңді Құран оқумен нұрландырыңдар. Бір үйде Құран неғұрлым көп оқылса, ол үйде береке мен жақсылық соғұрлым көбейіп, оның тұрғындары кеңшілікке жетеді. Аспандағы жұлдыздар жерліктер үшін жарқырағандай, ол үй де аспан тұрғындары үшін жарық болады». Дәретті болу да жүктілік кезеңіне арналған кеңестердің бірі. Жүкті ананың дәретті болуы өзі мен перзентінің болмысының жарқырауына себеп болады. Харам кірістер де адамның ұрпағына кері әсерін тигізеді. Имам Садеқ (ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Харам кірістің әсері адамның ұрпағынан көрініс табады». Егер жанұяның кірістері заңсыз жолдармен қамтамасыз етілсе, шайтанның ұрықталуға әсер етуіне жол ашылады. Алла «Исра» сүресінің 63-64 аяттарында осы мәселеге тоқталып, шайтанға қаратып былай дейді:« (Алла) : “Кет! Енді олардан кім саған ерсе, сонда рас жазаларың жаһаннам болады. Толық бір жаза! Олардан шамаң келгенін...... малдарына, балаларына (арамдық араластырып) ортақ бол». Егер ана харам кірістердің ақшасына алынған азық-түлікпен тамақтанса, бұл құрсақтағы балаға теріс әсер етеді. Жалпы алғанда, харам тағам сияқты адамды бақытты түсінуден махрұм қалдыратын заттар аз кездеседі. Исламда тағамның халал не харам болуына назар аудару мен оның адамның рухани тәрбиесіне әсері баса айтылған. Тарихи деректер бойынша имам Хосейн (ғ.с.) өзінің дұшпандарының пайғамбар әулетіне кектенуінің себебі жайлы былай деген: «Қарындарың харамға толған, жүректеріңе мөр басылған. Енді хақиқатты қабылдамайсыңдар және оны тыңдамайсыңдар». Харам тағамның адам баласына әсері терең әрі тұрақты. Иранның көрнекті ахлақ саласы ғұламаларының бірі аятолла Мазахери тағамның әсері туралы төмендегідей пікір айтады: «Ұрықтану кезіндегі халал тағам балаға ғажайып түрде оң әсер етеді. Ал харам тағам баланың бақытсыздығына қатты ықпал етеді. Харам тағам, харам мал-мүлік әр оттан да жаман. Егер бала харам тағамнан ұрықталса, оның құтқарылуы өте қиын болады». Рауаяттар бойынша, бір құрметті адамға оның баласының әдепсіз екенін айтқан екен. Ол: «Не болды?» деп сұрайды. Сол кезде: «Су тасушы бір мес суды иығына салып, әкетіп бара жатқан кезде сіздің балаңыз инемен месті тесіп, суын ағызып жіберді» депті. Әлгі ізгі адамның салы суға кетіп, бұл оқиғаны әйеліне айтады. Әйелі де мазасызданып: «Таң қаларлық нәрсе емес» дейді. Күйеуі «Неге?» деп сұрағанда әйелі былай деп жауап береді: «Жүкті кезімде халыққа тиесілі бір анар ағашының қасынан өттім. Қызығып, анарды бір инемен тесіп, шырынын іштім. Сол анарға ине салып, шырынын ішкенім үшін қазір балам басқалардың су местеріне ине сұғып жүр». Перзенттердің сабырлы болу факторларының бірі – ананың жүктілік кезіндегі рухани тыныштығы болып табылады. Шын мәнісінде, ананың жүктілік кезіндегі әрбір алаңдауы мен абыржуы болашақ өмірде баланың рухани тынышсыздықтарына себеп болады. Бұл құбылыс шариғат тұрғысынан да, қазіргі ғылым тарапынан да расталып отыр. Басқа жақтан, ана өзінің жүктілігі кезінде күнәлар мен рухани емес істерден неғұрлым алыс болса, осындай ортада өсіп-өнген ұрпақ та келешекте рухани мәселелерге жақын болады. Перзенттің рухани саулығына әсер ететін құбылыстардың бірі – жүктілік кезеңіндегі ананың қасындағы серіктері. Әрбір сұхбаттас адам пен әрбір серік өз мөлшерінде құрсақтағы балаға әсер етеді. Жақсылармен серік болудың адамның бақытына таң қаларлықтай әсер ететіндігі сынды, күнәһар адаммен бірге болу немесе күнә болып табылатын жиындарға қатысудың да перзент үшін жағымсыз салдарлары болуы мүмкін. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Дұрыс адаммен серік болу жұпар иіс сатушы сияқты. Ол тіпті өзінің иістерін саған бермесе де, оның хош иісі сенде қалып қояды. Ал жаман адаммен серік болу ұста сияқты. Егер оның көрігінің оты сені күйдірмесе де жаман иісі саған әсер етеді». Сонымен қатар, жүкті әйел бөгде адаммен қажетті жағдай болмаса, байланыс орнатып, сұхбаттаспас үшін бөгде адамдармен қатынастарында шариғат заңдарын сақтауы керек. Жүкті ананың дұғасы да құрсақтағы баланың саулығы мен оның болашағына ықпал етеді. Ана жүктілік кезінде дұғасына жылдам жауап берілетін мүджәһид (Алла жолындағы күрескер) тәрізді. Аллаға дұға етіп, одан тілек тілеу – құлшылықтың ең жоғарғы растамасы болып табылады. «Фурқан» сүресінің 77 аятында былай келтірілген: « Егер құлшылықтарың болмаса, Раббым, сендерді неге бағаласын?». Сондықтан, аналар әрқашан да дұрыс ұрпақ пен ізгілікті перзентке ие болу үшін Алладан шынайы түрде ерінбей-жалықпай дұға тілеулері керек. Құрандағы осы жайлы дұғалардың бірі: «Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Шәксіз, Сен тілекті естушісің» (әл-Имран сүресі, 38 аят) . Сонымен қатар, «Фурқан» сүресінің 74 аятында Алла Тағала былай дейді: «Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер. Сондай-ақ бізді тақуалардың алды қыл!». Құранның осы дұғалары ата-ананың сау әрі дұрыс ұрпақ үшін Алладан тілеген өтініші бола алады.